Автордың айтуынша, шығарманы «Тарих-и Рашиди» деп атауға үш себеп басшылыққа алынған: «...Біріншісі, Тоғлық–Темір хан ислам дінін маулана Аршададдиннің ықпалымен қабылдады... Екінші себебі, Тоғлық–Темірге дейін-ақ исламды Барақ хан, одан кейін Кебек хан қабылдаған еді. Алайда осы хандар дəуірінде моғол ұлыстары ислам дінінен дұрыс жол таба алмады. Ал құдіретті де мəртебелі Тоғлық–Темір хан мен бақытты моғол ұлысы исламнан дұрыс жол тауып, ұлылыққа бет бұрды. Үшіншіден,қазіргі уақытта моғол ханы Əбдірашид хан болғандықтан, бұл тарих соған арналып, оның құрметіне құрастырылып отыр. Осы үш себептен бұл тарих «Тарих-и Рашиди» («Хақ жолындағылар тарихы») деп аталынды»
«Тарих–и Рашидидің» басқа мағлұматтардан ерекшелігі, мұндағы оқиғаның көбін автор өз көзімен көріп жазған. Жəне мұнда басқа түрлі тарихи жазулар сияқты ешбір шұбалаңдық жоқ, бұл тек белгілі бір дəуірді алып, соны əдемі тілмен айқын суреттеген.
Шығарманың екінші қасиеті — бұл қазақ тарихы туралы жазылған бірінші кітап. «Тарих – и Рашиди» негізінде жүз жыл ішінде (1450–1546) болған оқиғаны суреттейді. Бұл кез бұрынғы Алтын орда мен Шағатай ұлысының əбден ыдырап, оның орнына жеке хандықтар құрыла бастаған кез. Мұ- хаммед Хайдар «Тарих– и Рашиди» кітабында осы Шағатай ұлысы мен Алтын орданың қалай азып- тозғанын суреттеп, ол екеуінен тарап шыққан қазақ халқының саяси тіршілігін баяндайды.
«Тарих-и Рашидиде» қазақтың алғашқы хандарының көрші елдермен қарым-қатынасы кең көлемде сөз болады. Сондай-ақ мұнда Керей ханның баласы — Бұрындық хан, Жəнібек ханның баласы — Қасым хан, т.б. туралы құнды деректер бар: «Керей хан қайтыс болғаннан кейін хандық таққа оның ұлы Бұрындық хан отырды... Қасым хан Жəнібек ханның баласы болатын əрі əкесі сияқты барлық іс жағынан Бұрындық ханды тыңдап, соған бағынатын еді. Керей ханның Бұрындық ханнан басқа да көптеген ұлдары болған. Жəнібек ханның да Қасым ханнан басқа балалары барды. Соның бірі Əдік сұлтан-тын. Жүніс ханның төртінші қызы Сұлтан Нигар ханымды Мырза Сұлтан Махмұд бин Сұлтан Əбу Саид мырза қайтыс болған соң, Əдік сұлтанға берді. Ташкент ойрандалған кезде Əдік сұлтан Шаһибек ханның əскерінен қашып шығып, қазақтарға кірді. Сұлтан Нигар ханым да оның соңынан ілесті. Əдік сұлтан көп ұзамай дүние салды. Содан Сұлтан Нигар ханымды Қасым хан некелеп алды. Əдік сұлтаннан кейін Қасым хан билікке қол жеткізді. Сөйтіп, Бұрындық ханға хандықтың атынан басқа ештеме қалған жоқ. Ең ақырында Қасым хан Бұрындық ханды қуып жібереді. Сонымен, Бұрындық Самарқанға кетіп, жат өлкеде өлді».
«Тарих-и Рашидиде» ой бөлетін нəрсенің бірі — Қасым хан дəуіріндегі (1443–1520) қазақ халқының əлеуметтік шаруашылық күйі. Бұл мəселені Мұхаммед Хайдар көбінесе Қасым хан атымен байланыстыра айтады. Өйткені ол қазақ халқының өсіп-өнуіне үлкен қамқорлық еткен адамдардың бірі болды. Бұл жөнінде Хайдар Дулати былай дейді: «Саид хан да Ахсиге оралды əрі Фергана уəлаятының қамалдарын бекемдеп, қазақтарға қарай бет алды. Ондағы ойы Ташкентті алуға тағы да қазақтарды көтеру болатын. Мен ол сапардан сырқаттануыма байланысты қалып қойдым.
Хан жолға шығып, Моғолстанның мəшһүр жері — Шуға (Жудке) келіп жетті. Қасым ханның сол уақытта жасы алпыстан асып, жетпіске таяп қалған кезі. Ал ханның қылшылдаған шағы болатын — жасы отызға жете қойған жоқ еді. Əзірше талай қажет деген жерге жаяу жүріп жететін. Қасым хан жасының ұлғаюына байланысты ханды қарсы ала алмайтынына кешірім өтініп, Жошы əулетінен тараған кейбіреулерінің жасы елу мен алпысты алқымдап қалған отыз-қырық сұлтанды, солардың ішінде Жаныш хан, Таныш хан, Мамаш хан, Жан Хайдар сұлтан, Қарыш сұлтан жəне тағы басқаларға тізе бүгіп құрметпен қарсы алсын деп бұйырды. Соның ішінде Жаныш хан мен Таныш хан жас жағынан [Саид] ханнан көп үлкен болатын. Олар тізе бүккен кезде хан орнынан тұрды. Қалған сұлтандардың бəрі де тізе бүккен уақытта хан өз орнына отырып, сəлемін қабылдады. Қасым хан [Саид] хан алдына келгенде жылы жүздесіп құрметтегені сондай, хан өмірінің соңғы сəтіне шейін оның кішіпейілділігін ұмытқан емес. Əрқашан сырласа қалғанда хан оны еске алып, «Алланың нұры жаусын оған»: Қасым хан асқан мəрт адам болған деп отыратын жəне онымен қалай танысқанын баян ететін-ді».
Мұхаммед Хайдардың айтуынша, Қасым ханнан кейін қазақ қауымы зор апатқа ұшырайды. Бұларды, бір жағынан өзбектер мен Рашид ханның бірлескен күші əлсіретсе, екінші жағынан — халық бұқарасы Тайыр мен Мамаш сияқты тоғышар хандардың басшылығына разы болмай, тоз-тоз бола бастайды.
М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегін тұңғыш рет Англияның аса көрнекті тарихшысы Э.Денисон Росс (1871–1940) ағылшын тіліне аударып, оны 1895 жылы Лондонда бастырып шығарған. Осы кітап сол күйінде ешбір өзгеріссіз қайтадан 1972 жылы Лондонда жарық көрді.
Орыс ғалымы В.В.Вельяминов-Зернов 1864 жылы Санкт-Петерборда шыққан «Қасым хандары мен ханзадалары жайлы зерттеу» атты кітабының екінші томының Ораз-Мұхаммедке арнаған он екінші тарауында XV ғасырда өмір сүрген Жəнібек пен Əдік хандар тарихын жазғанда, Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашидиі» туралы: «Жəнібек пен Əдік хан туралы тапқан деректердің ең нақтысы — «Тарих-и Рашиди». Оны Мұхаммед Хайдар-гурган 948 (1541–42) жəне 953 (1546–47) жылдар аралығында парсы тілінде жазған. Екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі Тоғылық–Темірден бастап шағатайлықтар жерінің тарихын қамтитын очерктен құралған. Ол Тоғылық–Темір ұрпағының бірі, Жүніс ханның немересі, əйгілі Əбілхайыр ханның немересі, Бұхаралық шейбанилер əулетінің негізін қалаған Шайбани ханмен соғысқан Сұлтан Ахмет ханның (Алаша хан) баласы Саид хан (939 жылдың зульхиджа айында қайтыс болған. Маусым, 1533 ж.) өліміне дейінгі уақытты қамтиды. Осы бөлімнің аяқ жағында Сұлтан Саид ханның баласы жəне мұрагері, былайша айтқанда, бұл еңбек соған арналып «Тарих-и Рашиди» деп аталған. Екінші бөлімі «Тарих-и Рашиди» авторының өмірбаянын жəне оның кезінде болған, ол қатысқан немесе куəсі болған оқиғаларды қамтиды. «Тарих-и Рашиди», əсіресе, оның екінші бөлімі өте керемет. Бұл шағатайлықтардың кейінгі тарихын баяндайтын жалғыз дерек. Мұхаммед Хайдар жазғанының барлығы дерлік жоғарғы тұрғыдан жаңа жəне қызықты. Оның əңгімесі барлық жерде адал жəне анық. Осыны «Тарих-и Рашиди» авторынан күту керек еді. Оның қоғамдағы орны бұл оқиғаларды білуге жəне шын мəнінде қағазға түсіруге қолайлы болды. Мұхаммед Хайдар Шыңғыс хан кезінде аты шыққан, беделі жоғары, ал шағатайлықтар кезінде одан да жоғары көтерілген Дулат руына жататын. Бұл ру мүшелері көп уақыт Қашқар, Жаркент, Ақсу жəне сол төңіректегі басқа да жерлерге əкім болған. Олардың [Шағатай] хандарымен тығыз қарым- қатынастары мен некелік байланыстары нығайды, бұған дəлел ретінде көптеген Дулаттардың гурган титулын иемденгенін айтуға болады», — деп жазады. Одан əрі ғалым «Тарих-и Рашидиден» Темірмен соғысқан Қамараддин жəне оның ағалары жайлы қысқаша айта келе, Мырза Хайдар өміріне тоқталады, Мырза Хайдардың балалық шағынан бастап Кашмирді екінші рет жаулап алу кезеңіне дейін баяндайды.
Қазақстан тарихы библиографиясында «Тарих-и Рашиди» атты М.Х.Дулатидің кітабын зерттеу Ш.Уəлихановтан басталған еді. Шоқан бастаған игілікті істен соң Қазақстан тарихшылары «Тарих-и Рашидидің» қазақ елі тарихына қатысты бөліктеріне ХХ ғасырдың басында көңіл бөле бастады. Мысалы, сонау 30-жылдары Қазақстан тарихын жан-жақты жазуға алғаш рет құлшына кіріскен профессор Санжар Асфендияров бұл кітапқа көп көңіл бөлген еді. Сонымен қатар 40-жылдары В.Вяткин өзінің зерттеулерінде «Тарих-и Рашиди» атты кітапты кеңінен пайдаланған.
Дулати туралы əйгілі ғалым Əлкей Марғұланда қалам тартып, оған қазақтың тұңғыш тарихшысы деген атақ беруі де тегін емес.