53-бап. Баланың ата-анасымен және басқа да туыстарымен қарым-қатынас жасау құқығы 1. Баланың ата-анасының екеуімен де, аталарымен, әжелерімен, аға- інілерімен, апа-сіңлілерімен (қарындастарымен) және басқа да туыстарымен қарым-қатынас жасауға құқығы бар. Ата-анасы некесінің бұзылуы, оның жарамсыз деп танылуы немесе ата-анасының бөлек тұруы баланың құқығына әсер етпеуге тиіс.
Ата-анасы бөлек тұрған жағдайда баланың олардың әрқайсысымен қарым- қатынас жасауға құқығы бар. Ата-анасы әртүрлі мемлекеттерде тұрған жағдайда да баланың өз ата-анасымен қарым-қатынас жасауға құқығы бар.
2. Қысыл-таяң жағдайға ( ұсталу , тұтқындалу , қамауға алыну , емдеу мекемесінде болу және т.с.с ) ұшыраған баланың заңда белгіленген тәртіппен өзінің ата-анасымен және басқа да туыстарымен қарым-қатынас жасауға құқығы бар.
54-бап. Баланың өз пікірін білдіру құқығы Бала отбасында өз мүддесін қозғайтын кез келген мәселені шешу кезінде өзінің пікірін білдіруге, сондай-ақ кез келген сот немесе әкімшілік іс қарау барысында тыңдалуға құқылы. Он жасқа толған бала пікірі, егер бұл пікір оның мүдделеріне қайшы келмейтін болса, ескерілуге міндетті. Осы Заңда (56, 70, 84, 86, 88, 97, 98, 122-баптар) көзделген жағдайларда қорғаншы және қамқоршы органдар немесе сот он жасқа толған баланың келісімімен ғана шешім қабылдай алады.
55-бап. Баланың ат алуға, әкесінің атын және тегін алуға құқығы 1. Баланың ат алуға, әкесінің атын және тегін алуға құқығы бар.
2. Балаға ат ата-анасының (немесе олардың орнындағы адамдардың) келісімі бойынша қойылады, аты-жөні әкесінің аты бойынша не ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып беріледі.
Әкесі атын өзгерткен жағдайда оның кәмелетке толмаған балаларының әкесінің аты-жөні өзгереді, ал кәмелетке толған балалардың әкесінің аты- жөні бұл туралы өздері арыз берген жағдайда өзгертіледі.
3. Баланың тегі ата-анасының тегімен айқындалады. Ата-анасының тегі әртүрлі болған жағдайда балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі.
Ата-анасының тілегі бойынша балалардың тегі ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып, әкесінің немесе атасының атынан шығарылуы мүмкін.
4. Баланың атына және (немесе) тегіне қатысты ата-ананың арасында туындаған келіспеушілік сот тәртібімен шешіледі.
5. Егер әкесі белгіленбесе, баланың аты анасының көрсетуі бойынша қойылады, әкесінің аты-жөні баланың әкесі ретінде жазылған адамның аты бойынша (осы Заңның 49-бабының 3-тармағы), тегі - анасының тегі бойынша беріледі.
6. Егер ата-анасының екеуі де белгісіз болса, баланың тегін, атын, аты-жөнін қорғаншы және қамқоршы орган қояды.