Иммунитет. Иммундық реакция. Иммунитет туралы ғылым – иммунология осы заманғы биологияның ең жедел дамып келе жатқан саласы. Имммунология – организмді әр түрлі антигендерге молекулалық, клеткалық және басқа да физиологиялық реакцияларын және осыған байланысты организмде пайда болған өзіндік ерекше және өзіндік емес құбылыстарды зерттейтін медицина және биологиялық ғылым саласы. Ол организмдегі қорғаныш қабілетін және онда пайда болатын имммунитетті зерттейді. Иммунологияның жетістіктері молекулалық биология, генетика, биохимия, биофизика, мал және егін шаруашылықтарының барлық салаларына, медицина мен ветеринарияға игілікті ықпал етіп отыр. Тарихи тұрғыдан иммунология инфекциялық патологияның негізінде қалыптасты. Сондықтан ескі немесе классикалық иммунологияны инфекциялық иммунология деп атайды. Ал енді молекулалық биология, генетика, трансплантологиямен байланысты иммунологияны инфекциялық емес, немесе жаңа иммунология деп атап жүр. Негізінде иммунология – ортақ мақсаты мен өзіндік әдістері бар тұтас ғылым. Оның серология, аллергология иммунохимия, иммуногенетика, өсімдіктер иммунитеті, жануарлар иммунитеті т.б. салалары бар.
Иммунитет (әлует) латынның immunitas (міндеттен босану) деген сөзінен шыққан. Ол – организмнің генетикалық болмысы үшін бөгде заттардан, оның ішінде зардапты микробтардан, қорғану қабілеті. Иммунитет организмнің ішкі ортасының тұрақтылығын (гомеостаз) және оның қызметінің біртұтастығын қамтамасыз ететін микробтардан бастап адамға дейінгі бүкіл тіршілік иелеріне тән қасиет. Иммунитеттің қалыптасуына бүкіл организм біртұтас жүйе ретінде қалыптасады. Бұл – тірі табиғаттың ұзақ эволюциялық дамуының, табиғи сұрыптаудың, паразит пен оның иесінің өзгергіштігінің нәтижесі. Жоғары сатыдағы организмдердің арнайы иммунитет органдары бар.
Иммундық жүйе орталық және шеткі органдардан тұрады. Иммундық жүйенің құрамына төс астындағы сырт пішіні айыр тәрізді болып келетін тимус, қарын астында орналасқан көк бауыр, жілік майы, ішектерді жағалай орналасқан лимфалық түйіндер жатады. Бұл органдар денеге таралып сөл (лимфа) тамырлары арқылы организмнің барлық мүшелерін қамтып жатады. Жоғарыда қан сарысуының иммундық қабілеті туралы әнгімеледік. Сол сарысу қанмен қосылып жатқан лимфа болып табылады. Иммундық органдардан ағып шыққан лимфа иықтағы бұғана сүйегінің тұсында қанмен қосылып, онымен бірге денені айналып келіп, лимфалық түйіндерде қайтадан қаннан бөлініп, иммундық органдарға келеді. Олар қанның сарысуында болғандықтан ғалымдар иммунитеттің гуморальдық ("гумор" — сұйық) теориясын жасады.
Лимфа негізінен лимфоцит деп аталатын клеткалардан тұрады. Иммундық жүйенің құдіретін көрсететін дәл осы клеткалар. Лимфоциттер жасалатын клеткалар алғаш іште жатқан тқлдің бауырында пайда болады. Одан соң сүйектің майына түсіп, сол жерде пісіп жетіледі де, одан майда лимфоциттер жасалады. Жіліктен "шыққан" лимфоциттердің бір бөлігі тимусқа жетіп, ол жерде ерекше қасиетке ие болады. Одан шыққан лимфоцитті Т-лимфоцит (тимустық лимфоцит) деп атайды. Иммундық жүйеде Т-лимфоцит орі қарай бөлініп, мынадай клеткалар тобын береді:
1.Антигенді жұтып, ыдыратып жіберетін макрофаг;
2.Антигендік клетканы өлтіретін клеткалар — Т-киллер (ағылш. "килл" — өлтіру деген сөз);
3.Антидене жасайтын лимфоциттермен хабарласын тұратын клеткалар — Т-хелпер ("хелп" - көмектесу);
4.Антидененің жасалуын тоқтататын — Т-супрессор клеткалары. Осы айтылғандар иммунитеттің ең белсенді клеткалары болып табылады. Бұлар еш уақытта антидене жасамайды.
Т-және Б-лимфоциттердің шығу тегі. Тимус - төс сүйегінің астындағы айырша без. Бұл без организмнің жасы ұлғайған сайын біртіндеп кішірейе береді. Жатырда жатқан баланың салмағының 2 проценті тимус болса, жаңа туған баладағы оның үлесі — 0,5 процент, ал қырыққа келген адамда небәрі — 0,0І процентке дейін төмендеп, қарт адамдарда ол мүлдем жойылып кетеді. Адам қартайғанда аурушыл болатыны да осы бездің жоғалуынан. Көптеген зерттеулер тимусты хирургиялық жолмен алып тасталған жас малдың нашар болып өсетінін көрсетіп отыр. Ондай малдарда лимфоциттердің мөлшері күрт азайып, иммунитеттің ешбір белгісі байқалмайды, жұқпалы аурумен тез ауырады. Егер малдарға тимус безін қайта салса, ауруға карсылығы күшейгені анықталды. Осы нәтижелер тимустың иммундық жүйеде ең басты роль атқаратынын дәлелдейді.
Сонымен, тимустан иммунитетте ерекше қызмет атқаратын төрт түрлі клеткалар тобын — макрофаг, өлтіргіш, көмекші және тежегіш-клеткалар (супрессор) беретін Т-лимфоциттер, "дайындалып" шығатынын білдік. Т-лимфоциттер соншалықты мықты болғанмен иммундық жүйе Б-лимфоциттер деп аталатын клеткаларсыз организмді бөтен заттардан қорғауы мүмкін емес. Антиденелерді осы Б - лимфоциттер жасап шығарады. Яғни денеге енген антигенді "сиқырлы оқ" — антиденелермен "атқылайтын" осы клеткалар. Бұл клеткалардың Б-лимфоциттер деп аталу себебі мынаған байланысты. 1956 жылы Глик антидене жасайтын клеткаларды алғаш рет құстың "бурса" деп аталатын безінен тапты. Сондықтан "бурса" деген сөздің бірінші әрпін қосып, антидене жасайтын иммундық клеткаларды Б-лимфоциттер деп атайды.
Адам және жануар организмінде бурса безі жоқ. Ал құста сүйек майынан шыққан лимфоциттердің бір бөлігі бурсада, антидене жасайтын клеткаларға айналады. Ал адам мен жануарларда сүйек майынан шыққан лимфоциттердің бір бөлігі Т-лимфоцитке айналу үшін тимусқа барса, екінші бөлігі Б-лимфоциттерге бірден айналып отырады екен. Сонымен қорыта айтқанда, иммундық жүйе организмді Т-және Б-лимфоциттерінің арқасында ғана антигеннен қорғай алады. Қалыпты жағдайда иммундық жүйедегі Т-және Б-лимфоциттер бір-бірімен араласпай, лимфалық түйіндердің әр бөлігінде орналасқан. Олар иммундық органдардан шығып қан тамырларына енгенде ғана араласады.
Достарыңызбен бөлісу: |