Этнолингвистикалық сөздік. 2009 жылы академик Ә.Қайдардың басшылығымен «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты үш томдық этнолингвистикалық сөздіктің бірінші томы жарық көрді. Этнолингвистикалық сөздіктің мақсаты ‒ қазақ тілінің лексика‐фразеологиялық‐паремиологиялық жүйесін барынша қамтып, қазақ халқының ұлттық ділін, дінін, психологиясын, мәдениетін, жалпы болмысын оның тіл әлемі арқылы айқындау. Сөздіктің құрылымына келер болсақ, адамзат баласының өзі өмір сүретін қоғамдық‐әлеуметтік ортасына сай «Адам», «Қоғам» және «Табиғат» макротоптарына, әрбір тақырыптық топтар өз ішінен микротоптарға жіктелінеді. Этнолингвистикалық сөздіктің «Адам» деп аталатын бірінші томында адамға қатысты ұғым‐түсініктер қамтылып, жинақталған материалдар негізінде оларды өз ішінен сегіз миркотоптарға жіктей отырып этнолингвистикалық зерттеулер жүргізілген.
Этнолингвистикалық сөздіктен алынған мысалға назар аударайық:
Тілдің түрлері
Түсіндірме. Дамыған тілдің негізгі белгілерінің бірі – сөз байлығы. Тілге қатысты айтылған бірліктер тек сандық көрсеткіш деп ұғуға болмайды. Ұлттың өз тілі туралы түсінігі мен құрметі, оның тіліне берген бағасы тілдің алуан түрлі қасиеттері мен қызметтеріне негізделген. Тіл сөзінің басқа сөздермен тіркесімділігіне қарасақ, өте өрісті және сан суретті екен. Бірақ осы тіркестермен ғана шектелмейді, жиналмағаны, тіркелмегені өз алдына, тілді тұтынушының қоғамдағы сана мен әлеуметтік жағдайын ескерсек, онда бұл тізім әлденеше рет молая бермекші. Өйткені тіл динамикалы түрде дамитын жүйе болғандықтан, адамның ойлау, қатысымдық және басқа да толып жатқан қажеттіліктеріне қарай бейімделеді.
Тілдің түрлеріне қатысты атаулардың жалпы тізімі
А: адамзат тілі, ақын тілі, албасты тілі, алтай тілдері, ана тілі, ата тіл, аңыз тілі, ауызекі тіл, ауызекі сөйлеу тілі, ащы тіл, аяр тілі. Ә: әдеби тіл,әдепті тіл, әділ тіл, әке тілі, әмір тілі, әлсіз тіл. Б: баба тілі, байырғы тіл, бай тіл, бала тілі, би тілі, буынсыз тіл, бұқара тіл, білім тілі, біртұтас тіл. Г: газет тілі, говор тілі. Ғ: ғашықтық тілі, ғылым тілі, ғылыми тіл. Д: достық тілі, дөрекі тіл, дүбәра тіл, дыбыс тілі. Е: екі тілділік, ескерткіш тілі. Ж: жазба тіл, жазу тілі, жайдарлы тіл, жалғамалы тіл, жалпақ тіл, жалпы тіл, жалпыхалықтық тіл, жаман тіл, жасанды тіл, жергілікті тіл, жетелі тіл, жүйрік тіл. З: зәрлі тіл. К: көне тіл, көркем тіл, көсем тіл, кітаби тіл. Қ: қазақ тілі, қазіргі тіл, қарапайым тіл, қария тілі, қопармалы тілдер, қорғансыз тіл, қотыр тіл, Құран тілі, қызыл тіл, қыршаңқы тіл, қысқа тіл. М: майда тіл. О: ортақ тіл. Ө: өлі тіл, өткір тіл, өтімді тіл. Р: ру тілі. С: сәби тілі, сөйлеу тілі, сүйексіз тіл. Т: тайпа тілі, тәті тіл, техника тілі, туған тіл, туыс тіл, туыстас тілдер, түркі тілдері, тірі тіл. У: уытты тіл. Ұ: ұзын тіл, ұлттық тіл. Х: халық тілі. Ш: шақпа тіл, шежіре тілі, шет тілі, шешен тіл, ширақ тіл, шүршіттің тілі, шындықтың тілі, шығарма тілі. Ы: ым тілі [12, 581-582].
Ары қарай сөздікте көрсетілген тілдердің әрқайсысына түсініктеме беріліп, иллюстрациялық материалдармен дәйектеледі. Мысалы: <уытты, шаншып алатын, сүйектен өтетін тіл>. Ашынды адамның тілі ащы. Әлсіз адамның тілі ащы. Бұлттан шыққан күн ащы, Жаман кісінің тілі ащы, жабағы тонның биті ащы. Жетім баланың тілі ащы. Сың қосшыға бір басшы, жаман адамның тілі ащы [12, 586].
Ономастикалық сөздіктер қатарына 1975 жылы жарық көрген А.Әбдірахмановтың «Топонимика және этимология» еңбегін, Т.Жанұзақовтың «Есімің кім? Ваше имя» (1989) деген қазақ және орыс тілдерінде жазылған қазақ есімдерінің сөздігін жатқызуға болады.
Жиілік сөздік түзудің басты мақсаты ‒ қандай да бір мәтін көлеміндегі сөздердің қолданылу дәрежесін анықтау. Мұндай сөздіктердің жасалуы тілдің теориялық және қолданбалы мәнін айқындауға үлкен септігін тигізеді. Қазақ тіл ғылымында жиілік сөздіктер ХХ ғасырдың 70‐жылдарынан бастап жарық көре бастады. Атап айтқанда, Қ.Бектаевтың «Қазақ тілінің кері алфавитті сөздігі (1971)», А.Курышжанов, А.Х.Джубанов, А.Б.Белботаевтың авторлығымен жарық көрген «Куманско‐казахский частотный словарь (1978)» сөздігін, Қ.Б.Бектаев, А.Қ.Жұбанов, С.Мырзабеков және А.Б.Белботаевтың құрастырған «М.Әуезовтің «Абай жолы» романының жиілік сөздігі» атты еңбегі 1979 жылы басылып шықты.
Достарыңызбен бөлісу: |