Аударма процесінде аударма өніміне және аудармашыға қойылатын талаптарды да ғалымдар түрліше атайды. Мысалы, Л.К.Латышев аударма қызметінің өніміне – аударылатын мәтінге қойылатын бірінші және басты талап турасында былай дейді: «... ол (мәтін) шығыс мәтінге коммуникативтік тұрғыда балама болуы керек, яғни адресатқа (тыңдаушыға немесе оқушыға) әсер етуі шығыс (аударатын) мәтіннің әсерімен бірдей болуы керек; ШТ (шығыс тіл) адресаттары мен КТ (кіріс тіл) адресаттарының мәтіннің екі нұсқасын да қабылдаудағы және оларға жауап берудегі (реакция) алғышарттар объективті түрде бірдей (яғни олардың жеке қасиеттеріне байланыссыз) болуы қажет». Ал екінші талап – ШТ мен КТ мәтіндердің барынша мүмкін болған семантика- құрылымдық жақындығы (әрине мұны «таза» буквализмге бару деп ұқпау керек). Бұл жақындық аудармада автор (тұпнұсқа авторы!) ойының сәйкестігін барынша сақтауға, шығыс тілдегі мәтіннің аударылатын тілдегі мәтінде дұрыс «орналасуының» ауқымын (диапозон) арттырады (сәйкесінше шығыс тілдегі мәтіннің кіріс тілдегі мәтіннің «орынбасар» болуына, яғни дұрыс аударылмауына алып келетін жағдайлардың санын азайтады), аударма процесінің және аудармашылық шешімнің объективтілігін арттырады [3, 26 б., 33 б.]. Бұл аталған талаптар әрине аударма жанрының барлық түріне жалпы қойылатын басты талаптар болып табылады. Негізінде аударманың түрлеріне байланысты (мысалы, көркем, ғылыми, саяси, ресми, жарнама т.б.) бұдан өзге де «қосымша» талаптарды көптеп атауға болады (Мұнда біз қосымша деген сөзді тырнақшаға алып отырған себебіміз: аударманың бір саласында қосымша саналатын талап екінші түрінде негізгілердің қатарына жатуы мүмкін).
Аударма өніміне қойылатын тағы бір талап – коммуникативті- функционалдық баламалылық. Алайда бұл талап аударма өнімінің коммуникативтік тиімділігіне байланысты болады. Аудармашы жасайтын мәтін аударма қызметінің өнімі болып табылады және төмендегі шарттарға негізделген болуы тиіс:
– коммуникативті-функционалдық тұрғыдан шығыс мәтінге балама болуы тиіс;
– шығыс мәтіннің семантика-құрылымдық тұрғыдан барынша мүмкін болған деңгейде ұқсас болуы керек (әрине бұл бірінші шартқа қайшы келу дегенді білдірмейді);
– шығыс тілдің мәтінінен аударма талаптарының шегінен шығып кететін ауытқулар болмауы тиіс [3, 35-б.].
Аудармаға қойылатын талаптарды Х.Савори төмендегіше санамалайды:
1. Аударма түпнұсқаның сөздерін беруі керек.
2. Аударма түпнұсқаның мағынасын беруі керек.
3. Аударма түпнұсқа тәрізді оқылуы керек.
4. Аударма аударма тәрізді оқылуы керек.
5. Аударма түпнұсқаның стилін беруі керек.
6. Аударма аудармашының стилін беруі керек.
7. Аударма түпнұсқаға сай шығарма ретінде оқылуы тиіс.
8. Аударма аудармашыға сай шығарма ретінде оқылуы тиіс.
9. Аудармада автор қосқан (добавления) және түсірген (опущения) сөздер болуы мүмкін.
10. Аудармада автор қосқан (добавления) және түсірген (опущения) сөздер болмауы керек.
11. Өлең аудармалары қара сөз түрінде аударылуы тиіс.
12. Өлең аудармалары өлең түрінде аударылуы тиіс [6, 48-49- бб.].
Аударма қаншалықты шығармашылық әрекет десек те, аудармашы ойына не келсе, соны істей береді деген пікірден аулақ болуымыз қажет. Аударма түпнұсқаның мазмұнын толық жеткізіп, қабылдаушыға (оқырманға) дәл сондай әсер ету керек екені, әрине, сөзсіз. Аударма әрекеті – аудармашының когнитивті- коммуникативті іс-әрекеті болғандықтан, оның туындысы –
аударма – түпнұсқаның мазмұны мен эмоционалдық, стильдік реңін бұзбай жеткізуі қажет.
Сонымен, нақты айтсақ, аудармаға қазіргі таңда қойылатын талаптар қандай? Қазіргі аударматануда аударманың (қандай түрі болмасын, барлығына тән) сапасын бағалайтын бес негізгі критерий белгіленген.
Біріншіден, мазмұнның сәйкестігі, аударманың мазмұнындағы олқылықтар деректік қате деп саналып, оның сапасына үлкен нұқсан келтіреді.
Екіншіден, аудармаға деректік сәйкестіктен басқа да талап- тар қойылады. Олардың негізгісі – аударма тілінің ереже, заңдылықтарына сай болу. Аударма мәтінде тілдік қателер болса (жазылым жағынан – орфографиялық, сөйлем құру жағынан – синтаксистік, сөздердің септелу, жіктелу жағынан – морфо- логиялық, сөздерді қолдану жағынан – лексикалық т.б.), ондай аударма да қанағаттанарлық деп саналмайды.
Үшіншіден, жоғарыдағы екі көрсеткіш орындалған күнде түпнұсқа авторының коммуникативтік мақсаты аудармада дәлме- дәл болып шықпаса, оның сапасы төмендейді. Мұндай олқылықтар (түпнұсқа жарық көргенде автордың алға қойған негізгі мақсаты аудармада сәл өзгеріп кетсе) кейбір сөздердің, сөз тіркестерінің, идиомалар мен қанатты сөздердің астарлы мағыналарын түсінбегендіктен, яғни екінші тілді жаратқан халықтың ұлттық мәдениетін жете білмегендіктен пайда болады.
Төртіншіден, аудармада түпнұсқа тілінің нейтралды, қалжың, ысқақ т.б. реңін сақтауды көздеген жөн. Ол үшін мәтіннің коннотацияларын жеткізу қажет.
Бесіншіден, аударма түпнұсқада белгіленген автордың көз- қарасын аудармашы онымен келіспесе де сақтап қалу керек. Олай болмай, мәтіннің жалпы идеясы түпнұсқаға сай болмай, сәл де болса, бұрылып кетсе, оны аударма деп санауға болмайды.
Бұл талаптар, әрине, жалпы, негізгі, аударманың барлық түріне ортақ. Ілеспе аударманың тағы бір жалпы талабы бар. Ол ілеспенің ауызекі тілге негізделетініне байланысты. Нақты айтсақ, ауызекі тіл арқылы қатынас құру дегеніміз сөйлеуші мен қабылдаушының сөйлеу кезінде бірімен бірі байланыста болып, сөйлеуден әсер алуы. Түпнұсқа авторы тыңдаушыларына сөйлеу арқылы қандай әсер етсе, ілеспе аудармашы да өз тыңдаушыларына (аударма тілін қабылдаушыларға) сондай әсер етуі керек.
Аударма мәтінінің басты қызметі адресатқа әсер ету болғандықтан, негізінен эстетикалық және танымдық қызмет атқарады. Ол қызметтерді төмендегіше санамалауға болады:
1) интеллектуалды-ақпараттық қызмет;
2) эмотивті қызмет;
3) эстетикалық қызмет;
4) қозғау салу, бұйыру қызметі;
5) ерекше мән берілетін қызмет;
6) байланыстырушылық қызмет (контактная функция) [3, 66- 69-бб.].
Біз аударма жанрларының барлық түріне қатысты талаптарды төмендегіше топтастырамыз:
Достарыңызбен бөлісу: |