72. Сталиндік қуғын-сүргін, оның ауқымы және ауыр зардаптары
1990 жылдың 13 тамызы күні Совет Одағының тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачев Сталиндік қуғын-сүргін құрбандары болған миллиондаған адамдарды ақтау туралы жарлық берді. Сталиндік репрессия зобалаңы 1937-38 жылдары өзінің шырқау шыңына жеткен болатын, бұл кезеңді бүгінде ұлы зұлмат-зобалаң жылдары деп атайды. «Азаттық» радиосы осы террор кезеңіне арналған бірнеше бөліктен тұратын сериялы хабарларында Сталиндік репрессия саясатының құрбандарына айналған отбасылардың тағдырлары жайында сөз етеді.
Сталиндік режим әр ұлттың оқыған, көзі ашық азаматтарына қырғидай тиді. 1992 жылы археологтар Қырғызстанның астанасы Бішкекке жақын жерде құрбандар жаппай жерленген бейітті тапты. Онда құпия жағдайда атып өлтіріліп, жасырын жерленген 138 адамның көмілген екен, олардың бәрі де сол кезде жоғары дәрежелі қызметтер атқарған, ұлттың зиялы өкілдері болған.
Сталиндік репрессия кезеңінде шешендер Орта Азияға жер аударылып, аман қалды десе болады. Этникалық шешендер 1944 жылы күштеп көшірілсе, корейлер 1937 жылы қоныстарынан көтеріле көшуге мәжбүр болған еді. Советтік Қиыр шығыста күн кешкен 170 мың корей 1937 жылы-ақ жер аударылған, ал олардың басшылары ұсталып, атылып кеткен. Оларға тағылған негізгі айып - "жапон шпионы" деген атақ болатын. Қырғызстандық заңгер Роман Шиннің ата-анасы осы депортация жасалған корейлердің қатарында болған.
Бұрынғы Совет одағының құрамында болған елдер өз құпия мұрағаттарын ашып жатқандықтан құрбандарды ақтау процесі баяу болса да жүруде. Ал миллиондаған адамның тағдырына өзінің жарасын салған сталиндік зұлмат жылдары олардың естерінен ешқашан шықпайды.
73. Саяси сенімсіздік пен халықтарды Қазақстанға күштеп депортациялау
Кеңес Одағын мекендеген халықтардың қай-қайсысы болсын сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргіннен аман қалған жоқ. Кеңес үкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес, комсомол қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халық сенімсіз де сатқын ұлт қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды.
1920-1950 жылдары тұрғындарды күштеп көшіру сталиндік қуғын-сүргіннің негізгі құрамдас бір бөлігіне айналды. Жалпы КСРО-да депортацияға ұшырағандардың саны 1920 жылдан 1949 жылға дейін 3,2 миллион адамға жетті.
КСРО-да күштеп қоныс аударту төмендегідей белгілер бойынша жүзеге асырылды:
* этностық белгілері бойынша депортация («жазаланган халықтар», «шегараларды тазалау»,«сенімсіз халықтар»);
* әлеуметтік-таптық белгілері бойынша депортация (1934 жылға дейінгі кулақтарды жер аудару) кезінде келгендер, арнайы көшірілгендер (спецпереселенцы);
* саяси мүдде негізіндегі 1934-1944 жылдары көшірілгендерді «еңбек қоныстарындағылар» деп атады. 1944 жылдан бастап «арнайы қоныс аударылғандар» деген атау қолданылды.
Жоғарыда аталған күштеп жүргізілген депортациялардың ішінде мерзімі жағынан большевиктік әлеуметтік-таптық геноцид бірінші болып жүзеге асырылды. Кубань казактары, зиялылар, діни адамдар алғашқы большевиктік тәжірибенің құрбанына айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |