128. Тәуелсіздік жағдайында тарихи сананы жаңғыртудың кезеңдері. Еліміздің тарихын зерттеушілердің айтуынша, тарихымыздың көптеген ақтаңдақ беттері әлі ашылмаған, олардың бәрін халық біле бермейді, себебі, өз тарихымызды біз әлі жүйелі көрсетіп жатқан жоқпыз. Ол туралы кешенді көзқарас қалыптаспаған, мамандардың ортақ ұстанымдары да жоқ. Шын мәнінде ұлт тарихының ақтаңдақ тұстары алдыменен анықталуы, оқылуы керек. Өйткені, жастардың ұлттық тарихи санасы білім беру жүйесінде қалыптасады. Ендеше, тарихи таным мен сана қалыптастыратын тарих, басқа да гуманитарлық ғылымдарға деген көзқарасты өзгерту – бүгінгі қажеттіліктердің бірі. Осы методология тұрғысынан келер болсақ, бізге тәуелсіздікке дейінгі тарихымыздың жарқын беттерін де, жанға батар жағымсыз тұстарын да ашық жазуымыз керек. Кезінде одақтық деңгейде ұстанған саясатымыз бізге Алаш қозғалысын, ашаршылық жылдарын, өткен ғасырдың 30-шы, 50-ші жылдарындағы нәубетті жан-жақты жазуымызға мүмкіндік бермеді. Ұлттың ұлттық санасының қалыптасуына ерекше мән берілуі керек. Ұлттық сананың негізі – тарихи таным, тарихи сана-сезім. Сен өзіңнің қайдан шығып, қалай жаратылғаныңды білмей, бұл өмірге келуіңнің мақсатын да түсінбейсің. Сондықтан түбіңді білуің керек. Ұлттық тарихи сана-сезім қалыптасуы үшін мұның бәрі алдымен оқулықтарда қамтылуы, іздемей-ақ табатын жерлерде болуы тиіс, ал біз мұның бәрін іздеп жүріп табуға мәжбүрміз, кейде таба да алмай жатамыз. Жаңарған қоғамның жастары жаңа ұлттық саясатты түсінуі және білуі – уақыт талабы. Ұлттық саясат – бір мемлекетте тұратын әртүрлі этностардың, этностық топтар мен диаспоралардың арасындағы қарым-қатынастарды реттеу. Өркениетті мемлекеттерде ұлттық саясат этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтауды және нығайтуды мақсат етеді. Сондықтан ұлтаралық қатынастарды, ұлт мәселесін және ұлттардың өзін-өзі билеуі мәселесін шешуге, реттеуге бағытталған ұлттық саясатқа деген зәрулік әлем мемлекеттерінің басым көпшілігіне тән құбылыс. Ендеше, оны біздің Қазақстан да айналып өтпейді. Осы тұрғыдан алғанда жастар арасында қазіргі ұлттық саясат жүргізудің бір әдісі – оларға басқалардың құндылықтарына еліктеп кетпейтіндей деңгейде ұлттық болмысымызды насихаттай білу. Әрине, бұл – олар басқа ұлт пен ұлыстардың озық үлгілерін үйренбесін, олардан тыс қалсын деген сөз емес. Бұл жердегі басты мақсат – тұтастық, бірлік, елдік мәселесі. Елімізде тарихи сананы қалыптастыру – ел бірлігінің кепілі, ол тұтас руханиятқа жеткізеді. Елдегі қазақтар әртүрлі тілде сөйлеп отырса, дүние жүзіндегі қазақ үш әліпбиді пайдаланып отырса, дініміз де бөлініп, жіктеліп, әртүрлі пиғылдағылар әсіреңкі істерімен тыныштығымызға іріткі салса, тұтастық қайдан болады, тұтас руханият қалай қалыптасады. Бізге, әсіресе, аға буын ұстаздар қауымына ойланарлықтай мәселе. Ол үшін бүгінгі заман, бүгінгі қоғам, бүгінгі ұлттық сана қандай, соларға көңіл аударғанымыз жөн. Алдымен ЗАМАН туралы. Кейбір зерттеуші ғалымдарымыздың пікірінше, біздің түрік тектес халықтардың ұғымына (тіліне) «заман» сөзі араб-парсы әсерімен енгеніне қарамастан, қазіргі уақытта ең көп қолданатын сөзімізге айналды. Болмыс, дүние, әлеумет пен оның тарихына ойша көз жүгіртсек, «заманды» айтпай тұра алмаймыз. Себебі, тарихи санамыздың қалыптасуына біздің қандай заманда өмір сүргеніміз әсер етпей қоймайды. Ал ұлттың санасы өзінің тарихын түсініп, ұғынып және ұғындырып жүре алатындай деңгейде болуы керек. Ұлттық сананың жетілуінің бір белгісі ұлттың өзін-өзі анықтауы. Көне қазақ танымында бұл мәселе «жеті атасын білмеген – жетесіз» делініп, арғы тарихпен ұштасқан. Ендеше, арғы тарихымыз қандай; қандай елде тұрып жатырмыз; дәстүрлі және заңды ұстанымдарымыз, мемлекеттік нышандарымыз қандай? – деген сұрақтарға жауап іздеуіміз, анықтылығымыздың басы болса керек. Біз де осы қисынды басшылыққа алып, жауап іздеп көрелік. Тарихтың ар жағында тек өткен жылдар мен көнерген ғасырлар тұрған жоқ. Ұлттың болмысы, санасы, дәстүрі мен салты, кәсібі, ұстанымы, т.б. да бірде кетіліп, бірде жетіліп осы ғасырлармен бірге жасасып келеді. Бәрінен де бұрын тарих – тәрбиеші, ұлттың бағдаршамы, жол сілтеушісі. Бағдары жоқ ел де, оның азаматтары да тарих айдынында компассыз жүргендермен тең. Олай болса біздің жас ұрпақ тарихтың бетін қалқымай, оған тереңірек үңіліп, тарихтың талай асауларға бас үйреткенін, тәубесіне түсіргенін, жуасытқанын білулері керек. Сол себепті де тарих ғылымының танымдық және әлеу меттік функцияларына шабуыл ешқашан да толастамағанын, әсіресе, бодан халықтардың тарихы өрескел бұрмалаушылықтарға ұшырағанын да білгендері жөн.