124. Ұлттық Құрылтайды құру және оның мақсат, міндеті.
Құрылтай — түркі-моңғол ақсүйектерінің ресми кеңесі. Түркілерде, кейін Шыңғыс хан империясында Құрылтай үлкен рөл атқарған. Онда, негізінен, ұлы хан сайлау, жауланған жерлерге иелік ету және әскери жорық бағытын белгілеу мен оған әскербасы тағайындау мәселелері шешілді. өлыстарда да жыл сайын Шыңғыс хан әулеті мен әскери-көшпелі ақсүйектердің Құрылтайы шақырылды. 1259 ж. Мөңке ханның өлімінен кейін жалпы моңғолдық, яғни ұлы Құрылтай шақырылмайтын болды. 15 — 18 ғасырларда түркі мемлекеттерінде, соның ішінде қазақ хандығында аса маңызды мәселелерді шешу үшін Құрылтай шақырылған (қ. Қарақұмдағы халық құрылтайы, Ордабасы құрылтайы). 1920 ж. Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан секілді Орталық Азия елдерінде мемлекеті биліктің жоғары органы Құрылтай болды. Қазіргі Моңғолияның заң шығарушы органы — ұлы халық хуралы. Моңғол және түркі елдерінде бұл жиналыс, кеңес деген мағынаны білдіреді;Құрылтай — партиялардың, қозғалыстардың, т.б. өзге де қоғамдық бірлестіктердің аса маңызды мәселелерге байланысты бастапқы басқосу жиылысы.Құрылтайдың алғашқы отырысы өтетін күннен бір күн бұрын Ұлттық құрылтайды құру туралы Мемлекет басшысының Жарлығы шықты. Жарлықта Ұлттық құрылтайдың ережесі мен құрамы, негізгі міндеттері, сонымен қатар жұмыс тәртібі бекітілді. Жарлыққа сәйкес, Ұлттық құрылтай Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган деп бекітілді.
Жаңадан құрылатын Ұлттық құрылтайдың бағыты мен ерекшелігі қандай болмақ? Оны құрудың қандай маңызы бар?
Құрылтайдың Төрағасы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Төрағаның орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай, ал хатшы қызметіне Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева бекітілді. Одан бөлек, құрылтайға мүше 113 адамның тізімі жарияланды. Олардың біразы – Қоғамдық сенім кеңесіне мүше болғандар. Құжатқа сәйкес, Төраға Ұлттық құрылтайдың қызметін басқарады, құрылтайдың отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды, Төрағаның орынбасарларына, Ұлттық құрылтайдың мүшелеріне және хатшысына тапсырма береді. Төраға орынбасары Мемлекеттік кеңесші құрылтай отырыстарының күн тәртібін бекітеді және Төрағаның тапсырмаларын орындайды.
Хатшы белгілі бір мәселеге байланысты белгіленген тәртіппен сарапшылар, ғалымдар мен мамандардың басын қосады, Ұлттық құрылтай отырыстарын ұйымдастырып, өткізеді, оған қоса Төрағаның және Төраға орынбасарларының тапсырмалары бойынша басқа да жұмыстарды атқарады.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор, бизнес-қауымдастықтар, сарапшылар қоғамдастығы және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қоғамдық кеңестері өкілдерінен жасақталған құрылтайдың құрамы кезең-кезеңмен, ротация жүргізу тәртібімен жаңартылып тұратыны да айтылған. Ұлттық құрылтай мүшелері жұмыс жоспары, отырыстардың күн тәртібі мен талқылауға ұсыныс айта алады, материалдарды дайындауға қатысуға, құрылтайдың отырысында қаралатын мәселелерді қоғаммен талқылайды және түсіндіреді. Құрылтай мүшелері өз құзыретін басқа азаматтарға бере алмайды.
Құжатта құрылтайдың негізгі 3 міндеті айқындалған: қоғам бірлігін дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды нығайтуға байланысты ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу; жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету; заңнамаға қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру.
Құрылтайдың өту тәртібі бойынша оның отырыстары қажеттігіне қарай, жылына кемінде бір рет өткізілуге тиіс. Егер Ұлттық құрылтайдың отырысына оның мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, оның құқықтық күші бар деп саналады. Сонымен қатар отырыстарға Төрағаның шешімі бойынша құрылтайға мүше емес лауазымды тұлғалар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін екені жазылған.
Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстар мен бастамалар айтылған күйі қалмайды, сол мәселенің бағытына байланысты мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктерге жолданады. Жауапты органдар оларды қарап, шара қабылдап, жұмыс нәтижесі туралы мәліметті құрылтай мүшелеріне белгіленген тәртіппен жолдайды. Құрылтайдың жұмысы, онда айтылған, қаралған, талқыланған мәселелер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырады.
Әу баста айтып өткеніміздей, құрылтайдың алғашқы жиыны жаңадан құрылған үш облыстың бірі – Ұлытауда өтеді. Ұлытау қазақтың ерте кездегі саяси орталығы ретінде маңызды болғаны тарихтан, тарихшылардың нақты зерттеу еңбектерінен белгілі.
Ұлттық құрылтай жалпыхалықтық диалог платформасына айналуға тиіс екені, осылайша тарихымыздағы дала демократиясы дәстүрі, Ұлытау, Ордабасы мен Күлтөбедегі келелі кеңестер жаңғыратынын Мемлекет басшысы осы құрылтайды құру туралы алғаш бастама көтергенде айтып өткен болатын.
– Біз бірліктің бастауы болған дала демократиясының бастауын жалғастыруымыз керек. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институтционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестің бәрін өз айналасына топтастырады. Ұлттық құрылтайдың құрамында барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ оған Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Азаматтық альянс, қоғамдық кеңес пен ұйымдардың мүшелері, белгілі мемлекет қайраткерлері және тағы басқалар кіреді, – деген еді Мемлекет басшысы.
Бүгін өтетін құрылтайдың негізгі бағыты мен бағыт-бағдары туралы ұлттық құрылтай мүшелерінен сұрап көрдік. Олардың айтуынша, құрылтайдың негізгі мақсаты – қоғамды жұдырықтай жұмылдыру, бірлік пен ынтымақты нығайтып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару, тек сонда ғана ел жаңарып, өшкеніміз жаңғырады, болашағымыз айқындалады.
Ерлан САЙЫРОВ,
Мәжіліс депутаты,
Ұлттық құрылтай мүшесі:
Ұлттық құрылтайдың ең негізгі міндеті – елдің бірлігін, ынтымағын нығайту
– Ұлттық құрылтайдың ең негізгі мінде-ті – қазіргі өте күрделі, шиеленісіп тұрған геосаяси жағдайда біздің елдің бірлігін, ынтымағын нығайту, ұлттық консолидация тетіктерін әзірлеу. Яғни, ең негізгі мақсат – мемлекетіміздің моральдық, рухани, саяси дамуы үшін қандай алғышарттар керек екенін анықтау. Болашақ ұрпаққа мығым, мызғымас мемлекетті аманаттап тапсыру үшін еліміздің тұғырнамасы қандай болуы керек екенін анықтауға тырысу. Дүниежүзінде құндылықтар қақтығысы болып жатыр. Ұлттық құрылтай сыртқы оқиғалардың еліміздегі ахуалға әсерін азайтып, әртүрлі саяси көзқарастағы жандардың басын қосуды көздеуі керек. Біздің ұстанымымыз, кейбір мәселеге қатысты пікіріміз басқаша болғанымен, ортақ құндылығымыз – Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап қалуда бірігуіміз керек. Ең алдымен әлеуметтік әділетсіздік, экономикадағы монополия секілді өзекті мәселелерді шешіп алмай, қоғамды тұтастай біріктіру мүмкін емес.
Светқали НҰРЖАН,
ақын,
Ұлттық құрылтай
мүшесі:
Түп қазығымызға оралып, болашақты бағдарлайтын келелі жиын өтетініне сенемін
– Ұлттық құрылтайдан үмітім үлкен. Ең алдымен айта кететін нәрсе – бұл бастаманың ым-ишара, ырымының өзі ерекше. Жиынның баяғы бабаларымыздың ізін жалғастырып, Ұлытау жерінде Жошы ханның басында өткізілгелі отырғанының өзі мемлекетіміздің шынымен де өз түп қазығына оралып, сол арқылы болашаққа бағытын бағдарлайтын үлкен, келелі жиын болады деген сенімнің ұшқынын ұялатады.
Қазақ даласында талай-талай құрылтай өткені белгілі. Әбілқайыр ханды бас сардар сайлаған 1710 жылғы Қарақұм құрылтайы бар, Мәртөбеде өткен, Күлтөбеде, Ордабасында, Ұлытауда өткен жиынның барлығы біздің тұғырлы кезеңдерімізде де, сындарлы кезеңдерімізде де, қиын-қыстау кездерімізде де күш алып, рух алып отыратын қасиетті ордаларымыз болған ғой. Ал бұл құрылтайда еліміздің мемлекеттігін баянды ететін, ұлтымызды тұғырлы ететін, елге рухани серпін беретін мәселелер қамтылады деп есептеймін, соған үміт ететмін.
Достарыңызбен бөлісу: |