Орыстың ұлы ақынын алғаш қазақша сөйлеткен қазақтың ұлы ақыны Абай болатын. Ол А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын өзгеше аударды. Қалай аударған деп, үңіле қарасақ, біраз қызғылықты жағдайларды байқаймыз. Ең алдымен, аудармада романның композициялық құрылымы мүлдем өзгеріп кеткен. «Евгений Онегин» А.С.Пушкинде өлеңмен жазылған роман болса, Абайда екі жастың жазысқан сүйіспеншілік хаттарына негізделген. Бұл турасында М.Әуезов «Абайдың хаттарымен баян» етілген роман (эпистолярный роман) қалыптасқан тәрізді» - деп жазады. Шартты түрде аударманың дәл және еркін түрлері бар десек, «Евгений Онегин» еркін аударылған. Абайды романның оқиға желісі қызықтармайды. Белинский аса жоғары бағалап, «орыс қауымының айнасы» санаған шығарманың Абай сол кезде орыс жастарының сезім-сырлары мен адамшылық болмысына назар аударған. Аударғанда, алдына орыстың алдыңғы қатарлы жастарын оқырманға үлгі ету мақсаты қойылғандықтан да автор осыған жету үшін лириканы, оның лирикалық хат түрін сәтті таңдай білген. Қазақшасында романдағыдай оқиғаның желісі суреттеліп жатпайды. Онегин мен Татьянаның бір-біріне жазысқан хаттарын лирикалық толғау түрінде беру арқылы екі жастың ғашықтық сезімдерін жарқырата көрсету үстінде толыққанды образдар жасалынды. Ең бастысы Пушкиннің «Евгений Онегин» романынының негізгі идеясы, рухы Абай аудармасында толық көрініс тапқан. «Пушкинді» дәл аудармашылар бола берер, бірақ жаңағы айтылғандай, оның романының ішіндегі үлкен ой, сирек сезімдерді Абайша жеткізіп, көріктеп беру көп табыла бермес» деп жазады М.Әуезов. Көп зерттеушілер Абай Пушкиннің романынан толық емес, тек үзінділерін ғана аударды деп жүр. Шындығында да көлемді роман Абайдың аудармасында бір-бірімен байланысы нашар сегіз бөліктен тұрады. Романның оқиғасы, көлемі, құрылысы сақталынбаған. Аударманың түпнұсұсқаға жақын келіп («Онегиннің сипаты», «Амал жоқ қайттым, білдірмей», «Ленскийдің сөзі») жататын, сонымен бірге алыстап кететін («Татьянаның сөзі», «Тәңірі қосқан жар едің, сен», «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Құп білемін сізге жақпас») жерлері де бар. Қалай десек те Абайдың аудармасында көркем шығармаға тән өзіндік композициялық тұтастық та бар: алғашқы «Онегиннің сипаты» романның прологі іспеттес те, ал Онегиннің, Татьянаның хаттары, Ленскийдің сөзі жеке тараулардың, соңғы «Онегиннің өлердегі сөзі» эпилогтың қызметін атқарып тұрғандай. Жанры жағынан келетін болсақ, бір-біріне ғашық екі жастың махаббат сезімдеріне толы хаттар түрінде жазылған лирикалық роман болып шыққан. Сөйтіп Абай қазақтың алғашқы эпистолярлық лирикалық романын негізін салды. Абай романды неге осылайша аударды дегенде, алдымен қазақ оқырмандарына түсінікті болу жағын ойлағандықтан, екіншіден шығыс әдебиетінде бұрыннан бар нәзирашылдық дәстүрді қолданғандық деп білген жөн. Қалай десек те аудармадағы мұндай алшақтықтарға Абай саналы түрде барғандай. Керек десеңіз, ұлы Абай ұлы Пушкинмен «мен бұл тақырыпты былайша жырлар едім» деп, өнер жарыстырып та тұрған сияқты. Академик З.Ахметовтің «ақынның өнер жарысына түсетін, сыналатын бір тұсы – осы басқа ақындардың шығармасына үңіліп, соны өзінше қалай айтып жеткізгені» («Абай» энциклопедиясы. А., 1995, 456-ет) дегені бар. Осы тұрғыдан келсек, «Евгений Онегинді» аударғанда, қазақтың ұлы ақыны Абай орыстың құдірет ақыны А.С.Пушкинмен ақындық жарысқа түсіп, иық теңестіреді; өзінің де поэзия әлеміндегі дара алыптардың бірі екендігін дәлелдейді. Қазақ әдебиетінде А.С.Пушкин шығармаларының аударылуын арнайы зерттеген С.Абдрахманов «Евгений Онегин» романының тәржімасын зерттей келе «Пушкин романының кейіпкерлері арқылы Абай да өзінің лирикалық көңіл-күйін ашқан. Аударманы лирикаға айналдырған. Абай өзінің «Евгений Онегинін» негізінен алғанда, аударма тәсілімен туындатқан. Шығармашылық еркіндікпен қарап, қазақ қауымына бейімдеп келтірген. Бойында нәзиралық сипаттары бар аударма дейміз» – деп, пікір түйеді. Ақын, драмашы, прозашы І.Жансүгіров 1937 жылы Ілияс «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне аударады. «Евгений Онегин» романының үзінділерін А.Құнанбаевтың тәржімалағаны белгілі. Бірақ ол шығарманы толық емес, үзінділерін еркін қазақшалаған. Абайдан кейін ол шығарма қазақшаға толық күйінде аударылмай келді. Ондағы басты қиындық ол романның көркемдік әлемін қазақшалаудың сол кездегі қазақ ұғымына ауыр болуынан еді. Классикалық Онегиндік шумақ қазақ өлеңдерінде қолданылмаған болатын. «Евгений Ониегинді» қазақ тіліне аударудың тілдік, көркемдік мәселелері жеткілікті еді.