64.Қазақтардың Қытайға (Құлжа аймағы, Қашқария), Ауғанстанға үдере көшуінің бірінші толқыны. Шетелдердегі қазақ ирредентасы мен диаспорасының пайда болуы. ХVІІ—ХVІІІ ғасырлардағы қазақ-жоңғар қақтығыстары кезеңіндегі Қазақ мемлекетінің шекарасын анықтау ең бірінші қажеттілікке айналып отыр. Көпжылдық соғыс кезінде жоңғар жеріне шектес жатқан Жетісу аймағындағы жайылымдар үшін күрес қызу жүрді. Әсіресе “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” деп аталған қайғылы жылдары қазақ халқы азып-тозып, бет-бетіне шашырап кетті. 1723—1725 жылдары, демограф М.Тәтімовтың есебінше, қазақ халқының шығыны 1 млн 100 мың адам болған. Қазақтар атамекенінен ауа көшіп, Ұлы және Орта жүздің бірсыпыра рулары Орта Азия мен Ресейге бағыт алды. Бұл кеткен қазақтардың көпшілігі отанына қайтып оралған жоқ, өйткені 1758 жылға дейін Жетісудың бір бөлігі, Орта Азияның солтүстік аудандары, Түркістан және Ташкент қалалары Жоңғарияның қол астында қала берді. Жоңғар хандығын Цинь империясы жойып жібергеннен кейін қазақ жерлері де Қытай қарамағына өтіп кетті. Қазақтар дипломатиялық жолмен Тарбағатай төңірегіндегі жайылымдық жерді қайтарып алуға тырысты. 1763 ж. 5 қыркүйекте Қытай императоры Цяньлун Шыңжаң билеушілеріне арнаған арнаулы жарлығында қазақтар мен қырғыздардың Шу, Талас өзендері аймағында және Іле өзенінен батысқа қарайғы, Аягөздің оңтүстік жағындағы жерлерде көшіп-қонуына тыйым салады. Тыйымға қарамастан, қазақтар Тарбағатай мен Жетісуға көшуін тоқтатпайды. Сөйтіп, бұл аумақтар екі жақтың арасында дау туғызады. Бұл кезеңде Ресейдің Орталық Азияға ықпалы артып, Цинь империясының беделі бәсеңдей түседі. 1864 ж. 25 қыркүйекте орыс-қытай шекарасын межелеу туралы Шәуешек хаттамасына қол қойылады. Бұл келісім бойынша Қытайдың Ресеймен батыс өлкесі шекарасы анықталды. Шекара сызығын жүргізу кезінде Тарбағатайдағы қазақтардың жайылымы Цинь империясына ауысып, жергілікті қазақ рулары Қытайдың бодандарына айналады. Ливади (1879 ж. 20 қыркүйек) және Петербург (1881 ж. ақпан) келісім-шарттары бойынша Іле өлкесі Қытайдың заңды жері болып бекітілді. Орта жүз бен Ұлы жүздің көп бөлігі, көбінесе найман, албан және керей рулары Батыс Қытайдың қол астында қалып қойды. Сөйтіп, халықтың негізгі бөлігінен бөлініп қалған қазақ шоғырлары алғаш рет қазақ-қытай шекара сызығын белгілегенде пайда болды.Қазақтардың шетелге кетуін бірнеше кезеңге бөліп көрсетуге болады.Бірінші кезең — ХІХ ғасырда Қазақстан аумағын Ресей империясы мен циндік Қытай мемлекеттерінің бөліске салуы нәтижесінде Алтай өңірі мен Жетісу қазақтары Монғолия мен Шығыс Түркістанда қалып қойды. 1883 жылы Шығыс Түркістан қазақтарына бір жылдың ішінде екі мемлекеттің біреуін таңдау міндеті қойылды. 1884 ж. Маньчжур-Цин империясы Жоңғария жерлеріне Шыңжаң (Жаңа өлке) деген атау беріп, өзінің қол астына ресми түрде қосып алды. Алайда шекаралық аудандағы қазақтар шекараны ары-бері кесіп өтіп көшуді көпке дейін жалғастыра берді. Осылайша Қазақстанмен шектесетін шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде ирридент қазақтар алғаш рет пайда болды. Бұл қазақтардың әр түрлі мемлекеттердің құрамына бөлшектенуі ұлттың біртұтастығына зиянын тигізіп, ұлттың бір-бірінен ажырап, бір бөлігінің оқшаулануына әкелді. Дегенмен, Қытайдың қол астындағы қазақтардың Ресейдің құрамындағы қалың қазақ еліне қосылуға деген табиғи ұмтылыстары сақталып қалды. Кейін оларға Ресейдің отаршылдық езгісінен қашқан қазақтар қосылды.Ал қазақтардың бір тобы жаңа жер іздеп Ертіс бойымен ХІХ ғ. басында Алтай аймағына көшіп барады. Алтай тауының Өр және Теріскей бөлігі Шыңжаң әкімшілігіне қарады. 1912 ж. құрылған Монғолия мемлекетінің құрамына Қобда қазақтары да енді.Екінші кезең — 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басып-жанышталғаннан кейінгі қазақтардың жаппай ауа көшуі.Ресей әскері Шыңжаңға өтпекші болған қазақтарды зеңбірекпен атқылайды. Қазақтардың біразы қырылып, қалғаны Қытай шекарасына қарай қашады. 1916 ж. Қазақстаннан Қытайдағы Шығыс Түркістанның Іле, Шәуешек, Алтай аймақтарына кеткен босқын қазақтар мәселесін Шыңжаң үкіметі бейбіт түрде шешуге тырысып бақты. Шекараны бұзып барған қазақтарды бейбіт, мәмілегерлік тәсілдермен кейін қайтарып жіберуге бар күшін салды. Себебі, Тарбағатайдағы шағын қытай әскерінің саны көп босқындарды тоқтатуға әлі келмеді. Сонымен бірге, босқындармен немесе орыс әскерлерімен қақтығыс Шыңжаң өлкесінде де дүрбелең туғызуы мүмкін еді. Қытайға қарай толассыз ағылған босқындар легін тоқтатуды талап етіп Іле өлкесінің бас бақылаушысы Ресей елшісіне наразылық нотасын да тапсырады. Қытай үкіметі босқын халықты өз еліне қайтару мақсатында әскер шығарады. Қытайдағы “босқын қазақтар” мәселесі Қытай үкіметін де біраз әуре-сарсаңға салды. Шыңжаңда оған дейін де 500 мыңдай тұрғылықты қазақтар болды. 1916 ж. Орта Азия мен Қазақстаннан барған қазақтар Іле, Тарбағатай, Алтай, Ақсу, Қашқар аймақтарына қоныстанды. Әсіресе ауа көшу Жетісуды көбірек қамтыды. Ашыққан, күйзелген адамдар тобы Қытаймен шекараға жақын өңірлерге ығысты. Үрімжі, Құлжа, Ақсудағы босқындар лажсыздықтан өз балаларын сатып, тиын-тебен үшін бай қытайларға жалданды. 1917 жылы Іле бойына келгендердің көп бөлігі — 200 мыңдай адам Қазақстанға қайтарылды. Алайда алғашқы қайтқан қазақтарды Қаракөл деген жерде орыс әскерлері оқтың астына алып, 700 адам қаза табады. Бұл қырғынды естіген қалған бөлігі Қытайдан кетуден бас тартады. Олар осындағы байырғы қазақтармен араласып кетті.Қазақ ирредентасының одан әрі кең етек алуына Ресей отаршылдығы да тікелей ықпал етті.Өзбекстандағы қазақтар патшалық Ресейдің Орта Азия мен Қазақстан жерін саяси-әкімшілік жағынан бөлуі барысында пайда болды. Бұл әкімшілік бөлініс халықтардың ұлттық мүддесі және этностық орналасу тәртібімен санаспай жүргізілді. 1867 жылы бұрынғы Қоқан хандығы иеліктері жерлерінде Түркістан генерал-губернаторлығына енген Сырдария облысы Ташкент уезінің 28 болысының 17 болысында қазақтар тұрған. Ташкент уезінің Шыршық, Қарасу (Тайтөбе) аудандарында қазақтар басым болды. Мәселен Қарасу, Келес өңірінде халықтар түгелдей қазақтардан тұрды. Ал Ангрен тобының Осман болыстығында қазақтар жергілікті халықтың көпшілігін құрады. Жалпы, Ангрен өңірінде көбінесе құрама халықтар мекендеген. Олар әр түрлі ұлттардың қосындысынан туған халықтың бір тобы. Олардың ішінде өзбектеніп кеткен тәжіктер, қалмақтармен бірге қазақтар да болды. Шындығында олардың тұрмыс-салты, тілі, түр-тұлғасы қазақтарға ұқсас. Құрамалардың ішінде Алшыннан тарайтын Тама, Кердері, Жағалбайлы, Керейт, Төлеу, Арғынның Қанжығалы, Үйсін, Жалайыр рулары кездеседі. Сонымен, ХХ ғасырдың басында Ташкент уезінің 64,1% халқын қазақтар мен құрамалар құрады.Ташкент уезінде Ресей мемлекеті жаулап алғанға дейін 145 мың қазақтар, 77301 құрамалар, 34,6 мың өзбектер болса, 1897 ж. санақ бойынша қазақтар — 163 мың, өзбектер саны уезде 11 мыңға жуық болды.Алайда, Ресей өкіметінің қазақтардың жерін тартып алып, орыс шаруаларын қоныстандыруынан Сырдария облысы Ташкент уезінің қазақтарының көші-қон аумағы қысқарады. Олар көбінесе отырықшы елді мекендерге баруына тура келді. Өзбекстанның қазіргі Ташкент облысы аумағындағы қазақтар саны кеми бастады. Олардың бір бөлігі Орта Азияға ішкерілеп еніп, Бұхарға, Әндіжанға, Ферғанаға, Тәжікстанға, Түрікменстанға қоныс аударды. Мысалы, Ташкент уезіндегі қазақтар саны 1897 ж. — 163 мың болса, 1917 ж. — 157 мыңға жуық, 1920 ж. — 147 мыңға азайып отырған.Сөйтіп, мұнда ежелден тұрып келе жатқан қазақтардың орнын қоныс аударған орыс шаруалары басты.1915 жылға дейін жалпы саны 200 мың қазақтар сыртқа кетуге мәжбүр болды.Сонымен, Орта Азия мен Ресей Федерациясына іргелес жерлерде қазақтар ежелден-ақ қоныстанып келді. Оларға 1916—1921, 1931—1933 жылдардағы аштық пен голощекиндік геноцидтен қашқандар қосылды.Жалпы, Қарақалпақстандағы, Түрікменстандағы, Өзбекстандағы қазақ диаспорасы да осылай қалыптасты. Ал ат-көлігі барлар одан әрі Ауғанстан, Иран елдеріне асып кетті. Сондықтан Ауғанстан қазақтары негізінен Кеңес өкіметінің қысым көрсетуінен Сырдария бойынан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстаннан ауып барғандардан тұрды. 1978 ж. Ауғанстандағы төңкерістен кейін қазақтар Иранға өтіп кеткен.Маңғыстау өлкесін мекен еткен Адай тайпаларының бір бөлігі көшпенділік салтымен қазіргі Түрікменстан аумағындағы Жаңғақ, Балқантауға дейін мекен етіп келген. Кеңестер Одағы құрылғанға дейін қазақтар Жаңғақ, Бесқала маңын атамекені деп санаған. 1897 жылғы халық санағы бойынша Закаспий облысына енген Красноводск, Ашхабад, Мерв, Тәжен уездеріндегі бүкіл халықтың бестен бір бөлігін (72589 адам) қазақтар құраған. Демек, аталмыш өңірлердегілерді қазақтар ирредентасы деп толығымен айтуға болады.Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі кеңестік таптық реформаларға жұт пен аштық сияқты табиғи апаттар қосылып, халық күйзелген жылдары Маңғыстау түбегінен Түрікменстанға, одан әрі Ауғанстан, Иран елдеріне кетуге мәжбүр болды. Түрікменстанның Шағадам, Байрамалы, Бесқалада қоныстанған қазақтар тұрмыс-салттары, діні мен тілі туыстас түрікмен, өзбек халқымен тез тіл табысып кетеді.Туған жерінен қол үзіп келгендерге түрікмен халқы қонақжайлық көрсеткенін қазіргі оралмандар ерекше ризашылық сезіммен атап өтедіИран еліндегі қазақ диаспорасы негізінен Бендер-Түрікмен, Гүрген, Күмістөбе кенттерінің төңірегінде орналасқан. Ирандағы қазақтар көбінесе Маңғыстау өңірінен кеткендерден тұрады.Иран еліндегі қазақтарды екі топқа жіктеуге болады. Олардың біріншісі Иранға 1930 жылдардың бас кезіндегі аштық жылдарында Маңғыстау өңірінен қоныс аударғандар, екінші тобы — Ауғанстаннан — Иранға қоныс аударып келгендер.Үшінші кезең — Азамат соғысы мен 1920—1930 жылдардағы қазақтарды күштеп отырықшыландыру және ұжымдастыру жылдарында қазақтардың шетел асуы. Халықтың босқыншылыққа ұшырауының басты себебі — күштеп ұжымдастырудағы асыра сілтеулер, бұрмалаулар мен аштық еді. 1932—1933 жылдары жабық шекарадан өту көп шығынға түсті. Шекара бойындағы ОГПУ қызметкерлері ауа көшкен әлсіз де аш қазақтарды шеп құрып, пулеметпен қарсы алды. Ауа көшу негізінен шекаралық аудандарды қамтыды.1928 ж. Қытайға барлығы 416 отбасы кетсе, 1930 ж. 3478, 1931 ж. тек қаңтар мен мамыр айлары аралығында 2009 отбасы көшіп кетті. Қытайға шекаралас шығыстағы Мақаншы, Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл аудандарындағы қожалықтардан 1928—1930 жылдары байларды тәркілеуге байланысты ауқаттылар, кейіннен орташалар мен кедей аш-жалаңаштар жаппай өте бастайды. Алакөл, Кеген, Нарынқол, Ақсу, Жаркент аудандары қазақтарының жартысына жуығы көшіп кетті. Жалпы, 1930—1931 жылдары ауа көшушілердің себебінен Қазақстандағы қазақтар 12—15 пайызға кеміп кетті. Олар өздерімен бірге 1,5—2 млн малды бірге айдап әкетті.Жоғарыдан жүргізілген ет пен астық даярлау науқандары, соңынан оның ізін ала жүрген аштық қазақтардың шетелге босуына әкеліп тіреді.Голощекиндік геноцидтен қазақтар Батыс Сібір мен Орта Еділ бойына босып кетті. Олар бұрыннан сол жақта тұрып жатқан қазақ ауылдарын паналады. Орта Еділ, Орынбор өңірінде, Самара төңірегіне Батыс Қазақстан жерінен келгендер 50 мыңдай адам қоныстанды. Ал Батыс Сібірдің 33 ауданында 1932 ж. 46,6 мыңдай қазақ босқындары тіркелген.1930 жылдан бастап қазақтардың Орта Азия жеріне ауа көшуі кең ауқымда жүрді. Көрші республикалар — Өзбекстанға, Түрікменстанға, Тәжікстанға кетті. Қарақалпақ жеріне Қазалы, Арал, Шалқар, Темір, Ақтөбе аудандарынан келгендер болды. Оңтүстік Қазақстаннан Орта Азия республикалары арқылы Ауғанстан асқан қазақтар салыстырмалы түрде көп болған жоқ. Кейін қазақ босқындарын Қазақстанға қайтару жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыста С.Меңдешев көп еңбек сіңірді. Дегенмен, шамамен босқындардың жартысына жуығы барған жағында қалып қойды. Өзбекстанның Әндіжан, Хаваст, Самарқан, Қаттақорған, Ташкент ауданындағы босқын қазақтарды да елге қайтару ісі жүргізілді.1916 ж. күзінде қазақтар Шыңжаңға жаппай көше бастайды. Қытай статистикасы бойынша оларға жалпы саны 300 мыңдай қазақтар мен қырғыздар көшіп барған. Олардың біразы Жетісуда Кеңес өкіметі орнаған жылдары қайтып оралған.Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату кезеңінде Кеңес автономиялық республикасын құру мақсатында әкімшілік шекараны анықтау шаралары жүзеге асырылды. Ақгвардияшылар мен интервенттерден босатылған Қазақстан мен Сібір аумақтарында Қырревком (қырғыз-қазақ) революциялық комитеті) және Сибревком (Сібір революциялық комитеті) құрылады. Сібір жерлерінің азат етілуіне орай, Сибревкомға Ақмола және Семей губерниялары бағындырылады. 1921 ж. сәуірде бұл екі губерния ҚазАКСР-інің құрамына енгізіледі. Алайда қазақтар мекендейтін бірқатар аудандар РСФСР-дің құрамына енгізіледі. 1926 ж. 17 желтоқсандағы Бүкілодақтық халық санағының деректері бойынша Сібір өлкесінде 48392 қазақтар өмір сүрген. 1920 ж. тамыз айындағы ҚазАКСР-і құрылуы кезеңінде батыс шекарадағы бірқатар аумақтар (Астрахань, Саратов облысының кейбір аудандары) республика құрамына кірмей қалды. 1925 ж. астана Орынбордан Қызылордаға ауысқаннан кейін Орынбор мен оның маңындағы жерлер РСФСР-ға берілді. РСФСР-дегі қазақ ирредентасы осылайша пайда болды. Сонымен Өзбекстандағы, Түрікменстандағы, Ресейдегі қазақтардың бір бөлігі өз жерінде тарихи себептермен бөлініп қалғандар тобына жатады. Кейін оларды 1929—30-жылдары келгендер толықтырды.Қазақстанның жергілікті халқының елден көп мөлшерде ауа көшуі 1920—1921 жж. әсіресе, 1931—1933 жж. байқалды. Отырықшыландыру негізіндегі ұжымдастыру саясатындағы асыра сілтеу қазақ халқын трагедияға ұшыратты. Жергілікті халықтың орны толмайтын шығыны 2 млн адам немесе халықтың бастапқы санының 49%-ы болды. Аштықтан аман қалған халықтың жартысы (шамамен 1030 мың адам) республикадан тыс жерлерге көшіп кетті. Кейін оның 414 мыңы Қазақстанға қайтып оралды.Қазақ диаспорасының қоныстану аумағының кеңеюі. Қазақ диаспорасының Үндістан, Пәкстан, Түркияға таралуы Қытайдағы оқиғаларға байланысты болды. ХХ ғ. 30-жылдарында Шыңжаңда хань ұлтынан өзге халықтарды ұлттық және діни жағынан кемсіту күшейе түседі. Аз ұлт өкілдері, оның ішінде, қазақтар да, көтеріліске шығады. 18 мыңдай қазақтар Алтайдан Ганьсу мен Синхайға жер аударылды немесе өздері қашып барды. 4 мыңдай қазақтар оңтүстікке қарай жылжуды жалғастырып, тибеттіктермен соғыса жүріп, 1 жылдан аса көшкен ел 1941 ж. Гималай арқылы Үндістанның Кәшмір қаласына жетті, көп адамдар жолда мерт болды. Бұл босқындар Үндістандағы қазақтардың алғашқы ірі толқыны болды.1944 ж. Шыңжаңға гоминдан әскері енгізілді. Бұл жерде қалған қазақтар тағы да бас сауғалауға кірісті: олардың бір бөлігі (27164 адамды құрайтын 5.128 отбасы) уақытша паналау үшін Шығыс Қазақстан облысының аумағына өтті. 1949 ж. Қытайда билік басына коммунистік партия келеді. 1949—50 жж. күзі мен қысында қазақтар қытайлық коммунистермен келіссөз жүргізіп, діни бостандық, көшпелі өмір салтын сақтау және Шыңжаңда еркін көшіп-қонуға рұқсат ету кепілдіктері мәселесін талқылады. 1950 ж. 28 наурызда Баркөл ауданында қазақтар құрылтайы болып өтті, онда Шыңжаң қазақтарының бұдан былайғы тағдыры сөз болды: туған жерді тастап, жақындарының өмірін сақтап қалу керек пе, әлде тең емес шайқаста айқасып өлу керек пе? Көпшілігі Үндістан бағытында жылжуды жалғастыру керек деп шешті. Олар Тибет өлкесіндегі Гималай таулары арқылы 2 мың шақырым жерді жаяу азаппен жүріп өтті. 1951 ж. тамыз айында босқындар үш топ болып Үндістан шекарасына жетті. Бұл Кәшмірге келген қазақтардың екінші толқыны болатын. Бір айға созылған келіссөзден кейін қазақтар Үндістанға енгізілді. Алайда көп ұзамай Үндістанның тәуелсіздік алуына байланысты қазақтар тағы да қиыншылыққа ұшырады. Тілі мен діні басқа елде күн көру оңайға түспеді. Олар мұсылман болғандықтан, жаңа құрылған мұсылман мемлекеті Пәкстанға көшуге мәжбүр болды. Мұнда қазақтар қорғансыз кедейлік жағдайында өмір сүрді. Қытайға қайта оралар жолдары кесілген, Пәкстанда тұрақтап тұра алмай, азаматтық алу қиындық тудырып, болашақ күмәнді болғандықтан, қазақтар түпкілікті қоныс табу мәселесіне қайта айналып оралды. 1951 ж. қазан айында Пешаварда “Қазақ босқындардың шығыстүркістандық ассоциациясы” құрылып, қазақтарды Түркияға эмиграциялау мәселесімен айналыса бастады.1952 ж. 13 наурызда Түркияның министрлер кабинеті N3/14 595 нөмірлі шешім қабылдап, шығыстүркістандық қазақ босқындарының Үндістаннан, Пәкстаннан және Сауд Арабиясынан келуіне рұқсат етті. 1953 ж. қыркүйектен желтоқсан айына дейін Пәкстаннан Түркияға 1.379 қазақтар көшіп барды. Сөйтіп, 20 жылға созылған Қытай қазақтарының көші 1954 жылға қарай Түркияда аяқталды. Алайда Түркияға мұсылман босқындарының иммиграциясы Пәкстан мен Үндістаннан ғана болып қойған жоқ. Бұған дейін 1947 ж. 1 шілдесінде-ақ БҰҰ қасындағы Халықаралық босқындарда ұйымдастыру (ХБҰ) дайындық комиссиясы Стамбұлда өз кеңсесін ашқан болатын. Осы ұйым арқылы Түркия Германия, Австрия, Италия, Франция және Швейцария сияқты елдерден де мұсылман босқындарын көшіріп алып, орналастыруға қаражат алып отырды.Қазақтар Еуропа және АҚШ елдерінде екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана орналаса бастады. Олар әдетте Германиядағы бұрынғы әскери тұтқындар және Түркістан легионының мүшелері болды. Соғыстан кейін дүние жүзінде этностық азшылық, босқындар және басқа иммиграциялық тұрғындар өкілдеріне байланысты халықаралық конвенциялар мен келісімдер ерекше актуалды бола бастайды. Еуропаның еңбек нарығы бұл кезеңде төмендегідей факторлармен сипатталады: экономикалық және демографиялық жағдайлар соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру үрдісімен байланысты болды. Демографиялық фактор екінші дүниежүзілік соғыста өте көп адамдар шығынына байланысты күрделілене түсті. ХХ ғ. 60-жылдарынан бастап Түркиядан батысеуропалық елдерге жұмысшы күші ағыла бастады. Иммигранттарды — Түркиядан шыққан жұмысшы күшін ең көп тұтынушылардың бірі ГФР болды, онда иммигранттардың осы түріне арналған “гастерарбайтер” — келгінші жұмысшы деген термин қалыптасты.1967 ж. наурыз айында Швеция Түркиядан жұмысшы жалдау бюросын ашты. Біртіндеп қазақтар эмиграциясы Бельгия, Франция, Австрия, Норвегия, АҚШ сияқты мемлекеттерді де қамти бастады. Қазақ-гастерарбайтерлердің басты мақсаты — мемлекеттен алған қарыздарын қайтару және өз отбасының өмір сүру жағдайын жақсарту үшін, капитал қорын жасау үшін ақша табуға ұмтылды.Сөйтіп, қазақ диаспорасының дүние жүзі елдерінде этностық өмір сүруге талпыныс үрдісі бірнеше ғасырларға созылды.