Байланысты: 1 билет Отанды тарихты о уды т жырымдамалы негіздері
24. Қазақ қайраткерлерінің индустрияландыруға байланысты пікірлері. Қазақстанда индустрияландыруға бағыт алу. 1925 ж. желтоқсанда өткен БК(б)П-ның ХІV съезінде Кеңестер Одағын индустрияландыру бағыты белгіленді. Капиталистік шаруашылықтан ерекше, елдің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін, өзіндік машина, станок жасау, металлургия, химия, қорғаныс және басқа да ірі өнеркәсіптері бар жүйе құру қажет делінді. Шаруашылықтың барлық салаларын соның негізінде техникалық қайта жасақтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру үшін бүкіл экономиканың негізі ретінде ең алдымен ауыр өнеркәсіпті дамыту, оның шаруашылықтағы жетекшілік рөлін бекіту арқылы шет елдермен экономикалық жарыста озып шығу мақсаты қойылды. Бұл сол кездер үшін дұрыс, бірақ күрделі мақсат еді. Кеңестер Одағы көлемінде бұл бағытта біршама жетістікке қол жеткізілді. Бірақ оның біржақты жүргізілгенін, дәлірек айтқанда, ұлттық аймақтарды, соның ішінде, әсіресе, Қазақстанды патшалық билік кезіндегідей шикізат көзі дәрежесінде қалдырғанын көреміз.
1925 жылдың қыркүйегі мен 1928 жылдың қыркүйегі арасындағы үш жылда өнеркәсіп салу ісіне 3,3 млрд сом қаржы жұмсалды. Ол орасан зор қаржы негізінен алғанда Ресей аумағындағы ескі өнеркәсіп орындарын қайта жөндеу мен жаңа қуатты зауыт-фабрикалар, су-электр станцияларын жасауға жұмсалды. Соған қарамастан Қазақстандағы индус¬трияландыру ісі патриархаттық-феодалдық қатынастарды, яғни дәстүрлі шаруашылық жүйесін біржолата жою, феодализмнен капитализмге соқпай социализмге жедел қарқынмен өту сияқты ұрандармен басталды. Жерді қайта бөлу, мал-мүлікті тәркілеу, күштеп ұжымдастыру әрекеттері осылайша жаңа науқанмен ұласты.
Бұл Қазақстандағы Голощекиндік бағытты айқын қолдап, олардың әрекетін күшейте түсті. Соның барысында К. Сарымолдаев: “Қазақстанның алдында да Одақ аумағында шешілетін мәселелер тұр, сондықтан жалпы мәселелерден асатындай өзгешеліктер бізде жоқ”, — деп бұл бағыттың ыңғайымен кетті. Кеңес үкіметінің басшылары да патша заманындағыдай Қазақстанға бай шикізат көзі ретінде қарады. Табиғат байлықтарының күрделі ошақтарын табу мақсатында бірінші бесжылдық жылдарында КСРО Ғылым академиясы кешенді ғылыми экспедициялар ұйымдастырды. Академик Н.С.Курнаков басшылық еткен Орталық Қазақстандағы геологтар мен геофизиктер тобы Қазақстан Республикасы “Кеңес Одағының тұтас металлогенді провинциясы” болып табылады деген тұжырым жасады. Ал Орал-Ембі аймағын зерттеген академик И.М.Губкин бастаған топ оның мұнайға аса бай екенін дәлелдеді. Кеңес үкіметі осы байлықтарды пайдалануға баса көңіл бөлді. Соның барысында соғыс басталғанға дейінгі кезеңде Қарағанды шахталары, Ембінің мұнай кәсіпшіліктері, Алтай мен Ащысай кәсіпорындары қайта жабдықталып, Зырянов, Риддер полиметалл, Балқаш пен Жезқазған кен-металлургия комбинаттары салынды. Қазақстандағы түсті металлургия өнеркәсіптің жетекші саласына айналдырылды. Бірақ олар негізінен руда күйінде қазып алынған түсті металдарды өңдеумен айналысты. Тазартылып, өңделіп дайындалған түсті металл өнімдері шикізаттар ретінде орталықтағы ірі өнеркәсіп орындарына жөнелтіліп отырды. Мысалы, Орталық Қазақстан Оңтүстік Оралдың ірі кәсіпорындарын рудамен, металмен, көмірмен жабдықтады. Кенді Алтай өңірі Сібірдегі кәсіпорындарды қамтамасыздандырды. Ембі мұнайы Орск сияқты мұнай өңдейтін зауыттарға жіберілді. Балқаштың мысы мен Шымкенттің қорғасыны да Қазақстаннан тыс жерлерге тасып әкетілді. Жоғарыдан жүргізілген индустрияландыру негізінен шикізат көздерін игеруге және оларды Ресейге жіберіп отыруға бағытталды. Қазақстандағы зауыт-фабрика делінгендер халық тұтынатын дайын өнімдер шығармады. Оларды Кеңес Одағының басқа аймақтарынан, Ресейден алып отыруға мәжбүр болды. Машина жасау, металлургия және қорғаныс өнеркәсіптері болмады. Энергетика базасы мен құрылыс материалдарын жасайтын өнеркәсіптер жетіспеді.