1) қазақ тілінің тұтастығын; 2) ауыз әдебиетінің өрісінің кеңдігін; 3)поэзия тілінің ауыз әдебиеті үлгісі негізінде қалыптасқан көркемдеуіш тәсілдерді бойына барынша сіңіргенін; 3) Дулат және Махамбет сынды тұлғалардың ауызша тілдің ерекшеліктерінен әлі де болса толық бас тартпағанын, қалыптасқан дәстүрден іргесін аулақтатып, басы бүтін толық ажырап кетпегенін көрсетеді. Әрине, сөздің ауызша таралу дәстүрінің сан ғасырларға созылуы нәтижесіз болмады, осы процесс бес ғасыр бойына кездесіп отыратын өзіндік ерекшеліктерді қалыптастырды. Бұл ерекшеліктер тек Дулат пен Бұхарға немесе тек қана Махамбетке тән ерекшеліктер емес еді, ауызша жеткен әдеби тілді қалыптастырушы ірі тұлғалардың шығармаларының бәріне ортақ, бәріне тән ерекшеліктер еді. Шағын дидактикалық-шешендік толғаулардағы жеке жолдардың ғана емес, тұтас өлең бөліктерінің ХҮ-ХҮІ ғғ. ақын-жыраулар тілінде үнемі ұқсас түсіп, қайталанып келіп отыруы туралы «қазақ поэзиясындағы бір топ ортақ мотивті, вариантты дидактикалық шешендік толғауларды белгілі бір ақын-жырауға телімей... белгілі бір нақты уақыт аясында алмай... ортақ мұра ретінде қарау керек» деген Қ.Өмірәлиев сөзін қайталап айту қажет.
Жалпы қазаққа түсінікті фольклор тілі қазақтың ауызша әдеби тілінің ауыз әдебиеті дәстүрінің негізінде қалыптасуына түрткі болды. Сондықтан өзге елдің фольклоры мен қазақ фольклорын қатар қою да дұрыс емес, оның себебін ғалым Е.Жанпейісов (аталған еңбек,51-б.)былайша түсіндіреді: «...орыс жұртының фольклорында түсінуге ауыр диалектілік ерекшеліктер, жаргондар, түрлі варваризмдер, славянизмдер жиі ұшырасып отырады. Ал, қазақ немесе қырғыз, қарақалпақ фольклорының тілін алатын болсақ, бұл арада бүгінгі оқушы түсінбейтін, түсініксіз сөздер кем ұшырасады. Сондықтан да Шоқан қазақ эпосының тілін жазба әдебиетке бергісіз дейді» .
ХІХ ғ. І-кезеңіндегі әдебиет үлгілері бұрынғыша ауызша таралып, ауызша сақталған түрде жетті. Поэзияның да жанрлық тарамдары дами бастады, поэзия тілінде жарыспа суреттермен айту (параллеизм) тәрізді тәсілдер ығысып, өлең идеясын білдіретін амалдарға көшті. Поэзияда нақтылық басым бола бастады. Мысалы, Исатай образын беруде «кермиығым, кербезім», «құландай ашты дауысым» тәрізді нақты теңеулер қолданылды.
Махамбет тілінде жаугершілік лексика мол қолданылды. Олар қару-жарақ, сауыт-сайман аттары, найза, қылыш, жебе, мылтық т.б. Тұрақты эпитеттермен келетін егеулі найза, жалаулы найза, алты құлаш ақ найза Махамбет тілінің ерекшелігі. Ақын тілінде сондай-ақ, сой, тарлан, арайна, қарындас, емсау, жемсау, ереуіл, толағай т.б. көне сөздер кездеседі.
Дулат – жыраулық дәстүрден бас тартқан, ақындықтың жаңа үлгісін бастаған адам. Қазақ өлеңінің шоғырлана бөлінуі Дулаттан басталады. Шоғырда тармақтар бір ұйқаспен топтастырылады және әрқайсысы бір тақырыпты қамтиды. Дулат – перифрастика амалын едәуір жандандырған ақын. Ол өз заманын «толқынды теңіз замана» деп суреттейді. Жырдан алқа тағу, әділетке шөлдеу, көкірегінде қонақ жоқ т.б. тың поэтикалық сөздер де Дулатқа тән.
ХІХ ғ. І жартысында қазақтың төл әдеби тілінің лексикалық құрамының негізі – алдыңғы дәуірлерден сұрыпталып, нормаланып келген сөз байлығы болды.
ХІХ ғ. І жартысында төл сөздеріміз оқу-ағарту саласына байланысты енген (оқу, хат, сызу, кітап, сабақ алу т.б.) араб, парсы, сөздерімен қатар (старшын, майыр, салдат, тарантас т.б.) орыс сөздері де ене бастады. Бұл кезеңге тән грамматикалық ерекшеліктердің бастысы: ол грамматикада варианттылық құбылысы бар екендігінде, әсіресе, жарыспалылық морфологиялық тұлғалар қызметінде, қиысу меңгеру т.б. амалдарында көрінеді.