Өлең жүйелері туралы түсінік Тармақ сөзбен, бунақпен, буынмен өлшенеді. Барлық тілдегі өлең тармағының негізгі өлшем бірлігі - буын. Буынның фонетикалық негізгі сипаттарына əуез, сан, екпін сияқты белгілері алынады да, соған орай өлең жүйелері метрикалық (кватитативті), силлабикалық, тоникалық, силлабо-
тоникалық болып сараланады. Енді осы өлең жүйелерінің ерекшеліктеріне назар салайық.
Метрикалық немесе квантитативті жүйе - өлең жолдарының айтылу уақытының сəйкестігіне (изохронизм) негізделіп, тармақтағы дыбыстық өлшемдер буындардың созылыңқы немесе қысқа қайырылуы арқылы реттелетін өлең құрылысы. Бұл жүйе буындағы дауыстылардың созылыңқы немесе қыса айтылуы сөз мағынасын өзгертуге ықпалды тілдерге тəн. Метрикалық өлең жүйесінің мейлінше жарқын үлгілері антикалық өлең құрылысынан, араб жəне парсы поэзиясындағы аруздан, санскрит тіліндегі джатидан, сондай-ақ, фин жəне классикалық қытай өлеңі құрылысынан жақсы байқалады.
Метрикалық өлең құрылысының негізіне алынатын өлшем – мора. Латын тілінде «уақыт аралығы, пауза» деген мағына беретін «мора» сөзі бұл жерде дыбысты айтуға кететін уақыттың ең кіші бірлігі болып табылады. Сондай-ақ, əдебиеттануда мора ұғымымен мəндес хронос протос деген де термин бар. Грек тілінде «chronos protos» бастапқы уақыт дегенді білдіреді. Екі терминнің де түп мағынасы антикалық өлең құрылысындағы қысқа буынның қалыптасқан айтылу ұзақтығын білдіреді, яғни өлеңдегі уақыт өлшемінің ең жүйесіндегі өзге өлшемдерге мора негіз болады. Мысалы, ұзақ буын – екі мораға, ямб – үш мораға, т.с.с. тең болады. Аталмыш өлең жүйесінің өзі таза метрикалық жəне силлабо-метрикалық болып, екі түрде бөлінетінін де ескеру керек. Таза метрикалық жүйеде негізгі өлшем такт болып табылады. Такт – моралар бірігуінен пайда болатын өлшем. Ал силлабо-метрикалық жүйеде такт құрамындағы буындардың позициясы ықпалды роль атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |