Байланысты: Лекция 1-15 Мадениет и психология КАЗ (2)
Дәріс 2. Мінез 1.Мінез анықтамасы және акцентуациясы
2.Тұлғаның қабілеті және нышандары
Мiнез туралы түсінік Әр адам сыртқы дүниенiң сансыз тiтiркендiргiштерiне өз әлiнше түрлiше жауап қайтарып отырады. Бұл жауап реакциялары оның сыртқы дүниемен қалайша қатынас жасайтынын көрсетумен қатар, бiртiндеп беки келе, сол адамның үйреншiктi әдетiне, мiнез-құлқының мәнерiне айналады. Сөйтiп, әр адамда әр түрлi мiнез бiтiстерiнiң болуы оның сыртқы ортамен түрлiше қарым-қатынас жасауының нәтижесi болып табылады.
Адамның сыртқы ортамен байланысуы үшiн жасайтын осындай қатынастарының жиынтығы оның мiнезiн құрайды.
Адамның үйреншiктi әдетi болып қалыптасқан мiнез бiтiстерiнiң кейде оның сыртқы ортамен жасайтын негiзгi қатынастарына сәйкес келмейтiн кездерi де болады. Мәселен, бiреудiң қатал, не тымыр болуының негiзiнде адамды менсiнбеу, тәкаппарсыну сияқты мiнез қатынастарының тұрақты жүйесi жатпай, оның темпераментiнiң жүйке жүйесiнiң тума қасиеттерiне байланысты қалыптасып кеткен әдеттерiнiң жатуы ықтимал.
Мiнез — адамның негiзгi өмiрлiк бет алысын және оның өзiндiк әрекетiнiң айырмашылығын сипаттайтын сапалы өзгешелiк. Ол — көп қасиеттiң бiрлiгi, түрлi өзгешелiктердiң қосындысы, сонымен қатар, адамды әр қырынан көрсететiн қасиет. Мiнез бiтiстерi көп. Олардың бәрi де жеке адамның қасиеттерi болып табылғанмен, мұның кез келгенi мiнездiң бiтiстерi болып саналмайды.
Мiнездi даралық өзгешелiктiң өзегi, адамның негiзгi тiршiлiк бағытының өрнегi деуге болады. Мiнезде адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасының тарихы бейнеленедi. Мiнез — кең мағыналы ұғым. Онда түрлi сапалар тоғысып жатады. Мiнездiң моральдық жағынан тәрбиелiлiгi, бiрқалыптылығы, толықтылығы, күшi мен айқындығы, салмақтылығы — оның негiзгi сапалары болып есептелiнедi.
Моральдық жағынан тәрбиеленген мiнез адамды мiнез-құлық тұрғысынан да, оның айналасымен байланысы тұрғысынан да сипаттап отырады. Коллективизм, гуманизм, адамдарға қамқорлық жолдастықты қадiр тұту, жұртшылық пiкiрiмен санаса бiлушiлiк, өзiнiң мiндетiн орындаудағы жауапкершiлiк пен адалдық — мiнездiң осы сапасының негiзгi компоненттерi.
Рухани дүниесi бай қажеттерi мен қызығулары, талғамы мен ой-өрiсi кең адамдарды толық мiнездi адам дейдi. “Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мiнез-құлыққа байланысты” (Әл-Фараби). Мiнез сапаларының бiрi — оның бiрқалыптылығы. Мұндай адам құйындай ұйтқып тұрмайды, оның қастерлейтiнi ылғи да сөз бен iстiң бiрлiгi. Кiмнiң мiнезi толық болса, соның мiнезi бiрқалыпты да келедi. Бұл екеуi мiнездiң егiз қозыдай, бiрiнен екiншiсi ешқашан ажырамайтын қасиеттерi. Мiнездiң тұрақтылығы адамның саяси моральдық ұғымынан, түсiнiктерiнен туындайды. Бұл қасиеттер адамның өмiр сүруiнiң мән-мағынасын, әрекетiнiң мазмұнын белгiлейтiн мiнездiң сапасы.
Бiрқалыпты, тұрақты мiнезi бар адам басқалардың жетегiнде кетпейдi, оның өзiнiң белгiлi көзқарасы, принципi, өзiндiк мiнез-құлқы болады, ол қауiп-қатерден бой тасаламайды, керек жерiнде батылдық көрсете бiледi. Инициатива мен белсендiлiк, достық пен жолдастық, адалдық пен шыншылдық осындай мiнездi адамға тән қасиеттер. Ал мiнездiң күшiне мақсатқа жету жолында алда тұрған кедергiлердi жеңе бiлуде көрiнетiн адам ұстамдылығының мөлшерi жатады. Соңғы сапа болмаса да мiнез өз мәнiнде болмайды. “Бойдақайрат, ойда көз, болмаған соң айтпа сөз” деп Абай тегiннен тегiн айтпаған. Жақсы мiнезге тән сапалардың бiрiне оның бай-салдылығы жатады. Мiнез адамның дүниеге көзқарасы мен сенiмiне байланысып жатса ғана жоғарыда аталған сапалар қоры молаяды. Тек осындай мiнезi бар адам ғана алдына айқын мақсат қоя алады. Соңғысы берiк сенiмнен туады. Мұнсыз тиянақты әрекет ету қиын. Қабiлетсiз адам болмайтыны сияқты, мiнезсiз де адам болмайды. Жаман болсын, жақсы болсын, әйтеуiр, адамда бiр мiнез бiтiсi болады. Бiрақ жоғарыда айтқандай түрлi сапалары қиысып келетiн үлкен мiнездi адамдар жиi кездесе бермейдi. Бiреуде ол жағы, бiреуде бұл жағы жетпей жатады. Адам, сондай-ақ, түрлi жағдайда түрлiше қылық көрсетуi де мүмкiн. Осыған қарап оның мiнезi тұрақсыз екен деп бағалай салуға болмайды. Өйткенi ол әншейiнде батыл, жiгерлi болмағанымен, бiрде осындай қасиеттерiмен көзге түсуi мүмкiн. Мiнез үшiн тұрақты қасиеттердiң мәнi өте зор. Мәселен, барлық жерде де адам тәртiп сақтай алатын болса, тек сонда ғана тәртiптiлiктi сол кiсiнiң мiнез бiтiсi деп санауға болады.
И. П. Павлов адамның мiнез бiтiстерiн жоғары жүйке қызметiнiң тума типтерi мен өмiр сүру барысында қалыптасатын уақытша жүйке байланыстарының өзiндiк “құйындысы” деп түсiндiрдi. Бұл жөнiнде ол былай деп жазды: “...адамның мiнез-құлқының бейнесi жүйке жүйесiнiң туа бiткен қасиеттерiне ғана байланысты болып қоймайды, сонымен бiрге, организмнiң жеке өмiр сүру барысында болатын ықпалдарға да байланысты, демек, кең мағынасында айтқанда, үнемi тәрбиелеу немесе үйрету жұмыстарына да байланысты болады”.
Адам мiнезiнiң қалыптасуы қоғамдық болмыспен, әлеуметтiк ортамен (мектеп, балалар мекемелерi, оқу, өндiрiс ұжымы, қоғамдық ұйымдар т. б.) тығыз байланысты. Осы айтылғандар мiнездiң дамуы үшiн шешушi рөль атқарады. Мiнез өзгермейтiн тума қасиет емес, ол өмiрде қалыптасады. Мәселен, ешбiр бала туысынан “еңбек сүйгiш не жалқау, тәртiптi, не ұстамсыз болып тумайды. Оның мiнезi, ұзақ жылғы өмiр сүру барысында өмiрдiң сан алуан ағымына қарай тәрбие процесiнiң ықпалымен қалыптасып отырады. Адамның сыртқы ортамен жасайтын қарым-қатынасы белсендi қарым-қатынас. “...Сөз жүзiнде емес, мiнез-құлықты iс жүзiнде жүзеге асыруға болады” (Әл-Фараби). Сондықтан да оны қоршаған ортасын ғана өзгертпей, өзi де шама-шарқынша сол ортасына тиiстi өзгерiстер енгiзедi. Адамның нақтылы iс-әрекетi де мiнез бiтiстерiнiң қалыптасуында шешушi рөль атқарып отырады.