2. Бұқар жырау – заманының данышпан-ойшылы, поэзиясы, тіліндегі көркем сөз нақыштары Бұқар жырау Қалқаманұлы – XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Ол ұзақ өмір сүріп, көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болған қазақ жырауы, мемлекет қайраткері 1668 жылдар шамасында туған. ұқардың арғы тегі Арғын, оның ішінде Төртуыл Қаржас. Бұқардың әкесі Қалқаман жаугершілік заманда ерлігімен аты шыққан батыр болған. Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығы Арқа өңірімен тығыз байланысты. Бірақ та жастық шағы, қандай өмір өткелдерінен өткендігі, туған, өлген жылдары жайында нақты деректер жоқ. Бұқар жырау ерте кезден көзге түсіп, Тәуке ханның тұсында-ақ (1718 жылы өлген) қабырғалы би болған деседі. Бірақ Абылайға дейінгі билеп келген хандардың ешқасайсымен тіл табыса алмайды. Тек Абылай ханның тұсында жыраудың жұлдызы тағы да жанады, сөйтіп ол хан ордасына оралып, қалған өмірінде мемлекеттік істерге тікелей араласады. Бұқар жырау Қалқаманұлы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының аумағындағы Далба тауының бір сілемінде жерленген. Бұқар жыраудың шығармалары философиялық-дидактикалық толғау түрінде бізге жеткен. Олар бейнелі суреттерге бай, ұлттық бояуға қанық, көркемдігі кемел. Жырау халықтың дәстүрлі ауыз әдебиетінің үлгілерін шебер пайдалана білген. "Өз заманындағы жандар бұл кісіні көмекей әулие деседі екен. Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен " деп жазады белгілі ғалым, фольклоршы, жыраудың тұңғыш биографы Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Бұқар жырау шығармаларының басты тақырыбы – халқына, отанына деген ыстық махаббаты. Ол отанды сүюге, бір орталыққа бағынған іргелі ел болуға үндейді. Көреген ақын қазақ халқының ұлттық бірлігі қажет екендігін айқын түсініп, бұл тұрғыда Абылайды бірлік идеясын жүзеге асыра алатын қайраткер ретінде жырына қосады, сыртқы жаулармен күресте қазақ жүздерін біріктірер қолбасшы, көзсіз батыр ретінде сүреттейді. Ал егер оның іс-әрекеті халық мүддесіне кереғар келсе қорықпай-үрікпей сын тезіне салады. Жырау шығармашылығындағы басқа бір маңызды тақырып адам табиғатының өзгеруі, дүниенің бір орнында тұрмайтындығы. Бұқар өмірді кезең-кезеңге бөліп, адамның жасы оның санасын, мінез-құлқын, көңіл күйін, күш-жігерін қалай өзгертетіндігін көрсетеді. Оның поэзиясының халық арасына кеңінен тарап, ғақлия, нақыл, афоризмдерге айналуы, мақал-мәтел болып жетуі де көркемдеу тәсілінің кереметтігінде. Бұқар жырау Калқаманұлы шын мәнінде көне қазақ поэзиясының ең тұлғалы өкілдерінің бірі. 1993 жылы жыраудың 325 жылдық мерейтойын атап өтіп. Жыраудың мәңгі есте қалдыру жөнінде айтарлықтай қадам жасалды деуге болады. Бұрынғы Ульянов мамандырылған бірлестігі мен Озерное селосына Бұқар жырау есімі берілген. Кейін, 1997 жылы Ульянов және Тельман аудандары біріктірілгенде, аудан ұлы абыздың атымен аталды. Қарағандыдағы сәулетті көшелерінің бірі Бұқар жырау даңғылы деп аталады. Мерейтой салтанаты үстінде осы көшенің бойында, темір жол вокзалы алдындағы кең алаңда Бұқар жырау ескерткіші ашылды. Ескерткіштің авторы – жерлес мүсінші Мұрат Мансұров. Ал, Бұқар жырау жерленген Далба тауының етегінде халқымыз әулие деп танитын ұлы абыздың кесенесі салынып, ол 1993 жылы 21 тамыз күні салтанатты түрде ашылды. Табаны үш таған болып келетін, биіктігі 12 метрге жететін бұл ғимарат қазақтың ұлттық бас киіміне ұқсас келеді де, кезінде ұлы бабамыз аңсап кеткен үш жүздің, бүкіл елдің бірлігін бейнелейді.