2.Салқам Жәңгір хан. Салқам Жәңгір — 1628-1652 Есім ханның ұлы. Ол хан тағына Есім хан өлген соң отырды. Жәңгір хан бойы аласа, бірақ толық денелі кісі болған. Сондықтан да халық оны «Салқам Жәңгір» атап кеткен. Оның тұсында Батыр қонтайшы басқарып тұрған жоңғар-ойраттардың күшеюі байқалды. Олар Қазақ хандығына үздіксіз шабуыл жасап тұрды.Жәңгір ханның билік еткен жылдары жоңғар феодалдарының қазақ жерін жаулап алуға жасаған үздіксіз жорықтар кезеңіне сай келеді. Кейбір мәліметтерге сәйкес Жәңгір ханның ордасы Түркістанға таяу маңда орналасыпты. Жәңгір хан Бұхар хандығымен одақтастық келісімге келіп, жоңғар басқыншыларына қарсы күрес жүргізді. Сонымен бірге, ол қырғыздармен де осындай қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. Мұның бәрі жоңғар шабуылынан қорғану мақсатынан туып еді. Дәл осы кезеңде Қазақ хандығы мен ойрат жоңғарлары арасындағы қарулы қақтығыстар жиілей түсті. Екі жақтың басшылары көшіп-қонуға жайлы жерлер және Сырдария өзені бойындағы сауда орталықтары үшін күрес жүргізді. Сол кезеңдегі тарихи мәліметтер бойынша, Жәңгір хан тұсында қазақтар мен ойрат жоңғарлары арасында үш ірі шайқас болған:
бірінші шайқас — 1635 жылы
екіншісі — 1643-1644 жылдары
үшіншісі — 1652 жылы
1635 жылғы шайқаста қазақ әскерлеріне Батыр қонтайшы бастаған жер қайысқан қалың қол қарсы тұрды. Бұл ұрыстың нақты нәтижелері жөнінде мәліметтер жоқ, бірақ шайқас кезінде Жәңгір ханның тұтқынға түсіп, біраз уақыттан соң қашып құтылғаны туралы деректер кездеседі
1643–1644 жылдардағы шайқаста толық жеңілмеген жоңғарлар болашақта болатын соғысқа мұқият дайындала бастады. Жоңғар қонтайшысы 1643–1644 жылдардағы жеңілістен кейін бытыраған иеліктерін біріктіріп, Сібірдегі орыс қалаларынан қару-жарақтар және оқ-дәрілер сатып алады.
Жәңгірдің қазақ хандығы үшін жасаған еңбегі өте зор. Біріншіден, Жәңгір хан бүкіл саналы өмірін ел қорғау ісіне арнады. Екіншіден, мемлекеттің сыртқы саясатын бірнеше бағытта жүргізіп, көршілес мұсылман елдермен жақсы қарым-қатынас орната білді. Үшіншіден, Жәңгір хан қазақ елінің азаттығы жолындағы шайқастардың бірінде нағыз ерлерше қан майданда қаза табады. Ал оның сүйегі қазақ елінің сол кезеңдегі астанасы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесі жанына жерленген. Жәңгірдің екі қызы, үш ұлы болған. Аппақ, Тәуке және Уәлибақы деген үш ұлдың ішінде Тәуке әкесінен соң тақ мұрагері ретінде қазақ ханы болып сайланды.