сулы сығындылардың тұрақсыздығы (химиялық және микробтық);
өсімдік шикізатының стандартты еместігі.
Сулы сығындылар микроорганизмдердің әсерінен тез бұзылады. Оларды түссіз немесе қоңыр түсті шыны құтыда, полиэтилен тығынымен, бұралатын пластмасс қақпақпен буып түйеді. Тұнбалар мен қайнатпаларды, құрамындағы заттардың физика-химиялық қасиеттеріне байланысты, 25оС төмен температурада немесе мұздатқышта (3-5 о С) сақтайды.
Өсімдік шикізатынан әсер етуші заттарды сығындылау механизмі. «Сығындылау» латын сөзінен, ол сығындылап алу, тұндыру деген мағына береді. Сығындылау өнімін алу үшін экстрагент және шикізат керек. Тұнбалар мен қайнатпалар үшін сығындылаушы агент ретінде тазартылған су қолданылады.
Сығындылау процесі келесі сатылардан тұрады:
жібіту,
біріншілік сөлдің түзілуі, (концентрлі ерітінді)
масса алмасу процесі.
Бірінші сатыда- өсімдік шикізаты сумен шыланып, су жасушаға енеді. Судың саңылаулы арқылы өтіп, жасушаға енуі эндоосмос деп аталады. Өсімдік жасушасына судың енуімен бірінші саты аяқталады.
Екінші сатыдабіріншілік сөл түзіледі. Жасушадағы су алдымен диффузияға қабілеті жоғары төмен молекулалық заттарды еріте бастайды. Содан соң жоғары молекулалы қосылыстар, коллоидтар ериді. Жасуша ішінде жоғары осмостық қысым тудыратын, концентрлі ерітінді түзіледі. Оны біріншілік сөл деп атайды.
Үшінші сатыда- масса алмасу процесі жүреді. Масса алмасу процесі еріткіш пен зат ерітіндісі арасындағы концентрациялардың айырмашылығына негізделген. Жасуша ішінде осмостық қысымы жоғары концентрленген ерітінді(біріншілік сөл) түзіледі, ол сөл мен еріткіштің концентрациялары теңескенше жылжуына мүмкіндік жасайды. Бұл сығындылау процесінің соңы.
Өсімдік шикізатының стандарттылығы. Сулы сығындылардың құрамы және концентрациясы, ағзаға әсер ету механизмі және күші ең алдымен бастапқы шикізатқа және ондағы әсер етуші заттарға байланысты болады. Әсер етуші заттардың мөлшері өсімдік материалдарына, өскен жеріне, өсу жағдайына, жинау уақытына, кептіру тәртібіне және басқа да себептерге байланысты болады. Сондықтан өсімдік шикізатының стандарттылығының маңызы зор. Стандартты шикізат деп нормативті құжаттардың (НҚ) талаптарына сәйкес келетін шикізатты айтады. Сулы сығынды дайындауға тек стандартты немесе жоғары кондициялы шикізат қолданылады. Қоймаға түсетін өсімдік материалдары, құрамындағы әсер етуші заттың мөлшері көрсетілген, аналитикалық паспортпен (тіркеу құжатымен) жабдықталуы тиіс. Ол көрсеткіштер пайызбен (алкалоидтар) немесе биологиялық әсер бірлік (БӘБ) санымен (гликозидтер үшін) көрсетіледі. Дәріханаға түсетін өсімдік материалдары этикеткамен жабдықталуы тиіс.
Сулы сығынды сапасын бағалау басқа сұйық дәрілік түрлер секілді, сыртқы түрі мен органолептік қасиеттері, дұрыс орамдалуы және безендірілуі бойынша жүргізіледі.