2 Мақал-мәтелдердiң сөйлем мүшелiк қызметi
2.1 Мақал-мәтелдi бастауыш, оның құрылымдық сипаты
Сөйлемдiк мағынадағы турақты тiркестерге мақал-мәтелдер жатады делiнедi. Мақал-мәтелдер сөйлем iшiнде тұтасымен бiр лексикалық мағынада жұмсалып, сөйлемнiң бiр ғана мүшесi қызметiнде сөйлемнiң iшiндегi өзi қатысты сөзбен мағыналық, тұлғалық байланыста сөз тiркесiнiң бiр ғана сыңары болып табылады. Г.Қосымова мұндай тұрақты тiркестердi жай сөйлем түрiндегi фразеологизмдер, құрмалас сөлем түрiндегi фразеологизмдер ден екiге бөледi де мысалдар келтiредi. Жай сөйлем түрiндегi фразеологизмдер: Ит пен құсқа жем болдым. Қызығыңды жер көргір. Жекпе-жекке барамын.
Қайғысыз қара суға семiредi. Батыр құны бiр оқтық бұрыңғы айтқан, Аянбай алпысымен салысалық. Ит сүрiнсе үшке шейiн дегенге ұқсап, Отырмын бармақ шайнап бар ма лажым («Ақсауыт»). Құрмалас сөйлем түрiндегi фразеологизмдер: оң келгенiн оң атты, сол келгенін сол атты; базарда бар ақ мата, ойнақтайды жас бота; менiң өзім нашармын, кілттiң аузын ашармын; жақсылыққа жақсылық әр кiсiден, жамандыққа жақсылық ер кiсiден; қоян өлер қамыстан, ер өледі намыстан; ер де сасар болар ма, етегiн басар болар ма; белес-белес бел асар, белдерге садақ жарасар; барлық не дегiзбейдi, жоқтық не жегізбейді, т.б. Жоғарыдағы сөйлем iшiндегi мақал-мәтелдердi талдар болсак, Батыр құны бiр оқтық бұрыңғы айтқан деген сөйлемде тұрақты тiркес толықтауыш, айтқан сөзiмен тұра объектiлiк қатынаста. Бұрынғы - затганған сын есiмнiң бастауыш болуы. Ит сүрiнсе үшке шейiн дегенге ұқсап, Отырмын бармақ шайнап, бар ма лажым деген сөйлемде ит сүрiнсе үшке шейiн мақалы дегенге көмекшi етiстiгiнiң қатысуымен толықтауыштық қызметте жұмсалып тұр .[26,27,28]
Мақал мен мәтелдер құрамының тұрақты болуы, көбiне, энфониялық құбылысқа немесе ұқсас грамматикалық формаларға, басқаша айтқанда, поэзияға тән: ырғақ, ұйқас, аллитерация, ассонанс және т.б. арқылы жасалып отырады. Бұл сипат. фразеологиялық единицалардың басқа түрлерiне де тән. Алайда фразеологиялық единицалардың құрамы үнемi тұрақты болады да, оның компоненттерін басқа синонимдес сөздермен алмастыруға немесе оларға морфологиялық өзгерiс енгiзуге болмайды - деген пiкiр әрқашан дұрыс бола бермейтiнi байқалады. Мақал-мәтелдер мен фразеологияның басқа түрлерiнiң компоненттiк элементтерi сөйлеу тiлi мен көркем әдебиетте қолданылу тәсiлiнен айрықша байқалып отырады.
Мақал мен мәтелдер сөйлеу тiлiнде де, жазба тiлiнде де әрдайым өзiнiң лексика-грамматикалық құрамын сақтап, көбiне «де» етiстiгi арқылы қолданылып отырады. Бұл сипат мақал-мәтелдердi фразеологизмнiң басқа түрлерiнен бөлектеп тұрады. Ол жөнiнде А. Байтелиев былай дейдi: «Мақалдардағы ойды басқа оймен жанастыру үшiн, мақал мен басқа сөздердiң арасына көбiне «де» / «дей», «деген» етiстiгiн қойып айтамыз... «де» етiстiгi арқылы екi негiзгi ойды құрап, сөйлем мен сөйлемдi жалғастыру - мақал тәрiздi тiзбектердiң стандартты қалпын өзгертпеу керек екендiгiн көрсетедi. Ал идиомдық сөздердiң морфологиялық тиянақтылығынан гөрi синтаксистiк тиянақтылығы басым. Идиомның құрамдық элементтерiнiң орны тиянақты болғанымен, оның iшiңдегi кейбiр жеке сөздердiң тұлғасын өзгертiп, бiр жалғаудың орнына екiншi жалғауды қоюға болады. Фразеологизмнiң тұрақтылығын құрамындағы сөздердiң тиянақтылығынан деп түсiнуге болмайды.[29]
Мақал мен мәтелдер де, фразеологиялық единицалардың басқа түрлерi сияқты, сөйлеу үстiнде бiрден түйдек күйiнде пайда бола салмай, алдын ала ойлау процесiнде әзiрленiп қойып, даяр материал ретiнде жұмсалып отырады. Бұл сипат мақал мен мәтелдердi фольклордың басқа жанрларынан бөлектеп, оларды фразеологиялық топтардың қатарына жатқызуда белгiлi роль атқарады. Олай дейтiн себебiмiз, мақал мен мәтелдер бiр жағынан ауыз әдебиетiнiң ерекше поэтикалық жанры болып саналатын болса, екiншi жағынан бұлардың әдебиетке де, тiл бiлiмiне де бiрдей қатысы барлығы жөнiнде пiкiр айта келiп, кейбiр ғалымдар мақал мен мәтелдердiң жеке айтылып, жеке орындалып отырмайтын қасиетiн фольклордың басқа жанрларынан оларды айыратын ерекшелiгi деп түсiндiредi. Бұл пiкiр лингвистика тұрғысынан қарағанда да дұрыс болып шығады.[30]
Қорыта айтқанда, бұлардың тұрақтылығы мен тiлде бұрыннан даярланып қойған материал ретiнде қолданылатын сипаттары мақал-мәтелдердi фразеологизмге қосып, соңғының жеке бiр тобы ретiнде қарастырылуына мүмкiндiк бередi.
Мақал-мәтелдер жеке-жеке қолданылғанда, жеке-жеке талдануға бейiм, ал, мақал-мәтелдер сөйлемде басқа сөздермен көбiнесе «де» көмекшi етiстiгi арқылы тiркесетiнiн жоғарыда айттық. Мысалы: «Сөз тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген мақалдарды жиi қолданады. «Семiздiктi қой көтередi» деген осы. Ердi намыс өлтіредi, қоянды қамыс өлтіредінiң керi болып тұр. Тәжiрибе ақылдың азбайтынын, білімнің тозбайтынын көрсеттi - деген мысалдардағы 1 –сөйлемде деген көмекшi етiстiгi арқылы анықтауыштың қатынаста мақалдарды сөзiмен тiркес құрап тұрса, 2- сөйлемде деген көмекшi етiстiгi арқылы мәтел бастауыштық мәнде осы сөзiмен қиыса байланысып тұр. 3-сөйлемдегi мақал iлiк септiгi арқылы керi көмекшi есiммен түйдекте бастауыш қызметiнде болып тұр баяндауышымен байланысып тұр. Ендi 4-сөйлемде тiптi мақал-мәтел сөйлем iшiнде стильдiк мәнге орай түрленiп, тура толықтауыштық қатынаста жұмсалады: Ақыл азбайды, бiлім тозбайды мақалы ақылдың азбайтынын, білімнiң тозбайтынын болып түрлендi [31;32]
Сөйлемнiң тұрлаулы мүшелерiнiң жасалу жолдарын қарастыруда да бiрiздiлiк жоқ. Бұл мәселеге жеке сөйлем мүшелерiн қарастырғанда көңiл бөлемiз. Т.Сайрамбаев сөйлем мүшелерiнiң жасалуын төмендегiше топтастырады:
1. Негiзгi сөз таптары арқылы.
2. Негiзгi сөз бен көмекшi сөздiң тiркесуi арқылы.
3. Тұрақты тiркестер арқылы.
4. Сөйлемнiң сөйлем мүшесi болуы.
5. Бiр сөздiң қайталануы арқылы сөйлем мүшелерiнiң болуы.
6. Қысқарған сөздi сөйлем мүшелерi.
7. Жеке дыбысты сөйлем мүшелерi.
Осы топтаманың iшiнен негiзге алынып отырған мәселе — сөйлем мүшелерiнiң сөйлемдерден жасалуы. Сөйлемдердiң сөйлем мүшелерi қызметiнде жұмсалуы дегенде мақал-мәтелдердiң сөйлемдегi қолданылуы негiзге алынады.
Сөйлемдерден сөйлем мүшелерiнiң жасалуы көрсетiлiп кеткенiмен, арнайы зерттеудiң объектiсi болған емес. Мақал-мәтелдi сөйлем мүшелерi мен жеке сөз, күрделi сөздерден болған сөйлем мүшелерiнiң арасындағы негiзгi айырмашылық - структурасы мен семантикалық тұтастық пен тұрақтылығында ғана емес, сонымен бiрге олардың қолданылуындағы өзiндiк ерекшелiгiнде.[33;34;35]
Қай уақытта болмасын, бастауыштың жасалу жолы дегенде, бастауыштың негiзiнен зат есiм, есiмдiктерден жасалатындығы айтылады. Ал бұлардан басқа сөз таптары заттық ұғымда жұмсалып, атау септiгiне жауап берсе, бастауыш қызметiн атқаратыны белгiлi. Ендi зат есiм мен есiмдiктен басқа сөз таптарынан болған бастауыштарға тоқталайық:
1. Заттық мағынада қолданылған сын есiм сөздерi атау тұлғада тұрып, бастауыш болады: Бiр құмалақ бiр қарын майды шiрiтедi, бiр жаман мың қолды iрiтедi. Жақсы жүрген жерiне кент, жаман жүрген жерiне өрт (Мақал).
2. Зат есiм мағынасында қолданылып тұрған сан есiм сөздерi де бастауыш бола алады. Мысалы: Бiрiм — бiлеу, екiм — егеу. . .(Халық ауыз әдеб.).
3. Заттық мағынада қолданылып, атау тұлғада тұрған етiстiктi де, есiмшенi де бастауыш болады деймiз. Мысалы: Жүгiрген жетпес, бұйырған кетпес. Жұтқан жұтамас (Мақал).
Осы жерде айта кететiн бiр нәрсе, С.Аманжолов қазақ тiлi оқулығында бастауыштың есiмшеден, етiстiктен жасалатынына тоқтала келiп, әр уақытта баяндауыш қызметiнде жұмсалады деп танылатын жiктiк жалғауындағы етiстiктерде субстантивтенiп барып, бастауыш қызметiнде жұмсалатындығын айтады. Мысалы: Көрдiм –көп сөз, көрмедiм — бiр-ақ сөз (Мақал).[36;37;38;39;40]
4. Сөйлемдегi орнына қарай, бастауыштың сұрағына жауап беретiн үстеу, одағай сөздер бастауыш бола алады. Мысалы: Ерiншектiң ертеңi таусылмас (Мақал).
Бастауыштар құрамындағы сөздің аз-көптігіне қарай дара, күрделі болып бөлінеді. Жоғарыдағы берілген дара бастауыштар болса, күрделі бастауыштар төмендегіше жасалады.
5. Кісі аты, жөніне мырза, ханым, бикеш, қарындас, бауыр, жолдас т.б. айқындауыш сөздерімен тіркесіп, күрделі бастауыш құрайды. Мысалы: Қарашаш қарындысым биыл 15-те.
6. Көп сөзден болған күрделі жалқы есімдер күрделі бастауыш бола алады. Мысалы: Түркістан Халықаралық қазақ – түрік университеті 1991 жылы ашылды.
7.Ілік септігінің жасырын түріндегі сөз бен тәуелдік жалғаулы сөз, сондай-ақ көмекші есімдер есімдер үш жақта тіркесіп келіп, бастауыш болады. Мысалы: Өнер алды – қызыл тіл (мақал). Көкірек таза болмаса, Көз тазасы не керек. Дінің таза болмаса, Тіл тазасы не керек (мақал).
8. Субстантивтенген сын есім, сан есімдер тобы күрделі бастауыш болады. Мысалы: Құла жирен мінген, құйрығын шарт түйген (Х.А.).
9. Күрделі етістіктер де сөйлемде күрделі бастауыш болатынын тілдік фактілерден көруге болады: Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі (мақал).
10. Кісі аты, жіктеу есімдігіне жинақтау сан есімі тіркесіп, күрделі бастауш болады: Біз бесеуміз, бесеуміз, Бес тармақты ұл-қызбыз (Әліппе кітабы).
11. Есім сөздер мен тұйық етістік тіркесіп, күрделі бастауыш қызметінде жұмсалады: Отан қорғау - әрбір ер азаматтың борышы.
12. Жіктеу есімдіктері мен өздік есімдіктерінің тіркесуінен күрделі бастауыш жасалады: Сен өзің ертең келесің бе?
13. Ілік септігі мен тәуелдеулі өздік есімдігі тіркесіп, күрделі бастауыш болады: Мықты әншілердің өзі де тап сендей әнші емес[41;42;43]
Міне, оқулықтарда бастауыштың осындай жасалу жолдары көрсетіледі. Егер бастауыштың жасалу жолдарын топтастыратын болса, төмендегінше болар еді:
Жеке сөз таптарынан болған дара бастауыштар.
Көмекші есімді күрделі бастауыштар.
Көмекші етістікті күрделі бастауыштар.
Шылау сөзді бастауыштар.
Модаль сөзді бастауыштар.
Түйдекті тіркесті бастауыштар.
Бастауыштың мұндай жасалу жолдары дау тудырмаса керек. Проф. Т.Сайрамбаев жоғарыдағы көрсетілген бастауыштың жасалу жолдарын сығымдай түссек, үлкен үш топқа топтастыруға болар еді деп көрсетеді:
1. Дербес мағыналы сөздер арқылы.
2. Дербес мағыналы сөз + көмекшi сөз арқылы.
3. Тұрақты тiркестер арқылы.
Жоғарыдағы көрсетiлген топқа сөйлем құрылымды бастауыштар, әсiресе, мақал-мәтелдi бастауыштарды қосуға болар едi.
Бастауыштық тұлға — атау тұлғасы. Әйтсе де, Ж.Болатов атау тұлғасы тек бастауыштың ғана тұлғалық көрiнiсi емес, атау тұлғалы сөз мағынасына, орнына қарай анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш, баяндауыш қызметтерiн де атқара бередi деп көрсетедi . Әрине, атау тұлғасы нольдiк тұлғамен шатастырылады.
Сөйлем құрылымды, атап айтқанда, мақал-мәтелдердiң бастауыш қызметiнде жұмсалуы әдеттегi жеке сөздердiң бастауыш болуына көп ұқсамайды. Сөйлем құрылымды бастауыштың жасалуының негiзгi жолы — көмекшi сөздердiң қатысуы арқылы.
Н.Кошанова тiлiмiзде бiрқатар тұрақты тiркестердiң шіркiн, атаулы, сорлы, байғұс тағы да басқа көмекшi сөздердiң тiркесуi арқылы жасалынып, атау тұлғада тұрып бастауыш болатынына тоқтала келiп, мынадай мысалдар келтiредi: Адам шіркiн күйбең тiршiлктен қолы босап, түнгi аспанға қарап жатқан кейбiр сәттерде оның ой — санасы, алдымен анау жұмбақ әлемнiң тұңғиығын шарлап кетедi. /Ш. Айтматов/. Шарықтап шар тараптан көңіл сорлы, таппаған бiр тиянақ не еткен қуыс ? /Абай/.
Тұрақты тiркестерге шылау сөздерiнiң де тiркесiп келiп, бастауыш болуына себебiн тигiзедi. Мысалы: Ауыл адамдары тайлы-таяғына дейін осылай қарай жүгiрiп келедi /Т.Дәуренбеков/. Қол ұстатар, шаш сипар, қыз көрсетер, күйеу көрсетер сияқтылар — ежелден келе жатқан қазақтың атақты ырымдары /М. Әуезов/ .
Сол сияқты мақал-мәтелдердiң бастауыштық қызметте жұмсалуына тiкелей кебі, көрі көмекшi есiмдердiң де қатысы болатынын мына мысалдардан көрiнетiнi аталып кетедi: Әйтпесе, жау жағадан алғанда, бәрі етектеннің кебі боп жүрер /Ә.Әлiмжанов/. Сырдың суы сирағынан келмейдінің кері көрiнiп тұр /Газеттен/. Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқтың кері келiп тұр /Қ.Аманов/.
Көрсетiлген мысалдарда мақал-мәтелдердiң соңғы сөзi негiзiнен iлiк септiгiнде тұрып, көмекшi есiмдермен тұтастықта бастауыштық қызмет атқарады.
Де көмекшi етiстiгi есiмше тұлғасында мақал-мәтелдермен тiркесте бастауыш жасайды. Ондайда көбiнесе сөйлемнiң баяндауышы осы, рас, бар, қиын деген сияқты сөздерден болады. Мысалы: Өлмегенге өлі балық деген осы /Қ.Аманов/. Қарай гөрiңдер, жаман иттің атын бөрібасар қояды деген рас екен-ау /Қазақ ертегiлерiнен/. Ағаңмен де өсiткенбiз, бұрынғыдан қалған мирас — ата-ененің жоралғысы деген осы, қалқашым /Шәкәрiм/. «Тас түскен жеріне ауыр» деген бар ғой. Демеймiн менiң қайғым саған батар /С.Торайғыров/. «Түйенi түгiмен жұтады» деген осы. «Арсыз қолым iстедi, арлы бетiм ұялды» дегенiм кiмдi жұбатады? (М.Әуезов). «Қарманған қарап қалмас» деген рас, Тоқтамай iстей берсен батып терге, Жасынан оқу оқып, өнер қуған Жан жетпес көңiлi жүйрiк кемеңгерге.... (М.Жұмабаев). —Ештеңе етпес. «Мың сiз-бiзден бiр шыж-быж артық» деген бар ғой.
Кейбiр тiлдiк деректер мақал-мәтелдердiң көмекшi сөздерсiз де бастауыштық қызметте жұмсалатынына дәлел бола алады. Мысалы: «Ел жатса да, енекем жатпайды» бiз ғой (М.Әуезов). Көңiлдегi көрiктi ой ауыздан шыққанда өңі қашады, болды, (М.Әуезов). . . .Тым болмаса, болмады «Бұлт ала, жер шала» (Абай).
Жоғарыдағы сөйлем құрылымды, атап айтқанда мақал-мәтелдердiң бастауыш болуына тоқталғандағы түйiндерiмiз — мұндай бастауыш әдеттегi сөз сияқты, атау тұлғада (нольдiк), көптiк тұлғасы мен тәуелдiк жалғауының атау тұлғасында жұмсала бермейдi, көбiнесе көмекшi сөздермен тiркесiп жұмсалуы арқылы ғана бастауыш болады екен.[44;45;46]
Сөйлем мүшелерiнiң iшiнде баяндауыштың орны ерекше екенi белгiлi. Баяндауыштың ережесi, сұраулары жөнiндегi көзқарастар эволюциясына тоқталмай-ақ, оның мағынасы, құрылымы, жасалуын көбiне толық мағыналы сөздердiң төңiрегiнде сөз етедi оның өзiн есiмдi баяндауыш, етiстiктi баяндауыш, құрама баяндауыш деп қай сөз табынан болуына қарай топтайтыны белгiлi. Бұлайша топтау баяндауыштар барлық есiмдер, етiстiктер және есiмдiктерге түрлi көмекшi етiстiктердiң тiркесi арқылы жасалады деген сөз. Осыған қарағанда, баяндауыштар қалай да сөз таптарына қатысты сөздерден ғана жасалады деген көзқарас пайда болуы мүмкiн. Алайда баяндауыштар тұрақты тiркестерден, мақал-мәтелдi сөйлем құрылымдарынан да жасалатыны қарастырыла бермейдi. О.Төлегенов баяндауыштар дара, күрделi болып бөлiнетiнiне, күрделi баяндауыштың септiк тұлғалы сөздер етiстiкпен тiркесу арқылы жасалуына тоқталады. Барыс жалғаулы күрделi баяндауыштарынан бiрер мысалын алайық: Полетаевтың өзiнен кейiн Асқар ойға қалды /С. Мұқанов/. Мұнай табу қиын iс, ол табылған мұнайды өндiру де оңайға соқпайды /Ғ. Сланов/. Автордың осы сияқты бiрнеше мысалдар тобынан кейiн берiлген ғалым пiкiрiне көңiл бөлейiк: «... Олар — бiр күрделi ұғымды бiлдiретiн идиом сөздер тiзбегi. Бiрiншiден, мұндай тiзбектердiң құрамындағы есiм сөздердiң кейбiрi контреттiк мағынасынан абстарктiк мағынаға жартылай ауысатындықтан етiстiктер ондай сөздерге көмекшiлiк функцияда жұмсалады. Ал, кейбiрi алғашқы конкреттiк — лексикалық мағынасынан айырылып, абстрактiк мағынаға түгелдей көшетiндiктен, етiстiктермен бiрiгiп, жаңа күрделi ұғымды бiлдiретiн болып жұмсалады. Екiншiден, қимылдық мағынадағы етiстiктердiң объектiлерiнен ажырап кете алмай, топталынып бiр мүше болып жұмсалу еркiн олардың сөйлемдегi синтаксистiк мағыналық бiрлiгi билейдi» .[47]
Автор бұл еңбегiнде тек барыс жалғаулы тұрақты тiркестi күрделi баяндауышқа тоқталғанымен, С.Аманжоловтың баяндауыш тұрақты тiркестерден жасалады деген ойын жалғастырады.
А. Әбiлқаев фраезеологиялық топтың сөйлем мүшесi болып арнайы айтпағанымен, «Қазақ тiлi» кiтабының 447—жаттығудағы күрделi баяндауыштар туралы берiлген «Оның ақ дегенi - алғыс, қара дегенi - қарғыс» деген сөйлемiнде ондай топтың баяндауыш қызметiнде жұмсалуын көрсетедi.Бұл мысалындағы баяндауыш мақал-мәтелден жасалып тұр.
Етiстiктердiң негiзгi қызметiнiң бiрi — баяндауыштық. Етiстiктi фразеологизмдердiң семантикалық, морфологиялық ерекшелiктерi қарастырылғаныме, таза етiстiктi фразеологизмдердiң синтаксистiк ерекшелiктерi сөз болмаған. Фразеологизмдердiң таза етiстiктерден құрылып, сөйлемде баяндауыш болуы оқулықтарда күрделi етiстiк баяндауыш есебiнде қаралады.
Баяндауыштық тұлға — жіктік жалғауы. Жiктiк жалғау, есiмше тұлғалары тиянақты формалы баяндауышқа тән.
Жай сөйлемнiң де, құрмалас сөйлемнiң де фразеологизмдердiң, мақал-мәтелдердiң баяндауыш болуының тиянақты түрiне тоқталалық. Жiктiк жалғаулы баяндауыштар: Сол жерде нәренжiкпен шартта-шұрт керiсiп қалдым /С.Сейфуллин/. Манағы көк серкенi тұтас жұтам деп қаталап қалдың ба, мен саған су емес, керендi iшкiзермiн /Ә.Сәрсенбаев/. Абай, «алтын көрсе перiште жолдан таяды» (М.Әуезов). Заман — түлкi, тазы бол, Базарша дүкен кұр ендi (М.Жұмабаев). Алыста болса, iздеп тап, Кореннойға кiруге, «Талапты ерге нұр жауар», Журіп өмiр сүруге (Абай). «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесiн» деген сөз рас екен,- дейдi Болатбай демiн соза алып, дәулетi бар кезiнде басына бақ оралды мұның (С.М.). «Бiр тойған — шала байлық» деген қазақ, Ет көрiнсе, қайтеді күйсей бермей? Соңғы сөйлемдерде мақал-мәтелдер мен төл сөз дейдi көмекшi етiстiгi арқылы баяндауыш қызметiнде жұмсалып тұр.
Құрмалас сөйлемнiң бағыныңқы компонентiндегi тиянақсыз тұлғадағы баяндауыштар.
Көбiне көсемше тұлғалы: Несi бар, «Ердің құны нардың пұлы» дейсiң бе? -деп, Шекердiң де жыны ұстап, бастырмалатып шығып кеттi (Ж.А.).
Есiмдер /зат есiм, сын есiм, сан есiм, есімдік/ баяндауыш қызметінде мол жұмсалады. Баяндауыштың есiмдерден болу себептерiн Т. Сайрамбаев былай түсiндiредi: «... мұндай қасиетi бар есiм таптары баяндауыш болуы үшiн, бiрiншiден, олар сөйлемнiң соңына келуi керек. Әрине, кейбiр есiмдер сөйлем соңына келiп басқа да, яғни өзiне тән сөйлем мүшелерi бола бередi. Бiрақ ол қасиет олардың баяндауыш қызметiнде жұмсалуына әкелiп соқпаса керек. Екiншiден, бұл сөз таптары сөйлем соңында келуi арқылы сөйлемдi тиянақтау процесi нақтылы болуы керек. Мiне, осы қасиеттер ғана есiмдердiң баяндауыш қызметiнде жұмсалуына әкелетiн негiзгi мәселе. Үшiншiден, есiмдер сөйлем соңына келiп, баяндауыш болған кезiнде, тұлғалық жағынан әдеттегi қолдану ерекшелiктерiне, яғни морфологиялық өзгерiсiнде бұрынғы қалпымен салыстырғанда өзiндiк айырмашылықтары да болады»
Әдеттегi есiмдi баяндауыштар тұлғасы жағынан бай болса, ал сөйлем құрылымды баяндауыштар әдеттегi есiмдерге, олардың тұлғаларына қараганда аздау. Есiмдi баяндауыш септiк жалғауларында мол жұмсалса, ал сөйлем құрылымды есiмдi баяндауыштар көп кездесе бермейдi.[48;49;50]
Мысалы: Көкшетау - ауасы дертке дауа, жұпар иiстi (М.И.) Тек манағы үлде мен бүлдеге оранған ожар топ қана қағанағы қарқ, сағанағы сарқ /О.Бөкеев/. 3.Соңғы сыңары есiмдiктерден болған баяндауыштар. Мысалы: Сол шалмен теке тiреспей — ақ қояйын дегенiм қашан /Қ.Найманбаев/. Ресторандар мен кафелер көзден бұл-бұл ұшқалы қашан /Қ.Жұмалиев/. Уһ, осы атшы ма, бүйректен сирақ шығарады да жүредi (З.Шашкин). Ол дәурен көзден бұлбұл ұшты (Қ.Аманов). Сiздi қандай дәрежеде құрметтесе, сол үдеден мен де шығармын (О.Бөкеев).
Есiмше + зат есiм + етiстiк құрылымды баяндауыштар Мысалы:
Құлтас қадалған жерден қан алмай қоймайды-ау, амал жоқ, бiр жетiге шыдалық (М.Дулатов). Расында, кейде мен де сөйтiп «жүрегiме сонша жүк» арқалап, жұрттан озғаным не, үндемеген үйдей пәледен құтылады емес пе, тымырайған тымырсықтардiкi жөн бе деп қалатыным бар (Е.Әкiмқұлов). Осындай ойда жатқан Жәнiбек еш шешiм таба алмай, көрер таңды көзiмен атқызды (I.Есенберлин).
Сөйлем құрылымды баяндауыштар көбiне тұрақты тiркестерден жасалады, сондай-ақ мәтелдерден де жасалады. Осы тұрақты тiркестердiң сөйлемде баяндауыш болуына көңiл бөлелiк: — Бiр ат, екi сиыр, бес уақ мал бiр кiсiнiң тақиясына тарлық етпейдi (Т.Дәуренбеков). Әнеу күнi Құнекең мен Сыбан топқа барса, сонда Солтабай төре осыны бетiне салық қыпты (М. Әуезов). Зұлымдар шындықтан жаман қорқады да, оны аяусыз қудалап, тамырына балта шабады (Ш.Айтматов). — Көзiне көк шыбын үймелетейiн мұның мен (Б.Нұржекеев). Халықтың көзi ашылса, айтқаныңа көнiп, айдауына жүрмес едi (М.Дулатов). Тістегеннiң аузында, ұстағанның қолында кеттi үйіңде шымылдығың желбiреп тұр ма?, кiсi елiнде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол сияқты мәтелдердiң сөйлемде баяндауыш болу ерекшелiктерiне көз жiберелiк. — Жақып тiрi тұрғанда, тiстегеннiң аузында, ұстағанның қолында кетемiз бе, қайтемiз? (Ғ.М.). Шымылдығың желбiреп тұр ма, қайда асығасың? Пiсiрiп жесе де, өз елiңнен кетпе, «кiсi елiнде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол».
Тұрақты тiркестердiң құрылысы сөйлем мәндi баяндауыштар. Сөйлем мүшелерi сөйлем мәндi тұрақты тiркестерден, негiзiнен мақал не мәтелдерден болады. Сөйлем мәндi баяндауыштар жай сөйлем, құрмалас сөйлем құрылымды болып келедi. Жай сөйлем құрылымды баяндауыштар: Ол ұрған кезде көзiмнiң оты жарқ еттi (С.Сарғасқаев). Ой, хабарыңды есiтiп, төбем көкке екi елi жетпедi (Ш.Құмарова). Түн ортасында ұйқысы шайдай ашылып кеттi (Т.Дәуренбеков).
Сабақтас сөйлем құрылымды баяндауышты сөйлемдер: Үкiметтiң арқасында, әйтеуiр, ендi-ендi қолымыз ұзарып, арқа басымыз кеңiп келе жатыр ғой (Т.Дәуренбеков). Жайбасқан деген атына лайық, жер қозғалса қозғалмайтын кiсi едi енесi (С.Елубаев). Оларға ұқсап битке өкпелеп, тоныңды отқа салма (Е.Әкiмқұлов). Бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарады ол елдiң халқы («Жұлдыз» журналы). Ақындар түндi таңға қосады, таңды таңға ұрады (М.Әуезов) деген сөйлемдердегi тұрақты тiркестер — салалас сөйлем құрылымды баяндауыштар.
Қорыта айтқанда, мақал-мәтелдер баяндауыш мүшесi болуының өзi тiкелей мақал-мәтелдiң өзі арқылы да, сонымен бiрге де көмекшi етiстiгiнің түрлi етiстік формаларында тұруы арқылы да жүзеге асады: Абай, «Алтын көрсе перiште жолдан таяды» (М.Ә.) «Атадан ұл туса игi» деген Мына Тәкежан, Ысқақ, Шұбарға алғысымды айтамын (М.Ә.). Сiз маған қазақтың жақсы мақалын айтқансыз. «Жол анасы - iз» деп едiңiз (М.Ә.). Қазақ екiге бөлiнейiн деп тұр ғой. Тегiнде, «екi кеменiң құйрығын ұстаған суға кетедi» дейтiн бе едi? (Қ.Жұмад.).
Тұрлаусыз сөйлем мүшелерiнiң бiрi — толықтауыш. Толықтауыш туралы сонау А.Казем-бектен берi қарайғы пiкiрлер проф. М.Балақаевтың оқулығында жақсы берiлген
Толықтауыш болатын сөздер — негiзiнен барыс, табыс, жатыс, шығыс және көмектес жалғаулы сөздер. Бұлар толықтауыштың грамматикалық тұлғалары делiнедi. Толықтауыш қызметiнде заттық қасиетке ие негiзгi сөз табы зат есiмдер болып табылады. Сонымен бiрге есiмдiк, оның iшiнде жiктеу және өздiк есiмдiктерi де толықтауыш қызметiнде мол жұмсалады. Әрине, зат есiм және есiмдiктердiң толықтауыш қызметiнде жұмсалуы олардың заттық мағынасының басым екендiгiмен тығыз байланысты.
Сонымен бiрге, толықтауыш қызметiнде сын есiм, сан есiм, есiмше мен қимыл есмiдердi заттанып барып жұмсалатыны айтылып жүрген жайт. Сондай есiмдер мен етiстiктер септiк тұлғасын қабылдау арқылы заттанып барып, сөйлемнiң бiр мүшесi ретiндi толықтауыш қызметiнде жұмсалады. Толықтауыш қызметтi сөйлем мүшесiнiң аясы бұл сөз таптарынан басқа негiзгi сөз бен көмекшi сөздердiң тiркесуiмен толығып жатады. Ондай кезде көмекшi есiм, көмекшi етiстiк, модаль сөз бен шылауларға қатысты. Әрине, көмекшi сөздердiң негiзгi сөздерге түйдектелiп келiп, толықтауыш жасалуында өзiндiк ерекшелiктерi бар. Ол негiзiнде сол көмекшi сөздерге басты сыңар болатын негiзгi сөздердiң нольдiк келуi арқылы көрiнедi де, ал толықтауыштық грамматикалық көрсеткiш — септiк жалғаулары көмекшi сөздер арқылы айқындалады. Осы сияқты құбылыстардан толықтауыштардың жасалу аясының кеңею процесiн көруге болады. Оның өзi, бiрiншiден, сөз таптарының септелу процесiнiң молая бастауымен көрiнсе, екiншiден, көмекшi сөздердiң қатысы арқылы толыға түсуде. Бұл жерде толықтауыштардың жасалуына тұрақты тiркестердiң, мақал-мәтелдердiң де қатысы барлығы сөз болмақ.
Ал тұрақты тiркестер, мақал-мәтелдер арқылы толықтауыштың болуы туралы ғылыми әдебиеттерде сөз болмайды. Дегенмен, басқа оқулықтардағы толықтауыштардық жасалуына жаңалық етiп, Р. Әмiровтiң мына пiкiрiн жатқызуға болады: «Стильдiк ая талғамай жұмсалатын негiзгi толықтауыштың форма есiм, етiстiк сөздердiң септiк жалғаулы (атау, iлiктен басқасы) тұлғаларынан жасалатыны белгiлi. Бұларға синоним ретiнде жұмсалатын үш эмоциялы форма бар, олар көбiне ауыз-екi тiлiнде ұшырайды.
1. Бiрi - бала екеш баланы тәрiздi құралған форма...
2. Ауыз-екi сөйлеу тiлiне тән форманың тағы бiрi — негiзгi сөз - өзiн (келудiң өзiн) тәрiздi болып құралады... Есiмдiк негiзгi сөзбен матасып байланысады. Мұндай сөзді Ербосын сияқтымен сөйлесудiң өзiн ар деп бiлдi (Б.Майлин).
З. Есiм сөз — дегендi, тұйық рай (есiмше - дегендi), қол — дегендi болып құралатын толықтауыштар. . . Баяғыда, жас күнiмiзде, ердiң бетiнен алу дегендi бiлмейтiн едiк (Б. Майлин) .
Бұл пiкiрде тұрақты тiркестi толықтауыш айтылмағанымен, соңғы мысалда тұрақты тiркес дегендi көмекшi етiстiгi арқылы толықтауыш болып тұр.
Жалпы туркологиялық та, қазақ тiлi жайында да зерттеу еңбектерiнде тура толықтауыштардың табыс септiк жалғауы арқылы болатынын, оның ашық /жалғаулы/, /жалғаусыз/ жасырын түрде келетiнi жөнiнде ертеден келе жатқан пiкiрлер бар. М.Балақаев тура толықтауыштың зерттелу тарихын А.Казембектен бастап былай дейдi: «А.Казембек «Общая грамматика турецко-татарского языка» деген 1846 жылы шыққан кiтабында қимылға қатысты зат белгiсiз болғанда және ол — етiстiктiң дәл алдында тұрғанда табыс септiк атау септiгiмен алмастырылады», —дейдi. 1869 жылы Қазанда шыққан «Алтай тiлiнiң грамматикасы да сол iзбен, тура толықтауыштың жалғаулы, жалғаусыз жұмсалуын оның белгiлi, бiлгiсiз зат болуынан деп түсiндiредi, —дей келiп түркологтар Н.А.Ашмарин, Н.К.Дмитриевтердiң пiкiрлерiн санамалап, - ...қазақ тiлiнде тура толықтауыштың екi түрлi тұлғада жұмсалуын тек заттың белгiлi, белгiсiздiгiмен түсiндiруге болмайды. Кейде белгiлi, айқын деген заттар /объектiлер/ табыс жалғауында айтылады» — деп түйедi.
Осы айтылған пiкiрлердiң мақал-мәтелдi толықтауыштарға да қатысы бар. Арнаулы толықтауыш болатын зат есiмдер сөйлемде табыс жалғаусыз-ақ етiстiктермен қатар айтылса да, сол қызметiн жоймайтыны оқулықтарда айтылған. Тұрақты тiркестерден, мақал-мәтелдерден жалғаулы тура толықтауыштардың жасалуы: Мысалы: Бабасы Мөшеке мен әкесi Қазанғап та сондай өнерпаздарды ауылға жиi қонақ етiп, жаз жайлауды, қыс қыстауды думанға толтырар едi /С.Ләмбеков/. Бұндағы жердегi әдет бойынша ауылдың алты аузын айтты да, домбыраны қолындағы жiгiтке ұстатты /Ә.Нұрпейiсов/. Қайсыбiр ауыл адамдары ананың шайпау сөзiн естiгiсi келiп, кейде әдейi соқтығатыны да бар /«Жас алаш» газетi/. Алалы жылқы, ақтылы қойын жосылтып алдың. Ата қонысынан iргесiн аудардың. Ел жұртын шұбырттың /М.Әуезов/.Қап-қара диқан басына шалма байлап, балағын түрiп, дәу кетпенмен бiр қасық суды қақпалап шөлдеген жүгерiге алып барды /Ш.Мұртаза/. Келденең шөп бiр құлақ суды байлайды /Мақал/. Қазақтың таяқ жегенiн көргенi жалғыз бұл еместi /Ж.Аймауытов/. Ахметжан екеуi бастарын бiр қосып алса, күннiң батқанын, таңның атқанын бiлмейдi /М.Дулатов/. Қартқожаға жақсылық қылам деген ой үш ұйықтаса Николайдың түсiне кiрмегенiн қайдан бiлсiн /Ж.Аймауытов/. Соңғыны көксеген адамның адал еңбек, ақ ниеттен басқа iздейтiнi жоқ, ол адам баласын ала көрудi, қиянат қылуды тiптi ұнатпайды /Шәкәрiм/. Жанын жеген жегiнi суырып алып Әзiмбайға көрсетпекшi едi /М.Жұмабаев/. Тым болмаса, кiр жуып, кiндiк кескен ата мекендi ақырғы рет көрiп қалайын... /Қ.Аманов/.
Тура толықтауыштар мақал-мәтелдерге, тұрақты тiркестерге е, де көмекшi етiстiктерi есiмше тұлғасында тiркесуi арқылы да жасалынады.
Мысалы: Халық оған қарады да, артық тұған ер екенiн бiлдi /М.Жұмабаев/. Олар Оразбайдың айғайымен өздерiнiң кiндiгі бір екенiн жете бiледi /М.Әуезов/. — «Тұған жерге туың тік» дегендi кештеу ұғынсаң да, саған айтар кiнә бар ма? /Қ.Аманов/. Жақыптың бiр ұрты май, бiр ұрты қан дегендi жұрт көбiрек айтып кеттi /Ғ.Мұстафин/. Сiздiң ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кетеміз бе, қайтеміз, дегенiңiздi бiлiп, басқа келмей тұрғанда-ақ айқамыз (С.С.).
Кейде ондай тұрақты тiркестi тура толықтауыштың жасалуында одан да басқа көмекшi тiптi негiзгi етiстiктер де қатысып жұмсалуы арқылы да тура толықтауыш жасалады. Мысалы: Еламан істің насырға шауып бара жатқанын байқады /Ә. Нұрпейiсов/.
Мақал-мәтелдi тура толықтауыштар. Есiл еңбегiмiздiң еш болғанын қарашы /Ж.Елшiбеков/. Оның бүгiнгi түрi... «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын» байқатып тұр /Қ.Аманов/. Буы бұрқырап, төбе табақ ет келгенде бәрi де жамыраса күлiп, жыртық үйдің құдайы барды еске түсiрген /О. Бөкеев/. Қазақ қарындасқа бұрмағанның қары сынсынды қоюлары керек (Ауыз-екi тiлде). Әкең өлсе де, әкеңдi көрген өлмесiндi көрсеттi. Құдай малыңды алса да, Пейіліңді алмасын дегенді қазақ қашанда естен шығарған емес (А.Т.).
Жанама толықтауыштар — барыс, жатыс, шығыс, көмектес септiктi толықктауыштар. Тұрақты тiркестер де, мақал-мәтелдер де осы септiктерде түрленуi арқылы жанама толыктауыш болады.
Барыс жалғаулы толықтауыштар. Осы уақиға үстiнде жан сарайына бiр кiреуке түстi /С .Елубаев/ Ел еру болса, шаңырағына жоқшылық кеп шеру тартадыға тартты. Көшi қан болса, әке-шешең, қатын-балаң ақтабан шұбырындыға ұшырайды /М.Әуезов/. Тепсе темiр үзетiн атан жiлiк айналдырған аз жылдың iшiнде аш аруаққа айналды /О.Бөкеев/. Көлденең өткен көк аттыға болмаса да, мыңнан бiрдiң садағасы болуды тiлемейдi дейсiз бе? /О.Бөкеев/. Базарлы Абайдың қиын күнде ат сауырсын бергенiне қуанып тұрып, ырза болды /М.Әуезов/. Тәттiмбет те көлеңке басын ұзартқан егделiкке жеттi /И.Жақанов/.
Тұрақты тiркестер, мақал-мәтелдер көмекшi сөздермен тiркесте келiп, барыс септiгiн қабылдау арқылы жанама толықтауыш болуы: Бала өсiрген ата-ана мектептi жек көредi, оны өзiнен бөлiп, ала көзбен қарайды дегенге кiм иланады /М.Иманжанов/. Мұхтар Әуезовтiң дүние танымы терең, өмiр өнегесi көш құлаш екенiне куә /Ш.Айтматов/.
Жатыс жалғаулы жанама толықтауыш. Жатыс жалғаулы тұрақты тiркестер толықтауыштан гөрi, мезгiлдiк, мекендiк мағына берiп, пысықтауыштық қатынаста көбiрек жұмсалады. Ол Омбыға барған төрелердiң жандарал алдында құрақ ұшатынында сөз жоқ /Қ.Исабаев/. Колхозға алды, кедейлердi де жарылқады, әйтеуiр Мырзалының малы ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кете барды /Қ.Нұрғалиев/. Осындай ертек сынды мың бiр түндерде екi түрлi адамдар ұйықтамай жүредi /О.Бөкеев/. Осы сөйлемдерде құрақ ұшатынында, ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында, мың бiр түндерде деген тұрақты тiркестер кiмде? неде? сұраққа жауап бередi, толықтауыш қызметiн атқарады, сөз жоқ, кете бередi, ұйықтамай жүредi баяндауыштармен меңгерiле байланысады. Ал мәтелдi жанама толықтауышты талдап көрейiк: Елi .бай дейдi. Он мыңдаған қой, мыңдаған түйе иттiң құлы итақайында өредi дейдi.
Шығыс жалғаулы толықтауыш. Содан берi аттай зулап бес жыл өткен, бiрақ ол бұл елге қайтып ат iзiн салмаған, қысастықпен емес, тiптi шаш-етек шаруадан қолы тимегендi /О.Бөкеев/. Жын соққаннан мыс соққан жаман /Мақал/. Қызым байдан шыққаннан да күйеуiм соқыр қалпында қалғаны артық /Шәкәрiм/.
Көмектес жалғауында келетiн жанама толықтауыштар. Сол жолда жас өмiрiн құрбандыққа шалған азаматтар — есеппен емес, ана мен сүйген жардың көз жасымен өлшенедi /М.Дүзенов/. Жел сөзбен белi ауырмай орақ орад /І.Жансүгiров/.
Көмектес септiктегi ТТ толықтауыштық қатынастан гөрi сөйлемде қалай? деген сұраққа жауап берiп, пысықтауыштық қатынаста көбiрек жұмсалады.
Сонымен, жоғарыдағы пiкiрлердi ескере отырып, сөйлемде тұрақты тiркестер сияқты мақал-мәтелдi жанама толықтауыштар тiкелей септiк жалғауында тұруы, жанама толықтауыш қызметiнде жұмсалуы жиi кездеспейдi. Көбiнесе көмекшi етiстiктер арқылы жұмсалады.
Сөйлемнiң тұрлаусыз мүшелерiнiң iшiнде жасалуы жағынан күрделi сөйлем мүшелерiнiң бiрi — анықтауыш. Анықтауыштың сөйлем мүшесi ретiнде қалыптасуы туралы ғалымдар арасында кереғар пiкiрлер жоқ.
Анықтауыштардың мағынасына қарай сапалық анықтауыш, меншiктi анықтауыштар болып үлкен екi топқа бөлiнедi.
Сапалық анықтауыштарға сын есiм, сан есiм, есiмдiк, есiмше атау тұлғалы зат есiмдерден болған сөздер жатады, олар анықтаушы сөзбен қабыса байланысады. Меншiктi анықтауыштарға iлiк жалғаулы сөздер жатқызылады, тәуелдiк жалғаулы сөзбен матаса байланысады.
Анықтауыш туралы еңбектерде күрделi анықтауыштың бiр түрi ретiнде тұрақты тiркестер алынады. Оған дәлел Р.Әмiров: «күрделi немесе дара анықтауыш қатарына жатқызуда айыруда қиындық келтiретiн — ақ басты, қара шашты, ұзын бойлы, қаба сақалды, сегiз қырлы, бiр сырлы деген сияқты тiркестер, - дей келiп: ... Бiр атап кететiн жағдай, анықтауыш сөйлемнiң сыйымдылығын өсiрiп, бiр сөйлем көлемiне бiрнеше пiкiр ретiнде айтылатын ойды сыйғызуға көмектеседi. Мысалы:
Дәмешке көзiн сүзiп қараған Қайрақ тiсiнiң арасынан сыздықтата шырт түкiрдi де шанасына барып отырды /С.Мұратбеков/. Автордың алып отырған анықтауыштық мысалдарды көзiн сүзiп қараған —анықтауыш, автор күрделi анықтауыш қатарына жатқызады.
Шығыс жалғаулы сөз+есiм сөз+есiмше құрамды анықтауыштар: он саусағынан өнер тамған, қабағынан қар жауған, тiлiнен бал тамған, алыстан ат сабылтып келген, сөзден өрмек өрген, атадан мирас қалған, бақ таластықтан туған, қаһарынан қан тамған, қой аузынан шөн алмаған т.б. Мысалы: Етiнен өткен, сүйегiне жеткен, атадан мирас қалған, ананың сүтiменен бiткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетiрген /Абай/. Қаһарынан қан тамған батырдың әйгiлi қара шоқпарынан бiрде-бiр қастасқаны тiрi қалмаған /I.Есенберлин/. «Сiзге деген бөгде ойымыз жоқ, әншейiн iнiлiк базына ғой», дегендей қабағынан қар жауған Қозекеңе күле сөйлеген /К. Сегiзбаев/.
Өткен шақ есiмшелi ТТ анықтауыштың жасалуына негiзгi себепкер кей тұстарда көмекшi етiстiктер, сондай-ақ қалып етiстiктерi болады. Тұрақты тiркестерден кейiн де, бол көмекшi етiстiктерi жатыр, тұр, жүр, отыр қалып етiстiктерi өткен шақ есiмше тұлғасында келiп, сөйлемде өзiнiң анықтайтын сөзiмен iргелес тұрып, орын тәртiбi арқылы қабыса байланысады.
Де етiстiгiнен болған есiмшелi анықтауыш: ... Жамалдың анасы акылды, көркем қатын болғанға, «анасын көрiп қызын ал, аяғын көрiп асын iш» деген мақалды да еске тұтып сөйлеушi едi. /М.Дулатов/. Жағадан алып, жер-жебiрiне жетем, ит терiсiн басына қаптаймын деген ойларымның пәре-пәресi шықты /Е.Әкiмқұлов/. Бұл күлкiсiмен Игенжас «Сенген қойым сен болсаң, күйсегенiңе болайын!» деген кекесiнiн жасыра алмап едi. /К.Сегiзбаев/. Деген көмекшi етiстiгiнiң алдынан келген негiзiнен сөйлем құрылымды, мақал-мәтелдi анықтауыштар. Өз алдына сөйлем құрылымды анықтауыш жасап тұрған да осы — деген көмекшi етiстiгi.
Қазiргi қазақ тiлiнде қалып етiстiк туралы бiрнеше зерттеу еңбектерi бар. Етiстiқтi анықтауыш жасауда қалып етiстiктерiнiң қызметi ерекше. Тұрақты тiркестердiң етiстiктi сыңары көсемше тұлғасында келедi. Сыңарлары етiстiктi тұрақты тiркетер+өткен шақ есiмше тұлғасындағы тұр, жүр, жатыр, отыр қалып етiстiктерiнен болған анықтауыштар: өңi қашып тұрған көк шөп, қызылды — жасылды, сарылы гүлдер де аты бәйгеден келгендей, ажарланып, жылтырлап, құлпырып ала жөнелдi /Ж.Аймауытов/. Бiр-бiр шоқпарды кесе өңгерiп, келсең кел деп, алақанына түкiрiп тұрған ығай мен сығай /Ә.Нұрпейiсов/. Содан кейiн сүттей ұйып жүрген жеңгесi араз боп, Күнiкей жайынан өске таратуға кiрiстi /Ж.Аймауытов/. Иттiң құлы итақай алып жүрген мөрдi аяғаны несi /Ғ.Мұстафин/. Неше күннен берi жон арқасы қуыстанып, ұрынарға қара таба алмай жүрген Қиялханның жерден iздегенi көктен табылады /О.Бөкеев/. Аузындағыны жырып берiп отырғаны бiз дүние қоңыз боппыз /М.Әуезов/. Манадан осынша күйiп-пiсiп отырған Қайыржанның әңгiмесiн зейiн сала тыңдаған Досбол аң-таң болды /Қ.Аманов/. Осы жерде ұры еместi ұры ғып, құтыртар талай саққа, ағаш атқа мiңгiзiп жатқан кез ғой /М.Әуезов/.
Айналадагы жарлы-сорлының бәрiн ұлардай шулатып жатқан алым мен «қара шығын» пәлесiн бұл жiгiтектiң кедей аулы да естiп жатқан /М.Әуезов/.
Тұрақты тiркестер сөз тiркестi, сөйлем мәндi болып келетiнiн басқа сөйлем мүшелерiнен байқадық. Осы сөйлем құрылымды сөйлем мүшелерi түркологтардың iшiнде 3. Г. Ураксин еңбегiнде жете қарастырылған. Сөйлем құрытлысына ұқсас тұрақты тiркестер жай сөйлем құрылымды, құрмалас сөйлем құрылымды болып келетiнiне назар аударады [25,82-87]. Осы есiмшелi анықтауыштардан жиi кездескенi — құрмалас сөйлем құрылымды анықтауыштар және жай сөйлем құрылымды анықтауыштар. Құрмалас сөйлемнiң сабақтас құрмалас сөйлем құрылымды анықтауыштар, бiрiншiден, жай сөйлемдерi көсемше арқылы құрмаласта, екiншiден, шартты рай тұлғасы арқылы құрмаласқан. Мысалы: Шолпаннның ендiгi тiлегi — болары болып, бояуы сіңген, соңғы, пайдасыз, бос тiлек шығар /М.Жұмабаев/. Бүгiн өлгенi тiрiлiп, өшкенi жанған қуаныш күн /О.Сәрсенбаев/. Тепсе, темiр үзетiн атан жiлік айналдырған аз жылдың iшiнде аш аруаққа айналды /О.Бөкеев/. Қара емен иiлсе де иiлмейтiн Әбiлмансұр шешесi Аршын өлгенде, көз жасын сығып алды /Ш.Тауасарұлы/.
Жай сөйлем мәндi есiмшелi анықтауыштар: «А, құдай, бергенiне шүкiр» деп, барға қанағат, жоққа сабыр ететiн бiр бейуаз /Ж.Аймауытов/. Барар жер, басар таулары қалмаған екi әйел Хорезмге жататын өз ауылдарына барғылары келмеген /Т.Есенберлин/.
Меншiктi анықтауыш. Ілiк септiгiнiң мағынасы заттың меншiктiлiгiн анықтау, олай болса, iлiк септiктi анықтауыш болады. Тұрақты тiркестерге iлiк жалғауы жалғануы арқылы меншiктi анықтауыш жасалады, ал мақал-мәтелдердiң меншiктi анықтауыш қызметiнде жұмсалуы кездесе бермейдi.
М. Балакаев зат есiм, есiмдiк, субстантивтенген сын есім, сан есiм, есiмшелер iлiк жалғауында анықтауыш болады десе, бiз оған қимыл есiмiн қосамыз. Тұрақты тiркестер соңғы сыңары да осы сөз таптарынан болып сөйлемде iлiк жалғауы арқылы меншiктi анықтауыш жалғаулы да, жалғаусыз да болып келедi.
Түркологиялық әдебиетте iлiк жалғаулы анықтауыштың топтың бiрiншi сыңары белгiлi зат болса, жалғаулы, белгiсiз зат болса, жалғаусыз болады деп түсiндiрсе, М. Балакаев басқаша қарастырады: «... iлiк септiгiнiң жалғаусыз, жалғаулы болуы жалғанатын сөзiнiң айтушыға, тыңдаушыға белгiлi, белгiсiз болуымен байланысты емес, меншiктiлiк /тәндiк/ қатынасты ерекше бiлдiру, бiлдiрмеумен байланысты: егер тәуелдеулi заттың қай затқа /не кiмге/ меншiктi, қатынасты екенiн әдейiлеп, арнап көрсету керек болғанда, iлiк септiгiндегi сөз жалғаулы болады. Ал мұндай құрамдағы сөздердiң бiрi екiншiсiне сапа ретiнде жұмсалса, ол жалғаусыз болады».
Меншiктiк қатынасты бiлдiретiн жалғаулы анықтауыштар тәуелдiк жалғаулы сөзбен матаса байланысса, iлiк жалғаусыз сөз тәуелдiк жалғаулы сөзбен тiркессе, заттың сапасы ретiнде жұмсалып, сол сөзбен қабыса байланысады.
Тұрақты тiркестер де сөйлемде iлiк жалғаулы да, жалғаусыз да кездесе бередi.
Мысалы: Бiрақ исi қазақтың қара қазаны орта болса, сенiң сары балаңның да тоқшылығы ұзаққа бармайды / М. Мағауин/. Иә, Төле би — исi қазақ тарихындағы ғажап тұлға (“Үш пайғамбар” жинағынан).
Осы екi сөйлемнiң бiрiншiсiнде — iлiк жалғаулы, өйткенi қара қазан кiмнiң меншiгi екенiн анықтап, исi қазақтың тұрақты тiркестер қара қазаны тiркесiмен матаса байланысқан. Екiншi сөйлемдегi исi қазақ тарихы сөзiнiң сапалық мағынасын анықтап, қабыса байланысып тұр.
Мың асқанға бiр тосқанның шағы кеп тұрған сәтiм осы-ақ -деп тоқтады Жиренше /М. Әуезов/. Аузымен орақ орғанның белi ауырмас /Мақал/.
Мақал-мәтел – аз сөзбен көп мағынаны, көп ұғымды, көп жайларды білдірудің ең жоғарғы шыңы. Мақал мен мәтелден орынсыз тұрған, басы артық бір сөзді я басқа бір қосымша дәнекерді табу мүмкін емес. Басы артық сөз түгіл, қайта көпшілік жағдайда, айтылуға тиісті, болып тұрған сөздерді өздері егер оны айтпаудан ұғымға ауырлық келмейтіндей болса оны мағынасы контекст арқылы байқаларлықтай болса, ондай сөздер әдейі түсіріліп, сөйлем ықшамдалып айтылады. Мысалы: Қой өрісі қорадан. Құс баласы қырымға, ит баласы жырымға. Ит тойған жеріне, ер тұрған жеріне. Ер елінде, гүл жерінде. Отансыз адам – ормансыз бұлбұл. Қарманған қарап қалмас. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Өзі тоймағаннан сарқыт сұрама,- деген мысалдардың толық түрлері мынадай: Қой өрісі қорадан басталады. Құс баласы қырымға қарайды, ит баласы жырымға қарайды. Ит тойған жеріне барады (аңсайды). Ер туған жеріне барады(аңсайды). Ер елінде гүлдейді, гүл жерінде гүлдейді. Отансыз адам – ормансыз бұлбұл тәрізді. Қарманған адам қарап қалмайды. Қолы қимылдаған адамның аузы қимылдайды. Өзі тоймаған кісіден сарқыт сұрама.
Сөйтіп, алдыңғы мысалда басталады, қарайды, барады, гүлдейді, тәрізді адам, кісі деген сөздер айтылмай түсіріліп қалдырылған. Бірақ олардың мағыналары контекстің айқын, байқалып тұрғандықтан, сөйлемнің ұғымына ешқандай нұқсан келіп тұрған жоқ.
Бұл айтылған жағдайлар мақал-мәтел синтаксисинің құрылысына елеулі әсерін тигізіп, оны әдеби шығармалардың басқа жанрларынан біраз ерекшелендіріп тұратыны анық.
Ғалым Т.Қордабаев мақал-мәтелдердің синтаксисін арнайы зерттеуді
мақсат етіп мақал-мәтелдерді құрылысына қарай жай сөйлем, құрмалас сөйлем құралымды мақал-мәтелдер деп, олардың синтаксисіне жеке-жеке тоқталады.
Жай сөйлем құрылымды мақал-мәтелдердің синтаксистік ерекшеліктері. Сөйлем түріндегі кейбір фразеологизмдердің құрамындағы сыңарлары өздерінің мағыналық дербестігін бүтіндей жоғалтпаған. Мұндай фразеологизмдердің қатарына негізінен мақал-мәтелдерді жатқызуға болады. Тілдегі мақал – мәтелдер де тұрақты тіркестерге жатады. Бірақ барынша тар ұғымда алынатын фразеологиялық бірліктер мен мақал мәтелдердің арасында үлкен айырым бар. Мақал мен мәтел фразеологиялық бірліктен өзінің сөз қолданысы мағыналық жағынан ерекшеленіп тұрады. Ішкі мазмұны, сыртқы түрі жағынан, яғни өзінің семантикалық, грамматикасы құрылысы жағынан мақал-мәтелдің фразеологиялық бірліктен елеулі айырмашылығы бар. Фразеологиялық бірлікке кейбір ұқсастықтары бола тұрса да, мақал-мәтел сөз саптаудың дербес түрі болып есептеледі. Демек, оларды4 өздеріне тән лексика-семантикалық, грамматика-стильдік ерекше (релеванттық) белгілері бар. Сол фразеолоиялық бірліктердің бір саласы фразеологиялық түйдекке тән белгілері қысқаша былай тұжырымдауға болады: фразеологиялық түйдек құрамындағы элементтері іштей кірігіп, жеке компоненттердің семантикасына тікелей қатысы жоқ, тұтасқан біртұтас мағына береді; фразеологиялық түйдектің едәуір бөлігі көбіне, екі-үш элементтен тұрады; фразеологиялық түйдек акцентуация жағынан біркелкі келеді. Бұл топтағы фразеологиялық бірліктердің басым көпшілігі, әсіресе екі компоненттісі, интонациялық бірлікте болады да, бір-ақ екпінге бағынады.
Белгілі бір фразеологизмнің (көбіне, фразеологиялық тіркестің) мғынасы сыртқы тұлғаға мүлдем қалыс деуге болмайды. Фразологиялық бірлік пен мақал-мәтел бір-бірінен өздерінің мазмұны жағынан да, сыртқы тұлғасы жағынан да сараланып тұрады. Мазмұны жығанан мақал мен мәтел атаулының дені игі қасиеттерге үндеу, уағыз - өсиет сипатында болатыны мәлім. Мақал мәтел нақылға, жөн сілтеуге ойысса, фразеологиялық бірліктер тек атауыш - бейнелеу мәнде келеді. Осы себепті де, мақал мен мәтел синтаксистік жағынан фразеологиялық бірлікке қарағанда, анағұрлым күрделі. Мақал-мақал қаншалықты ауыс мағынада қолданылғанымен, құрамындағы сөздерi өзiнiң негiзгi лексикалық мағыналарынан айырылып қалу қасиетi бөлек. Синтаксистiк негiзгi единица болып — табылатын жай сөйлем мақал-мәтелде де қазiргi әдеби тiлiмiздегi тәрiздес құрамда кездеседi. Басқаша айтқанда, Шабан үйрек бұрын ұшар. Ел iшi алтын бесік. Еңбек түбі - береке, көптiң түбі — мереке. Қарманған қарап қалмас, Көз қорқақ, қол батыр. Шапқан озар, жатқан қалар. Iздеген табады, сұраған алады. Еңбек ширатады, өмір үйретедi — дегендер тәрiздес жалаң сөйлем түрiнде де, Дихан жерiн мақтайды. Балықшы көлін мақтайды. Кәсіпқор кенін мақтайды. Егiннiң жайын еккен білер, арбаның жайын жеккен бiлер. Ұры жете алмайтын жаяудiкiн алады. Меп құдайдың ала танасын ұрлаппын ба? Жарлының байда тоқтылы қой ақысы кетіпті— деген терiздес жайылма сөйлем түрiнде де кездеседi.
Мақал-мәтел синтаксисiнiң бiр ерекшелiгi — сейлемдегi сөздер (сейлем мүшелерi) санының мейлiнше аз, сөйлемнiң өте ықшамды
болатындығында. Бұлардағы жай сөйлемнiң негiзгi түрi және өте жиi
ұшырайтын түрi — үш я төрт мүшеден құралған сөйлемдер. Төрт мүшеден
артық мушесi бар сөйлемдер өте сирек кездеседi.
Мақалдардан жасалған жай сөйлемдердiң мазмұны мен жасалуы тәсiлiнде өздерiне тән ерекшелiктерi-.бар. Олар бiр ғана тармақтан тұрса да, айтылмақшы болған пiкiр тиянақты түрде берiлiп, аз сөзбен көп мағына бiлдiредi дей келiп, А.Нұрмаханов мұндай мақалдардың етiстiктен болған баяндуыштары пiкiрдi аяқтап қана қоймай, модальдық реңк бiлдiретiндiгiн атап көрсетiп, мынадай мысалдар келтiредi:
Үндемеген үйдей пәледен құтылады. Азға қанағат қылмаған көптен құр қалады. Бiр кеміссіз сұлу болмас. Аманатқа қиянат болмас. Ер кадірін ел бiлер. Буындағы жара жүз күнде де кетпес.
Есiм баяндауышты жай сөйлем бөлып келген мақалдарға мысал: Піскен астың күйігі жаман
Мақал-мәтел синтаксисi жай сөйлем түрлерiне де онша бай емес. Әдеби тiлiмiзде кездесетiн атаулы, жақсыз сөйлемдер мұнда кездеспейдi. Мұндағы сөйлемдердiң көпшiлiгi белгiсiз жақты сөйлемдер болып келедi. Өйткенi мақал-мәтелдегi пiкiр нақтылы бiреуге арналып айтылмайды, көпшiлiкке, жалпыға арналған. Осы сияқты, жай сөйлемнiң мағыналық түрлерi де мұнда онша көп емес, тек хабарлы, бұйрықты сөйлемдер ғана бар деуге болады. Қолда бар материалдарға қарағанда, жай сөйлемнiң сұраулы, лептi түрлерi бiрдi-екiлi ғана болмаса, тiптi кездеспейдi және оның кездеспеуi табиғи да нәрсе. Өйткенi сұраулық, лептiк мағыналар мақал-мәтелдердiң атқаратын рөлiне, оньң жаратылысына тән қасиеттер емес.
Мақал-мәтел сннтаксисiнде әдеби шығармалардың басқа жанрларында кездесетiн қыстырма, қаратпа сөздер де, оңашаланған, оқшауланған сөздер де, жалпылауыш сөздер де, төл сөз, сөйлеспелi сөйлем түрiнде келетiн сөйлемдер де болмайды және олардың болуы мумкiн емес. Жоғарыдағылар сияқты бұлар да мақал мен мәтелдiң жаратылысына үйлеспейтiндiгiн ғалым Т.Кордабаев баса көрсетедi
Мақал-мәтел синтаксисiнде сөйлем мүшелерiнiң орналасуы бiр-бiрiмен синтаксистiк қарым-қатынасқа келу жақтарынан айтарлықтай өзгешелiктерi болмағанымен, сөз таптарының синтаксистiк қызметтерi мен олардың тұлғалануларында әдеттегiден бiраз өзгешелiктер де жок емес.
Қазiргi әдеби тiлiмiздегi сияқты мақал-мәтелдерде де бастауыш пен баяндауыш сөйлемнiң негiзi, оның ұйытқысы функциясында қолданылған. Баяндауыш қызметiнде есiм сөздер де, етiстiктер де қолданылғанымен, олардың формалық құбылыс аясы өте тар. Екiншiден, тiлiмiздiң қазiргi синтаксистiк құбылысында баяндауыш функциясындағы сөздерге қосылмайтын кейбiр қосымшалар мақал сөйлемдердiң баяндауышына қосылып келе бередi. Мақал-мәтел синтаксисiнде етiстiк екi-үш формалық құбылыстарда ғана қолданылады және негiзiнде. екiншi, үшiншi жақта, келер шақта айтылады.
Баяндауыш қызметiнде қолданылатын етiстiк турлерi мыналар:
1. Етiстiктен болған баяндауыш бұйрьқ райдың екіншi жақ анайы турiнде өте жиi кездеседi. Кей жағдайда үшiншi жақтық бұйрық райлы етiстiктер де кездеседi.
Туған жерге туы тiк. Қайраңы жоқ көлден без. Қайырымы жоқ еден без. Есiң барда ел тап. Есің барда етек жап. Қайратың барда мал тап. Тек жүргенше, тегін iсте. Жүйесін тауып жұмыс қыл. Жерін тауып тыныс қыл. Шыдамды еңбек, алғыр ой - анық досың біліп қой. Күшіңе сенбе, ісіңе сен. Еңбек ет те, елге жет. Кезі келсе, кетпен шап, майрылмаса, қайрылсын. Сыртың сайлы болғанша, iшің майлы болсын. Ер өнерімен мақтансын.
2. Баяндауыш қызметiнде етiстiк -ар, ер, -р, -с жұрнақты есiмше формасында да өте жиi кездеседi.
Еңбек мұратка жеткізер, жалқаулық абыройды кеткiзер. Адал еңбек аздырмас, арамдық бойды жаздырмас. Жекен жерiнде көгерер, ер елінде көгерер. Қой көрмеген қой көрсе қуалап жүріп өлтiрер, ұл көрмеген ұл көрсе, уалап жүріп өлтірер. Қойға коңырау жараспас. Жақсылық суға батпас, 6iр шығар, тегін жатпас. Шетте журiп жалығарсың, өз елiңді сағынарсың. Біз де кісі болармыз, атқа кісен салармыз.
3. Баяндауыш -а, -е, -й жұрнақты көсемшенiң екiншi, әсiресе үшiншi жақта айтылған түрiнде өте жиi кездеседi.
Сағынған елін аңсайды, сары ала қаз көлін аңсайды. Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейдi. Есі бүтін елден іздейдi. Етікті нәл сақтайды, ерді ел сақтайды. Еңбексіз іс бiтпейдi, еріншектің қолы жетпейді.. Iздеген табады, сұраған алады.
4. Есiм сөздерден, әсiресе сын есiм мен зат есiмнен болған баяндауыштар өте жиi ұшырайды. Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық. Отан оттан да ыстық. Туған ердің жері де көрктi, елі де сүйікті. Бақа – көлінде патша, балық - суында патша, жігіт - елінде патша. Бейнет, бейнет түбі - зейнет. Рахаттың түбі кейіс, бейнеттің түбі - кейіс. Кім еңбек етсе, сол - тоқ.
Ерте тұрған жiгiттің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық. Көз - қорқақ, қол - батыр. Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәттi. Көп еңбегі көңілді. Кiсi аты тершең, кiсі киiмi кіршең.
Мақал, әсiресе мәтел сөйлемдерде баяндауыш болуға тиiс етiстiк айтылмай, түсiрiлiп калдырылады да, баяндауыштың қызметтi септiк жалғаулы зат есiм атқарып тұратыны жиi кездеседi. Адам аласы iшінде, мал аласы сыртында. Қазы хан қасында, Қараша жар басында. Адамның күні адаммен. Жаман ұста жанынан, Сабақтың ине сәтімен. Күш бірлiкте. Сүт тасыса жиегiнде, ер тасыса еліне. Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең iшiнде. Ерлік білекте емес, жүрек-те. Бөрі мен ер азығы жолында. Тисе терекке, тимесе бұтаққа. Жалаң аттың жанымен, жалаң қылыш жүзiмен. Құс қарағына, ер жарағына.
5. Баяндауыш қызметiнде жиi қолданылатын сөздердiң тағы бiр түрi - бар, жоқ деген сөздер.
Кiсі болар баланың кiсiменен iсі бар, кiсі болмас баланың кiсіменен несі бар. Арамдықтан үлкен ат жоқ, наннан үлкен ас жоқ. Тауық құсқа ұшу жоқ, там үйлерге көшу жоқ. Өнерлiге өлім жоқ. Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнiң жоқ. Алмақтың да салмағы бар. Ұлы сөзде ұят жоқ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар. Ауызына әлі жетпегеннiң қолында масқарасы бар.
6. Есiмшенiң тәуелдi формада тұрып сөйлемнiң баяндауышы қызметiн аткаруы — казiргi әдеби тiлiмiзге тән қасиет емес. Сонда да мұндай тiлдiк құбылыс мақал-мәтел синтаксисiнде кездесiп қалады.
Ер жiгiттің екі сөйлегені — өлгенi, еменнiң иілгені — сынғаны. Партия айтса, болғаны, жеңістің қолға қонғаны. Ер — ырыстың қорғаны.
Тiлiмiзде кездесетiн бастауыштардыц барлық түрлерi бiрдей мақал - мәтелдерде кездесе бермейдi. Бұл жағдай, әсiресе баяндауышы екiншi жақта айтылатын сөйлемдер, бастауышы жоқ жалпылама жақты сөйлемдер көп кездеседi:
Малды бақсаң, қойды бақ, май кетпейді шарадан. Ит асырасаң сыртыннан, қой бермсейдi қорадан. Кісі елінде сұлтан болғанша, өз елiнде ұлтан бол. Өзге елге ұл болғанша, өз елiңе құл бол. Еңбек қылсаң ерiнбей, тояды қарның тiленбей. Бай қасына барып көр, бакыр болмасаң маған кел. Хан қасына барып көр, басың қатпаса, маған кел. Жiгіттің түсін айтпа, iсiн айт. Ағаш кессең, ұзын кес, қысқартуың оңай, темір кессең қысқа кес, ұзартуың оңай.
Бастауыш функциясында қолданылуға тиiстi зат есiм айтылмай, түсiрiлiп, анықтауыш болуға тиiс есiмше немесе сын есiм атқарады.
Жаман жасаққа жарамайды, желiнсау қосаққа жарамайды. Ұқыпты етегiн жабады, ұқыпсыз ұятын табады. Бір еңбек өткен — екі етеді, екі өткен — әдет етеді. Қорқақ көленкесiнен де қорқады. Табанды тауды жығады, тайсалмаған жауды жығады. Келген – дәулет, кеткен - бейнет. Еңбектің көзін тапқан - байлықтың өзiн табады. Көп iстеген — құп iстейдi. Айрылған азады, косылған озады. Көптеген жау алады. Көмектескен дау алады. Күшенген жеңбейді, күшi көп жеңедi. Көрмес - түйенi де көрмес. Ұзынсыз қысқа болмас, үлгісіз ұста болмас. Қолынан келген қонышынан басады. Саусағы ұзын бишi болар, құлағы ұзын куйші болар. Алтынды бiлмеген ірiтер, терiнi илей білмеген шірітер.
Бастауыш пен баяндауыштың синтаксистiк қатынасында басқа да әдеби шығармаларда кездесетiн қатынастардан ерекше ауыз толтырып айтарлықтай өзгешелiк жоқ. Мұнда да бастауыш пен баяндауыш бiр-бiрiмен қиыса, жақтаса байланысып тұрады. Мақал-мәтелдерде, әсiресе мәтелде сөйлем септiк жалғаулы зат есiмге аяқталып, интонациялық жағынан тиянақты, мазмұны жағынан бiр бүтiн сөйлем болып келе бередi.
Қой өрісі қорадан. Адамның күнi адаммен. Са6ақты ине сәтiмен. Адам аласы iшiнде, мал аласы сыртында. Құс баласы қырымға, ит баласы жырымға. Iсмердiң байлығы қолында, кемеңгердің байлығы жолында — деген мақал— мәтелдерде бұларда қалыпты толық сөйлемдерде болатын предикативтiк сипаттар жоқ. Бұл арадағы предикативтiк сипат ерекше. Тiлiмiзде толымсыз сөйлем деп аталатын сөйлемдердiң де барлығын және олардың әр түрлi сөз табына, әр түрлi тұлғалы сөздерге аяқтала беретiнiн де естен шығармаған жөн. Мiне, осы жайларды ескерсек және Адам аласы iшiнде, мал аласы сыртында деген тәрiздiлердiң интонациялық жағынан да, мағыналық жағынан да тиянақты, толық сөйлемдiк қасиетке ие.
Сонымен, бастауыш пен баяндауыш арасында болатын қиыса, шақтаса байланысулар талданып өткен сөйлемдердiң бастауышы арасында болмайды.
Ендiгi 6iр тоқталтын нәрсе - сөз болып отырған екi мүшенiң орын тәртібіне байланысты. Құылысы, құрамына енген сөздердің орналасу тәртiбi жағынан алғанда, мақал мен мәтелдi поэзия мен проза аралығындағы аралық категориялеуге болар едi. Өйткенi мақал-мәтелдердiң құрылысында поэзияға тән кейбiр қасиеттер де, прозаға ұқсас қасиеттер де бар. Бұлардың құрылысындағы поэзияға ұқсастық қасиеттер - екi я одан да артық жолдан құралатын түрлерiнде әр жолдың буын саны, үйлесiм, ырғағы бiрыңғай, бiртектес болып келетiндiгiнде ғана. Бұлардан басқа белгiлердiң барлығы да мақал мен мәтелдi поэзиядан бөлетiн, оны прозаға жақындастыратын белгiлер. Осыларға лайықты мақал-мәтел сөйлемдердегi бастауыш пен баяндауыштың орын тәртiбiнде екi жақтылық бар: оның бiрi - поэзиядағы сияқты өз бастауышын өзi меңгерiп тұрған мүшелерден бұрын да айтылуы болса, екiншiсi - прозалык шығармалардағы сияқты баяндауыштың сөйлем соңында келуi. Бұл екеуiнiң алғашқысынан гөрi соңғы түрi — әлдеқайда басым. Бастауыштың өз жетегiндегi сөзден немесе өз бастауышынан бұрын айтылуы - үйлесiм қуушылықтан, я болмаса баяндауыш болып тұрған сөздiң мағынасына ерекше мән беру мақсатымен инверсиялаудан туып отырады.
Шықсаң ұзақ сапарға, арымас ат - ит арба. Көп сөйлейдi залым би, аз сөйлейді әдiл би. Кедейдiң келдi заманы, құрыды байдың ажалы. Қазарсың арықты, көрерсiң жарықты. Пышақ болмас жетесiз, өзi болған жiгіттің, тегiн сұрап не етесіз. Ер басында дау келсе, ерлігі кетер басынан, би басына дау келсе, билігi кетер басынан. Өлсем мейлi корiне, бiр шығайын төрiне. Қылышыңды жауға шаппасаң жүзі тиер өзіңе, ұшы тиер көзiңе.
Мақал-мәтел синтаксисiнде тұрлаусыз мүшелердiң қай түрi болса да кездеседi, бiрақ олардың қолданылу шамасы бiркелкi емес. Анықтауыш пен толықтауышқа қарағанда, сөйлемнiң пысықтауыш мүшесi сирек кездеседі.
Салалас құрмалас сөйлемдердiң iшiнде салыстырмалы түрi қазақ тiлiнiң табиғатынан мақал-мәтелдерден жасалады. Мұның өзi мақал-мәтелдiң өзiндiк ерекшелiгiнен екенiн Қ.Есенов атап көрсетедi [5,39]. Мақал-мәтел синтаксисiнде жай сөйлемнен гөрi құрмалас сөйлем көбiрек. Оның себебi де жоқ емес, өйткенi мақалда жатқы iс, жақсы әдет, жағымды мiнез-құлық немесе жиренiштi, жексұрын қылықтар жалаң айтылмайды, басқа бiр жайттармен салғастырыла, теңдестiрiле, соған қарама-қарсы қоя берiледi. Соның арқасында оның тыңдаушыға тигiзетiн әсерi ерекше болады.
Ит тойған жерiне, е тұған жерiне. Адал еңбек елге жеткiзер, арам құлық елден кеткізер. Ұрыс ырысыты қашырар, ынтымақ халықты асырар. Бірлiгi жоқ тозады, бiлiгі күштi ел озады. Кеңестi жерде кемдік жоқ, кеңессiз жерде теңдiк жоқ. Ер бір рет өледі, қорқақ мың рет өледi.
Көрсетiлген құрмаластың бiр компонентiнде жақсы қасиет айтылса, баска компонентiнде жағымсыз қылық қатар берiледi. Осындай қарама-қарсы қоюдың арқасында, бiрiншi жағынан, жақсылықтың жақсылық, тартымды қасиетi күшейе түссе, екiншi жағынан жамандықтың жексұрын, жиренiштi бейнесi ашыла, күшейе түскен
Мақал-мәтел синтаксисiнде құрмалас сөйлемнiң барлық түрлерi бiрдей кездесе бермейдi. Құрмалас сөйлемнiң кездесетiн түрлерiнiң өздерi де әдеби шығармалардың басқа жанрларында кездесетiн құрмалас сөйлемдермен салыстырғанда, олардан әлдеқайда ықшамды, жинақы болып келедi. Мұнда құрмалас сөйлем компоненттерi жалаң я толымсыз түрде жиi кездесiп отырады:
Орайы келсе, орақ ор, кезi келсе, кетпен шап. Берсең, аласың, ексең, орасың - дегендердiң әрқайсысында екiден құрмалас сөйлем бар. Олардағы құрмалас сөйлем компонентi болып тұрған жай сөйлемдердiң кейбiреулерi жалаң бiр ғана сөзден (баяндауыштан) болғандар. Бұлар тәрiздес құрмалас сөйлемдер мақалда жиi кездеседi.
Құрмалас сөйлемнiң мақалдар синтаксисiнде ең көп кездесетiн түрi - салаласа құрмаласатын сөйлемдер. Салаласа құрмаласқан сөйлемдердiң әдеби шығармалардың қай жанрларында болса да, қай дәуiрдегiсiнде болса да кездесетiнi белгiлi. Бiрақ мақалдарда кездесетiн салалас сөйлемдердiң олардан құрмаласу тәсiлдерi жағынан да, компоненттерiнiң бiр-бiрiмен мағыналық қатынастары жағынан да өзiндiк бiрсыпыра өзгешелiктерi бар.
Әдебиет жанрларының мақалдан басқа түрлерiнде жалғаулықты салалас сөйлемнiң жалғаулықсыз салалас сөйлемге қарағанда көбiрек, жиiрек қолданылатыны даусыз. Ал мақалда салалас құрмаластың жалғаулықты түрi тiптi қолданылмайды.
Ат айналып үйірін табар, ер айналып елiн табар. Сағынған ер елiн аңсайды, сары ала қаз көлiн аңсайды. Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас, үйiрiнен қаңқыған тұлпар оңбас. Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар. Көнектен шошыған бие оңбас, көптен бөлiнген үй оңбас, т. б.
Бұлардың барлығы да жалғаулықсыз салалас сөйлемдер. Бiрақ олардың компоненттерi баяндап тұрған жағдайлар арасында ешқандай мағыналық байланыс, мағыналық жақындық жоқ. Бiрi ойдан, бiрi қырдан деген сияқты әрқайсысы әр түрлi жайды хабарлайды. Мұндағы жай сөйлемдер мағыналары арасындағы болар-болмас iлiктестiк компоненттерде баяндалатын әрекеттердiң, жағдайлардың, оқиғалардың бiр-бiрiне аналогия ретiнде немесе контраст ретiнде алынатындығында. Мысалы: Арықтың сорпасында дәм болмайды, ақылсыздың сөзiнде мән болмайды. Еңбек мұратқа жеткізер, жалқаулық абыройды кеткiзер, - деген сөйлемдердiң алдыңғысында арық аттың сорпасы мен ақылсыз адамның сөзi бiр-бiрiне аналогия ретiнде алынса, соңғысында еңбектiң нәтижесi мен жалқаулықтың нәтижесi бiр-бiрiмен контраст ретiнде келтiрiлген. Бұлардан басқа мағыналық байланыс бұл компоненттер арасында жоқ. Сондықтан да мақалдарда кездесетiн салалас құрмалас сөйлемдердi компоненттерiнiң бiр-бiрiмен мағыналық қатынастарына қарай жiктеуге болмайды. Өйткенi ондай жiктеуге негiз боларлық мағыналық қатынас мұндағы компоненттер арасында жоқ. Әйтсе де, құрмалас сөйлемге қатысты оқулықтарда мундай мақал-мәтелдi құрмалас сөйлемдердi көбiнесе салыстырмалы, кейде қарсылықты салалас құрмаластар қатарына жатқызу басым Қ.Есенов оқулығында «Жалғаулықсыз келген салыстырмалы салалас сөйлемдер көбiнесе мақал-мәтелдерден жасалады. Мұның өзi мақал-мәтелдi сөйлемдердiң табиғатынан шығып жатады: Бiлген адам қауып айтады, бiлмеген адам қауып айтады. Тозар елдің жанжалы бітпес, озар елдің арманы бiтпес.
Келтiрiлген сөйлемдердегi салыстырмалық мән олардағы жеке сөздердiң өзара үйлесе, салғастырыла жұмсалуы арқылы туындап тұр: 1. Білген адам — бiлмеген адам, тауып айтады — қауып айтады. Тозар елдiң — озар елдiң, жанжалы бiтпес — арманы бiтпес.
Бұл айтылғандардан, не мағыналық бiрлiгi, не байлаушы дәнекер формасы болмаса, мақалдағы жай сөйлемдердiң қалайша бастары бiрiгiп, құрмалас сөйлем бола алады деп Т.Қордабаев төмендегiше талдайды:
«Мақалда жай сөйлемдердi бiр-бiрлеп құрмаластыратын байлауыш дәнекер жоқ деуге болмайды. Ол, әрине, бар, бiрақ басқа жанрлардағыдай емес, одан өзгеше. Мақалдардың сыртқы құрылысы жағынан прозадан гөрi поэзияға жақындығы белгiлi. Поэзия жолдары сияқты мақалдың да жолдары өзара үйлесiмдi, бiр ырғақты, бiр көлемдi болып келедi. Бiрақ поэзиядағыдай емес, мақалдың әр жолы, негiзiнен алғанда, өз алдына бiр жай сөйлем болып
турады да, салалас құрмалас сөйлемнiң бiр компонентi функциясында қолданылады. Мұндай салалас сөйлем компоненттерi болып тұратын жай сөйлемдер құрамындағы сөздер (мүшелер) саны жағынан да, тiптi көпшiлiк жағдайда, сол сөздердiң буын құрамы жағынан да өзара шамалас болып тұрады. Мысалы:
Аз асқа жасауыл болма, көп асқа бөгеуiл болма. Жақсы етте жасық жоқ, қымыз аста қасық жоқ. Келеді деп көп қойдым, келмеген соң жеп қойдым.
Бұл мысалдағы үш түрлi салалас сөйлемнiң үшеуiнде де компоненттер құрамындағы сөздер саны бiр: олардың барлығы да төрт сөзден құралған. Сонымен бiрге, компоненттер iшiндегi сөздердiң буындық құрамдарында да ешқандай өзгешелiктер жоқ: бiрiншi салаластық компоненттерi сегiз буынды болса, кейiнгi екi салалас сейлемнiң компоненттерi жетi буынды болып келген. Мақалды салалас сөйлемдерде болатын, осы айтылғандардай, компоненттер арасындағы әр түрлi үйлесiмдiлiк, ырғақтық бiрлiк - сол компоненттердi бiр-бiрiмен байланыстырып, салалас сөйлем жасаудың бiрден-бiр тәсiлi болып табылады»
Мақалды салалас сөйлемдердегi компоненттер бiрлiгiн қамтамасыз ететiн екiншi тәсiл белгiлi бір я бiрнеше сөздердiң (мүшелердiң), әсiресе баяндауыштың компонент сайын қайталанып келуi.
Мал қонысын iздейдi, ер туысын iздейдi. Еңбек ерлікке жеткiзер. ерлiк елдiкке жеткiзер. Еңбектің наны тәтті, жалкаудың жаны тәттi. Азығымен жер мүсінді, еңбегімен ер мүсіндi. Бірлігі жоқ ел тозады, бірлiгі күштi ел озады. Кеңесті жерде кемдiк жоқ, кеңессіз жерде теңдiк жоқ.
Белгiлi бiр сөз компонент сайын қайталанып келгенде, ол синтаксистiк функциясы жағынан да, морфологиялық формасы жағынан да ешбiр өзгерiссiз қайталануы да немесе синтаксистiк я морфологиялық өзгерiстерге ұшырап барып қайталануы да мумкiн. Осының алдында ғана келтiрiлген мысалдың бiрiншi салалас сөйлемiнде iздейдi, екiншi салалас сөйлемiнде жеткiзедi, үшiншi салалас сөйлемiнде тәттi және одан кейiнгi салаластардагы
мүсiндi, ел т. б. деген сөздер не тұлғалық, не синтаксистiк ешқандай өзгерiске ұшырамай қайталанған. Ал сол мысалдың екiншi салалас сөйлемдегi ерлiк сөзi бiрiншi компонентте барыс жалғауында айтылып, сөйлемнiң толықтауыш мүшесi болса, екiншi компонентте атау тұлғада айтылып, сөйлемнiң бастауыш мүшесi болған. Мысалдың ең соңғы салаластағы күрделi мүше құрамында тұрған кеңестi сөзi екiншi компонентте қолданылғанда алдыңғыдағы -тi жұрнағның орнына кейiнгi компонентте айтылғанда, болымсыз -сыз жұрнағы қосылып айтылған, бiрақ синтаксистiк функциясында өзгерiс жоқ. Ал ендi, Жұғын бар жерде шыбын бар, шыбын бар жерде шығын бар — дегенде, бiрiншi компонентгегi сөздер түгелiмен дерлiк (тек жұғын сөзi ғана қалған) екiншi компонентте де қолданылған. Екiншi компокентте - қолданылғанда, олар морфологиялық құбылыстарға ұшырамағандарымен синтаксистiк функциялары жағынан өзгерiске ұшыраған. Бiрақ, қалай болған күнде де, бұл қайталаулар компоненттердi бiрiктiрушi дәнекер бола алады.
Мақалды салаластағы сөйлемдердi құрмаластырудың үшiншi бiр тәсiлi — компонент баяндауыштарынын бiрыңғай сөз табынан болып, өзара тұлғалас, жақтық, шақтық жақтарынан бiр-бiрiмен үндес, үйлес болатындықтары.
Мысалы: Еңбексiз iс бiтпейдi, ерiншектiн қолы жетпейдi.Іздеген табады, сұраған алады. Адал еңбек елге жеткiзер, арам құлық елден кеткiзер. Жалқаулық аздырады, еңбек оздырады. Адал еңбек аздырмас, арамдық бойды жаздырмас.
Мысалдағы компоненттер баяндауыштары арасындағы тәрiздес үндесулер компонент құрамындағы басқа мүшелер (сөздер) арасында да бола бередi. Жоғарыда келтiрiлген мысалдардың екiншi сөйлемiнiң бiрiншi компонентiндегi iздеген деген бастауыш екiншi компоненттегi сұраған деген бастауышпен үндесiп келсе, Елде болса, ерiнге тиедi, ауылда болса, ауызға тиедi, — дегенде, елде деген мен ауылда, ерiнге деген мен ауызға деген өзара тұлғалас келiп, компоненттердiң ырғақтық бiрлiгiн, байланысын кушейтiп тұр.
Мақалды құрмалас сөйлемдерде компоненттер бiрлiгi олардың бiр бастауышқа ортақтасып тұруы арқылы да байқалады.
Жүйесiн тауып, жұмыс қыл, жерiн тауып тыныс қыл. Қазарсың арықты,
көрерсің жарықты. Жiгiттiң жұмсаған күшiн сұрама, бiтiрген iсiн сұра.
Бұл тәсiл тек мақалды салалас сөйлемге ғана емес,құрмалас сөйлемнiң басқа түрлерiнде де кездесiп отырады. Бiрақ оларға қарағанда мұнда жиiрек.
Жоғарыда келтiрiлген дәнекер тәсiлдердiң қай-қайсысы болса да, салалас сөйлем құрамына енетiн компоненттердi жалғаулықтардың байланыстырғанындай, тығыз, берiк байланыстыра алмайды. Компоненттерiнiң байланыс шамасы жағынан алғанда, мақалды салаластарды жалғаулықты салалас сөйлемдер түгiл, басқа жанрларда кездесетiн жалғаулықсыз салалас сөйлемдердiң- өзiмен де қатарга қоюға болмайды. Өйткенi олардың компоненттерi де мақалдарда кездесетiн салалас сөйлем компоненттерiне қарағанда анағұрлым берiк, қабыса байланысып тұрады.
Мұны айқынырақ байқау үшiн екi мысал алайық: Игiлiк ақырын ғана тамағын кенеп қалып едi, ауыз үйдiң есiгiнен Батыраш басын көрсеттi. Өрлеген балық ауға жолығады, өр кеуде жiгiт дауға жолығады. Муның екеуi де жалғаулықсыз салалас сөйлемге жатады. Бiрақ солай болғанмен, прозаға тән салалас сөйлемнiң - Игiлiк ақырын ғана тамағын кенеп қалып едi,- деген бiрiншi компонентi мақалға тән салалас сөйлемнiң - Өрлеген балық ауға жолығады, деген бiрiншi компонентiне қарағанда едәуiр тиянақсыз. Алдыңғы сөйлемнен ойдың аяқталмағандығы айқын байқалып тұр. Ал мақалдың компонентi ондай емес, ол өз алдына жеке, дербес сөйлем сияқты тиянақты.
Бұдан шығатын қорытынды мақалда кездесетiн салалас құрмалас сөйлем компоненттерi бiр-бiрiмен берiк, мағыналық жақтан тығыз байланыста болмайды. Олар өзара нашар байланысады да, әркайсысы өз дербестiктерiн сақтап, қай жағынан болса да бiр-бiрiне тәуелсiз болып тұрады. Оның себебi,
бiздiң байқауымызша. салалас сөйлем компоненттерiнiң көпшiлiк жағдайда, бір-бiрiнен алшақ жатқан мағыналарды баяндайтындықтарында.
Мақал синтаксисiнiң өзiндiк тағы бiр ерекшелiгi — мұнда екi жай сөйлем ғана емес, сонымен бiрге, екi түрлi құрмалас сөйлем де бiр-бiрiмен құрмаласып келе бередi. Сәуір болса, күн күркiрер, кун күркiресе, көк дүркірер. Қаз келсе, жаз келер. Қарға келсе, қатқақ келер. Бір қарлығаш келгенмен, жаз болмайды, бiр сауысқан келгенмен, қыс болмайды. Жиен ел болар, малы болса, желке ас болар, майы болса. Беретiн кісi келгенде, бес қайнайды қазаным, бермейтін кісі келгенде, көп қайнайды қазаным.
Келтiрiлген мысалдағы әрбiр құрмалас сөйлем екi құрмалас сөйлемнен құралған. Осындағы бiрiншi құрмаласқа компонент болып тұрған – Сәуiр болса, күн күркiрер, — деген өз алдына бiр сабақтас сөйлем болса, күн күркiресе, көк дүркiрер, — деген екiншi компонент те өз алдына бiр сабақтас құрмалас сөйлем. Бұл екi сабақтас сөйлем өзара құрмаласып, күрделi бiр салалас сөйлем болып тұр. Сөйтiп, күрделi құрмалас сөйлемдердiң компоненттерi жай сөйлем болмайды, құрмалас сөйлем, негiзiнде, сабақтас құрмалас сөйлем болады.
Мақалдарда кездесетiн салалас құрмалас сөйлем компоненттерiнiң өзiне ғана тән ерекше баяндауыш формасы болмайды, жоғарыда талданып өткен жай сөйлемдерде баяндауыш қызмет атқаратын сөздер сондағы калыптарынан ешбiр өзгерместен салалас сөйлемде де қолданылады.
Мақалда кездесетiн құрмалас сөйлемнiң екiншi түрi — сабақтас құрмалас сөйлем. Сабақтас сөйлем сан жағынан салалас құрмалас сөйлемге қарағанда әлдеқайда аз және әдеби тiлiмiзде кездесетiн сабақтас сөйлемдердiң басым көпшiлiгi мұнда кездеспейдi. Мақалда кездесетiн сабақтас сөйлемнiң негiзгi түрi — шартты рай арқылы құрмаласатын сабақтастар. Компоненттерiнiң мағыналық қатынастары жағынан алғанда, бұлар, негiзiнде шартты бағыныңқылы сабақтас сөйлем болып келедi. Екi қарға таласса, бiр құзғынға жем түседi. Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды.
Қазыға тойсаң, қарта әлем сасиды. Асқа талау түссе, антұрғанның мұрадын бергенi. Бiр ауылдан бiр үй аш болса, бар үй аш болады. Сөз жүйесiн тапса, мал иесiн табар. Сөздi басы қатты болса, түбi тәттi болар. Желбезекке жебе дарыса, балық өрге жүзе алмас. т. б.
Шартты рай арқылы жасалатын сабақтас сөйлемдердiң әдеби шығармалар жанрларында кездесетiн басқа көптеген түрлерi мақалда кездеспейдi немесе өте сирек кездеседi. Олардың iшiнде сирек те болса кездесiп қалып отыратыны:
Өз басыңды дауға берсең де, жолдасыңды жауға берме. Атсыз үй болса да, ассыз үй болмайды, дегендер сияқты қарсы мәндi сабақтастар мен Заманың қалай болса, бөркіңдi солай ки. Адам қалай жүрсе, көлеңке солай жүреді, — дегендер тәрiздi салыстырма бағыныңқылы сабақтас сөйлемдер. Ал шартты рай арқылы жасалатын сабақтас сөйлемдердiң мезгiл бағыныңқылы түрi мақалда кездеспейдi деуге болады.
Мақалда шартты рай арқылы құрмаласатын сабақтас сөйлемге қарағанда өте аз болғанымен, есiмше арқылы жасалатын сабақтас сөйлемдер де кездеседi.
Әдеби тiлiмiзде есiмшенiң жай сөйлемдердi бiр-бiрiмен сабақтастыра құрмаластыруда формалық құбылыстары жағынан да, ол арқылы құрмаласқан жай сөйлемдердiң мағыналық қатынастары жағынан да алуан түрлi екендiгi белгiлi. Ал мақал синтаксисiнде ондай байлық жоқ. Мұндай жай сөйлемдi құрмаластырушы есiмше мынадай формаларда ғана кездеседi:
1.Бағыныңқылы компонент баяндауышы -ша, -ше жұрнақты өткен шақтық есiмшеден болады да, екi компоненттегi әрекет бiр-бiрiне қарама-қарсы қойыла салыстырылады. Мысалы: Ханның қасында болғанша, судың басында бол. Есiк алдынан жел келгенше, үй артынан жау келсiн. Жақсы ас қалғанша, жаман қарным жарылсын. Омыртқаны ұстап отырғанша, қабырғаны алып қағып тастай бер. Алпыс күн аспанға қарағанша, алты көш те, айдынға құла.
2. Бағыныңқылы компонент баяндауышы жатыс жалғаулы келер шақтық есiмшеден болады да, бағыныңкылы компонент басыңқымен мезгiлдiк қатынаста тұрады. Сабақтастың бұл түрi алдыңғыға қарағанда, өте сирек
кездеседi. Мысалы: Iсің оңға басарда, қарға салсаң, қаз алар. Іс қырсыққа шабарда, сұңқар салсақ, аз алар. Ешкіні тәңір атарда, қойшының таяғына душар болады.
Бiрдi-екiлi ғана сөйлем түрiнде есiмшенiң басқа кейбiр формасы арқылы құрмаласқан сөйлемдер де кездеседi, бiрақ ол сөз етуге тұрмайды.
Демек, мақал синтаксисiндегi құрмалас сөйлемнiң негiзгi түрi жалғаулықсыз салалас сөйлем мен шартты рай формасы арқылы құрмаласқан сабақтас сөйлем ғана деуге болады.
Мақал-мәтел мен фразеологиялық бiрлiктердi сырттай жақындастыратын белгiлер бар. Мақал-мәтелдiң фразеологиялық бiрлiктерге ұксастығы, ең алдымен, компоненттер тұрақтылығынан көрiнедi: мақал-мәтел компонентерiнiң де орнын ауыстыруға тiптi де болмайды. Жалпы тұрақты тiркестердi зерттеушi ғалымдар фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердiң осындай ұқсастықтарын ескере отырып, тұрақты тiркестер аясына енгiзедi. Акад. І.Кеңесбаев бұл концепцияны қостамайтындығын бiлдiредi. Бұған басты дәлел фразеологиялық бiрлiктер сөйлем аясында басқа сөзбен байланысқа түрлi грамматикалық тәсiлдер арқылы байланыса алу мүмкiндiгi болса мақал-мәтелдер белгiлi бiр «де» етiстiгi арқылы ғана байланыспаса, синтаксистiк жағынан болсын, морфологиялық жағынан болсын, сол баз баяғы бiр қылпында құбылмай, өзгерiссiз қолданылады. Айталык, есiм, етiстiк тұлғасiндағы: көп білсең де көптен артық бiлмейсiң; жаман туғаның болғанша, жақсы жолдасың болсын тәрiздес мақалдар айтылуындағы синтаксистiк, стилистикалық түс-таңбасына байланысты тiлде ешбiр өзгерiссiз, штамп түрiнде қолданылады. Тура мағынадағы фразеологиялық бiрлiктер бұл ережеден ауытқып кетедi. Мәселен, есiм мен етiстiктен жасалған фразеологиялық бiрлiктердегi жеке сөздердi түрлендiруге әбден болады.
Мұндай тiркестегi сөздер мәтiннiң әуенiмен морфологиялық өзгерiстерге ұшырайды. Демек, оларға әр алуан қосымшалар жалғап, құбылта беруге болады. Мысалы, беті қайтып қалды, жүрек жалғап алды деген фразеолоялық бiрлiктерге түрлi тәуелдiк, жiктiк жалғауларын жалғап, тұлғаларын өзгерте айтуға болады (бетiм қайтып қалды, жүрегiн жалғап алды т.б.).
Қорыта айтқанда, мақал-мәтелдердiң өзiндiк синтаксисi қай сөйлемдiк, құрмалас сөйлемдiк құрылымдық ерекшелiктерi әдеттегi жай сейлем мен құрмалас сөйлем синтаксисiмен салыстырыла берiлдi.
Қазак тiл бiлiмiнде сөйлем мүшелерiнiң iшiнде пысықтауыш төңiрегiнде айтыс пiкiрлер өте көп болды. 1940 жылдарға дейiнгi сөйлем мүшесi туралы еңбектерде пысықтауышты жеке сөйлем мүшесi ретiнде қарамай, анықтауыш аясы осы пысықтауыш арқылы кеңейтiледi. Мұндай көзқарас қазақ тiл бiлiмiнде ғана емес, монғол тiлi еңбектерiнде де кездесiп отырады. Мәселен, Бертагаев Т.А. сөйлем мүшелерi туралы айта келiп: «Обстоятельство и дополнения с нашей точки зрения не члены предложения, а его подчлены, как изменяемые и неизменяемые определения» деп тұжырымдайды. Сонымен бiрге, кейiн пысықтауыш жеке сөйлем мүшесi ретiнде танылғанымен, оның жасалуы тек үстеумен шектеледi, септiк жалғаулы сөздер толықтауыш аясында қала бередi.
С. Аманжолов «. . .форма жағынан жанама толықтауыштың тура сұрауына жауап бермейтiндiктен, жанама толықтауыш бола алмайды, бұрма сұрауға жауап берiп, пысықтауыш болады» деген пiкiрлермен пысықтауыш септiк жалғаулы есiм сөздерiнен жасалатынын көрсетедi (5,26-29). Қазақ тiл бiлiмiнде жанама толықтауыш пен пысықтауыштың арасына ара жiк 1959 жылы қойылды.
Пысықтауыш негiзiнен үстеуден жасалады. Ұйғыр тiлiнде үстеулердiң тұрақты тiркестерден жасалуы сөз болады. Сонымен бiрге, пысықтауыш септiк жалғаулы зат есiмдер, сын есiм, сан есiм, есiмдiк, есiмше / шылау/, сондай-ақ көсемше, елiктеуiштер арқылы және негiзгi сөз бен көмекшi сөздiң тiркесуiнен жасалады. Бұл жөнiнде пысықтауыш жөнiндегi зерттеу еңбектерiнде егжей-тегжейлi айтылған.
Пысықтауыштар негiзгi сөз таптарының бәрiнен жасалады, сондай-ақ тұрақты тiркестерден де, мақал-мәтелдерден де пысықтауыш жасалады. Одан тұрақты тiркестердiң, мақал-мәтелдердiң сөйлем аясын кеңейтуде ерекше қызмет атқаратыны көрiнедi. Тұрақты тiркестердi есiмдi, етiстiктi және сөйлем құрылымды деп топтасақ, осы топтың барлық түрiнiң пысықтауыш қызметiнде жұмсалатынын тiлдiк ерекшелiктерiмiз дәлелдейдi.
Қабыса байланысқан пысықтауыштар. Тұрақты тiркес пысықтауыштың бұл түрi етiстiктi тұрақты тiркестiң көсемше тұлғасы мен тұрақты тiркестiң соңғы сыңары —тай//-тей, -сыз//-сіз, -ша//-ше жұрнақты үстеулер арқылы жасалынады.
Пысықтауыштың мақал-мәтелдерден ең мол жасалуы — көсемше тұлғасы арқылы. Оның өзi екi түрлi жағдайда болады: Бiрiншiден, мақал-мәтелдердiң соңғы сыңары негiзгi етiстiктiң көсемше тұлғада келiп, баяндауышпен қабыса байланысуы: Мысалы: Сұлтанғали естiсе, қара аспанды суға алдырып өлсе жiбермейдi /Д. Досжанов/. Шекер «Сырдың суын жұлығынан келтiрмей» жүрсе де, ендi ойланбасқа болмады (Ж.А.). «Заман түлкі болғанда, тазы болмай» Биiк қырдан алдағы аса алмаспыз! (М.Жұмабаев).— көрсетiлген сөйлемдердегi мақал-мәтелдер көсемше тұлғасында тiкелей соңғы сыңарының қабылдауы арқылы пысықтауыш қызметiнде жұмсалып, әрқайсысы баяндауыштарымен қабыса байланысқан. Екiншiден, мақал-мәтелдерге, тұрақты тiркестерге көмекшi де етiстiгiнiң көсемше тұлғасында келiп барып тiркесуi арқылы пысықтауыш болады: Түймедейдi түйедей етiп көрсету деп, тырнақ астынан кір iздеу деп осыны айтуға болады /Д.Досжанов/. Алтынның қолда барда қадірi жоқ деп мән бермей жүрген екенмiн /Қ. Аманов./ Қорықпа, соқса дауыл, ескегiңдi ес, Деп жатпа: «Алма пiс те, аузыма түс!» (М.Жұмабаев). «Елiн бақпай тақ баққан, бар жұмысы тек жатқан» деп Аббас ханның өзiн де улы бояумен суреттейді (Ә.Тәжібаев) «Сулы жер – нулы жер» деп бұрыңғылар тегін айтқан ба? (Қ. Жұмад.).
Деп көмекшi етiстiгi кейде мақал-мәтелдердi сабақтас құрмалас сөйлемдердiң бағыныңқы сыңарында жұмсалып, басыңқы сыңармен көбiне амалдық қатынаста болады: «Жалғыз ақыл жақсы, бiрақ екеу болса, бекем болар» деген!- деп, Абай бiраз тоқтап қалды. Келтiрген мысалы орыс халқының мақалы едi (М.Әуезов). Жақсы сөз, жарым ырыс деп, жақсылар алдында жақсы сөз айтады десем, неғылғаның тәңiр алғыр! (М.Әуезов).
Меңгерiле байланысқан пысықтауыштар. Тiлдiң даму барысы пысықтауыш мүшенiң аясын кеңейтті. Ең алдымен, тек қана үстеу арқылы ғана жасалса, кейiн есiм сөздердiң септiк жалғаулары арқылы пысықтауыш ауқымы молая түстi. Осы есiм пысықтауыштардың элементтерi — тарихи құбылыс екенiн Т. Сайрамбаев мына пiкiрi арқылы дәлелдейдi: ... Барлай келгенде есiмдердiң пысықтауыш қызметiнде жұмсалуы тек қазiргi кездiң ғана жемiсi емес, оның кейбiр элементтерi ертеректе де барлығы байқалады. Солай дегенмен де, Орхон-Енисей жазу ескерткiштерiнде есiмдi пысықтауыштар жоктың қасы. Сонымен бiрге, орта ғасыр жазба ескерткiштерiнде де есiмдi пысықтауыш бар екенi А. Абдурахмановтың қөзқарасы арқылы көрсетедi: В функций обстоятельства выступают наречия, деепричастия и все именные части речи... Разряд обстоятельство пополняется главньм образом за счет форм пространственных и инструментального падежей имен, управляемых послелегами. Этот процесс связан с абстрагированием конкретного значения имени, а так же зависит от изменения грамматической функции падежной формы и послелога .
Қорыта айтқанда, мақал-мәтелдердiң меңгерiле байланысқан пысықтауыш тiптi кездеспейдi десе де болады.
Достарыңызбен бөлісу: |