Әлеуметтік-экономикалық қайта құрудағы сияқты, мәдени құрылыс саласында да өтпелі кезеңде еңбекшілердің қалың бұқарасына түсінікті, ұғымды жолдар, тәсілдер, құралдар қолданылды.
Алайда мәдени құрылыс үлкен қиыншылықтармен күресу жағдайында жүзеге асырылды. Көшпелі және жартылай көшпелі өмір салты, халықтың ұлан-ғайыр аумақта сирек орналасуы, патриархатгық-феодалдық және клерикалдық институттардың ықпалы, өлкенің жалпы экономикалық артта қалуы, халықтың түгелдей дерлік сауатсыздығы, қатынас жолдары мен байланыс құралдарының жеткіліксіздігі, өте-мөте материалдық базаның әлсіздігі, кадрлардың жетіспеушілігі — осының бәрі жаңа мәдени құрылыс қарқынын баяулатты.
Орасан зор қиыншылықтар мен кертартпалыққа қарамастан қазақ еңбекшілерінің сауатын ашу жөнінде мақсаткерлік бағытта жұмыс жүргізілді. Мәдени қайта қүрулар әрқилы ұлтшылдық пен шовинистік көзқарастарға қарсы күрес үстінде өрістеді. Ұлы державалық шовинистік элементтер ұлттық мәдениетті дамытудың қажеттігін бекерге шығарды, ал ұлтшыл элементтер ұлттық томаға-тұйықтықты жақтады, қазақ халқын орыс және басқа халықтардың социалистік мәдениетіне ортақтастыруға қарсы шықты. Идеологиялық майдандағы күрестің қиындықтарын мәдениет қызметкерлерінің, жалпы интеллигенцияның, даярлығы бар кадрлардың аздығы да өршіте түсті.
Мақсаткерлік күрес жүргізу өзінің нәтижесін берді, феодалдық тонаулар жойылды, рулық-патриархаттық тәртіпке, рулық институттарға, діни соқыр сенімдерге қарсы күрес шиеленіскен жағдайда жүргізілді, қазақ әйелдеріне теңдік әперілді, жаппай сауатсыздықты жою, орта және жоғары білім жүйесін құру, кеңестік интеллигенция кадрларын қалыптастыру жөнінде кешенді шаралар жүзеге асырыла бастады.
Халық бұқарасының санасын оятуда, арттыруда, саяси-ағарту жұмысы маңызды орын алды. Еңбекшілердің белсенділігін арттыру үшін насихат күндері, апталықтар, айлықтар өткізіліп тұрды. Кітапханалар, мұражайлар, театрлар, жұмысшы үйлері, саяси сауат үйірмелері мәдени-ағарту жұмысының негізгі ошақтары болды, оларда көркемөнерпаздар үйірмелері жұмыс істеді. 1922 жылдың көктемінде республикада 7 орталық және 90 аудандық клуб, 33 аудандық халық үйі, 221 оқу үйі болды. Көшпелі аудандарда қызыл отау, қызыл шайхана, қызыл керуендер құрылды. Олар көбінесе, бұқараның бастамасымен құрылып жатты.
Әйелдер арасындағы жұмысқа көп көңіл бөлінді, 1920-1922 жылдары жер-жерде әйелдер бөлімдері құрылды. Қазақ әйелдерінің еңбек пен жұмыс жағдайларын зерттеу, олардың экономикалық және құқықтық теңдігін қамтамасыз ету мақсатымен 1926 жылғы қарашада Қазақ АКСР ОАК жанынан комиссия құрылды. Жүзеге асырылған нақты шаралар өзінің жемісін берді — әйелдер өндіріс пен қоғам өміріне белсене араласа бастады.
Халық шаруашылығының қалпына келуіне және республика экономикасының нығаюына қарай мәдениет мәселелеріне неғұрлым көбірек көңіл бөлінді. 1925 жылы Қазақстан Кеңестерінің V съезі үкімет пен жергілікті орындарды республикалық және жергілікті бюджеттің кемінде 35 пайызын мәдениет пен ағарту ісінің мұқтажына жұмсауға міндеттеді.
Мерзімді баспасөз бен кітап шығару ісі мықтап дамыды, барлығы 31 газет, оның 13-і қазақ тілінде шығып тұрды. Жыл өткен сайын кітаптар көптеп шығарыла бастады. 1925 жылы 96 кітап 443 мың дана болып таратылса, 1930 жылы тиісінше — 200-ге жуық және 3 млн. Ал 1932 жылы таралымы 6 млн. дана 668 кітап шығарылды. Дегенмен кітап әлі де аз еді, солай бола тұра баспасөз еңбекшілерді үйретті және оларды жаңа, жарқын да еркін өмір құруға шақырып отырды.
Халыққа білім беру. Еңбекшілер бұқарасының мәдени дәрежесін көтеру жөніндегі басты міндеттердің ішіндегі ең шұғылы — патша өкіметінің халықтың сауатсыздығы сияқты масқара мұрасын жою болды. Күйзелушілік пен ашаршылыкқа қарамастан сауатсыздықты жою жөніндегі жұмыс бірте-бірте өріс алды. Қазақ АКСР ОАК 1921 жылғы 26 маусымда 16 жастан 50 жасқа дейінгі жеткілікті білімі бар барлық адамдарды сауатсыздықты жою жөніңдегі жұмысқа жұмылдыру туралы қаулы қабылдады. Әдетге, сауатсыздықты жою ісі бұқараны саяси жағынан ағартумен және олардың арасында социализм идеяларын насихатгаумен байланыстырылды. Сауатсыздықты жою мектептерінде партияның, мемлекеттің экономикалық саясаты туралы, кеңестік жер заңы т.б. жайында әңгімелер өткізілді.
Еңбекшілер зор ынтамен оқуға кірісті. Егер 1920-1921 оқу жылында сауатсыздықты жою жөніндегі 2412 пункт жұмыс істеп, оларда 27,3 мың адам оқыған болса, 1924-1925 оқу жылында тиісінше — 6677 пункт және 1731 мың адам сауатын ашты. Ауылдағы сауатты қазақтардың ара салмағы 1920 жылғы 2,9 пайыздан 1926 жылы 10 пайызға жуықтады. Алайда атқарылатын жұмыс әлі көп еді, өйткені 1,7 млн. қазақ сауатсыз күйінде қалып қойды.
1930 жылғы 11 қаңтарда Қазақ АКСР ОАК сауатсыздықты міндетті түрде жою туралы декрет қабылдады, содан кейін сауатсыздықты жою пункттерінің желісі кеңейе түсті, әліппе мен оқу құралдарын шығаруға және тұрақты сауат ашу мектептерін ұстауға 2 млн. сомға жуық қаржы бөлінді.
Елдегі экономикалық жағдайдың оңалуы халыққа білім беру ісінің өрлеуіне жағдай жасады. 1923 жылдан бастап мектептердің жүйесі ұлғайды, мұғалімдердің тұрмысы жақсара түсті. 1924-1925 оқу жылының басында 1251 бірінші басқыш мектеп, оның 747-сі қазақ мектебі, 25 коммуна-мектеп (24-і қазақша) және 68 жеті жылдық және екінші басқыш мектеп болды. Жалпы алғанда халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінің аяғында 1922-1923 оқу жылымен салыстырғанда қазақ оқушыларының саны 2,4 есе көбейді, ал барлық оқушылар саны осы мерзімде 1,9 есе өскен еді. Бірақ оқулықтар жетіспеді, тек 1921-1922 жылдары ғана қазақ тілінде алғашқы үш оқулық шықты, оның таралымының бір бөлігі Қазанда. Бұдан кейін оқулықтарды басып шығару біршама жақсарды: 1925 жылы таралымы 320 мың дана болып 10 оқулық пен оқу құралдары шығарылды, бұлар негізінен қазақ мектептеріне арналды, ал орыс тіліндегі оқулықтар Мәскеуден әкелінді.
Одақтағы көптеген басқа мұсылман халықтары сияқты, қазақтардың жазба мәдениеті де орталықтың қысымшылығына душар болды, соның әмірімен 20-жылдардың аяғында олар араб алфавитінен бас тартып, латын әрпіне көшті.
Қазақ интеллигенциясының озық бөлігі алфавитті өзгертуге қарсылық білдірді. Араб графикасынан бас тарту ежелгі мәдениеттен, байланыстан айырылғандық, тарихқа, халықтың өткеніне берілген соққы болар еді, — деді А. Байтұрсынов. Бірақ оның даусы естілмей қалды. Бұл жерде де Сталиннің қол шоқпары Голощекиннің ықпалы аз болмады. 1928 жылғы желтоқсанда Қазақ АКСР ОАК-нің сессиясы жаңа алфавитке көшуді заңды түрде бекітті. Ұлттық жазбаны ауыстыру былайша дәлелденді: «Қасиетті» құран осы араб тілінде жазылған, ал оның одан әрі сақталуы революциялық пиғылдағы бұқараның зығырданын қайнатады-мыс. Араб алфавитін сақтауды жақтаушыларға «ұлтшыл» таңбасы тағылып, қатаң жазаланды. Солардың алғашқыларының бірі болған А. Байтұрсынов Ақтеңіз-Балтық каналын салып жүріп, өмір жолын 1931 жылы азаппен аяқтады.
20-жылдардың екінші жартысында діндерге, әсіресе ислам дініне шабуыл күшейді, медреселер мен мешіттер қиратылды, жаппай жабылды. Мындаған молдалар тұтқындалып, дін адамдарының «қаймақтары» атылды. Бұл кезең «исламмен ымыраға келмейтін күрес саясаты» деп аталды.
1932 жылы жалпыға бірдей бастауыш білім беру енгізілді, қазақ тілінде оқулықтар жасалынды. Ұлттық педагог кадрларын даярлайтын 32 педтехникум ұйымдастырылды — осының бәрі ауылдардағы балаларды неғұрлым оқуға көбірек тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді: бұл жөніндегі көрсеткіш 1930 жылғы 22 пайыздан 63 пайызға жетті. Шығыс ұлттары қыз балаларының оқуға тартылуы едәуір өсті.
Кеңестік интеллигенция. Жаңа дәуірге лайық ұлттық интеллигенция кадрларын даярлау өте өткір мәселе еді, өйткені Орталық Ресеймен салыстырғанда мұнда олардың саны анағұрлым аз болатын. Жаңа, ұлттық кеңестік интеллигенцияны қалыптастыру күн тәртібіне қойылды. Ең алдымен педагог кадрлар даярлау мәселесі алдыңғы қатарға шықты. 20-жылдардың ортасына таман кеңестік мұғалімдердің алғашқы топтары қалыптасқанымен олардың білім деңгейі төмен еді. Мәселен, 436 мұғалімнің 252-сінің ғана (5,8 пайыз) жоғары білімі болды; 421 педагог (9,1 пайыз) мұғалімдер даярлайтын институттар мен семинарларды, 533 педагог (12,2 пайыз) гимназияның қосымша педагогикалық кластары мен епархиялық училищелерді, 754 педагог тұрақты педагогикалық курстарды бітірді, ал 1942-сінің арнаулы білімі болмады.