байырғы римдіктер сырлы тақтаға сөз жазатын бір ұшы қалақша, бір
ұшы сүйір таяқшаны стиль деген болса, кейін әркімнің қолтаңбасы,
жазу өрнегі, одан бертін келе сөз мәнері, сөйлеу машығы, ақыр
аяғында әр суреткерге тән өнер ерекшелігі стиль атанған. Соңғы
анықтама белгілі ғалым Бюффонның жалпы жұрт нақылға
айналдырып әкеткен “Стиль-адам” деген тұжырымына сай келеді.
Бюффон ғана емес мұндай пікірді “Мінез қандай болса, стиль де
сондай” деген Платоннан “Адамның барлық қасиеті стильде тұрады”
деген Стендальға дейін талайлар айтқанын тағы ескеру керек.
Стиль хақындағы бүгінгі ұғымдар да әр алуан; бір ғана академик
В.В.Виноградовтың өзінде бірнеше пікір бар (“Авторлық проблема
һәм стильдер теориясы”). Бірақ ол
стиль мәселесін көбіне
лингвистикалық тұрғыдан байыптайды.
Стиль деген ұғым ғылым мен өнер атаулының бәріне қатысты
және олардың әр саласындағы сипаты әр бөлек. Ғылым мен өнер
ғана емес бұл ұғым тіпті өмірдің өзінде қаптап жүр. Жұмыс стилі,
кеңсе стилі,
газет стилі, шахмат стилі т.б. Бірақ біздің айтып
отырғанымыз – бұлардың бірі де емес, әр қаламгердің әдеби бетін
айқындайтын жазушылық стилі. “Ақындар өзара ұқсастығымен емес
ерекшелігімен қызық” – деді Блок. Ал енді, қаламгерде осынау әдеби
бет, творчестволық ерекшелік дегендер бірден бола қала ма? Жоқ,
бірден емес, бірте-бірте қалыптасады. Ендеше, әдеби стиль –
әрқашан эволюция үстінде, диалектикалық даму үстінде деп ұғу
қажет.
Шығармашылық
ерекшеліктің қалыптасуында, Гетенің айтуына
қарағанда, үш кезең бар:
1) өзінен бұрынғы үлгіге жалаң елітеумен жүрген шақ;
2) өзгеден бөлегірек азын-шоғын мәнер, машық тапқан тұс;
3) өзінен басқа ешкімге ұқсамайтын өзгеше стиль белгілеген кез.
Соңғы кезең, яки шын мәніндегі стиль қалыптастырған кез –
шығармашылық эволюцияның ең жоғарғы сатысы, бұған жету үшін
әбден шыңдалған суреткерлік шеберлік керек. Әдебиетпен
әуестенгеннің бәрі үшінші сатыға (стильге)
жете бермейді,
мықтағанда, екінші сатыға (мәнерге) жақындайды, әйтпесе, бірінші
сатының (еліктеудің) өзінен аса алмай, қалып қояды. Себебі: “Стиль
–шын талант, ұлы ақын–жазушылардың қаламдарына тән сипат. Кез-
келген ақын-жазушылардан стиль іздеу – бекершілік. Өйткені
барлық өлең қиыстырушыларды ақын, сөз жаза білушілерді жазушы
десек, қателескен болар едік. Дарын жоқта – стиль жоқ. Бұл екеуі
сабақтас. Оқырмандарының ойына азық,
жанына сусын бермейтін
можантопай шығармалар жазып, “жазушы” атану мүмкін. Бірақ
ондайлардың өзіне тән стилі болады деу – қате. Олардың бірінің
шығармалары егіз қозыдай екіншілеріне ұқсас келеді. Жаман
шығарманы жағымпаз сыншы
жандайшап әдебиетшілер қанша
мақтаса да жандандыра алмайды. Барлық сыншылардың ішінде ең
ұлы, ең данышпан, ең қателеспейтін сыншы – «мезгіл» деп
В.Г.Белинский айтқандай жаман шығарма, дарынсыз жазушы мезгіл
сынын алмақ емес. Демек, стильді нақтылы талант, ұлы
жазушылардың туындыларынан іздеген жөн”.
Достарыңызбен бөлісу: