1 дәріс. Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы



бет10/75
Дата31.12.2021
өлшемі231,81 Kb.
#23325
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   75
Туынды сөздер

1.Туынды сөздер туралы түсінік.

2.Туынды түбірлердің негізгі белгілері.

3.Туынды түбір термині жайындағы көзқарастар.

Туынды сөздер – тілдің сөзжасамдық тәсілдерінің қызметінің нәтижесінде сөздікке қосылған лексикалық дайын тұлғалар: кенші, жүлдегер, шекара, қызыл ала, білезік, әкел.

Туынды сөздер – сөздік қорымыздың ең көлемді қабаты, олар тілдің әр даму сатысында сөзжасамның нәтижесінде үнемі сөздікке қосылып, тілді байытып отыратын тілдік нұсқалар. Туынды сөздер тілдің сөзжасамдық тәсілдерінің бәрі арқылы жасалатын болғандықтан, туынды сөздердің түрлі болатыны. Туынды сөздердің негізгі түрлері: туынды түбір, біріккен сөз, қос сөз, күрделі сөз, қысқарған сөз.

Туынды сөздердің әр түрі, олардың жасалу тәсілдері, туынды сөздің түрлерінің морфемдік құрамы, олардың сөзжасаудағы қызметі, туынды сөздің лексикалық мағынасының жасалуына негіз, арқау болатын морфемалар, туынды сөздің түрлерінің бір-бірінен айырмасы, ұқсастығы.

Туынды сөздердің белгілері: жаңа мағынаны білдіруі, ол жаңа мағынаның объективті өмірге қатысы болуы, сөздікке кіретін дербес сөз жасап, оның сөздік қорды байытуы, туынды сөз атаулының бәрі тілдің сөзжасам жүйесінің заңдылықтары арқылы жасалуы, туынды сөздердің белгілі құрамы болатыны, туынды лексикалық мағынаның негіз сөздің мағынасымен байланыстылығы, туынды сөздердің сөйлем құрамына тілдегі дайын қалпында алынатыны, олардың сөйлем құраушы негізгі тұлға қызметінде жұмсалуы.

Туынды сөзге қосымша арқылы жасалған туынды түбірлер мен аналитикалық сөздер, барлық сөзжасам тәсілі арқылы жасалған туындылардың бәрі жатады, туынды сөздер-тілдің сөзжасамдық процесінің нәтижесінде туған лексикалық дайын тұлғалар.

Туынды түбір деген термин- туынды сөздердің бір тобының ғана аты. Туынды түбірлерге тек жұрнақ арқылы, синтетикалық тәсіл арқылы жасалған сөздер де жатады. Туынды сөз деген терминнің көлеміне туынды түбірлер оның бір тобы ретінде кіретіні сөзсіз, бірақ туынды сөздерге олардан да басқа тәсілдер арқылы жасалған түрлі-түрлі туынды сөздер жатады. Мысалға туынды сөздерге туынды түбірлерден басқа тағы да сөзқосам тәсілі арқылы жасалған біріккен сөздер, қосарлану тәсілі арқылы жасалған қосарлама,қайталама қос сөздер,тіркестіру тәсілі арқылы жасалған аналитикалық,яғни күрделі сөздер сематикалық тәсіл арқылы жасалған сөздер жатады.

Сөйтіп, тіліміздегі сөзжасам тәсілдері арқылы белгілі сөзжасам модельдерінің бірі бойынша жасалып, сөздік қорымызға кірген сөздерді туынды сөздер дейміз. Мысалы: бала+лық, үй+лі, өнер+паз, бала+пан, үй+шік, сары+ала, он+сегіз .

Туынды түбір туынды сөздердің ішіндегі ең көп тарған түрі, ол-сөзжасамның синтетикалық тәсілі арқылы жасалады. Сөзжасамның синтетикалық тәсілі сөзжасамдық жұрнақтар арқылы туынды түбір сөздер жасап, тілді байытып отырады. Туынды түбірдің мағынасы негіз сөз бен сөзжасамдық жұрнақтың мағынасынан жасалады. Негіз сөздің лексикалық мағынасы жұрнақ қосылғаннан кейін туатын лексикалық мағына негіз болады, сондықтан туынды сөздің мағынасы мен негіз сөздің мағынасы үнемі байланысты болады. Мысалы:өнер-лі, ақ-та, көйлек-шең, біт-ім, сыр-лас т.б.

Туынды түбір құрамы жағынан алғанда, екі морфемадан тұрады. Олар: негіз сөз және сөзжасамдық жұрнақ. Бұл екі морфема- туынды түбір үшін міндетті шарт.

Осыдан тілде, біріккен сөздер пайда болған. Кейіннен бұл тәсіл арқылы тілде жаңа сөздер жасалып отырған: балмұздақ-бал мұздақ, оттегі-от+тегі + т.б. Біріктіру тәсілі арқылы жасалған сөздер жаңа атаулар жасайтын болғандықтан,олар туынды сөздерге жатады.

Қос сөздер де тіліміздегі туынды сөздердің бір түрі. Сөздерді қосақтау арқылы жаңа мағынаны білдіру тілде ертеден келе жатыр. Мысалы: ине-жіп, қыз-келіншек, қауын-қарбыз, көрпе-жастық т.б .Мұнда көрпе-жастық төсекке қатысты барлық заттардың атын білдіреді. Қос сөздердің мағынасы оның құрамындағы компоненттердің ешқайсысының жеке тұрғандағы мағынасы емес, олардың бірлігінен шыққан басқа лексикалық мағына. Бұл қасиет қос сөз атаулының бәріне қатысты емес, ол-қайталама қос сөздерде жоқ белгі. Қос сөздердің компоненттерінің мағынасынан басқа лексикалық мағынаға көшуі оларды туынды сөз қатарына қосады.

Күрделі сөз – сөзжасамның аналитикалық тәсілі арқылы жасалатын сөздердің бір тобы. Бір сөзбен екінші сөзді тіркестіріп,номинасия жасау-тіліміздегі сөзжасамның өнімді тәсілдерінің бірі. Жаңа ұғым, жаңа мағынаны атаудың бір түрі – сөздерді бірімен-бірін тіркестіру. Мысалы: Бұлшық ет қимылдамағасын тамырға қан ұйып қалады («Білім және еңбек») ертең аулым көшеді, уық бауын шешеді (С.Сейфуллин).

Күрделі сөздің жасалуының да өзіндік заңдылығы, оны жасауда ерекше қызмет атқаратын тілдік тұлғалар бар. Күрделі сөз жасауда қызметі күшті тұлғаларға тірек компоненттер жатады. Күрделі сөздің компоненттерінің біреуі әдетте бірнеше күрделі сөздің құрамында кездеседі. Мұндай компоненттерді бірнеше туынды түбірдің құрамында кездесетін жұрнақпен салыстыруға болады. Жұрнақ сөз жасаушы морфема болғандықтан, бірнеше туынды түбірдің құрамында кездесуі заңды. Жұрнақ неғұрлым өнімді болса, солғұрлым ол көптеген туынды түбір жасайды, солардың құрамында болады. Күрделі сөздердің компонентінен де осы құбылыс байқалады. Мысалы: Аттың сырттығын, тамақ бауын қарап болып бұрылып, арбаға қайта келді (Б.Майлин) Сарыбай құдалықтың қарғы бауы үшін Қарабайға Айбас дейтін құлын береді.

Тілде пайда болған туынды сөзді бір жағынан сөз формасынан, екінші жағынан сөз тіркесінен ажырату оңай емес. Сөзжасамдық талдауда туынды сөздердің өзіндік ерекшеліктеріне, белгілеріне тоқталайық.

1. Туынды сөз жасалғанда тілге жаңа мағыналы жаңа сөз қосылады. Бірақ ол жаңа сөз жоқтан пайда болмайды, тілде бұрыннан бар тілдік тұлғалардың негізінде жасалады да, олардың туынды сөз жасап тұрған дербес мағынасынан басқа мағына туады. Мысалға әнші, биші, жұмысшы, жазушы деген туынды сөздерді алайық. Алғаш осы сөздер жасалғанда, олардың жасалуына ән, би, жұмыс, жазу деген сөздер және мамандық мағынасын тудыратын –шы,-ші жұрнағы қатысқан.

2. Туынды сөз мағынасының шындық өмірге қатысы арқылы да ажыратылады. Туынды сөз обьективті өмірдегі белгілі бір құбылысты, затты, оның түрлі белгілерін, қимылын,т.б. ерекшеліктерін білдіреді. Мысалы: аялдама, балмұздақ, көрермен, оқырман, талапкер, жанкүйер т.б.

Туынды сөз атаулы - әр кезеңде жасалып сөздік қорға еніп отырған дайын лексикалық единицалар, сондықтан олар сол қалпында сөйлемге алынады. Бұл ерекшілігі жөнінде оларды негізгі түбір сөздермен бірдей деп қараған жөн. Негізгі түбір сөздер қалай сөйлемге дайын түрінде кірсе, туынды сөздер де сондай дайын қалпында кіреді. Мысалы: малшы, аңшы, өлеңші, үгітші, суретші, биші т.б. Мұнда келтірілген туынды сөздер зат есім сөзжасамның бір типіне жататын модель бойынша жасалған. Бұл модель тіліміздің синтетикалық сөзжасамының түбір+жұрнақ (т+ж) моделінің ішкі бір тармағы.

Сол сияқты аналитикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздердің аналитикалық тәсілдің түрлеріне байланысты өзіндік ерекшеліктері бар. Бірақ мұнда да олардың бәріне ортақ ірі модель бар, ол модель- түбір+түбір(т+т)

Туынды сөздің құрылымы оның белгілерінің біріне жатады. Өйткені туынды сөздердің белгілі құрылымы бар, оның құрылымы қашан да негіз сөзден күрделі болады. Негіз сөз бір морфемадан тұрса, туынды сөз ең кемі екі морфемадан тұрады. Ол морфемалардың бірі түп негіз, екіншісі сөз жасаушы жұрнақ болады, немесе ол екі негіз сөзден құралады. Мұндай негіз сөздердің біреуі күрделі сөз жасаушы тірек компанент болады.

Туынды сөздердің бір белгісіне туынды сөз бен туынды сөзге негіз болып тұрған түп негіздің мағына байланыстылығы жатады. Сондықтан туынды сөз түп негіздің мағынасымен салыстыру арқылы ажыратуға болады. Түп негіз бен туынды сөздің мағына байланыстылығы міндетті шарттардың біріне жатады. Сондықтан ол туынды сөздің белгісі ретінде қаралады. Мысалы: өнер-паз, мал-шы, ақ-та, жас-ар, көр-ік, біл-ім, түй-ін, бөл-ме т.б. Осы келтірілген туынды сөздердің мағыналарынан олардың жасалуына негіз болған өнер, мал, ақ, жас, көр, біл, түй, бөл деген сөздердің мағыналары анық көрініп тұр.

Туынды сөз сөйлемде сөз түрлендіруші, форма жасаушы қосымшалармен түрлене береді. Мысалы: Әнші концерт берді. Әншілерге сыйлық берілді. Әншілерді халық өте сыйлайды. Осындағы әнші деген туынды түбір зат есім болғандықтан, сөйлемде зат есімнің көптік жалғауымен, септік жалғауларымен түрленген. Ол туынды түбір түрлі сөйлемде өз құрамын сақтап тұр, әр сөйлемде өзгерген – тек сөз түрлендіруші қосымшалар ғана. Олай болса, сөйлем құрылысына қарай өзгермей, түбірде сақталған қосымша сөз жасаушы қосымша болғаны. Сондықтан ол сөз (әнші) туынды түбірге жатады.
Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Ысқақов А.Қазіргі қазақ тілі.-Алматы: Ана тілі.. 1991.

2.Қазақ тілі грамматикасы. –Алматы: Білім. 1967. 1 том.

3.Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. -Алматы: Ғылым. 1989


9 дәріс



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   75




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет