Ректальді (лат. rectus – тіке) – жергілікті және жалпы әсер көрсету үшін тік ішекке енгізу арқылы қолданылатын енгізу жолы. Енгізудің ректальді жолын балалар тәжірибесінде, ес-түссіз жағдайдағы аурулар үшін, гериатрияда қолдану қолайлы. Дәрілік заттардың сіңірілуі 7-10 минуттан соң төменгі және орта геморроидальды күре тамырлар, асқазан асты күре тамыры, төменгі қуысты күре тамырлар арқылы жүреді.
Парентеральді(лат. par entheron – жанынан, соқпай) енгізу тәсілі әркелкілігімен ерекшеленеді. Бұл теріге жағу, шаншуға арналған және ингаляциялық енгізу жолдары.
Теріге әсер ету үшін көптеген дәрілік түрлер қолданылады (сеппелер, жағар майлар, пасталар, линименттер және т.б.). Дәрілік құралдардың әсері жергілікті немесе жалпы болуы мүмкін.
Дәрілік құралдарды кілегей қабыққа жағу кеңінен қолданылады: көзге, мұрынға, құлаққа арналған және уретральды, вагинальды дәрілік түрлер. Кілегей қабаттарында көптеген капиллярлар, қан тамырлары болғандықтан, олардың сіңіру қабілеті жоғары.
Парентеральды дәрілік түрлер ішінде ерекше орынды ингаляциялық(лат. іnhalare – дем тарту, дем жұту) дәрілік түрлер алады. Олардың көмегімен дәрілік құралдарды тыныс алу жолдары арқылы енгізуге болады: газдар (оттегі, азот шала тотығы, аммиак), жеңіл ұшқыш сұйықтықтар (эфир, хлороформ). Аз ұшатын сұйықтықтарды ингаляторлар көмегімен енгізуге болады. Бұл жағдайда дәрілік құралдардың сіңірілу қарқынын өкпе альвеолалары бетінің үлкендігімен (50-80 м2 ) және қан тамырлары торының көптігімен түсіндіруге болады. Дәрілік заттар тікелей қанға түсетіндіктен, әсер тез көрсетіледі. Парентеральды дәрілік түрлер қатарына ағзаға шприц көмегімен енгізілетін шаншуға арналған дәрілік түрлер де жатады. Дәрілік құралдар тез қанға өтіп, 1- 2 минуттан соң әсер көрсетеді. Шаншуға арналған дәрілік түрлер тез көмек көрсету үшін және ес-түссіз жағдайдағы ауруларға енгізу үшін, асқазан-ішек трактысында бұзылатын дәрілік құралдарды енгізу үшін қолайлы болып табылады.
Барлық күрделі дәрілік түрлер өздерінің табиғаттары бойынша әртүрлі дисперстік жүйелер болып келеді. Дәрілік түрлер технологиясы дисперсологияның бір түрі болып табылады, (дисперстік жүйелер жөніндегі ілім). Дисперстік жүйелер жөніндегі ілімді академик П.А.Ребиндер зерттеген, ал дәрілік түрлердің дисперсологиялық жіктелуін Н.А. Александров ұсынып, А.С. Прозоровский жасап шығарған. Дәрілік түрлердің жіктелуін: дисперстік жүйе бөлшектері арасындағы байланыстың болуы немесе болмауы; дисперстік ортаның агрегаттық жағдайы; дисперстік фазаның майдалығы белгілері негізінде жасауға болады.