Толғатқан сыйырға жəрдем.
Сыйыр бұзаулауы бұлай болады: жатырының ауызы ашылып, кеңійді;
қағанақ жарылады, бұзау шығады, шұуы түседі.
Толғатқанда жатыр кішірейіп тартылады. Жатыр тартылғанынан сый-
ыр күшенеді, мықышыйады. Күшенгеннен қағанақ жарылып, шарана
ағады. Шарананың сұуы мен бұзау ысырылып, шығатұн жолына келеді.
Сыйыр күшеніуін қойа тұрады; дем алады. Бір азырақтан соң сыйыр тағы
күшенеді; кейде бұл жолы тұмсығы да көрінеді. Сыйыр күшеніуін қойады.
Мұнан соң күшенгенде бұзау сыртқа шығады. Кейде бұзаудың қағанағы
жыртылмай шығады. Онда қағанақты тез жыртып тастау керек. Əйтпесе,
бұзау тұншығып өліп кетеді.
Сыйыр оң толғатса, бұзаңдың тез шығыуына жəрдем берем деп əуре-
ленбеске керек. Жатырдың ауызы ашылып, бұзау сыртқа шыққанша алты
сағаттай мезгіл кетеді. Мұны ұмытпасқа керек. Сондықтан бұзау іште
дұрыс жатса, алты сағатқа шейін сыйырды əурелемей, өзіне салыу керек.
Толғақ мұнан ұзаққа созылса, себебін біліу керек. Толғақ ұзаудың себебі
көп болады. Көбінесе толғақ ұзаған себебі – сыйырдың əлсіз күшеніуінен,
иə өте күшеніуінен, иə жатырдың ауызы жабылғандықтан болады. Сыйыр
арық болса, əлсіз күшенеді. Сыйырды қаттырақ күшендіріу үшін иə кесе
жарымдай арақ, бір бөтелке жылы сұуға шекер (қант) езіп беріп ішкізіу
керек. Сыйырды жай күшендіріу үшін иə кесе жарым арақ беріу керек;
иə мұрнының ортасындағы шеміршегін қысып, сауырына салмақты нəр-
се (құм салған қапшық) қойыу керек. Жатырдың ауызы жабылса, ашыу
керек. Оны бұлай ашады: оң қолдың білегін сыбанып, жылы сұумен са-
бындап жұуыу керек. Тырнақты тазартып, қырқыу керек. Үйткені ылас
тырнақ, ылас қол мен сыйырға ауырыу жұқтырыуға болады. Сонан соң
қолды сары май мен майлап, саусақтардың басын сүйірлеп қосып, сыйыр-
дың сауырына тығады. Қолды ептеп тығып, оңға, солға аударып, жатырдың
аузын сыйпап табады. Жатыр аузы жабық болса, əуелі бір саусақты, сонан
соң екінші саусақты, онан кейін үшінші саусақты, соңынан барлық қолды
тығып, жатыр аузын кеңітіу керек. Сонан соң бұзаудың қалай жатқанын
байқайды. Бұзау дұрыс жатыуға да, теріс жатыуға да мүмкін. Бұзау басы
екі алдыңғы айағының ортасында шығатұн жағына қарай жатса, дұрыс
келе жатқаны. Иə бұзаудың екі артқы айағы ілгері келе жатсада, дұрыс
жатқаны болады.
Бес томдық шығармалар жинағы
23
(сүгіретті қара)
Бұзау бүйірі мен, арқасы мен, қарны мен ілгері келе жатса, теріс жатқа-
ны болады. Басы қайырылып жатса, иə бір жағына бұрылып кетсе, болма-
са айақтары бүгіліп жатсада, теріс келе жатқаны болады. Бұзау дұрыс келе
жатсада, кейде сыйырға жəрдем керек болады. Бұзау ірі, сыйыр ұуақ болса,
бұзау шығыуы қыйын болады. Ондай кезде бұзаудың басы мен айағына
берік жіңішке жіп салып алады. Жіпті карбөлге иə борни кислота деген
дəріге малып алыу керек. Бұлар табылмаса жіпті сұуға сабындап тазартып
жұуыу керек. Əйтпесе сыйырға аурыу жұғады. Салған жіп пен бұзаудың
басын екі айағын ептеп жайлап бір саз бен тартыу керек. Үйткені күшен-
генде сыйырдың өзі жəрдем береді. Сыйырға, бұзауға зыйан келмес үшін
бір неше адам болса, ептеп бəрі бірден тартыу тиіс. Бұзауын тартқанда
қозғалмасқа сыйырды мүйізінен байлап қойады. Мойнынан байласа сый-
ыр қылғынып қалады. Сыйырдың басын түзіу жатқызған артық. Түзіу
жатқызыу үшін басының астына шөп салса болады. Толғатқан сыйырдың
басында бір адам қарап тұрғаны жөн. Бұзау шықпаса, қол салып бұзау қа-
лай жатқанын байқау керек. Күш салып зорлық пен бұзауды сұуырып алыу
жарамайды. Əйтпесе, сыйырдың жатыры, үйі бірге түседі. Жатырына зый-
ан келіп кезік алып, ауырып, сыйыр өліуге кəдік.
Сыйырдың теріс толғағы.
Бұзау теріс келсе, сыйырға жəрдем керек. Алды мен қол салып бұзауды
дұрыс жатқызыу, толғақты оңайлатыу тійіс. Бұған керек шаралар мына-
лар: 1) сыйырдың күшеніуін кемітіу керек. Əйтпесе қол салып жөндеуге
болмайды; 2) бұзауды кейін ійтеріп жіберіу керек. Үйтпесе қол салып жөн-
деуге келмейді; 3) бұзауды дұрыс жатқызыу керек; 4) қол мен иə жіп пен
бұзауды тартып алыу керек.
Сыйырды аз күшендіріу үшін жарты бөтелке арақ беріледі. Арақ та-
былмаса сауырына салмақты нəрсе (құм салған қапшық)
қойып, мұрын
арасындағы желбезегін қысыу керек. Арт жағын жоғары көтеріу тійіс.
Артын жоғары көтеріу үшін сыйырдың жанбасының астына көң салсада
болады. Мұнан соңда сыйыр қатты күшеніуін қоймаса, бұзауды кейін ій-
Бес томдық шығармалар жинағы
24
теріуге, келмесе бұлай істеу керек. Ұзын таза оқтауды сары май мен майлап
бұзаудың алдыңғы жағына тіреу керек. Оқтаудың сыртқы ұшын көкірекке
тіреп тұрыу керек. Сонда сыйыр қатты күшене алмайды. Бұзауды кейін
түскен соң, қол мен сыйпап дұрыс жатқызыуға келеді. Кейде сыйырдың
артынан бұзаудың тұмсығы шығып тұрады да, алдыңғы айақтары көрін-
бейді. Ондай кезде таза жіпті бұзаудың тұмсығына шалып алып, кейін жі-
беріу керек. Сонан соң қол салып, бүктелген айағын сыйпап табады. Бүк-
телген айақты жіп салып біртіндеп жайлап жазады.
(сүгіретті қара).
Сонан соң бұзаңдың басын екі айағының арасына салып, жайлап бұзауды
тарта бастайды. Бұзау арты мен келе жатса, жіпті артқы айақтары мен құй-
рығына шалып алып тартыу керек.
Кейде бұзаудың бір алдыңғы бір артқы айағы ілгері көрінеді. Білмеген
адам толғағы дұрыс деп ойлайды. Бірақ, қанша тартсада, ондай бұзауды
дұрыс шығарыуға болмайды.
Мұндай кезде бұзауды кейін ійтеріп жіберіп, айақтарын дұрыс жөніне
салып алып, сонан соң жіп пен тартыу керек.
Кейде жатырдың ішінде бұзау өліп жатады. Бұзау өлгенін сыйырдың
сауырынан сасық ійіс келгеннен біліуге болады. Өлген бұзауды тез алып
тастап, қайнаған жылы сұуға 1% карбөлке салып сыйырдың жатырын жұу
керек.
Бұзауды ырғақ сықылды құралдармен тартыуға жарамайды. Ондай
құралдармен білетүн тек дəрігерлер ғана тарталады.
Сыйыр толғағы теріс келсе, жақын жерде болса, бəрінен артығы мал
дəрігерлерін шақырыу.
Н – О.
Бес томдық шығармалар жинағы
25
Сыйырдың өлшемей салмағын біліу.
Сыйырдың салмағын кірге салып өлшемей ақ,
сыйырдың тірілей салмағын шамалап біліуге бо-
лады. Тірілей сыйыр салмағын оқымыстар бір
неше əдіс пен біледі. Біреуі тырұуқанобскійдің
əдісі; сыйырды алды мен тегіс жерге қойыу керек.
1. Тырұуқанобскійдің əдісі: біршүкке бөлінген
таспа мен 1) құйрық түбінен бастап шоқтыққа
шейін өлшейді, б) ердің алды келіп тұратұн жау-
рын ойаңымен қолтық тұсынан айналдыра
өкпелікті өлшейді. арқамен өкпелікті өлшегеннен
шыққан санды біріне бірін көбейткенде қанша сан
шықса, сыйырдың салмағы сонша қадақ болады.
Мəселен сыйырдың тұрқы 27, өкпелігі 26 бір шүк болса, тірілей сал-
мағы 27х26=703 қадақ (17 пұт 22 қадақ) шамалы болады.
«Ауыл шарыуашылығы»
Сыйырдың жасын біліу.
Сыйырдың жасын мүйізіндегі бұунағына қарай біліуге болады. Сыйыр
əр бұзаулағанда, мүйізінің төменгі жағында бір бұунақ тап болады. Сый-
ыр мүйізінде неше бұунақ болса, сонша бұзаулағаны. Сыйыр көбінесе екі
жасында (құнажынында) бұзаулайды. Сондықтан сыйыр мүйізінің бұу-
нағына екі қоссақ, сыйырдың жасын білеміз. Мəселен сыйырмүйізінде 6
бұунақ болса, жасы 8-де болғаны.
Кейде сыйыр қысыр қалады. Қысыр қалған жылы сыйыр мүйізінде
жаңадан бұунақ түспейді. Бірақ ол жылы бұрынғы бұунағының біреуі
басқаларынан тым үлкен жалпақ болып өседі. Ондай сыйырдың жасын
біліу үшін əлгі екі жылдың үстіне тағы бір жыл қосыу керек.
Кей бір сыйырлар тоқал болады. Иə мүйіздері сынып қалған болады.
Бұлардың жасын тек тісіне қарап біліуге болады.
«Білім еңбек» кітабы.
Сұраулар: Үйлеріңдегі сыйырларыңның мүйізіне қарап жасын та-
быңдаршы?
Жылқының жасын біліу.
Қазақ арасында тай, құнанның жасын біліу қыйын емес. Қазақ тай-
дың жал құйрығын бірдей күзейді. Құнанның тек жалын күзейді. Дөненді
бестіден айырыуда қыйын емес. Еркек жылқының төменгі жалғыз азыуы
бестісінде шығады. Азыусыз ат, азыулы байтал сійрек ұшырайды. Қазақ
тажірыйбасында азыусыз ат, азыулы байтал қолға түспейтүн жақсы бо-
лады. «Азыусыз ат азыулы байтал міна алмадым» деген мақал бар. Сырт
жағынан қарапда дөненді бестіден айырыуға болады. Дөненнің ол жер,
бұл жері жіңішке толыспаған болады. Алты, кейде жеті жасына шейін ат-
Бес томдық шығармалар жинағы
26
тың мүшелері толығып жетпейді. Ескі жырларға, мақалдарға қарағанда,
өмірі ат үстінде өткен ата бабаларымыз ұзақ жолға бестіден бері ат мін-
бейді екен. Кейде жасын бестенде асырып мінеді екен. Онан бері аттың ол
жер бұл жері толыспайды, əлсіз келеді дейді екен. Орақ батырдың жауға
мінетүн «Алдынан қара кетпеген, артынан қара жетпеген» қабылан құлақ
қара аты қартайғанда, Қарасай балаға өткен күнін бұлай ыспаттайды:
«Мен құлында емдім, тайда емдім
Дөнен жасқа келгенде
Азыу тісін жарсын деп
Ондада Орақ мінген жоқ.
Бес жасымда үйретті
Мойныма арқан сүйретті.
Алты жасқа келгенде
Белін түзеп алсын деп
Ондада Орақ мінген жоқ.
Жеті жасқа келгенде
Аршынын түзеп алсын деп,
Мүшесін сыртқа салсын деп,
Ондада Орақ мінген жоқ.
Сегіз жасқа келгенде
Серке санды болсын деп,
Олқы жері толсын деп,
Ондада Орақ мінген жоқ.
Тоғыз жасқа келгенде
Сондада мені үйретті.
Жібектен арқан сүйретті,
Бауырынан жаратты,
Маңдайым жауға қаратты,
Тұйақтан ұшқан тозаңды
Жауған қардай боратты.
Желпілдетіп тұуларды
Ат болды деп құуанды»
Сүйтіп, аттың денесінің толысыуына қарай да жасын біліуге болады.
Бірақ, ылғи тұрпатына қарай жылқы жасын біліу қыйын. Тісіне қарай
жылқы жасын біліу оңайырақ.
Жылқы құнаннан дөнен шығарында тісейді. Бестісінде еркек жылқы
азыуын жарады. Онан əрі жалқы жасын жылқының төменгі қасқа тістеріне
қарай біледі. Қасқа тістерінің бірі тартылған екі дөңгелек болады. Мұны
«тістің мөрі» дейді. Дөңгелектердің ортасы ойаз, айналасы қара болады.
Қасқа тісі жылқыда алтау. Алды мен ортадағы екі тістің мөрі кетеді. Мөрі
кетіудің мəнісі ішкі дөңгелектің қыры аласарып, ортасындағы қарауытқан
жері сарғайады. Соңынан мөрдің қыры тіпті жоғалып, ортасындағы
сарғайған жері ағарып кетеді. Бұл қартайған жылқыда болады. 6 жасын-
да жылқының ортадағы екі қасқа тісінің мөрі кете бастайды. 7 жасында
мөрдің ортасы сарғайады. 8 жаста ортадағы екі қасқа тіске жалғас екі
тістің мөрі кете бастайды. 9 жаста бұл екі тістің мөрі кетеді. 10 жаста шет-
кі екі қасқа тістің мөрі кете бастап, 11-12-сінде орны сарғайып, айналасы
Бес томдық шығармалар жинағы
27
аласарып тұрады. 12-ден асқан жылқының тісінде мөр болмайды; үсті те-
гістеле береді. Жылқы қатты шөп жеп жүрсе, тістің мөрі мұнанда ертерек
кете бастайды.
(Тісіне қарап аттың жасын айырып көріңдер)
Қара шарыуаға қандай ат керек.
Қара шарыуаның аты көністі. Қалың анау, мынау кезде ауырмайтұн
болыу керек. Сұуыққа тоңғыш жұқа жылқы, бапелеп кетіуді керексінетүн
жылқы қара шарыуаға қол емес. Қара шарыуаның аты басынан нені кешір-
мейді? Ызғарлы қыстыда, қарыған айаздыда, ысқырған борандыда, күндіз
түні сабалаған жауындыда қара шарыуаның аты жұмыста жүріп басынан
кешіреді.
Қара шарыуаның аты тамақ талғамайтұн болсын. Қазақ қара шарыуасы-
ның қолында жақсы шөптің қоры аз болады. Тамақ талғағыш жылқы қара
шарыуаға масыл болады.
Қара шарыуаға ербійген-сербійген ірі жылқының керегі жоқ. Ірі
жылқыға тамақ та көп керек. Ондай жылқының тамағын тойғызыу қыйын
болады. Тамағы тоймаған ат жұмысқада дұрыс жарамайды. Қара шарыуаға
онша іріде емес, онша уақда емес жылқы тійімді. Тым уақ жылқыны қанша
пысық деген мен күші шамалы болады. «Кішкенені мақта да, үлкенді мін»
деген дұрыс мақал. Ірілігі орташа атты асырауда онша ауыр болмайды,
күшіде жақсы болады. Тамағы да жаман болмайды. Күші де жақсы бола-
ды. Тамағы жаман жерде уақ тырсылдаған қара етті жылқы ұстау тійімді.
Ондай жылқыға тамақда аз керек. Үй жұмысына күші де жетеді.
«Білім мен еңбек»-тен
Сыйыр сатып алыу.
(Дəмеш шешей мен Мариаш келін
жақсы сыйырды қалай танып сатып алды).
«Көрші қалада орыстың бір жесір қатыны сыйыр сатады дейді. Біздің
үйдегі сыйыр танымайды. Үйіңді бикешке тапсырып, мені мен бірге жүр.
Сыйыр көрелік» деді Дəмеш шешейге келіп Мариаш келін. Дəмеш шешей
ауылдағы қатындардың ішінде əрі тіс қаққаны, əрі сыйырды ұстаған адам
еді. Екі əйел арбаға қойқын көкті жегіп, жанындағы түйе мойнақ қаласына
қарай тартты.
Қалада сыйыр ійесі жесір қатын қорасына келіп кірді. Қоңыр шұбар сый-
ыр тұр. Жесір əйел мен қызы сыйырын көрсетіп, жүнін сыйпап, мойнынан
қағады. Мариаш келін өзі сыйыр танымайды, Дəмеш шешейге қарай береді.
Шешей не дер екен деп көзін айырмай күтеді. Дəмеш маңғазданып үндемей-
ді. Дəмешке қоңыр сыйыр бірден-ақ ұнаған. Бірақ əбдан қарағысы келеді.
Ысылған Дəмеш салғаннан сыйырдың желініне көз жіберіп, жайлап қа-
рай бастады. Үйтпесе болмайды: сүт шығаратұн деген – желін ғой.
Қоңыр сыйырдың желіні үлкен, тырсылдақ емес босаңдау, желіннің
терісі жұп-жұқа. Бетінде майда уақ жүн бар. Сүтті көп жыйнайтұн желін
түрі көрініп тұр. Желіннен тараған сүт тамырлары жуан, тап білеудей.
Бес томдық шығармалар жинағы
28
Дəмешке сыйыр желіні ұнады. Бірақ, анық жақсы біліу үшін сауып көр-
гісі келді.
«Сыйыр қалай екен?» деп сыбырлап Дəмештен Мариаш сұрайды. Мари-
аш сыйыр жайын білгенше асығып барады. Дəмеш естімеген кісі болып
жауап бермейді. Сыйырдан көз жазбайды. Қоңыр сыйырдың басы кішкене,
етсіз, мүйізі қысқа, сүйектері жіңішке, көзі ойнақшып тұрған жоқ. Жуас
сыйыр көрінеді. Жұмсақ жұқа терісі мойнына уақ-уақ қатпар болып жый-
налған. Қабырғалары əрі жіңішке, əрі жұқа, аралары қашық, сайына екі
саусақ сыйады. Құйрығы ұзын, жүні май жаққандай жылтылдап тұр. сүтті
сыйыр екені əр жерінен көрініп тұр. Дəмеш сыйырдың мүйізіне қарады.
Мүйізінде үш бұунақ бар екен. Үш бұзаулаған сыйыр екенін Дəмеш сезді.
Сыйыр бұзаулағанына екі айдай ғана болған. Ійесі күніне бір шелектен
асыу сүт береді дейді. Ійелері басқа жаққа көшеміз деп сыйырды сатыуға
тұр екен. Көшпесе сатарлық сыйыр емес. Дəмеш сыйырды сауып көргісі
келіп, шелек сұрады. Емшегі ұзын, тегіс, төменгі жағы жіңішкелеу – са-
уыуы оңай екен. Сыйырдың сүттілігі рас болып шықты. Сауып болғанда
сыйырдың желіні семіп, құр қабы ғана қалды. Құр ет желін емес, сүт желін
екені көрінді. Сыйырды сатып алыуға болғандай екен.
Сыйырды əбдан қарап болып, Дəмеш Мариаш келінге үндеме дегендей
болып көз қысты да, өзі сыйырдың нарқын сұрады. Бəсі қымбатырақ екен.
Дəмеш көп саудаласып барып, бəсіне келісті. Бір аздан соң Дəмеш шешей
мен Мариаш келін сыйырды тертеге байлап, қорадан шықты.
– Келін, сыйырың құтты болсын, жақсы сатып алдың. Желінінде бір
тамшы сүт қалдырмай сауып алып отырғайсы. Əйтпесе, қалған сүт желін-
ге зыйан келтіреді, – деді жолда келе жатып Дəмеш.
Сұраулар: Сүтті сыйырдың қандай белгілері болды?
Өз сыйырларыңның сүттілік белгісі бар ма? Сыйырды қалай сатып
алыу керек?
Сыйыр сауыуы.
Басқа қатындар: сыйырымыздың желініне жара түсті, көз тійді, емше-
гі жарылып кетті деп жүргенде, Дəмеш жеңгейдің сыйырларының желіні
ауырыусыз, даудан аман болады. Басқалардан Дəмеш жеңгей сүтті де
көбірек алады. Дəмеш жеңгей сыйырды сауа біледі.
Сыйыр келгенде Дəмеш қолын тазартып жұуып шығады. Шелегіне
жылы сұу құйып ала жүреді. Нар көз тостағанға тортасын айырған сары
май салып алып, таза шүберек ала шығады.
Əуелі қызыл сыйырға келіп, Дəмеш жеңгей емшегін жылы сұу мен
жуады. Таза шүберегі мен əбдан құрғатып сүртіп барып, сыйырын сауа
бастайды. Үрпін əуелі бір екі тартып жерге сауып жібереді. Сүйтіп, ем-
шек ұшында шаң болса кетсін дейді. Жана үріптен алдыңғы шыққан
сүт сұйық болатұнын біледі. Бұлардың бұзауға зыйаннан басқа пайдасы
жоқ екенін түсінеді. Бұзауын салып ійдіріп алған соң, Дəмеш сыйырды
кідірмей шапшаңдатып сауа бастайды. Сауғанда сыйыр емшегін Дəмеш
айқастыра тартады: алдыңғы емшекті артқа, артқы емшекті алға қарай
тартады. Басқа қатындарша Дəмеш екі саусағы мен саумайды. Барлық
саусағы мен емшекті жоғарырақ алақаны мен қысып тартады. Бұлай
Бес томдық шығармалар жинағы
29
сауыуды Дəмеш жүргінші бір ағыраномнан үйренген. Бұлай сауса сүт
қалмайды.
Дəмеш сыйыр желінінде бір тамшы сүт қалғанша сауады. Сыйыр
желінінде сүт қалдырып үйренбесін дейді. Жана соңғы сүт ең қойыу,
ең майлы болатынын біледі. Тіпті сүт қалмасын деп, сауып болған соң
Дəмеш жеңгей енесіне бұзауын салып алады. Басқа қатындардай: қалған
сүт сыйыр емшегінде тұрады демейді. Емшегінде сүт қалдырып үйреткен
сыйыр сүтін азайтатұнын көргені бар. Бұзауын емізіп болып, Дəмеш жең-
гей сыйырының емшегін үйден ала шыққан шүберегі мен əбдан құрғатып
сүртеді. Сонан соң əрі жарылмасын деп, əрі жұмсақ болсын деп майлап
қойады.
Кейде тарғыл қашар тыпырлап, құйрығы мен сабалап сауғызбайды.
Дəмеш тарғыл қашарды ұрып соқпақ түгіл, жекірмейді де. тек қашардың
құйрығын айағына байлап қойады да, сауа береді. Құйрығын бұлғай ал-
майтұн болған соң қашар тек тұрады.
Сұраулар: Сыйырды қалай сауыу керек? Шешелерің қалай сауады?
Қаймақ.
Сүт ішінде жүзіп жүрген уақ домалақ нəрселер болады. Бұл дома-
лақтарды жай көз бен көріуге болмайды. Уақ нəрсені əлде-неше жүз ірет
ірілендіріп көрсететүн құрал бар. Бұл құралдың аты – мійкроскоп. Көз-
ге ілінбейтүн нəрсені де мійкроскоп үлкен қылып көрсетеді. Мійкроскоп
бен бійтті қарасаң, жүндеген қара қайыс түйедей болып көрінеді. Айағы-
ның ұзындықтары құрықтай. Тырнақтары темір айырдай болып көрінеді.
Мійкроскоп бен сүтті қарасаң, арасында быжынап қалқып жүрген дома-
лақтарды көресің. Бұл домалақтар – май. Май сұудан жеңіл. Ет қайнағанда
хылан қара майы сорпаның бетіне шығады. Сүттің ішіндегі май жоғары
көтеріледі. Сүтті қозғамай құйсаң, ішіндегі май бірте-бірте жоғары кө-
теріліп, сүттің бетіне жыйылады. Сол жыйылған майды жұрт қаймақ дей-
ді. Сүт көп тұрған сайын ішіндегі май домалақтары жоғары шығып, бетіне
көбірек жыйылады. Сүт екі тəулік тұрса, ішіндегі май əбдан көтеріліп бо-
лады. Сүт көп тұрса, бетіне қаймақ көп тұратұны сонан. Екі тəулік тұрса,
сүт ішінде май қалмайды деседе болады. Сүтті шійкілей құйса, қаймақ
көбірек, жақсырақ тұрады.
Ашыған қаймақ.
Жылы жерде тұрған, иə көп тұрған сүт іріп кетеді; дəмі ашқылтым бо-
лады. Сүтті ашытатұн – көзге түспейтүн уақ құрттар. Мұны ғылым тілін-
де мəйкроб иə бəктері деп атайды. Жылы жерде бəктерілер тез көбейеді.
Сондықтан жылы жерде сүт тез ашыйды, ірійді. Қаймақты жылы жерге
қойса, ашый бастайды. Бірақ қаймақты ашытыудың уытын біліу керек.
Ашыуы жетпеген қаймақ тез бұзылады. Ашыуы асып кетсе, қаймақ дəмсіз,
тым ашшы болады. Дұрыс ашыған қаймақты салқын жерде ұстау керек.
Ашыған шійкі қаймақты орыс қалқы «ісметаны» дейді.
Бес томдық шығармалар жинағы
30
Сары май.
Қаймақтың өзі – май. Бірақ, қаймақтағы май уақ домалақ түйір болып
жүреді. Сол түйірлер біріне-бірі қосылса, қойылып, қатайып май болады.
Қаймақтағы домалақтар бір-біріне қосылыу үшін қаймақты шайқау керек.
Шайқағанда уақ домалақтар біріне-бірі тійеді, жабысады, қосылады, жұ-
марлақтана береді. Шайқай берсе домалақтар біріне-біріне қосылып іріле-
не береді. Ақырында балшықтай ійленіп үлкен домалақ болады. Сүйтіп
қаймақтан май шайқағанда майдың қойыу сұуы қалады. Сұу бетіне май
қалқып жүреді. Қалған сұудың ішінде айырылмаған май көп қалады.
Майды тез шайқайтұн машина болады. Ондай құралды қолдан ағаштан
жасауғада қыйн емес.
Ұсынақты адам май шайқайтұн машинаны бір көрсе, сондай қылып
жасап алыуғада болады. 1924 жылы 1/2 шелек қаймақты бірден шайқай-
тұн машина 12 сом, 2 ½ шелек қаймақ шайқайтұны – 30 сом 50 тыйн
тұратұн еді.
Шайқаған майды сұуық сұуға жұуыу керек. Сонда май ішінде сүт
қалмайды. Ішінде сүт қалған май тез бұзылады. Жұуылған майды əбден
сығып, ыдысқа салып алып қойады. Орыс қалқы сататұн майын жұуыу
бойына əзір қалыпқа салып қатырады. Тоңазыған соң, қағазға орап, ба-
зарға алып барып сатады.
Кейде сары майды ерітеді. Еріген май бұзылмай көбірек шыдайды.
Еріткен майды орыс қалқы «орыс май» дейді. Қазақ «шыртылдақ» дейді.
Сепаратұр.
Қаймақ айыратұн «сепаратұр» деген машина болады. Сепаратұр шет
елдің тілі. Қазақшасы – айырғыш, бөлгіш деген болады.
Қатындай айаққа салып тары екшегенде, ауыр дəндері табақтың
шетіне домалап шығып, жеңіл кебегі табақтың ортасында қалады. Не
ұғұрлым қатын табақты тез қақса, соғұрлым тарының дəні табақтың
жійегіне шапшаң жыйналады. Енді тіктеу зереңге шала жарылған сұулы
көжені құйып, қасық бен шапшаң-шапшаң былулақы. Сонда тарының
дəні үйріле бастайды. Бірақ, көженің ірі толық түйрі зереңнің шетіне
жыйыла бастайдыда, ортасында сұумен уақ жеңіл, жарылған дəндер қа-
лады. Мұны ғылым тілінде сыртқа теппе күш дейді. Сепаратұрда майды
сол күшке сүйеніп айырады. Сепаратұрдың май айырғаны да əлгі біздің
көже былғағанымыз сықылды. Сепаратұрдың əлгі біздің қасығымыз
сықылды тез айналып тұрған құралы – барабаны бар. Барабан мүйнеті-
не 5 мың ірет айналады. Сепаратұрға құйған сүт екі айрылады: бірі қай-
мақ сүттен жеңіл болған соң, сепаратұрдың ортасында қаладыда, ауыр
сүт, əлгі көженің түйрі сыйақтанып, сепаратұрдың шетіне жыйналады.
Бір түтік сепаратұрдың ортасынан сыртына шығып тұрады, екінші түтік
ішкі жійегінен ғана сыртқа шығады. Ортасынан шыққан түтіктен астына
қойған ыдысқа қаймақ ағып тұрады. Жійегінен шыққан түтіктен құр сүт
ағады.
Бес томдық шығармалар жинағы
31
Үлкендігіне, жұмысының өнімділігіне қарай сепаратұрдың нарқыда
түрлі болады. 1924 жылы сепаратұрлар 80 сомнан бастап 150 сомға шейін
баратұн еді. Тəуір сепаратұр бір шай қайнатымда 3 шелектей сүттен қай-
мақ айрады.
Сүт артелі.
Дəмеш жеңгейдің 3 бұзаулы сыйыры бар. Дəмеш сыйырының сүтін
сатып күн көреді. Сүтті Бөрте болысының сүт артеліне береді. Артелге
Дəмеш мүше болып кірген. Артел сүтті қалаға алып барады. Бөрте ар-
телінің басқа артелдер мен бірігіп сүт сататұн мағазіні бар. Сүттен түскен
ақшадан қалаға алып барған кірей пұлын, мағазін шығынын, ыдысқа кет-
кен ақшасы сықылдыларды шығарып тастайды. Қалғанын артел мүшелері
берген сүтіне қарай бөліп алып тұрады.
Бөртеде артел ашылмай тұрған кезде Дəмеш қыйндық көрді. Жоқшылық
салдарынан сүт сатбасқа амалы болмады. Базар 15 шақырымдай жерде.
Сүтін иə жайау алып барып, иə бара жатқан біреуге жалынып, кейде кіреу
төлеп де көлікпен алып барып сатып жүрді. Сүт тасып қалаға сатыуды
қыйнсынып, Дəмеш құрт, ірімшік, май жасап сатқысы да келді. Бұларыда
тіймді болмады.
Жақында екі шақырымдай жердегі ауыл сүт артелін ашты. Дəмеш жар-
на төлеп артелге кіргісі келді; қолына түскен ақшасы мен артелге барды
(жарна деп мүше болғандар төлейтүн ақшаны айтады. Бұл ақша артел жа-
сауға ұсталады). Қатынды артелге алмас депде Дəмеш қорқып келеді. Олай
болмай шықты. Қатындыда артелге ала береді екен. «Бізге еркек, əйел бəрі
бір. Бұл күнде теңдік. Үш сыйырыңа 15 сом салсаң болады» десті. Артелге
кіргендер сүтін қанша ішіп, біреуге тегін қанша беремін десе ерікті екен.
бірақ, артелден басқа жерге сатыуға болмайды екен. Дəмешке ыдысыңды
таза ұста деп ақыл берісті.
Дəмеш бұрынғыдай алыс базарға сүтін жайау тасымайды. Күнде ар-
телге алып келіп бередіде қолынға қағаз алады. Жұма сайын бəйсембі
күні ақша төлейді. Қанша төлейтүнін күнде беріп тұрған қағазына қарай
есептейді. Ақшаныда кбəйтенсе мен береді. Артелдің ісін басқарма мен
өкілдер жалпы жыйылысы басқарады. Бұларды сайлайтұн артелдегілердің
жалпы жыйылысы. Мүшелері артелге таза, жақсы сүт беріуі керек. Сон-
дықтан бұлар сүті қалада қымбатырақ сатылады. Қалада білетүн адамдар
артел сүтін алыуға тырысады.
Сүті көп болса, ақшасы да көп болатұнын біліп, артел мүшелері сый-
ырын дұрыс күтіп, дұрыс асырауға тырысады. Сүтті тұқымнан сыйыр
алыуға, ол сыйырға лайықты тамақ əзірлеуге ұмтылады. Оның үшін шөп
егеді, шарыуашылық гүлденеді. Артелдің сүтіде молайа береді, ісі де оңа-
ла бастайды. Артел тійімділігін біліп, жұрт артелге көбірек кіреді. Артел
мүшесі көбейеді. Артелдер молайады. Артел молайған сайын жұрт артелге
көбірек кіреді.
Бес томдық шығармалар жинағы
32
Достарыңызбен бөлісу: |