28-бап. Ерлі зайыптылардың құқықтары мен міндеттерінің туындауы Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері азаматтық хал актілерін жазу органдарында некеге тұру мемлекеттік тіркелген күннен бастап туындайды.
29-бап. Ерлі-зайыптылардың отбасындағы теңдігі 1. Ерлі-зайыптылар тең құқықтарды пайдаланады және тең міндеттер атқарады.
2. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы қызмет, кәсіп түрін, тұрғылықты жерді таңдауда ерікті.
3. Ана, әке болу, балаларды тәрбиелеу, оларға білім беру мәселелері мен отбасы өмірінің басқа да мәселелерін ерлі-зайыптылар бірлесіп шешеді.
4. Ерлі-зайыптылар отбасындағы өз қатынастарын өзара сыйластық және өзара көмек негізінде құруға, отбасының игілігі мен нығаюына жәрдемдесуге, өз балаларының денсаулығына, өсіп-жетілуіне және олардың әл-ауқаты жағдайына қамқорлық жасауға міндетті.
30-бап. Ерлі-зайыптылардың тек таңдау құқығы 1. Некеге тұру кезінде ерлі-зайыптылар өз тілектері бойынша ортақ тек ретінде өздерінің біреуінің тегін таңдап алады не ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өзінің некеге тұрғанға дейінгі тегін сақтап қалады, не өз тегіне екінші жұбайдың тегін қосады.
Егер ерлі-зайыптылардың біреуінің некеге тұрғанға дейінгі тегі қосарлас болса, тектерді қосуға жол берілмейді.
2. Ерлі-зайыптылардың біреуінің тегін өзгертуі екінші жұбайдың тегін өзгертуіне әкеп соқпайды.
3. Неке бұзылған жағдайда ерлі-зайыптылар ортақ текті сақтауға немесе өздерінің некеге тұрғанға дейінгі тегін қалпына келтіруге құқылы.
7-тарау. Ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары мен
міндеттері
1. Ерлі-зайыптылар мүлкінің заңды режимі
31-бап. Ерлі-зайыптылар мүлкінің заңды режимі ұғымы 1. Егер неке шартында өзгеше белгіленбесе, ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігінің режимі олардың мүлкінің заңды режимі болып табылады.
2. Ерлі-зайыптылардың шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің бірлескен меншігі болып табылатын мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 224 және 225-баптарымен белгіленеді.
Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.