Әдеби дамудың формалары. Стиль және қаламгер шеберлігі.
Стиль – әр суреткерге тән осындай творчестволық ерекшелік.
Стиль деген ұғым ғылым мен өнер атаулының бәріне қатысты және олардың әр саласындағы сипаты әр бөлек.
Творчестволық ерекшеліктің қалыптасыунда, Гетенің айтуына қарағанда, үш кезең бар: 1) өзінен бұрынғы үлгіге жалаң еліктеумен жүрген шақ; 2) өзгеден бөлегірек азын-шоғын мәнер, машық тапқан тұс; 3) өзінен басқа ешкімге ұқсамайтын өзгеше стиль белгіленген кез.
Жазушының творчестволық ерекшелігі әр шығармасында әр қырынан аңғарылуы мүмкін, сондықтан жазушының стилі жайлы бір емес, барлық шығармасын оқып барып байлау жасаған дұрыс. Егер суреткердің дүниетанымында немесе идеялық бағытында өзгеріс болса, стиліне де ықпал ететіні даусыз.
Шын мәніндегі ірі жазушының стилін оның суреткерлік бітімінен бөліп қарауға, оның бүкіл әдеби беті мен бағытын бүкіл творчествосының мазмұны мен рухын белгілеген ағымнан не әдістен ажыратып әкетуге болмайды.
Жазушының шығармашылығы оның ғұмырнамасымен тығыз байланысты. Жазушының творчествосы оның адамдық болмысымен, азаматтық бітімімен, өзгеден ерек өз өмір тәжірибесімен, білімімен, мәдениетімен, дүниетанымымен ұласып, бірігіп, біте қайнасып жатады.
Өз көзімен көрмеген немесе сезіп-білмеген шындықты жазушы жаза алмайды. Жазушы творчествосы оның өмірбаянынан әлдеқайда кең; бірақ бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты.
Әрбір әдеби шығарма оқырманға оны жазған автордың шығармашылық ерекшелігін танытады. Оны тілден де, тақырып пен идеядан да, образ жасау тәсілінен де аңғаруға болады. Әр шығармадан көрінетін осындай суреткерлік ерекшелік оның бар шығармасындағы белгілі бір бірлікке әкеледі.
Әр жазушының қаламынан туған бар шығармада идеялық бірлік болады. Өйткені жазушы өзінің шығармасында әр түрлі өмірлік проблема қояды да, оны шешуге бір ғана тұрғыдан – өзінің тұрақты дүниетанымы тұрғысынан келеді.
Жазушы қандай шындықты жете білсе, шығармасына соны тақырып етеді. Бұл – тақырып ерекшелігі.
Әр жазушының шығармашылығында мінез бірлігі деген болады. Он образ – он түрлі мінездің адамы болса да, он мінездің де жасалу тәсілдері бір-біріне ұқсап тұрады. Мысалы, бір жазушы адам мінезін қимыл-әрекет үстінде танытуға бейім болса, екіншісі оның көңіл-күйін, сезім-сырын, ой-арманың, әр алуан психологиялық иірімдерін суреттеу арқылы ашуға шебер болады.
Мінез бірлігімен қатар, әр жазушының творчествосынан тек өзіне ғана тән тіл ерекшелігін аңғарамыз. Тіл ерекшелігі – шешуші ерекшелік. Әр жазушының тіл ерекшелігіне қарап, оның бір шығармасы емес, бүкіл суреткерлік бітімін бір қырынан байқап қалуға болады.
Сонымен, біз әрбір жазушының бүкіл творчествосының өн бойынан идеялық-көркемдік негіздің тек сол жазушыға тән ерекшелігін аңғарамыз. Мұндай ерекшелікті жазушы творчествосының мазмұны мен пішініне қатысты басқа жайлардан да іздеп таба беруге болады.