«Кімдерге сөйлеймін?», «Оларға не айтамын?», «Оларға бұны не үшін айтамын?» секілді сауалдар туындайды. Сондай-ақ сөйленер сөздің сыртқы «техникалық» жағын айқындайтын «Қалай дұрыс айту керек?», «Қалай түсінікті айту керек?» «Қалай қызықты айту керек?», «Қалай сендіре сөйлеу керек?» сияқты сұрақтарға жауап бере алатындай болу керек. Осы орайда аудиторияға көздеген межеде әсер ету мақсатында шаршы топ алдында сөйлеуге әзірлену және сөйлеу заңдылықтары туралы ғылым саласы шешендіктанудың көмекке келуі тән. Баса айтарымыз, бұл ауызекі сөздің күшімен белгілі бір ақпаратты жеткізу амалдары туралы жай ғылым саласы ғана емес, сонымен қоса сөзді өзге адамдарға әсер ету құралына айналдырушы, сөйленген сөздің сенімділігін, әсер етушілік қалпын қамтамасыз етуші заңдылықтар мен ережелердің шоғыры да. Шешендіктанудың ғылым және оқу пәні ретінде дамуы мыңдаған жылдарды қамтиды. Әрбір кезеңге сәйкесті оның мазмұны да әрқилы. Ол әдебиеттің ерекше жанры есебінде де, сөйлеу шеберлігінің белгілі бір түрі (жазбаша және ауызша) есебінде де, ауызша сөйлеу ғылымы әрі өнері ретінде де қарастырылады.
Қазіргі таңдағы зерттеу еңбектерде шешендіктану кешенді пән ретінде қарастырылып, құрамына тілдік қарым-қатынастың (тілдік коммуникация) логикалық, лингвистикалық, психологиялық, физиологиялық, көркем әдеби және тағы басқа аспектілерін қамтиды. Бұл ғылым саласының «шешендік өнер», «шешендік», «шаршы топ алдында ауызша сөйлеу шеберлігі», «элоквенция» сияқты өзге де атаулары бар. Олар бір-бірімен толықтай сәйкеспейді, өзара нәзік айырмашылықтары бар, дегенмен жастарды шешен сөйлеуге баулуда оларды бір-бірімен синонимдес ілім ретінде қарастыру ыңғайлы. Шешендіктану ілімінің қарастыратын орталық басты ұғымы шешен (латынша очаче - сөйлеу) – көпшілік алдында сөз сөйлеуші адам (грек тіліндегі синонимі – rhetor - ритор). Оның өз сөзін қарата айтқан адамдары, сөз сөйлеуге арналған көпшілік аудитория болып есептеледі (латынша – audire-тыңдау). Шаршы топ алдында ауызша сөйлеу үдерісінде шешен мен аудитория бір-біріне етене араласа, жымдаса әсер етеді, мұнда «шешендік сөз» сөйлеуші және тыңдаушы сияқты қос элементтің болуымен көрініс береді. Бұл орайда «шаршы топ алдындағы сөз» термині сөз сөйлеудің қоғамдық мәндегі әлеуметтік негізделген мазмұнын аңғартады. Шешенді аудитория алдында сөйлеу сәтінде, ереже іспеттес, өзіндік ойымен бөлісу және жұртшылық басынан кешкен сезімді жеткізу сияқты екі ой алға жетелейді. Сөйлеудің рационалды және эмоционалды аспектілеріндегі ой мен сезімнің тоғысуы шешендік өнер жанрларының сан алуандығын туғызады. Шешендікке жасалған жіктеулердің бірі – жанрлық-тақырыптық классификация.Әрбір жанрдың өзіндік ерекшелігі бар, олар қарымқатынастың белгілі бір жағдаятына сай орайластырылған. Сондай-ақ сөйленер сөз құрылымының, олардың нақты жанрға сәйкестілігінің барынша анық та қанық канондары жүйелене қалыптасқан. Жанрлардың әрқайсысын іштей сөйленер сөз түрлеріне ажыратуға әбден болады. Мәселен, әлеуметтік-саяси шешендікті – саясат сөзі, саяси баяндама, үгіт-насихат сөзі, саяси шолу, митингілік сөз; академиялық шешендікті – лекция (эпизодтық және циклді), ғылыми конференциялардағы, симпозиумдағы баяндама, ғылыми хабарлама; әлеуметтік-тұрмыстық шешендікті – мерейтойлық, құттықтау сөз, дастархан басындағы сөз, қаралы жиындағы сөз (қабір басындағы сөз). Шешендік сөзді бұлардан басқа да белгілеріне қарап жіктеуге болады. Мысалы: шешен ойына байланысты, сөйлеу мақсатына орай, шешендік стиліне сәйкесті және т.б. Мәселен, шешеннің ойлау көзқарасына байланысты шешендік сөздерді ақпараттық, декларативтік, дәйектілік, императивтік; шешендік сөздің нақты мақсатына орайлас – түсіндіру, сендіру, көңіл көтеру, қоздыру т.б. сияқты түрлерге жіктеуге болар еді. Бұл орайда осы сияқты кезкелген жіктеменің өте шартты екендігін, тәжірибеде «таза» жанрлар мен түрлерінің шын мәнінде болмайтындығын міндетті түрде есте ұстау жөн. Біз шешендіктануды шаршы топ алдында сөз сөйлеудің заңдылықтары туралы ғылым ретінде қарастырамыз. Солай де - сек те, біз көбіне-көп бұл атауды «шешендік өнер» сөзімен ал - мастыра қолданамыз. Сонда, ақиқатын айтқанда, бұл ғылым ба, әлде өнер ме? Антикалық дәуірде шешендіктануды «барлық өнер атаулының падишасы» атаған. Оны өзгелерден гөрі поэзиямен (әдебиетпен) және сахналық шеберлікпен байланыстырған. Қазіргі кезеңде ол көбіне ғылым ретінде қарастырылады, оны кейде «сендіру коммуникациясының теориясы» ретінде анықтайды. Бұл арадағы басты мәселе мынада, яғни адамның ойланысы логикалық және бейнелі тұрғыдағы екі формада көрініс беретіндігінде, оларға танымның қос түрі (ғылым және өнер) сәйкес келетіндігінде, олардың бір-бірін өзара толықтырып отыратындығында. Демек,