12. Алаш қозғалысының 100 жылдығы:ұлттық интеллегенцияның саяси,мәдени ағартушылық қызметіне жаңа көзқарастың қалыптасуы; Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған мәртебелі жиында Алаш Орда үкіметіне қатысты мынандай мәселеге назар аудармау қисынсыз болар еді. Советтік тарихнама 1917 жылы 2-інші жалпықазақ съезінің Алаш автономиясы мен оның Алаш Орда аталатын үкіметін құру туралы қаулы-қарарларын негізсіз контрреволюциялық әрекет есебінде бағалады (Очерки истории Коммунистической партии Казахстана. А, 1987, С.71). Осы ретте мынадай жағдайды ескерген жөн. Біріншіден, екінші жалпықазақ съезінің шақырылуы бұл қажеттіліктен туындаған шара болатын. Бүкіл империя көлемін жайлаған берекесіздік жағдайында Ә.Бөкейханов бастаған бастаған топтық бұл съезді ұйымдастырып, өткізу әрекеті аса зор тарихи жауапкершілікті мойындарына алған нағыз отаншылдық ұстанымның үлгісі еді. Екіншіден, съезд қазақ қоғамында ерте замандардан қабылданған салт-дәстүр бойынша шақырылды. Ұйымдастырушы топ арнайы шақыруды ел ішіндегі беделді және белгілі деген адамдарға жіберді. 1917 жылғы қазақ қоғамы жағдайында жалпыұлттық жиынға өкілдер шақырудың басқа тиімді жолын ойлап табудың өзіде мүмкін емес-тін. Жалпы, мұндай бүкіл ұлттық құрылтайға барлық өңірлердегі елге танымал тұлғаларға хабар салып шақыру қазақ қоғамындағы ескі замандардан үзілмей келе жатқан дәстүр болатын. Үшіншіден, ұлттық құрылтай Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылдап, оның Алаш Орда аталатын үкіметін және төрағасын сайлады. Алаш Орда үкіметінің негізгі міндеті мемлекеттегі берекесіздік, анархия жайлаған жағдайда елді бүліншіліктен сақтау әрекеті еді. Қорыта айтқанда, елдегі аласапыран жағдайда қазақ қоғамының барлық өңірлерінен жиналған өкілдердің дауыс беруі арқылы сайланған Алашорда үкіметі бұл толық легитимді билік түрі болатын. Тарих ақиқаты Алашорда үкіметін осы тұрғыдан қабылдауды талап етеді