Жалайыр— қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша, Ұлы жүз құрамындағы Үйсін тайпасына кіреді.Жалайырдың шын аты Қабылан екен. Аңыз бойынша, жабайы құланның жалын айырып, содан жалайыр атанған. Жалайыр сырманақ, шуманақ, бірманақ болып үшке бөлінеді. Шуманақтан — андас, мырза, қарашапан, орақты, ақбұйым, қалпе, сыпатай аталары тарайды. Сырманақтан: арықтыным-байшегір, балғалы, қайшылы, күшік тарайды. Бірманақтан тек сиыршы (байбөген) тарайды. Кейбір шежірелерде бірманақтың аты аталмай, сиыршыны сырманаққа жатқызады. Осыдан келіп он екі ата жалайыр атанған. Сырманақ, шуманақ атаулары Сыр мен Шу өзендерінің бойын жайлағандықтан шыққан делінеді. Ал бірманақ жеке-дара, жалғыз дегенді білдіреді. Кейбір шежірелерде жалайырдан шыққан, бір атадан тараған арықтыным-байшегірді екі атаға бөліп, он үш ата жалайыр деп аталады. Аңыз бойынша, қазіргі Қызылорда облысындағы Шиелі ауылына таяу жердегі Оқшы ата (Мерген ата) қорымы жалайырға кіретін орақтының арғы атасы Орақ батырдың лақап аты екен. Кейінгі ұрпақтары оны әулие санап, атын тура атамаған көрінеді.11 ғасырда бұл топ Цзубу одағының құрамында Хэрлэннің төменгі сағасында қидан, шүршіттермен қанаттас тұрды. 9 ғасырдан бастап жалайырлар он рулы “жат жалайыр” тайпасы атанып кетті. Олар: жат, тоқырауын, кунк сауыт, құмсауыт, урьяат (Рашид әд-Дин “ұят” деп көрсеткен), нилқан, құрқын, және шаңқұт деп аталады. Қадырғали Жалайыридің пайымдауынша, жалайырлар “Келуран (Хэрлэн) деген жерді мекендеді. Жетпіс күрен құрылды, әрбір күренде мың үйлік тайпа бар еді” дейді. (Д.Оссон, А. Березин). 1190 жылы Тэмужин (Шыңғыс хан) мен Жамуха арасында болған “он үш күрен шайқасында” жалайырлар Тэмужиннің бесінші күрені болып аттанады. Сөйтіп олар әрдайым Шыңғыс ханмен бірге болды. Шыңғыс ханның әскери құрамында жалайырлар елеулі орын алды. Олардың арасынан әйгілі қолбасшы Төлегет бай Гун гуа ұлы Мұқылай шыққан. 1206 жылы Шыңғыс хан өз мемлекетінің шаңырағын көтеріп, елін 95 мыңдыққа бөлгенде Мұқылай бірінші мыңдықты басқарды. Оның аты еліне еңбегі сіңген 88 қайраткердің ішінен үшінші болып аталған. Шыңғыс хан мемлекетінің тоғыз қолбасшысы (өрлөг), ішкі тоғыз төресінің төбе төресі де осы Мұқылай болды. Ол әуелі уаң (тайпа, өлке билеушісі), одан кейін го ван (ұлыс билеушісі), соңынан хуй ун чинсан тәйші лауазымына ие болды. Шыңғыс хан империясы тарихында “го ван” лауазымына ие болған жалғыз адам Мұқылай еді. Ол өз өмірінде Шыңғыс ханның әскери, дипломатиялық тапсырмасын орындады, шығыс жорығының бас қолбасшысы болды. 1220 — 22 жылдары Мұқылай қолы Цзин әулеті мемлекетінің билігіндегі Хэбэй, Хэдун (қазіргі Шан Си), Шандун өлкесін бірінен соң бірін басып алды. Мұқылай осылай ат жалында қол бастап жүріп Шаньси өлкесінің Вэн Си Сян елді мекенінде 1223 жылы наурыз айында 53 жасында ауыр науқастан дүние салды. Хорезм жорығында жүріп бұл хабарды аса қайғыра қарсы алған Шыңғыс хан оның тұңғыш ұлы Бораға го ван лауазымын беріп, әке орнын бастыруға шығысқа аттандырады. Мұқылайдың ұрпақтары Юань әулетінің ақырғы кезеңіне дейін Шыңғыс хан әулетіне елеулі еңбек етті. Жалпы Шыңғыс хан әскері құрамында жалайыр тектілер елеулі рөл атқарды. Үгідей жасағындағы жалайыр Илугай үш мыңдықтың басшысы болды. Ал Мұқылайдың ағасы Тайсун, інісі Бұқа (әйгілі дарабоз Бұқа) және Ерохан (Ань Ши Сорахан деп жазған), Сартақ ноян, Бала ноян, оның ағасы Архай хоса және Тай Иесур, Мұқа Кәржулар әрқайсысы 95 мыңдықтың бір-бір мыңдығын басқарды. Аталған сегізге Мұқылай мен оның ұлын қоссаңыз Шыңғыс хан әскері құрылымының тоғыздан бір бөлігін жалайыр тектілер басқарды деген сөз. Жалайырдан шыққан Мунхасар ноян Мөңке қағанның тұсында империяның бас жарғышысы (немесе әділет министрі) болды. Мөңке қаған тұсында жалайырлар бұрынғы Төленің иелігіндегі ортүстік және шығыс әскерлері құрамында болды, ерлері батыс және шығыс жорығына аттанды. 13 ғасырдың соңында бұрынғы түркі тектес тайпалардың ең соңғы легінің батысқа қоныс аударуының жаңа процесі басталды. А.И. Левшиннің пайымдауынша, жалайырлар 13—14 ғасырлар тоғысында әуелі Сыр өңірі, одан Қаратау бойына қоныс аударып, сонда бес ғасыр бойы көз жазып қалған сырманақ, шуманақ тобымен қайта табысады. М.Тынышбаевтың пайымдауы бойынша, Шыңғыс ханнан соң жалайырлар төрт топқа бөлінеді. Бірінші бөлігі Моңғолия, Қытайда қалды. Екінші бөлігі Жошы ұрпақтарының билігіндегі Шу бойынан төменірек мекен еткен шуманақ тобы, үшіншісі — Шыршық және Ангран қойнауындағы жалайыр ордасы немесе сырманақ аталатын топ. Төртінші бөлімі Хулагу ханмен бірге парсы еліне аттанған топ. Сонымен, бүгінгі жалайырлар Қазақстанның алып өлкесіне шашырай қоныстанған қазақтың белгілі тайпаларының бірі. Қазақ халқының құрамындағы жалайыр тайпасынан Сүбедей, Мұқылай, Қадырғали Жалайыри, Балпық би, Ескелді би, т.б. белгілі адамдар шыққан.