30-билет.1.Аралас құрмалас сөйлем. Құрамындағы жай сөйлемдері бір-бірімен салаласып та, сабақтасып та байланысатын құрмаластың түрі аралас құрмалас сөйлем деп аталады. Аралас құрмалас сөйлемнің құрамында кем дегенде үш жай сөйлем болады. Аралас құрмаластағы жай сөйлемдер өзара екі түрлі жолмен байланысады: 1) ешбір жалғаулық шылаусыз іргелес тұру арқылы; 2) жалғаулық шылаулар арқылы. Аралас құрмалас сөйлемнің құрамындағы жай сөйлемдердің – бағыныңқы, басыңқы сыңарларының орын тәртібі әртүрлі болады. Мысалы,Көктем шығып, күн жылынды, бірақ таудағы қар әлі еріген жоқ. Құрылысы:бағыныңқы, басыңқы, басыңқы. Құрмалас сөйлем-сөйлемдердің құрылымдық бір түрі. Құрмалас сөйлем деп екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралып, күрделі бір ойды білдіретін сөйлемді айтады. “Құрмалас” деген атау қазақ тіл білімінде өткен ғасырдың 20-жылдардан бері қарай, А. Байтұрсынұлының 1925 жылы жарық көрген “Тіл құралы” атты оқулығынан бастап қолданылып келеді. Ол - “құра, құралу” деген етістіктер негізінде қалыптасқан туынды сөз. Бұл-тек тіл білімінде ғана қолданылатын лингвистикалық термин. Құрмалас сөйлем жалпы сөйлемнің құрылымдық бір түрі болғандықтан, оның синтаксис саласындағы орны да жалпы сөйлемдермен біртұтас болады. Ал жалпы сөйлем атаулының синтаксистегі орны, синтаксистің нысаны деген мәселе-грамматиканың негізгі, түйінді нысандарының бірі.Синтаксис ғылымының басқа да салалары сияқты құрмалас сөйлем синтаксисінің де зерттейтін өзіндік күрделі нысаны бар. Адам сөйлегенде бір-біріне байланыссыз жеке сөйлемдерді ғана айтпайды, оның сөйлеуі бір-біріне жалғасып, өзара ұштасып жататын сөйлемдер тізбегі түрінде болады. Тізбек құрамындағы сөйлемдердің бір-бірімен жалғасуында қалыптасқан мағыналық және құрылымдық заңдылықтар бар. Құрмалас сөйлем синтаксисінің міндеті-осы заңдылықты ашып айқындау, яғни жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өзара ұласып, күрделі бір сөйлемге айналуы, сол арқылы бір ойды екінші ойға жалғастырып, күрделі бір ойды білдірудің жолдарын, амал-тәсілдерін зерттеу. Бұл жағынан алғанда, құрмалас сөйлем синтаксисінің жай сөйлем синтаксисінен елеулі өзгешелігі бар: жай сөйлем синтаксисі жеке ұғымды білдіретін сөздердің өзара тіркесіп, сөйлем болу жолдарын тексерсе, құрмалас сөйлем синтаксисі жеке ойды білдіретін сөйлемдердің бір-бірімен ұласып, құрмалас сөйлем болу жолдарын, құрмалас сөйлемнің өзіндік сипаттары мен түрлерін тексереді. Демек, бірінің зерттеу нысаны - ұғымдар тіркесі болса, екіншісінің нысаны - ойлар тіркесі, яғни сөйлемдер тіркесі. Құрмалас сөйлем синтаксисі жай сөйлемдердің өзара бірігіп, күрделі ойды білдіретін бір сөйлем, яғни құрмалас сөйлем болуын ғана зерттемейді, сонымен бірге бірнеше сөйлемдер тіркесінен құралатын синтаксистік күрделі бірлікті де қарастырады. Осы тұрғыдан алғанда құрмалас сөйлем синтаксисінің зерттеу нысанын құрмалас сөйлем және күрделі синтаксистік бірлік деп екі топқа болуге болады. Тілдік категориялардың басқа да түрлері сияқты құрмалас сөйлемдердің өзіне тән қалыптасу, даму жолы, тарихы бар. Тілдік категориялар ішінде ойды білдіретін бірден-бір көрсеткіш-сөйлем. Сондықтан да сөйлемге “біршама аяқталған ойды білдіреді” деп анықтама береміз. Сөйлем мен ой - бірі форма, екіншісі - соның мазмұны ретінде өзара тығыз байланыста, берік бірлікте болатын категориялар. Құрмалас сөйлем адамның ой өрісінің, дүние тануының кеңейіп, күрделі ойлардың туып, дамуына байланысты, сол ойдың көрсеткіші ретінде қалыптасып дамыған А. Рифтин де “Құрмалас сөйлем дамуының 2 жолы туралы” деген мақаласында айтқан. Осы мақаласында А. Рифтин тетелес тұрған екі жай сөйлемнің салаласу негізінде бір-біріне қосылуы, бірігуі құрмалас сөйлем дамуының бірінші жолы дегенді айтады. Құрмалас сөйлемнің мұндай түрі – яғни компоненттері бір-бірімен ешқандай қосымша дәнекерсіз, тек мағына жақындықтарына қарай іргелес, қабыса айтылулары арқылы байланысатын түрі – паратаксис деп аталады. Ғалымдардың айтуынша, алдымен салалас құрмалас пайда болған да, соның негізінде сөйлемнің әртүрлі дәнекерлер арқылы байланысатын түрлері, соның ішінде сабақтаса байланысатын түрлері де тіл дамуының кейінгі дәуірлерінде пайда болған. Бұл пікірдің дұрыстығын қазақ тілі жазба ескерткіштер фактілері де дәлелдейді. Мұны “Құрмалас сөйлем және олардың даму жолдары” деген мақаласында Н. Сауранбаев та айтқан еді: “Жеке сөйлемдердің бір-бірімен байланысуы түркі тілдерінің ескі дәуірлерінде басталған, яғни сөздердің бір-бірімен байланысуы сияқты жеке сөйлемдер де өзара байланысатын болған”. Құрмаластың ең бастапқы түрі болып табылатын паратаксис пен оның негізінде туған гипотаксистің бір-бірінен өзгешелігі тек байланыстырушы дәнекерлерде ғана емес, сонымен бірге олардың әрбір жеке компоненттерінің ішкі құрылысындағы жаңалықтарында..Қазақ тілі құрмалас сөйлемін ана тілімізде зерттеу А. Байтұрсынұлы оқулығынан басталады. 1924 жылы “Тіл құралы” деген атпен Орынборда баспадан шыққан еңбегінде автор “Қазақ тілі сөйлемдері арасында екі түрлі жақындық болады: оның бірі – мағына желісі жағындағы жақындық та, екіншісі – сөйлемдердің сыртқы қисын жағынан жақындығы. Мұның алдыңғысы, яғни тек ой іргесі, ой желісі жағынан ғана жақын болатын іргелес сөйлем (Күн ашық. Торғайлар шат.), ал әрі ішкі мағына, әрі сыртқы қисын жақындығы бар сөйлем құрмалас деп аталады” – дейді. Құрамына енетін жай сөйлемдердің бір-бірімен байланысу түріне қарай автор құрмаласты салалас құрмалас, сабақтас құрмалас сөйлем деп екіге бөледі. Бұл екеуінің бір-бірінен өзгешелігі – салаласта оның құрамына енген жай сөйлемдер өзара тең байланыста болады да, сабақтаста тең болмайды, бірі екіншісінен кем болып келеді дейді. Құрмалас сөйлемнің салалас түрі мен сабақтас түрлерінің, олардың құрамына енген компоненттерінің бір-бірімен мағыналық қатынастарына қарай өз ішінен әртүрлі салаларға жіктеу де тұңғыш рет А. Байтұрсынұлы оқулығында кездеседі. Терминдік жағындағы өзгешелігі болмаса, әдеби тілімізде кездесетін салалас, сабақтас сөйлемдер түрлері толыққа жуық қамтылған. Сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерінің бір-бірімен мағыналық қатынастарын сөйлем мүшелерінің атымен бастауыш бағыныңқы, анықтауыш бағыныңқы деп бөлуі де ғалы еңбектерінен бастау алады. А. Байтұрсынұлының құрмалас сөйлемге қатысты жазғандары кейінгі зерттеулерден, әсіресеН. Сауранбаев, С. Аманжолов еңбектерінен берік орын алды, мол пайдаланылды.Құрмалас сөйлем мен жай сөйлемнің ортақ жақтары да, өзіндік ерекше сапа қасиеттері де бар. Қызметі жағынан алғанда, құрмалас сөйлем де, жай сөйлем де сөйленіс бірлігіне жатады. Қарым-қатынас үдерісінде, сөйленіс кезінде ол екеуі де бірдей қатысымдық қызметте жұмсалады. Олардың әрқайсысы интонациялық тиянақтылыққа, мағыналық аяқталғандыққа ие.Ең алдымен, құрмалас сөйлем мен жай сөйлем бір-бірінен құрылыс жағынан ерекшеленеді. Жай сөйлем бір ғана предикативтік бірлікке ие болса, құрмалас сөйлем екі не одан да көп предикативтік бірлікке ие. Алғашқы сөйлем екі предикативтік орталығы бар құрмалас сөйлем болса, екінші сөйлем соншама көп сөзден жасалғанымен, онда бір ғана пердикативтік орталық бар, сондықтан ол жай сөйлем болады.Екіншіден, құрмалас сөйлем оны құраушы бірліктердің сипаты жағынан ерекшеленеді. Жай сөйлемнің компоненттері сөз тұлғалары мен сөз тіркестері болса, құрмалас сөйлемнің компоненттері предикативтік бірліктерден тұрады. Үшіншіден, құрмалас сөйлем мен жай сөйлемнің білдіретін грамматикалық мағыналары бір емес. Жай сөйлемнің грамматикалық мағынасы – модальдық, жақтық, шақтық категориялар арқылы берілетін предикативтік мағына болса, құрмалас сөйлем бөліктері арасынан нақты мағыналық қатынастар туындайды: мезгілдік, себеп-салдарлық, шарттылық, қарсылықты т.б. Осылар құрмалас сөйлемнің грамматикалық мағыналарын құрайды. Демек, құрмалас сөйлем оқиғалардың арасындағы қарым-қатынасты білдіруге қызмет етеді, сол үшін пайда болған. Мысалы: Көктем келді. Жерде әлі қар бар. Құстар ұшып келе бастады. Көктем келгендіктен, жерде әлі қар бар болса да, құстар ұшып келе бастады.