Байланысты: 1 азіргі аза тілі лексикасыны лексика-семантикалы таби аты
Метафора - сыртқы не ішкі белгілеріндегі ұқсастыққа қарап, бір зат атауының екінші бір затқа атау болуына байланысты сөз мағынасының ауысуы болып табылады. Қолдану сипатына байланысты метафора үшке бөлінеді: тілдік (дәстүрлі) метафора, поэтикалық метафора және окказионалды метафора.
Тілдік метафора сөзге жаңа мағына қосып, оның семантикалық аясын кеңейтіп, үздіксіз даму үстінде болады. Метафора негізінен мынадай ұқсастықтар бойынша жасалады:
Түр-тұлғасы ұқсастықтарына қарай: адамның беті - судың беті, таудың күңгей беті, адамның құлағы – қазанның құлағы, домбыраның құлағы;
Қимыл ұқсастығы: күн күлімдеді, жұлдыздар жымыңдады;
Мінез-құлық ұқсастығы: түлкі «айлакер, қу», аю «икемсіз» т.б.
Жұғу сөзінің лексикалық мағынасы «бір заттың екінші затқа жабысуы» (үстіме күйе жұқты) қимыл ұқсастығы негізінде аурудың біреуін біреуге тарауын, мінез-құлқы, өнері, қылығының өзге бір адам бойынан табылуына орай «жұққан екен» дейді. Егер балапан деп құстың баласын (зат есім) танысақ, осы сөздің метафоралық ауыс мағынасы сындық мағынада жұмсалады. Мысалы: балапан қарағайлар.
Ұқсату заңының негізінде бір сөз арқылы бірнеше ұғымды танып білуге болады. Қалың – сапалық ұғым, ерекше белгілері - қалың нәрсенің жуан болатындығы; әрі тығыз, жиі орналасуы сияқты ерекшеліктердің әрқайсысы сөйлеу үстінде жеке-жеке мағынаға ие болады: қалың шөп (бітік, тығыз); қалың жұрт (көп, мол), қалың ерінді кісі – жуан, толық. Метафораның негізінде туған ауыс мағына сөздік мағынаға еніп, сөздің туынды мағыналарының қатарында қалады.
Ақын-жазушылардың, танымал қаламгерлердің шығармаларында кездесетін әсерлі сөз өрнектерін поэтикалық метафора деп атайды. Егер тілдік метафора жалпыхалықтық сипат алса, поэтикалық метафораны қоғамдық ақпарат қызметкерлері, көркем әдебиет қызметкерлері қалыптастырады. Мысалы: қара алтын – көмір, сары алтын – бидай, ақ алтын – мақта, түйе – шөл кемесі, комбайн – жер кемесі т.т.
Поэтикалық метафораның бір түрі окказионалды метафора болып табылады. Көркем сөз шеберлері метафоралық сөз қолданысының мынадай амал-тәсілдерін қолданады:
Жанды заттың қасиетін жансыз затқа, немесе керісінше жансыз заттың қасиетін жандыға балайды;