Жошы хан кесенесі – Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 км жерде, Қаракеңгір өзенінің жағасында орналасқан көне архитектуралық ескерткіш. Күмбезде сақталған таңбаларға қарағанда, оны салуға Жошыға бағынған тайпалардың бәрі (оғыз, арғын, қыпшақ, керей, найман, қоңырат, қаңлы, т.б.) қатысқан. Тарихи дәстүр бойынша күмбезді қайтыс болған кісінің жылдық асын беруден бұрынырақ жасайтын болған. Соған қарағанда 1227 жылы қайтыс болған Жошыға 1228 жылы күмбез тұрғызылған болу керек. Жошы хан күмбезі порталды-күмбезді құрылыстар қатарына жатады. Жобасы тік бұрышты. Құрылыс материалдары – күйдірілген кірпіш, ғаныш, әкімшілік Жобаның аумағы 9,55х7,25 м. Көзге айрықша түсетін нәрсе – салтанатты порталы. Оның маңдай алдын сүйір арка түрінде шығарып, екі жақ босағасын үстіңгі салмақты еркін көтеріп тұру үшін мейлінше берік етіп тұрғызған. Портал жақтауларын өрнекті кірпішпен безендіріп, киіз үйдің басқұрына ұқсатқан. Өрнекке пайдаланған тақта кірпіштердің ауданы 45х45 см. Бұл кірпіштерде өрнекпен бірге жазу да болған. 1911 жылы Атбасар уезін билеген бір ұлық өрнекті кірпіштерді сыдырып алып, музейге жібереді. Қазір кірпіштердің кейбір сынықтары ғана сақталған. Порталдың жоғарғы жиегін парапет тәріздендіріп, оның астынан қалақ кірпіштен фриз тартқан. Ежелгі құрылыс әдісінің бірі – күмбез орнату. Ол Жошы хан күмбезінде тамаша шешімін тапқан. Қабырғаның іш жағынан сөрелеп шығарған белдеулердің үстінен екі қабатты зәулім күмбез орнатқан. Ішкі күмбездің (биіктігі 7 м) салмағын “жалған еңсе” шығару тәсілімен белдеулерге жайса, сыртқы күмбезді (биіктігі 8 м) он алты қырлы барабанға отырғызған. Ішкі күмбезден шығарылған түндік сыртқы күмбезді орнатқан кезде жабылып қалған. Жарық кесененің екі жақ бүйірінен, барабанның астынан шығарылған терезелерден (35х55 см) түседі. Күмбез бедерлі қалақ кірпіштермен әшекейленген. Күмбезді көп қырлы барабанға орнату – оғыз, қыпшақ тайпаларына тән тәсіл. Ішкі қабырғаларында таңбадан басқа ешбір әшекей жоқ. Еденіне қалақ кірпіштер төсеген. Күмбезді қазу жұмысы кезінде екі қабір табылды. Қабір қабырғаларын үлкен кірпіштен өріп, астына жұқа тақша кірпіш төсеген. Бірінші қабір күмбездің күншығыс іргесіне (ұзындығы 2,2 м, ені 70 см, тереңдігі 1,2 м) орналасқан. Қабір ішінен тақтай табытқа жерленген адамның сүйегі шықты. Сүйектің оң қолы жоқ екендігі анықталды. Оның үстіне қабір ішінен салтанатты киім жұрнақтары, қызыл сафиян етіктің қалдығы, тұт жібегінің шіріп жатқан сілемдері, аң сүйектері мен түйенің бас сүйегі, темір қарудың сынықтары табылды. Бұл “Жошыны аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірді” деген халық аңызына үндес келеді. Халық аңызында “Жошыны жерлегенде бір қолы жоқ болған” немесе “Жошының тек бір қолын тауып қойған”, кейде “бір шынашағын ғана тапқан” деген әр түрлі жорамалдар бар. Екінші қабір Жошының үлкен бәйбішесі (Керей хандығының билеушісі Тоғырыл ханның інісінің қызы) Бектумыштікі болуға тиіс. Қабір астына төселген қалақ кірпіштерде араб әрпімен “ықпал” деген сөз бірнеше қайтара жазылған. Жошы хан күмбезі республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің мемлекет тізіміне енгізілген. 1999 жылдан Жошы хан күмбезін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.