1.3 Мәтіннен синоним сөздерді қолданудағы парафразалық тәсілдерді теріп жазыңыз:
Аппақ көзі тым жіті, алыстан көретін қырағы болатын (Ғ.Сыланов). Күздің қоңыр бір күні, май тоңғысыз жып-жылы (І.Жансүгіров). Ермекбай әбден зарықтырып, көзге түртсе көргісіз қараңғы, жаңбырлы түнде суға, балшыққа малшына қайтты Ғ.Мұстафин). Осылайша айналасы айықпаған сұр тұман, суық заман ішінде ұлы жан дүниеден көшті. Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде Абай қаза тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып шыққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақпа тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан, зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті. «Бірақ мен адасыппын, оның жүрегін арсыз махаббатын саудаға салатын әйелдер уландырған екен (Мысыр әңгімелері). Күн бұл қалпында күнбағарға ұқсаған, шет-шетіндегі тарам-тарам шашағын шашыратып, әкем екеуіміздің көз жанарымызды жібек нұрмен жалғады (О.Бөкей). Шөкімдей бұлты жоқ айнадай көк аспанда бағанадан бері дәл төбесінде айнала ұшқан Қыран жерде тұрған Бату ханға осы тұстан түлкі, әлде қоян не бір бөтен аңды көз шалып, соны аңдып жүргендей көрінді (І.Есенберлин).
1.4 Берілген синоним сөздерді қолданыстық реңктері (тіркесімділік қабілеті) бойынша жазыңыз:
Ат – есім – ныспы; әзіл – қалжың – қылжақ – ыржақ; өкініш – уайым – қайғы;
қимылдау – қозғалу – қыбырлау – жыбырлау; еселеу – үстемелеу – қосу; ауру – сырқат – науқас – кесел – індет – дерт – дімкәс; дүрдию –томпаю –дүмпию – көнтию дүрс-дүрс – гүрс-гүрс – тарс-тарс;
Дәріс тақырыбы: Сөз варианттары, сөздің қосалқы аталымдары.
Дәріс жоспары:
1. Сөз варианттары, олардың түрлері, лексикалық дублеттер мен синонимдер арақатынасы.
2. Табу және эвфемизмдер, олардың жасалу жолдары, дисфемизмдер.
3. Табудың түрлері, пайда болу жолдары мен олардың тілдегі қолданысы.
Дәріс мазмұны
1. Вариант сөздер және олардың түрлері. Қай тілде болса да белгілі бір нәрсенің не заттың бірнеше атауға ие болуы себепсіз бола қойған құбылыс емес. Бір ғана құбылыс, нәрсе, зат атауының тепе-тең мағынаға ие болып, түбірі мен тұлғасы әр басқа сөздермен берілуі тілде сөз варианттарының түзілуіне әкеледі. Сөз мағыналарының тепе-теңдігі варианттылықтың белгісі болса, сөз мағыналарының жуықтығы синонимдерге тән қасиет. Осы ерекшелік сөз варианттары мен синонимдерді бір-бірінен ажыратуға негіз болады. Вариантты сөздердің мағыналарында ешқандай стильдік реңк, бояу байқалмайды. Мысалы, суғару-суару, сандалу-сенделу, түгелде-түгенде, құса-ұқса, есіт-есті, сорық-сорғы т.б. сөздердің қолданылуында ешқандай айырмашылық жоқ. Ал сұлу мен әдемі сөзі синонимдер, өйткені олардың қолданылуында ондай біркелкілік жоқ. Мысалы, сұлу қыз, сұлу келіншек, сұлу жігіт деп айтуға болғанмен сұлу қағаз, сұлу жіп, сұлу ағаш деп айта алмаймыз. Керісінше әдемі сөзі қыз, келіншек, жігіт дегенде сұлу сөзінің орнына қолданылумен бірге әдемі қағаз, әдемі ағаш, әдемі жіп деп айтуға толық болады. Сөз варианттары тілдің барлық деңгейлерінен көрініс табады. Соған орай, тіл-тілде варианттылықтың фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік параллелизмдер, орфографиялық және орфоэпиялық түрлері көрсетіледі.
Сөз варианттары мынадай үш түрлі белгі арқылы ажыратылады: а) сөздің түбірінде морфемдік ұқсастықтың болуы; ә) лексика-семантикалық ұқсастықтың болуы; б) дыбыстық өзгешелік лексика-семантикалық өзгеріс тудырмауы тиіс. Осы айтылған анықтаманың бірінші белгісіне варианттылықтың лексикалық түрі сай келмейтіндіктен, лингвистикалық әдебиеттерде лексикалық дублеттер деп танылады. Лексикалық дублеттер деп мағыналық толық сәйкестікке құрылған, не стильдік реңкі, не қолданылу өрісі жағынан ерекшеленетін морфемдік құрамы әр басқа лексикалық бірліктерді айтамыз. Мысалы: әтеш // қораз; қолтырауын // темсақ; тудіңгек // тутұғыр; жайма нан // қамыр // іңкәл // шелпек // жұқа нан және т.б.
Варианттылықтың фонетикалық, грамматикалық, орфографиялық және орфоэпиялық түрлерінің, лексикалық дублеттердің пайда болуы және қалыптасу жолдары, олардың қолданыстық ерекшеліктері мен әдеби тілге әсері жайлы И.Қ.Ұйықбаев пен С.Бизақов өздерінің монографиялық еңбектерін арнаған.
Вариантты сөздер қолданыла келе жеке-жеке мағыналық реңке ие болуына байланысты синонимге айналуы да мүмкін. Мысалы: а-ы дыбыстарының алмасуы арқылы пайда болған айла-ыйла сөздері вариантты сөздер тобынан синонимдер қатарына ауысып кетті. Осындағы айла сөзі қулық сөзімен синонимдес болса, ила сөзі ілдәлда «жоқтан бар етіп ылаждау» сөзімен синонимдес болады. Мысалы: Жапарқұлдан қалған қара шанырақтың енді қайтіп илаға жарамастай боп, қаусаған жері осы ма екен? (С.Бақбергенов). Бізде жөні бүтін үй жоқ, малымыз тұратын қора жоқ, бәрі әншейін ілдәлда баспана (Т.Нұртазин).
Егер вариантты сөздердің әрқайсысы жеке мағынаға ие болып, басқа-басқа ұғымды білдіріп жатса, тіліміздің сөз байлығын арттырғаны. Мәселен, өкімет пен үкімет сөздерінің алғашқысы власть, соңғысы правительство мағынасын беретін болғаны осының айғағы. Көйлек, жейде сөздері о баста лексикалық дублеттер қатарынан саналса, қазіргі тілімізде бұл сөздердің мағынасы сараланған. Яғни, жейде - ерлер көйлегі болса, көйлек - әйелдер дің киетін киім атауы ретінде қалыптасқан.
2. Қазақ тілінде әдет-ғұрыпқа байланысты адамның атын не айналадағы заттар мен құбылысты тура атамай, оларға өздерінше ат қою дәстүрі болған. Мысалы, қазақ әйелінің күйеуін атамай көкесі, әкесі; күйеуінің кіші туыстарын мырза жігіт, төрем, кекілдім; күйеуінен үлкендерді қайын аға, қайын ата т.б. атау.
Табу - о баста соқыр сенім мен тыйым салу арқылы қалыптасса да, ол әйелдердің өзгеге көрсететін ілтипатын, сыпайылығын білдіретін әдет-ғұрыпқа айналып кеткен. Қазір табу жолымен атау тарихи шығармаларда, бірлі-жарым қарт ердің сөзінде ғана кездеседі. Сондай-ақ қазақтың туған баласын ұл деп атаудан қорқып оны жаман, ат байлар деп атауы да табудан туған. Қазақ тілінде табу тек адам атына ғана байланысты кездеспейді. Айналадағы өзі қорыққан, сенімсіз күшке қарай түрлі атаулар пайда болған. Мысалы, қасқырды итқұс, ұлыма, жыланды қамшы, ұзын құрт, шиебөріні шуылдақ, ракты жаман ауру, туберкулезді жіңішке кесел деу олардың атын атаудан қорқудан туған.
Ал эвфемизмдер – табу секілді зат не құбылысты, оның сапасы мен қимыл-қозғалысын тура атамай өзгертіп айтуға байланысты сөздер. Бірақ табу мен эвфемизм бір емес, екеуі екі басқа ұғым. Эвфемизм табу сияқты қорқу, үрейленуден, әлденеге нанудан тумайды. Ол көбінесе әдептілік, сыпайлыққа, жұмсартып айту мақсатына байланысты қалыптасады. Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдерді арнайы зерттеген ғалым Ә.Ахметов: «Эвфемизм дегеніміз - өңін айналдырған табу немесе тура атауына тыйым салынған ұғымның бет пердесі, табудың жасанды синонимі (2, 7 б.). Ә.Болғанбаевтың анықтауынша, қазақ тілінде эвфемизм тәсілімен сөз алмастырудың мынадай жолдары бар:
1) Ауру аттары алмастырылады: құрт ауруы - өкпе ауруы, қояншық – талма ауруы;
2) Адамның дене мүшесіндегі кем-кетік атаулары алмастырылады. Мысалы, саңырау, керең деген сөздердің орнына құлағының мүкісі бар, құлағы ауыр деп, семіз деудің орнына етжеңді, етті деп, аяғы ақсақ деудің орнына аяғының сылтымасы бар деп айту осындай мақсатқа лайық айтылған.
3) Мағынасы айтушы мен тыңдаушыға бірдей ерекше жағымсыз, дөрекі сөздер алмастырылады. Мысалы, түзге шығу, үлкен дәрет, кіші дәрет, көңілі жақын, суық жүріс, көзіне шөп салу және т.б.
4) Үйлену мен тұрмыс құруға байланысты сөздер алмастырылады: келін түсіріпсің, балаңды құтты орнына қондырыпсың, құсың қайырлы болсын, қолыңа құс қондырыпсың, аяғы ауыр және т.б.
5) Қоғам өміріндегі адамдардың бір-бірінің жағымсыз қарым-қатынастарына қатысты сөздер алмастырылады. Мысалы, сөзге келу, жүз жыртысу, аузы жеңіл, қолы ашық, қалтасы тесік, ұзын құлақ, қыз мінезді, қыздай сызылып тұрады (3, 228-232- бб.).
Б.Сағындықұлының көрсетуінше, эвфемистік мағынада жұмсалатын топтар кездеседі. Олар: эвфемистік метафоралар (Сұлуы бұл заманның тек жатпаған. Абай); эвфемистік метонимиялар (Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық); эвфемистік синекдоха (тұяқсыз); эвфемистік символ (асқар таудың құлауы, гүлдің солуы, ағар бұлақтың суалуы – сұм ажалды бейнелеп тұрған символдық образдар); эвфемистік ирония (Асылым құдай берген өз бағыма, Теңелмес жеті Біржан тырнағына, Найманда ол –дария, саяткерім, Балық боп ілінемін қармағына (Біржан мен Сара айтысы); эвфемистік фразеологизмдер қатарына жерден алып жерге салды, ит терісін басына қаптады, беті ашылу, ауыз бастырық, суық қол сияқты тіл бірліктерін жатқызуға болады (3,96-98 бб.).
Эвфемизмдер табиғаты жағынан тура мағыналы сөзімен синонимдес сияқты. Сондықтан да кей ғалымдар оны синонимнің бір түрі деп есептейді.
Кейде эвфемизмге қарама-қарсы, сыпайы сөйлеудің орнына дөрекілеп айту үшін қолданылатын сөздер де болады. Оны тіл ғылымында дисфемизм немесе какоэвфемизм деп атайды. Мысалы, семіз деудің орнына былшиған, ірі денелі деудің орнына арбиған, алпамсадай, қыз деудің орнына тесік моншақ, түкке тұрмайды деудің орнына боққа тұрмайды, бала деудің орнына боқ мұрын деп айту жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |