ұзын болмайды да. Нағыз толғаулардың көбі-ақ 4-5 ауыз өлеңнен
аспайды” деп лирикалық өлең табиғатына тән басты ерекшеліктердің
бірін орынды атаған. Ал лирикалық текті толғау деген терминмен
атай отырып А.Байтұрсынұлы “толғағанда айтатын нәрсесін
толғаушы (автор) тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады.
Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін-мұңын, мүддесін, зарын,
күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды” деп
түсіндірген.
Эпоста оқиға болса, драмада адам өмірі – әмірші. Сондықтан да
драмада өз тұлғасымен өмір қайшылықтарының мәнін аңғартатын
кейіпкердің мінезі мен негізгі сипаттарын көркем, жанды танытуға
баса назар аударылады. Драма өмір шындығы мен адам тағдырын
бейнелеудің ең күрделі тәсілі, эпос пен лирика ерекшеліктерін қоса
қамтыған синтез жанр деп те атайды. Шынында да, драмалық
туындыда авторға қатыссыз сыртқы дүние де (бұл эпостың сипаты),
сондай-ақ кейіпкердің ішкі әлемі де (бұл лирикаға тән сипат)
бейнеленеді. Алайда бұл аталған жақындықтар драманың әдебиеттің
дербес бір тегі ретіндегі өзіндік ерекшеліктерін жоққа шығармайды,
қайта драманың күрделі жанр екендігін таныта түседі. Әдебиеттің
тектерін Гегель өзінің триада заңдылығына сәйкес қарастырып, эпос
ең көнесі, біріншісі, әдеби даму негізі, яғни эпос-тезис, лирика оған
қарама-қарсы, яғни, антитезис, драма синтез, екеуінің қосындысы
деген пікір білдірген.
Енді драмалық туындылардың өзіне тән ерекшеліктері қандай,
соған келейік. Біріншіден, драмалық шығармалар театрға, сахнаға
қойылуға арнап жазылады да, осы себепті олар сахна заңдылығымен
үйлесуі керек. Пьеса көлемінің шектеулігі де осыдан келіп шығады.
Пьесаның көркемдік қасиеті, әлеуметтік маңызы да, оның сахнадағы
қойылымы арқылы ғана шын мәнінде көрінбек. Белинскийдің
“Драмалық поэзияның сахналық өнерсіз сәні келмейді, белгілі бір
тұлғаны тану үшін оның қалай сөйлегенін, қалай толғанатынын,
қалай әрекет ететінін көру және есту керек” дейтіні де сондықтан
болса керек. Екіншіден, драмалық шығармада авторлық баяндау,
мінездеу, табиғат көріністерін бейнелеу, тағы да басқа суреттеу
тәсілдерінің болмайтындығы. Үшіншіден, пьесаның бірыңғай
кейіпкерлер сөзіне (монолог, диалог) құрылатындығы. Бұдан
драматургтың тілге, яғни, кейіпкерлер сөзіне өте мұқият болу
керектігі келіп шығады.
Достарыңызбен бөлісу: