1 Қазіргі қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық табиғаты мен сөздік құрамы



бет58/69
Дата07.09.2023
өлшемі1,77 Mb.
#106548
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   69
Байланысты:
ҚҚТЛменЛ. Оқулық. Соңғы вариант

Фразеологизмдер семантикасындағы стереотип, эталон және символдық компонент. Лингвомәдениеттану тұрғысынан алғанда фразеологизмдер қоршаған ортаны символдандыруда екінші семиотикалық таңба ретінде ерекше қызмет атқарады. Белгілі бір халықтың мәдениетінен мәдени ақпарат беретін тілдік таңба айтылатын ойды образды түрде жеткізіп, тұрақты мағынаға ие болады. Фразеологизмнің сөйлеу тіліндегі қолданысы негізінде өзіндік семантикасы нақтыланып, сол арқылы мәдени фон айқындалады. Осы айтылғандардың негізінде фразеологизмдер де тілдік таба ретінде символ, эталон, стереотипке айналады. Сондықтан фразеологизмдердің тілдік жүйе мен мәдениеттің ерекше таңбасы ретінде символдық қызметі айқындалуы тиіс.
Символ – мәдени таңба ретінде мәдени ақпаратты иеленеді. Белгілі бір мәдени ұғым-түсінікті таңбалаудың бірлігіне айналады. Символдық мәнді иеленетін сөз-компоненттер мен реалиялар фразеологизмдердің құрамына ене отырып, фразеологиялық байлаулы мағынаның қалыптасуына ықпал етеді. Қоршаған ортаны қабылдау және оны тану процесінде болмыстағы барлық заттар мен құбылыстар, сын-сапа, іс-әрекеттер белгілі бір мәдениетте тұрақты мәнді, яғни символикалық мәнді иеленіп, сол мәдени ұғым-түсініктің тұрақты тілдік таңбасына айналады.
Қазақ тіл білімінде фразеологизмдердің символдық мағынасына Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Н.Уәли, З.Ахметжанова, Г.Смағұлова, С.Сәтенова, Г.Сағидолда, Р.Авакова сынды ғалымдар назар аударды. З.Ахметжанова фразеологизмдердің символдық мағынасын оның ішкі формасымен байланыстыра отырып, тілдік символиканы ғалам бейнесімен, аялық білім жүйесімен, тілдік таңбаның уәждік белгісімен байланысты түсіндіру керектігін айтады. Мәселен, құрамында «қан» компоненті бар фразеологизмдер адамның ішкі эмоционалды жай-күйін сипаттау үшін қолданылады: «қаны қайнау, қаны басына шабу//тебу» (қатты уайымдау, қайғыру салдарынан қан қысымының көтерілуі); бір ысып, бір суу (қатты әсерлену жағдайымен байланысты дене температурасының өзгеруі); жүрегі жарылу (стресс алған жағдайда жүрек қағысының жиілеуі) [21, 46]. Қоршаған ортадағы қандай да бір әрекеттердің адамның көңіл-күйіне әсері болады, адам ағзасындағы өзгерістерді сипаттайтын фразеологизмдер уақыт өте келе символдық мәнге айналады.
Лингвомәдени бағыт тұрғысынан алғанда фразеологизмдер қоршаған ортаны символдандыруда ерекше роль атқарады. Бірнеше сөздердің өзара тіркесімділігі арқылы қоршаған ортаны образды түрде танытатын тілдік бірліктер мәдени коннотацияны иеленеді. Болмысты образды түрде бейнелейтін, әрі мәдени семаны иеленетіндіктен фразеологизмдер символ, стереотип, эталон түрінде өмір сүреді. Бұдан, біз, тілдік таңбаның мазмұндық негізін сөздің мағынасы, ал символдың мазмұндық негізін образдық мағына құрайтынын аңғарамыз. Ал образдық мағынаны тілдік мағынаның аясынан шығарып, мәдени контекстке енгенде ғана түсініп, қабылдай аламыз. Егер таңба символдың қарапайым бастауы болса, онда символ сол тілдік таңбаның ұғымдық, мазмұндық жағынан қалыптасуының күрделі нәтижесі саналады. Тілдік таңбада негізгі қызметті мағына атқарса, символдық қызметті сөздің ішкі мәні атқарады. А.Потебня сөздің мәні оның қоршаған ортадағы жаңа бір заттың, құбылыстың, іс-әрекеттің ұғымдық белгісін таңбалаумен байланысты екендігін айтады. Мұндай тілдік қолданыс сөздің семантикалық аясының кеңеюіне алып келеді, ал бұл сөздің жеке тұрғандағы лексикалық мағынасы мен сөйлеу тілінде қолданылатын сөздің ішкі мәнінің арасындағы сәйкессіздікті тудырады.
Н.Арутюнова символ мен образдың өзара байланысы жөнінде, образдылықтың табиғаты жөнінде, образдылықтың символ арқылы таңбаға қарай қозғалысы жөнінде былай дейді: «Тіл өзінің таңбалық сипаты арқылы шексіз символизмді, ал символизм ‒ өзінің таңбалық нұсқасының астарында мифологияны жасырын ұстайды [23, 313-314]. Мәселен, көне славяндардың мифологиялық санасында «терезе» қандай да бір үйдің кішкене бөлігі ретінде таныла отырып, сыртқа кіріп-шығудың жолы саналады. Терезеге берілген осы ұғымдық белгілер негізінде адамның өлімімен байланысты түрлі ырымдар орындалған екен. Балалары бірінен кейін бірі шетінеп кететін отбасында жаңа туылған нәрестені аман алып қалу үшін оны терезеден өткізу дәстүрі орындалады. Сол терезе арқылы әлі шоқындырып үлгермеген балалардың өлі денесін алып шығатын болған. Адам қайтыс болғаннан кейін бірден терезені ашып, терезенің алдына бір стақан су қоятын болған. Судың қойылуын тәннен босап шыққан жанның жуынып, ары қарай ұшып кетеді деген діни түсініктің жатқандығымен түсіндіруге болады. Сонымен қатар терезенің астында тұру «кедейліктің», не «Құдайдың хабаршысы» ретінде таңбаланады. Көне славяндардың мифологиялық санасында терезеден су төгуге, қоқыс шығаруға болмайды, өйткені ол жерде Жаратқан иенің періштесі тұруы мүмкін деген түсінік кең таралған [23, 53-54].
Символ, символдану, идиома семантикасындағы символдық компонент терминдері лингвомәденитанымдық еңбектерде теориялық тұрғыдан зерттелуде. Символдық мағына – зат, құбылыс атауының метафоралық, метонимиялық жолмен жасалған дерексіз ұғымды таңбалауда қолданылатын ауыспалы мағына. Н.Арутюнова Достоевский мәтіндеріндегі символдарды қарастыра келе, жазушы шығармаларындағы «угол» лексемасының символдық мағыналарына тоқталады. Достоевскийдің философиясы бойынша, бұл лексема мазмұны жағынан (таңбаланушы) адамның жалғыздығын, ал сыртқы тұрпаты жағынан дәстүрлі түрде салынған үймен тығыз байланысты. Н.Арутюнова ары қарай осы лексеманың мәдени кеңістіктегі кодын қарастырады. Угол – архитектура элементі ретінде үйдің тіреуіші, негізі; қалада жүріп-тұрудың негізгі бағыттары ретінде сипатталады. Оған дәлел ретінде орыс тіліндегі красный угол, сесть в уголке тіркестерін, сондай-ақ мифологиялық сананың элементі ретінде (өзге кеңістікке енудегі бұрыштың киелілігі), күнделікті өмірдегі қолданысын айтуға болады (секретничать удобнее в углу). «Угол» лексемасымен байланысты қалыптасқан барлық аялық білім жүйесін, мәдени ақпараттарды негізге ала отырып, Н.Арутюнова бұл лексеманың «өзге адамдардан бөлектену», «шарасыздық» және «қауіптілік» коннотицияларын иеленетіндігін көрсетеді. Сонымен қатар Ф.Достоевский шығармаларында табиғи символдар қатарына жәндіктер дүниесі (шыбын, құрт, құмырсқа, шаян, тышқан т.б.) «мелкая тварь» түрінде, мәдени символдар қатарында қала архитектурасының геометриялық бейнесі (бұрыш, төбе, түзу көше, тұйықталған көше, көпір) символдық қызмет атқарады [23, 58].
Фразеологтардың назарын белгілі бір мәдениетке тән түр-түс және зооморфты символика аудартып келеді, өйткені түр-түс символикасы діни ритуал, ұлттық салт-дәстүрлердің орындалуында айқын көрінеді. Түр-түстің білдіретін символдық мағынасы фразеология семантикасының негізгі аспектісін құрайды. Кез келген тілде белгілі бір түс атаулары тұрақты түрде қолданыла келе тұрақты ассоциацияларға ие болады. Қазақ мәдениетінде ақ және қара түстері өзара бинарлық оппозиция құрайды. Тілдік санада қара түсі әрі жағымды коннотациялық мәнді (атамекен, күштілік, мықтылық, әдемілік, киелілік, қасиеттілік, тұяқ), әрі жағымсыз коннотациялық мәнді (қараңғылық, жалғыздық, қайғы, өлім, ыза, кек, лас, кедей, бақытсыздық, сиқырлық) иеленеді. Мәселен, тұрақты тіркестер құрамындағы «қара» лексемасы қазақ халқының ұлттың дүниетанымдық ерекшеліктеріне қарай жағымды, жағымсыз бағалауыштық мәнге ие болып, бірнеше семантикалық топтарға жіктеледі. Мысалы: қара шаңырақ, қара нан, қара су, қара домбыра, қара орман (қасиетті, киелі); қара халық, қара жұрт, (қарапайымдылық, көпшілік), қара есекке теріс мінгізу (жамандық, бақытсыздық), қара жел (суықтық) т.б.
Әрбір халық, этностық топ қоршаған ортадағы түр-түс ұғымын өздерінше танып, этномәдени дүниетанымында тұжырымдайды. Қызыл түс о баста күннің, оттың түсіне байланысты қабылданып, қазақ халқының санасында әлі күнге дейін символдық мәні (қасиеттілік, махаббат, билік) сақталған. Жалпы алғанда, от, сезім, көңіл қызыл түспен байланыстырылады. Қазақтың ұлттық мәдениетінде қызыл түстің жағымды бағалауыштық мағыналары түрлі сезімдік коннотацияға байланысты әдемілік, махаббат, жастық, қуаныш, шешендік сияқты ұғымдармен ассоциациялық байланысқа түсіп, тілдік санада қызыл шырайлы, қызыл тіл, қызыл алма тіркесімдері арқылы таңбаланған. Сонымен қатар қызыл түстің қызыл кеңірдек болу, қызыл өңеш болу, қызыл көз пәле, қызғаныштың қызыл түлкісі сияқты жағымсыз коннотациялық мәні бар екендігін тіл бірліктері айқындайды. Сондай-ақ, қызыл түс стереотиптік қолданыс ретінде терминдік тіркесімнің құрамында қолданысқа түсіп, қызыл бұрыш, қызыл ағаш, қызыл түйіршік, қызылсу, қызыл әскер, қызыл отау сияқты екіншілік номинацияның түзілуіне әсер еткен. Стереотип – қандай да бір зат, құбылыс, сапа, іс-әрекет туралы қалыптасқан, сол қоғам тарапынан қабылданған, сол қоғамның дүниетанымдық көзқарасын қамтитын тілдік бірліктер жүйесі. Осындай тілдік бірліктер жүйесі стереотиптің ұлттық ерекшелігін танытады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет