Жазушы Ж.Аймауытов өзінің «Әнші» әңгімесі Әміре Қашаубаевтың әншілік өнеріне арналған шығарма. Жазушы бейнелей бастаған тұрмыстың қысқаша суретінің өзі-ақ («бізді қазақтан басқа кім мекендесін» деп тұрған бет-аузы қисық, көздері сығырайып тұрған жапырайған, тәукеншік үйшіктер, жаман-жұман баспаналарды басып кететіндей қоразданған байлардың салауатты көк шатырлы сарайлары) оқырманға көп нәрсені аңғартқандай. Ж.Аймауытовтың әңгімесінде ән жанның шарықтауының жалғыз-ақ құралы болып табылады. Ән тыңдап отырған көрермен жаны рухани тазарып, қайта жаңғырады.
Әмірқан-адам және Әмірқан-әнші бір-біріне тепе-тең емес. Күнделікті өмірде ол мінсіз емес (епсіз, бейқам, ысырапшыл, бес әйел шығарған жеңілтек). Ал Әмірқан-әнші – жұмбақ, тұңғиық. Ән салған кезде Әмірқан адам танығысыз өзгеріп шыға келеді: «Әмірқандай әнді ешкім сала алмайды. Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның даусы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге ән салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. Оның ән салғандағы түріне қарап отырсаң, тоясың». Ол – бір кейіптегі екі адам сияқты. Бұлайша екіге жарылу басты кейіпкер бейнесіне ерекше тереңдік береді. Әңгімелеу адам бойындағы қосұдайылықтың, дәлірек айтсақ, әнші мен адам келбетіндегі жұмбақ сарынның күшеюіне құрылған. Шынайы, бетпердесіз Әмірқан қайсы? Әмірқанның бойындағы ең бастысы – оның тулаған көңілі, көкпен қасиетті байланысы, тап осы көк оның өнерін сусындатып, басқа адамдардың да рухани тазаруына септігін тигізеді.
84. Ә. Кекілбаевтың «Күй» повесіндегі табиғат көрінісін талдау Ә.Кекілбаев шығармашылығында шоқтығы биік тұратын туындылардың бірі -«Күй» повесі. Автордың талай тарихи шындықтан хабар беретін, оқырманды сол күймен бірге ой шыңырауына түсіретін, ұлттық сана-сезімнің биігіне жетелейтін, кейіпкерлер тағдыры өмірдің өзекті мәселелерін көтеріп тұратын тың шығарма. Жазушының стилі ерекше, әлемдік әдебиет сахнасында соны образдармен келуге болады, бірақ Әбіш шығармашылығы, әсіресе “Күй» - қазақтың ұлттық тамырымен астасып жатыр, болмысымен біте қайнасқан. Оның қаламгерлік шеберлігі, ұлттық әдебиеттегі орны сонысымен құнды.
Мазмұн – қос ішектен ағыла төгілген күйдей кейде шалқып төгіліп, кейде баяулап, шамырқанып, шымырлап әрбір сюжетті құлағыңызда күмбірлетіп отырады. Ал шығарма соңындағы Сырымның жай- күйі, ішкі толқынысы – сол күйдің соңғы шертісімен тынады, бірақ санасына мәңгілік шегеленіп қалады. Күй – оқырман санасына тұтастай бір шығарманы сыйғыза салды. «Мынау ұлан-асыр қу медиен далаға елу жылдай болыпты, ел қонбапты. Ай бойы қанша жерді араласа да, әдетте теңге жараның орнындай оқшау бозарып жататын көне жұрт, не күзеуде, не көктемде ши қорамен отыратын қойшы ауылдардан қалған ескі көң – көзіне түскен емес. Малдың сүрлеуі, тезегі – түгі жоқ, жым жылас. Теп-тегіс жазық, көптен бері тұяқ баспай, тіс-тимей қақалып өскен майқара жусан. Осынау бедерсіз кеңістіктен бағыт айыру, бағдар тану тіпті қиын.»[2;203] Ұшы –қиырсыз теп-тегіс мекен – өз сырын сол жұмбақтығына сыйдырған. «Мүлгіген кеңістік» - талай заманның, қантөгістің, мәңгүрт басқан табанның, ат-тұяғының, озбыр батырлардың қарақшы қарекеттерінің, ең асылы небір сазды күйлердің куәсі. Қоңыр дала, иесіз дала, бедерсіз кеңістік, жапан дала, аптап, ен дала, қауым молалар, Қарауыл төбе, теріскей көкжиек, нәр тамбаған ала дөң, көктеңізге іреп кіріп жатқан пышақтың жүзіндей жіп-жіңішке қара түбек, көк теңіз, салхар сахара, күн жеп, жел мүжіп тастаған қара жартас, ызғыған қара дөң, сағым ,т.т толып жатқан дүниелер – толықтай шығарманың сұлу суретін көз алдыңызға келтіріп қоятын реалды кеңістік.