Байланысты: 1. Абай а ынды ыны ал аш ы кезе дерін к рсеті із
4.«Сабырсыз, арсыз, еріншек». «Сабырсыз, арсыз, еріншек...» - Абайдың 1887 ж. жазған сатиралық өлеңі. Туындының тармақ саны біркелкі емес, көлемі 85 жол. Абайдың ел билігіне араласып, әділ төреші болуға, нашарлардың жоғын жоқтауға күш салып жүрген тұсында, неше түрлі зорлық-зомбылықты, мейірімсіздік пен әділетсіздікті т. б. кесір-кесапатты әшкерелеп жазған сықақ өлеңдерінің қатарынан бұл туынды көрнекті орын алады. Ақын өз заманындағы ел билеген зорлықшыл жуандарға арқа сүйеп, солардың қол шоқпарына айналып, елдің тынышын алатын, бірді-бірге айдап салып, бүлік туғызып жүрген содырлы сойқандар мен қазан бұзар тасырларды шенейді. Адамгершілік қасиеттен ада болған мұндай жексұрындардың кәсібі ұрлық екенін, ол болмаса, ел кезіп, көрінгенге көзін, арындатып, тамақ асырайтынын, жоқ жерден ілік тауып, дау-жанжал туғызатынын, қалаға шауып жалған жала тоғытатынын, енді бірде ел шабамын деп қоқан-лоққы жасайтынын дөп басады. Мұңдай адамдардың тыныш жұрттың тұнығын ылайлап, жүрген жеріне ылаң салып жүретіндерін, сонымен бірге іші тар, өздері күншіл келетінін, біреудің бақ дәулетін көре алмай, пасық қаскөйлігін қатар жұмсап жүретіндігін баса айтады.
Өлең 7-8 буынмен жазылған, дәстүрлі шумаққа бөлінбей, біріне-бірі жалғаса, шұбыртпалы ұйқаспе тізбектеле ұласып, екі-үш тармақтан кейін қайта тоғысып отырады. Түр жағынан алғанда ауыз әдебиетіндегі толғау дәстүріне ұқсап кететін де белгілері бар. Бірақ тұспалы, негізгі сөз арқауынан ауытқу жоқ, айтайын деген ойы айқын да нақты. Туынды алғаш рет 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық керген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлеңнің басылымдарында аздаған текстол өзгерістер кездеседі. 1957, 1977 жылғы басылымдарында туындының 10-жолы Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасына және 1909 жылғы жинаққа сәйкес «Іс қылмай ма ол кісі?» деп берілген. Бұл жол Мүрсейіттің 1907, 1910 жылғы қолжазбаларында, 1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарда «Іс қылмай ма үлгісі» делінген. Сондай-ақ Мүрсейіт қолжазбаларында «Өз үйінде қисаңдап» деп жазылған 59-жол барлық жинақтарда «Өз үйінде қайпаңдап» түрінде алынған. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1954 жылғыжинақтағы «Айтылмай сөз қалған жоқ» деген 83-жол 1939, 1945, 1957, 1977 жылғы басылымдарда 1909 жылғы жинаққа сай «Айтылмай сөзім қалған жоқ» болып түзетілген. 1977 жылғы жинақта өлеңнің жазылған кезеңі 1886 ж. деп көрсетілген. Өлең башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.