Шешендік сөздер – қоғам өміріне, табиғат құбылыстарына байланысты терең ой, бейнелі шебер тілмен айтылған халық шығармасы, тапқырлық сөздер мен тұжырымдар; қазақ ауыз әдебиетіндегі шағын көлемдегі дидактикалық жанр. Жанр мазмұнына қарай шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау болып үш салаға бөлінеді. Даудың әрқайсысы бірнешеге (жер, жесір, құн, мал, ар даулары) жіктеледі. Шешендік арнау бата, тілек, әзіл-сын, көңіл айту, естірту, т.б. нұсқалардан тұрады. Шешендік толғауға қоғам, заманға байланысты тағылым-тәрбиелік мәні бар тақпақ, термелер жатады. Ал шешендік дауларда сол қоғамға тән қылмыстық, азаматтық істерді шешуге қатысты шешендік, тапқырлық сөздер, ұйғарымдар бейнеленеді. Композициялық құрылысына қарай пернелі сөз, термелі сөз болып екі топқа бөлінеді. Қара сөзбен айтылғандары – пернелі сөз, толғау, тақпақ түріндегілері термелі сөз деп аталады. Шешендік сөздер түсінік пен түйінді сөздерден құралады.. Шешендік сөздер – тапқырлық пен шешендікке үйрететін көркем сөз үлгісі ғана емес, халықтың көне тарихымен бірге жасап келе жатқан тәрбиелік мәні зор халық даналығы. Ол түркітектес халықтардың көпшілігінде кездеседі. kk.wikipedia.org/wiki/