68.Уақытша үкімет органдарындағы ұлттық интеллигенция өкілдерінің қызметі. Уақытша үкімет органдарындағы ұлттық интеллигенция өкілдерінің қызметі.
Уақытша үкімет Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы шақырылып, мемлекеттік басқару пішімі шешімін тапқанға дейін билік жүргізуі тиіс болды. Уақытша үкімет Ресей азаматтарының құқығында діни-нанымына, ұлтына қарай ешқандай шектеушілік болмайтынын жария етті. Бұл өз кезегінде бұрын ұлттық езгіде болған халықтардың Уақытша үкіметке қолдау танытуын арттырды. Орталық Азияхалықтарының Уақытша үкіметке қолдау көрсетуіне оның 1916 жылғы 25 маусым жарлығының күшін жойып, майданның тыл жұмысына адамдар алуды тоқтатуы және он алтыншы жылғы көтеріліске қатысушыларға кешірім жариялауы елеулі дәрежеде әсер етті. Дегенмен, Уақытша үкімет бірінші дүниежүзілік соғысқа Ресейдің қатысуын жалғастыруды жақтады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік қатынастардың онан әрі шиеленісуіне алып келді. 5 наурызда Уақытша үкімет жергілікті өкімет органдарын құру туралы қаулысын шығарды. Ресейдің басқа аймақтарындағы сияқты Қазақстанда да Уақытша үкіметтің жергілікті органдары алғашқы кезеңде азаматтық комитеттер негізінде пайда болды. Бұл комитеттерді құруда бастамшылық облыс және уез орталықтарында тұратын орыс жұртының қолында болды және комитеттердегі басшы орындар да солардың үлесіне тиді. Сондықтан олардың құрамына енгендердің арасында ұлтаралық қатынас мәселесіне ескі патшалық әкімшілік көзқарасында тұрғандар көп болды. Міне, осындай жағдайда қазақтарға ескі әділетсіз патшалық билік жойылып, оның орнына жаңа билік келгенімен де, ұлттың мүддесін қорғайтын мекемелерсіз қалу қаупі туды. Сондықтан да азаматтық комитеттермен қатар ұлттық саяси элита өкілдерінің ат салысуымен облысы, уездік және болыстық деңгейде қазақ комитеттері құрылды. Қазақ комитеттерінің өкілдері облысы және уездік азаматтық комитеттердің атқару органдарына мүше болып енді. 1917 жылы 20 наурызда Ә.Бөкейханов Уақытша үкіметтің ұйғарымымен Торғай облысының комиссары болып тағайындалды. Оның ұсынысымен Қостанай уезінің комиссары болып А.Бірімжанов, Торғай уезінің комиссары болып О.Алмасов, Ырғыз уезінің комиссары болып Ғ.Теміров бекітілді. 7 сәуірде Уақытша үкімет Түркістан өлкесін басқаруды қамтамасыз ететін Түркістан комитеті құрамын бекітті. Мемлекеттік Дума мүшесі, кадет партиясының өкілі Н.Н. Щепкин төрағалық ететін Түркістан комитеті құрамында М.Тынышбаев, С.Мақсұдов, А.Дәулетшин секілді жергілікті ұлттық қайраткерлер болды. Уақытша үкімет жағдайында Ресейдегі түркі-мұсылман халықтарының қоғамдық-саяси өмірі жандана түсіп, ұлттық саяси элита өкілдерінің белсенділігі артты. Қазақстанда облыс, уездік деңгейдегі қазақ съездері және бірінші жалпықазақ съезі өтті. Ресей деңгейінде Бүкілресейлік мұсылмандар съезі өткізіліп, онда мұсылман халықтарының Уақытша үкімет жағдайында мүддесін қорғайтын Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі құрылды. 17 маусымда Уақытша үкімет дала облыстарына земство енгізу жайлы қаулысын шығарды. Соған орай Орал, Ақмола, Семей, Торғай облыстарында земстволық мекемелерді құру қолға алынып, оларға қазақ өкілдерін енгізу жүзеге асырыла бастады. 7 шілдеде А.Ф. Керенский Уақытша үкіметтің төрағасы болып тағайындалды. Тамыз айының соңында Уақытша үкіметтен билікті тартып алу мақсатында Л.Г. Корнилов бастаған бүлік болды. Бірақ Уақытша үкімет басшысы Керенский жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің көмегіне сүйеніп, бүлікті басуға қол жеткізді. Дегенмен, Уақытша үкімет ұзаққа созылған соғыстан туындаған әлеуметтік ауыртпалықтарды, әсіресе, азық-түлік тапшылығын шешуге дәрменсіздік танытты. Бұл өз кезегінде Уақытша үкіметке оппозициялық күштердің халық арасында беделінің артуына ықпал етті. 1917 жылы 25 қазанда Уақытша үкімет Қазан төңкерісі нәтижесінде құлады. Билікке В.И. Ленин бастаған большевиктер партиясы келді де көп ұзамай елде Азамат соғысы басталды.