Алаша хан күмбезі - Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Қаракеңгір және Сарыкеңгір өзендері қосылар тұстағы биік жотаның үстінде орналасқан көне сәулет өнері ескерткіштерінің бірі. Ғалымдар күмбезді Қарахан әулетіне, оғыз-қыпшақ заманындағы сәулет өнерінің қатарына қосады. Зерттеушілер жаңа болжам айтқанымен, күмбездің уақыт зардабынан мүжіліп тозған түрі мен басқа ешбір ескерткішке ұқсамайтын көркемдеу тәсілі арғы замандарға сілтейді. Алаша хан күмбезі порталды-күмбезді сәулет өнері үлгісіне жатады. Аумағы 9,73х11,9 метр. Биіктігі 10 метр. Төңірегі қалың қорым, неше түрлі бейіттер тұрғызылған. Күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған. Олардың көлемі 230х14х60 мм, 260х230 мм, 320х320х60 мм, тағы сол сияқты әр түрлі болып келеді. Құрылыс үстінен биіктігі екі жарым метрге жуық барабан күмбез мойындығы салынып, одан күмбез шығарылған. Барабан сатыланып кішірейе түсетін төрт белдеуден тұрады. Көп қырлы және цилиндр тәрізді етіп жасалынған бұл белдеудің диаметрі 743,673,643 см. Кіреберіс қақпа-портал аркасы мен екі жақ ұстанды мұнаралық бөліктерінің биіктігі қандай болғандағы белгісіз. Олардың күмбез барабандары басталатын тұстан жоғары жағы жойылып кеткен. Күмбезге кіреберіс сол жақ бұрышта баспалдақты тар қуыс бар. Сол арқылы жоғары көтеріліп барып, күмбездік айналма екінші қабатқа (барабан галереясы), одан портал аркасының желке тұсынан кесене үстіне шығуға болады. Жарық кесенеге қабырғада орнатылған терезелер арқылы түседі. Портал мен күмбездің шыны сырлы қаптама жұқа өрнектерінен еш нәрсе қалмаған. Ары-бері өткен жолаушылар тәбәрік етіп алып кеткен болуы керек. Алаша хан күмбезінің шынайы қалпын онымен тұстас, сәулеттік үлгілері ортақ жәдігерліктермен салыстыру арқылы елестетуге болады. Бұл орайда ол, негізінен, Қарахан әулеті дәуірі сәулет үлгілерінің Салжұқ өнері аталатын түрлерімен байланыстырылады. Бұл үлгідегі ескерткіштер көбіне-көп Түркіменстанда кездеседі. Алаша хан күмбезін Қазақстан жеріндегі Айша Бибі, Жошыхан, Қожа Ахмет Яссауи мазарлары үлгілерімен де салыстыруға болады. Әсіресе, көне Сығанақ маңындағы Көк кесене ғимаратының көркемдік нақыштарымен үндестік бірден көзге түседі. Алаша хан күмбезінің әр түсті және әр көлемді кірпіштерді қиюластыра қалау арқылы геометриялық бейне жасап, күмбездің барлық беттерін масаты кілемнің түріне ұқсатып өрнектеуі Ұлытау өңіріндегі өзінен кейінгі бой көтерген Талмас ата, Жұбан ана, Болған ана, Қайып ата, Айранбай, Бұзау, Шегір, Дүзен, Ерден мазарларына үлгі болған. 1894 жылы жарық көрген «Қырғыз даласының очерктерінде» орыс ориенталисі Е.Шмидт жазған шыны сияқты ақ сылақ пен көк сылақ, төрт құбыласы сай ғажайып пропорция Айша бибі, Қожа Ахмет Яссауи кесенелерінде кездеседі. Қазіргі уақытта Алаша хан күмбезі республикалық дәрежедегі маңызы зор сәулетті ескерткіш ретінде мемлекет қорғауына алынып, соңғы жылдарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Мұның өзі осынау көне мұраны қалпына келтіріп, қорғаумен бірге оның тарихи мәнін саралап беруді қажет етеді. Сонда ғана күңгірлеп тұрған ғажайып күмбез бүгінгі, болашақ ұрпақтарды таң қалдырып қана қоймайды, сонымен бірге халықтың асыл мұрасы ретінде біздің әрқайсымызды мақтаныш сезіміне бөлейді. Алаша (Алаш) хан - халық аңызы бойынша «Алты алашты» құрған тайпалардың түп атасы. Қазақ шежіресінде Алаша ханның шыққан тегі қарапайым кісі болған делінеді. Оның есімі қазақтың шығу тегін баяндайтын ең көне аңыздарда кездеседі. Сондықтан кейбір ежелгі деректерде «Алаш» этнонимінің шығуы осы Алаша хан атымен байланыстырады. Оның есімі 9 ғасырдың туындысы «Қорқыт» дастанында айтылады. Ал Орта ғасыр мұраларындағы Алаша хан 14 ғасырдың екіші жартысы мен 15 ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген әрі батыр, әрі би, әрі ұлыс билеушісі. Ол ел жадында жауынгер тайпалар көшпелі түркілерді біріктіріп, тұңғыш алаш (қазақ) мемлекетін құрған ұлы қайраткер ретінде қастерленеді. Әбілғазы шежіресінде Алаша ханның әкесі Көк хан болғандығы, ұрпақтарының бірінің есімі Қара хан, ал немересі оғыздардың түп атасы Оғыз хан аталғандығы жазылады. Рашид әд-Дин мен Әбілғазы Алаша ханның өмір сүрген жері Дешті Қыпшақтың орталық бөлігі деп көрсетеді. Бұл тарихи деректер ел аузындағы Алаша хан ордасы Ұлытау төңірегінде болған деген тұжырыммен ұштасады. Шоқан Уәлиханов Ұлытау-Жезқазған өңіріне сапар шегіп, Алаша хан күмбезі, Жұбан ана кесенесі, Аяққамыр күмбезі секілді сәулет ескерткіштеріне алғаш зерттеулер жүргізіп, сипаттама берген. Ғұлама ғалымның пікірінше, Түркістанның бір ханы (Қызыл Арслан) баласы ала болып туғандықтан, оны ұнатпай «Алаша» деген ат беріп, Сыр бойынан Арқаға жібереді. Аз уақыттың ішінде оның қасына жігіттер жиналып, елде беделі асады. Алаша білімпаз, кемеңгер кісі болғандықтан, оны қадірлеп, хан көтереді. Алаша хан күмбезінің тарихи және сәулеттік маңызды ескерткіш екенін ұғынып, ол жайлы тұңғыш мәліметті қағазға түсірген Кенесары ханның қолында төрт айдай тұтқын болған барон Услар. 1868 жылы Алаша хан күмбезін көзімен көрген подполковник Н.И.Красовский кесененің әлі де берік, бүтін қалыпта тұрғанын, тек күмбезінің көк бояу жалатқан сылағы ғана аздап қабыршақтанып түсе бастағанын атап өткен.