Әлеуметтік және эмоционалдық білім. Әлеуметтік-эмоционалдық оқыту жүйесінің негізінде біздің миымыздың рационалды (танымдық) және эмоционалдық тәсілмен жұмыс істейтінін тану жатыр. Екі бағыт та танымдық процесс үшін маңызды, екеуі де білім беруде белсенді қолданылуы керек.
Мектеп реформаларын зерттеушілердің пікірі бойынша, эмоционалдық интеллект және эмоционалдық-зияткерлік білім беру ортасы білім беру саласындағы ең маңызды жаңашылдық болып саналады. Әлеуметтік және эмоционалдық дағдыларды үйрету, қолдаушы оқу ортасын қалыптастыру қысқа мерзімді перспективада ауқымды әлеуметтік және эмоционалдық құзыреттілікке мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді перспективада оқуда, жұмыста және өмірде анағұрлым жоғары жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік-эмоционалдық оқыту аясында 4 негізгі құзыреттілік қарастырылады:
1. Өзін және басқаларды түсіну, бұл өз сезімдерін дәл бағалау және басқару, басқа адамдарға жанашырлық таныту қабілетін қамтиды.
2. Әлеуметтік бірлесуге ықпал ететін және басқалардың құқықтарын бұзбайтын жағымды ұстанымдар мен құндылықтар.
3. Әлеуметтік пайдалы және шынайы мақсаттар қою, оларға қол жеткізуге қатысу мүмкіндігін қамтитын жауапты шешім қабылдау.
4. Әлеуметтік өзара әрекеттестік дағдылары: дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешу, икемділік, ынтымақтастық, көзқарастарды түсінікті және оңтайлы түрде білдіру. Дербестендірілген оқыту (және бейімделген оқыту) оқытудың нәтижелілігін қамтамасыз етудегі маңызды бағыт болып табылады. Дербестендіру дегеніміз – оқыту қажеттіліктеріне бейімделетін, оқытудағы қалаулы нәтижелерді және әртүрлі оқушылардың нақты мүдделерін ескере отырып оқыту. Толығымен дербестендірілген ортада оқыту мақсаты мен мазмұны, сондай-ақ оқыту әдісі мен қарқыны әртүрлі болуы мүмкін (осы арқылы дербестендіру саралау мен дараландыруды қамтиды).
Оқытуды дербестендіру (Personalization of Learning) – нақты білім алушы үшін қызығушылықтары мен тәжірибесін, білімді меңгерудің қолайлы әдістері мен қарқынын ескере отырып дайындалған оқыту. Дэн Бакли (Dan Buckley) оқытуды дербестендірудің екі бағытын анықтады: білім алушы үшін дербестендіру, оның шеңберінде оқыту нақты білім алушыға бейімделеді; білім алушының өзі дербестендіруі, бұл жағдайда оқушы өзінің білім алуын оқуын өзі құрылымдайды.