1-дәріс. Кіріспе. Анатомия ғылымының даму тарихына қысқаша шолу. Адамның табиғаттағы жүйелік орны. Мүшелер, мүшелер жүйелері. Аппаратттар, біртұтас организм
1-дәріс. Кіріспе. Анатомия ғылымының даму тарихына қысқаша шолу. Адамның табиғаттағы жүйелік орны. Мүшелер, мүшелер жүйелері. Аппаратттар, біртұтас организм Дәріс жоспары: 1. Анатомия ғылымының даму тарихына қысқаша шолу.
2. Адамның табиғаттағы жүйелік орны.
3. Мүшелер, мүшелер жүйелері. Аппаратттар, біртұтас организм
.
Кілтті сөздер:Анатомия, антропология, әдістер, морфология, топография, патология. жүйе, мүше, ұлпа, организм
Көрнекі материалдар: слайд, мульяж, қаңқа, кестелер.
Адам анатомиясы биологиялық ғылымдарының бір саласы. Адам анатомиясы - адам денесінің құрылысын, пішінін оның жекелей дамуымен (онтогенезімен), тарихи даму кезеңдерімен (филогенезімен), атқаратын қызметімен және оған әсер ететін сыртқы ортаның әсерімен қоса зерттейді.
Мектептер мен педагогикалық институттарда өтілетін адам анатомиясы – қалыпты (нормальная) анатомия деп аталады. Қалыпты немесе “орташа” адам деген ұғымды ғылымға француз жаратылыстанушысы Ж. Бюффон (1707-1788) енгізді. Қазіргі кезде бұл ұғым дене пішіні толық қалыптасқан, ақыл-есі толық жетілген, жасы 25-тен асқан, бойының ұзындығы орташа 170 см, салмағы – 70 кг, денесінің сыртқы пішіні 1,8 шаршы метр және орташа өмір сүру жасы 70 жастағы адамға қарасты айтылады. Мұны қазіргі кезде стандартты адам деп те атайды. Қазақ халқы ондай адамды кемел адам дейді. Мұндай адамның денесіндегі әрбір мүшелердің де орташа салмағы және денесін құрайтын химиялық заттардың да орташа мөлшері белгіленген (Мамедов, 1998).
Адам организмі де басқа тірі организмдер сияқты клеткалардан, ұлпалардан тұратындықтан адам анатомиясы цитология, гистология ғылымдарымен тығыз байланысты. Сонымен қатар, морфология, зоология, эмбриология, генетика, эволюциялық ілім, физиология және т.б. ғылымдармен де тығыз байланысты.
Адам анатомиясының өзі зерттеу нысандарына сәйкес бірнеше бағыттарға бөлінеді. Мысалы, мүсіндік (пластикалық) анатомиясуретшілер, мүсіншілер үшін, динамикалық анатомия спортшылар үшін, жас ерекшілік анатомиясы, топографиялық анатомия, патологиялық анатомия және т.б. деп көптеген салаларға бөлінеді.
Адам эмбриологиясы, цитология, гистология және адам анатомиясы адам денесінің пішінін, құрылысын және даму ерекшеліктерін зерттейтін болғандықтан олардың бәрі жиналып адам морфологиясы (грекше “morphe”-пішін) деп те аталады. Бұл ғылымның құрамына антропология (грекше”antropos”-адам) ғылымы да жатады. Антропология ғылымы адамның пайда болуын, оның тарихи даму кезеңдерін және нәсілдердің сыртқы құрылыстық ерекшеліктерін қоса зерттейді.
Адам анатомиясы психология, қоғамтану және медицина ғылымдарымен де тығыз байланысты. Сонымен қатар, анатомиялық білім болашақ ұстаздар үшін де өте қажет. Өйткені болашақ әрбір тұлғаның қалыпты өсуі, дамуы және салауатты өмір салты мектепте алған білімдері мен тәрбиелеріне де тікелей байланысты екенін әрбір ұстаз естерінен шығармауы қажет.
Анатомиялық зерттеулерде көптеген әдістер қолданылады. Олардың ішінде ертеден келе жатқан әдіс – кесіп немесе жарып көру әдісінің өзі анатомия ғылымының аталуына септігін тигізген.
Анатомия термині гректің “anatеmno”-деген сөзінен алынып, кесемін, жарамын, мүшелеймін деген ұғымды білдіреді.
Анатомиялық зерттеу әдістері негізінен сипаттаап жазу, салыстырмалы-анатомиялық және экспериментті әдістер деп бөлінеді.
Іші қуысты мүшелерді зерттеуде көбіне инъекция (ішіне сұйық зат толтыру) және коррозия әдістері қолданылады.
Соңғы кезде анатомиялық зерттеулерде микроскопиялық, ретгеноскопиялық, компъютерлік томографиялық және т.б. әдістер жиі қолданылады.