3. Синонимдердің стильдік мәні неше алуан функционалдық сипатта қолданылуымен тығыз байланысты. Тіліміздегі синонимдердің мынадай стильдік реңктері байқалады:
1.Қадір тұтып сыйлағандықты білдіретін реңктер. Мысалы: есім сөзі ат сөзінен, отағасы – үй иесі сөзінен, дәм – ас сөзінен, перзент – бала сөзінен, қара - өлім сөзінен жоғарылау.
2.Салтанат құру мәніндегі көтеріңкі реңктер. Мысалы: жүлде – бәйге сөзінен асқақ, мерекелеу – тойлау сөзінен көтеріңкі, азамат - жігіт сөзінен жоғары айтылады.
3.Поэтикалық реңктер. Мысалы: асқар – биік сөзіне, қол - әскер сөзіне, мәртебе – атақ сөзіне, қаһарман – кейіпкер сөзіне, шапақ – арай сөзіне қарағанда поэзияда жиі кездеседі.
4.Дөрекілік мәніндегі реңктер. Бұл қатардағы синонимдердің біреуі бейтарап, екіншісі сыпайы, үшіншісі тұрпайы мәнді білдіріп, ала-құла реңк тудырып отырады. Мысалы: сықпыт сөзі бет сөзіне қарағанда, шолжың – ерке, шойнақ – ақсақ, азынау – жылау сөзіне қарағанда белгілі контексте дөрекілеу болып жұмсалады.
5.Кекесін, мысқыл мәндегі реңктер. Қожаңдау орынсыз кісілік көрсеткенде, тұштаңдау орынсыз жеңілтектенгенде кекесін мәнді білдіреді.
6. Менсінбеушілік, кеміту мәндегі реңктер. Мысалы: бұт артар – көлік орнына, еркек кіндік – ер азамат, шүйке бас- әйел, шикі өкпе – бала орына қолданылып кеміту мәнінде айтылады.
Синонимдерге тән мағыналық, стильдік қолданудағы үш түрлі белгі бір-бірінен алшақ жатқан дүние емес, өзара тығыз бірлікте болатын ерекше белгілер ретінде танылады (1, 107).
4. Тілдегі синонимдер әр түрлі жолдармен пайда болады.Қазақ тіліндегі синонимдердің келіп шығуының мынадай жолдары бар:
1. Синонимдер көпмағыналы сөздердің есебінен жасалады. Мысалы: тура – түзу – тік – тіке; тура - дұрыс – жөн; тура – дәл – шақ;
2. Синонимдер сөзжасам тәсілдері арқылы пайда болған:
а) аффикстер арқылы: әуесқой - әуесшіл – еліккіш – еліктегіш - қызыққыш;
ә) біріктіру арқылы: мансапқұмарлық – шенқұмарлық – атаққұмарлық;
б) қосарлау арқылы: жиған-терген, тапқан-таянған; күш-қуат, күш-жігер, қажыр-қайрат, қажыр-қуат;
в) тіркесу арқылы: өмір бақи – мәңгі бақи – ғұмыр бақи;
г) омонимдер арқылы: табандау – сіресу – қасарысу – қырсығу – қыңыраю.
3. Кірме сөздер арқылы пайда болған синонимдер: а) араб сөздері арқылы: ақиқат (хәқиқат) – шындық – растық;
ә) парсы сөздері арқылы: зор (зур) – үлкен – дәу;
б) моңғол сөздері арқылы: аймақ (аймаг) - өңір – атырап – төңірек – маңай;
в) орыс сөздері арқылы: бөтелке (бутылка) – шыны – шөлмек;
4. Синонимдер диалектизмдердің есебінен жасалған:
а) Дыбысталуы жағынан әдеби тілде кездеспейтін, бірақ әдеби сөзбен мағынасы үйлес келетін сөздер: дәйіс – ұятсыз – арсыз;
ә) Дыбысталуы жағынан әдеби тілде кездесетін, бірақ білдіретін ұғымы басқа сөздер: сым – шалбар, жар – қабырға.
5. Синонимдер фразалық тіркестердің есебінен жасалады: ұзын құлақ – сыбыс, өсек; еті тірі – пысық, ширақ;
6. Синонимдер табу мен эвфемизмдердің есебінен жасалған: күн байыды – күн батты, кешкірді; дүние салды – қайтыс болды, өлді.