Фразеологиялық полисемия ‒ лексикалық және грамматикалық құрылымы бірдей фразеологиялық бірліктің екі не одан көп мағынаны иеленуі. Фразеологиялық бірліктердің көпмағыналы болуы олардың қолданыс жағдайындағы ұқсас мазмұнды таңбалауымен байланысты. Тілдік жүйедегі көп мағыналы сөздер сияқты фразеологиялық полисемия арқылы зат, құбылыстың ұқсас белгілері мен қасиеттері көрініс табады.
Фразеологизмдердің көпмағыналылық сипатының мынадай ерекшеліктерін атап өтуге болады:
- тұрақты тіркес құрамындағы бір сөз-компоненттің мағынасына сүйенеді;
- фразеологиялық тіркес құрамындағы семантикалық байланыс үзілмейді;
- белгілі бір мағынада еркін сөз тіркесімен де, фразеологиялық тіркеспен де эквивалентті болып келеді.
Мәселен, қас қақпау тіркесі контекстік қолданысқа сәйкес қыбыр етпеу; құлақ салу; ықылас қою; қара тер болу тіркесі әбден терлеу; әуре-сарсаңға түсу деген көпмағыналылық сипатты иеленеді. Тұрақты тіркестердің о баста еркін тіркес негізінде, әрі халықтың ұлттық дүниетаным процесімен байланыста туындағанын ескерсек, фразеологиялық бірліктер бойындағы көпмағыналылық құбылысын түсіндіру де оңай болмақ. Жоғарыда берілген фразеологиялық бірліктер еркін тіркестің тура мағынасы арқылы жасалып, уақыт өте келе бағалауыштық мәнді иеленген.
Б.Нағасбекова өзінің зерттеу жұмысында фразеологиялық сипаттағы синонимдердің екі не бірнеше тұрақты тіркестің өзара мәндес келуінен пайда болса, фразеологиялық полисемия құбылысының фразеологиялық бірліктің контекст ішінде бірнеше ұқсас мағыналарды беруінен туындайтындығын атап өтеді. Қазақ тілінде синонимдік және полисемиялық сипаттағы фразеологизмдердің жиі кездесетіндігін, оның көбінесе етістіктер жүйесіне тән екендігін тілдік фактілер арқылы дәйектеуге болады. Мәселен, аузымен құс тістеген ділмар да, шаршы топта таңдай қаққызған шешен де, тілін ақылына билетіп, әсерлі сөз айтқан көсем де ел арасынан шыққан еді (Қостанай таңы, 2015). Аузымен құс тістеген ямайкалық желаяқ Усэйн Болтқа тең келер ешкім болмай тұр (Егемен Қазақстан, 2016). Берілген мәтіндегі аузымен құс тістеген фразалық бірлігінің денотаттық белгісі (жүйрік, ұшқыр) негізінде сигнификаттық мағынаның (шешен, білгір) сөйлеу өнеріне қатысты туындағаны байқалады.
Фразеологиялық синонимдер ‒ тұлғасы мен грамматикалық құрылымы әр басқа болғанмен, семантикалық тұрғыдан бір‐біріне жақын ұғымдар. Фразеологиялық синонимдер стильдік варианттар есебінде қолданылуға ыңғайлы келеді. Мысалы: қас пен көздің арасында – көзді ашып-жұмғанша; тайға таңба басқандай – соқырға таяқ ұстатқандай; аузын аңқитып кетті – мұзға отырғызып кетті – сақал сипатып кетті – тақырға отырғызды; көңілі шайлықты – тауы қайтты; ерні ерніне жұқпады – аузы тынбады – жағы сөнбеді; зыр жүгіру – дедек қағу – қол аяғы жерге тимеу – алды-артына қарамау – екі өкпесін қолына алу т.б. Қазақ тілінде фразеологиялық тіркестердің өзара синонимдес болып келуі жиі кездесетін құбылыс.
Қазақ тілі өзге түркі тілдері жүйесі сияқты лексикалық синонимдерге қандай бай болса, синонимдік сипаттағы фразеологизмдерге де өте бай болып келеді. В. В. Виноградов фразеологиялық синонимдерді айқындауда контекст рөлінің ерекше екендігін атап өтеді.
Б.Нағасбекова қазақ тіліндегі фразеологиялық синонимдерді бірінің орнына бірін ауыстырып қолдану төмендегі шарттарға сәйкес жүзеге асатындығын көрсетеді:
- синонимдес фразеологизмдердің құрылымдық жүйесіне байланысты;
- фразеологизмдердің семантикалық жағынан жақындық дәрежесіне байланысты;
- фразеологизмдердің стилистикалық сипаты мен эмоционалдық бояуына байланысты [18, 25].
Фразеологиялық омонимдер ‒ лексикалық және грамматикалық құрастырушы сыңарлары бірдей фразеологизмдердің өзге мағыналарды иеленуі. Ат қою тұрақты тіркесі «балаға ат қою»; «өлген кісінің үйіне атпен шауып бару»; «шабуылға шығу» деген омонимдес мағыналарды иеленеді. Сол сияқты, көзі ашылу фразеологиялық бірлігі сауат ашу, қиындықтан шығу, өмірді түсіну деген мағыналарда қолданылады. Фразеологизмдердің омонимдік сипаты тұрақты тіркес құрамындағы бір сөз-компоненттің әртүрлі мағыналары мен реңктеріне сүйенеді. Ал полисемиялы фразеологизмдер мен омонимдес фразеологизмдердің шегін семантикалық байланыстың үзілу-үзілмеуіне қатысты ажыратамыз. Мәселен, жаны күю тұрақты тіркесі қолданылу сипатына қарай омонимдік сипатты (ыза болу, қорлану; аяу, есіркеу) иеленеді; жаны қалмау тұрақты тіркесінің (зәресі ұшу; бәйек болу, бар ынты-шынтысымен күту, зыр қағу) білдіретін мағыналарының арасындағы семантикалық байланыстың үзілуіне байланысты фразеологиялық омонимдер ретінде танимыз.