1 Аударма үдерісі жайында


Аударматану ғылымының басты ұғым-түсініктері туралы



бет14/29
Дата16.01.2022
өлшемі69,62 Kb.
#24041
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   29

1.5 Аударматану ғылымының басты ұғым-түсініктері туралы


Қазақ тілтанымында аударманы лингвистика ғылымының аспектісінде зерделеу ісі қазақ тілін теориялық тұрғыдан танып- білудің негізін салған белгілі ғалым Құдайберген Жұбановтың еңбектерінен басталады. Ол өзге тілден қазақ тілін тәржімалау ісіндегі синтаксистік құрылымдардың қандай ерекшеліктері болатындығын, стильдік айырмашылықтарды талдады [8, 531- б.]. Өткен ғасырдың орта тұсында атақты тұлға Мұхтар Әуезовтің пікірлері осы саладағы басты мәселелерді айқындап берді. Жазушы тәржіма ісі саласындағы нақты міндеттерді шешу үшін аудармадағы ұлттық дәстүр, ұлттық форма қалай берілуі керек, синонимдер, идиома, мақал-мәтел, афоризмдер қалай аударылған, аудармашы өз тарапынан қандай-қандай жаңа сөз туындыларын қосты, жаңадан қандай сөз байланыстарын жасады, төл сөздердің мағыналарын қаншалықты тереңдетіп, жаңартты, – міне, осы аталғандарды зерттеу қажет деп санап, аудармаға тілтанымдық тұрғыдан келудің маңыздылығына баса назар аудартты [9, 7 б.].

Содан бергі кезеңдерде, әсіресе соңғы ширек ғасыр көлемінде аударманың нысаны да, ауқымы да ұлғайды. Алдыңғы тұстарда орыс тілінен қазақ тіліне көркем әдебиетті тәржімалау ісі белсенді жүргізілсе, кейінгі жылдары мәдениетаралық коммуникация өрісінің кеңеюіне байланысты дүниежүзілік ақпараттар алмасуды барынша сапалы деңгейге көтеру мүддесінде еуропалық тілдерден, шығыс тілдерінен қазақ тіліне тікелей тәржімалау процесі қанат жая бастады. Ақпараттық-анықтамалық база құру үшін публицистикалық, қоғамдық-саяси мазмұндағы материалдар, нормативтік құжаттар аударма арқылы жасалуда. Қазақстан Республикасының алыс және жақын шетелдермен қазіргі әлеуметтік-мәдени байланыстарының жаңаша, қарқынды арнада дамып отырғандығына қарай маман-аудармашылар даярлау ісіне де баса көңіл бөлінуде. Ал болашақ мамандар, сондай-ақ тәржіма ісінде өз шығармашылығын байқап көріп, дамытып жүргендер үшін М.Әуезов айтқандай, «аударманың бірбеткей көлеңке жақтарын… байқастыру» жеткіліксіз; аудармашының кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейде қалыптасуында түпнұсқа тіл мен аударылатын тілдің типологиялық-құрылымдық ерекшеліктерін, мазмұны мен құрылымы дайын түпнұсқа мәтінді тәржімалау процесінде қазақ тілінің лексикалық-грамматикалық әлеуетінің қандайлық дәрежеде қозғалысқа түсетіндігін жетік меңгеру қажеттігі туады. Сонымен қатар аудармашы аударудың негізгі ұғымдары мен түсініктерін, аударудың жолдары мен тәсілдерін білуде де біліктілік танытуы жөн.



Әлемдік лингвистикадағы лингвистикалық аударматану ғылы- мының басты мәселелерінің бірі – осы салаға қатысты терминдер мен терминдік сөз тіркестері. Орыс тіл білімінде аудармаға қатысты екі мыңнан астам аталымдар бар екендігі көрсетіледі [10], ал қазақ тіл білімінде олардың көпшілігі құрылымдық тұрғысы жағынан орыс тілінен сөзбе-сөз аудару арқылы орныққан. Дегенмен, шынтуайтқа келгенде, білім беру ісінде, кейбір мәселелерді принципті түрде талқылауда аударма ісінің кейбір терминдері ұғымдық мәні, мазмұндық межесі жағынан нақты емес. Біздің мақсатымыз – аударматану ғылымының бірқатар өзек аталымдарына – терминдеріне орыс тілінен қазақ тіліне аударылған мәтіндердің заңдылықтарына сүйене отырып, мүмкіндігінше анығырақ түсініктеме жасау.

Жазбаша аударма – кәсіби (және әуесқойлық) аударманың кең тараған түрі; қағазға түсірілген жазбаша мәтінді екінші тілге жазбаша түрде аудару және бұдан алынған нәтиже. Түпнұсқа мәтін алдын ала танысу, көру, ойлау, пайымдау, талдау, зерттеу, сөздіктерді, басқа да лингвистикалық және лингвоелтанымдық, когнитивтік мағлұматтарды беретін анықтамалықтарға иек арту арқылы екінші тілге жазбаша түрде түсіріледі. Бұл процестің өтуі барысында аудармашының мүмкіндігі шексіз; ол екінші тілде жасалған мәтінді өңдеп, реттей алады. Жазбаша аударма мәтін тәржімашы шығармашылығының нәтижесі болып саналады. Жазбаша мәтінді ауызша аударып беруді жазбаша-ауызша аударма деп атауға болады. Қазақ мәдениетінде классикалық көркем әдебиеттің нұсқалары, ғылыми әдебиет және ресми, нормативтік құжат үлгілері жазбаша түрде аударылады.

Ауызша аударма – бұл тәржіманың жазбаша түріне қарағанда күрделірек құбылыс; ақпараттың мазмұн межесін (план содержания) және құрылым межесін (план выражения) жазбай, ауызша жеткізу түрі. Аударматану бойынша ғылыми еңбектерде ауызша аударманың екі түрі аталады:

  • ілеспе (синхронный) аударма;

  • жалғас (последовательный) аударма.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет