№ 5 дәріс. «Сандар және өлшемдер (сандармен амалдар қолдану)» мазмұндық-әдістемелік желі материалдарын оқыту технологиясы
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1. Желінің негізгі нысандары: амалдардың мән-мағынасы; математикалық символика
2.Амалдардың компоненттері мен нәтижелері; өзара кері амалдар; қосу мен көбейтудің ауыстырымдылық және терімділік қасиеттері; көбейтудің үлестірімділік қасиеті; 0 мен 1-дің қасиеттері.
3. Амалдарды және олардың қасиеттерін кезеңдер бойынша оқыту, математикалық терминдерді, символдарды қолдана алу пәндік құзыреттіліктерін қалыптастыру және есептеу тәсілдерінің негіздері бойынша білімдерін қолдану технологиясы.
Дәрістің қысқаша мазмұны:
Бастауыш мектепте 4 амал (қосу, азайту, көбейту, бөлу) және олардың қасиеттерi: қосу мен көбейтудiң ауыстырымдылық және терiмдiлiк заңдары, қосындыны санға бөлу және көбейту, үлестiрiмдiлiк заңы, 0 мен 1-дің қасиеттері; қосу мен азайту амалдарының байланысы, көбейту мен бөлу амалдарының байланысы т.б. оқытылып-үйретiледi.
Қазiргi бағдарлама бойынша қосу мен азайту, көбейту мен бөлу өзара кері амалдар ретiнде бiр мезгiлде қатар өтіледi.
Қосу мен азайту амалдары 1-сыныпта қатар қарастырылады, Ал көбейту мен бөлу амалдары бiрдей сандардың қосындысы мен саннан бiрдей сандарды азайту түрiнде 2 және 3-сыныпта көрнекiлiк көмегiмен енгiзiледi. Арифметикалық амалдардың атаулары мен өрнек атаулары енгiзiледi: қосу амалының «қосынды», «қосылғыштар», «қосындының мәнi»; азайтудың – «айырма», «азайтқыш», «азайғыш» «айырманың мәнi»; көбейтудiң – «көбейтiндi», «көбейткiштер», «көбейтiндiнiң мәнi»; бөлудiң – «бөлiндi», «бөлiнгiш», «бөлгiш», «бөлiндiнiң мәнi».
Қосу амалы дегеніміз ортақ элементтері жоқ жиындарды біріктіру;
Азайту амалы дегеніміз жиынды қандай да бір белгілеріне қарай ішкі жиындарға бөлу;
Көбейту амалы дегеніміз элементтерінің саны бірдей жиындарды біріктіру немесе бірдей қосылғыштардың қосындысы;
Бөлу амалы дегеніміз жиынды элементтерінің саны бірдей ішкі жиындарға бөлу. Бөлудің 2 түрі бар: тиісінше бөлу және теңдей бөлу
Амалдардың қасиеттерi де амалдардың енгiзiлуiне байланысты белгiлi бiр кезеңде енгiзiледi, яғни мүмкiндiгiнше сол сыныпта қарастырылады. Арифметикалық амалдардың қасиеттерін қарастыру барысында олардың ролі мен маңызына баса назар аударылуы тиіс. Ауыстырымдылық қасиетін оқыту ілгеріде оқушылардың есте сақтайтын кестелік теңдіктерін біршама азайтуға, терімділік және үлестірімділік қасиеттері тез есептеуге, есептеу техникасын дамытуға септігін тигізеді.
Амалдардың атаулары мен нәтижелерi арасындағы байланыс та қарастырылады.