§ 3. Атқарушылық іс жүргізу сатылары. Атқарушылық құжатты iс жүргiзуге қабылдау Сот орындаушысы, егер «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, өндіріп алушының арызы бойынша атқарушылық құжаттың негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғайды.
Арызға өндіріп алушы не оның өкілі қол қояды. Өкіл оның өкілеттігін куәландыратын сенімхатты немесе өзге де құжатты арызға қоса береді. Арызда атқарушылық құжаттағы талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында борышкердің мүлкіне тыйым салу туралы, сондай-ақ борышкер үшін «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңда көзделген шектеулерді белгілеу туралы өтініш болуы мүмкін.
Атқарушылық құжатты өзіне сот, басқа орган (лауазымды адам) жіберген жағдайда мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді өндіріп алушының өтінішінсіз қозғайды.
Атқарушылық құжат өзіне «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның 162-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген тәртіппен жіберілген жағдайда жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді өндіріп алушының өтінішінсіз қозғайды.
Сот орындаушысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетін атқарушылық құжат өзіне келіп түскеннен кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей атқарушылық іс жүргізуді қозғайды, ол туралы қаулы шығарады.
Жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаған кезде өндіріп алушымен
атқарушылық құжаттың орындалу шарттары туралы келісім (шарт) жасасады, өндіріп алушының осы Заңда көзделген құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.
Мемлекеттің кірісіне өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар және істердің әлеуметтік маңызы бар санаттары бойынша атқарушылық іс жүргізуді жеке сот орындаушысы келісім (шарт) жасаспай қозғайды.
Сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаумен бір мезгілде «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңда көзделген атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы тексеру жолымен борышкерге қатысты өзге де атқарушылық іс жүргізудің бар-жоғын анықтайды, олар анықталған жағдайда өндіріп алушыға хабарлайды және осы Заңға сәйкес оның талаптарын қанағаттандырудың кезектілік тәртібін түсіндіреді.
Атқарушылық іс жүргізу қозғалғаннан кейін борышкердің өндіріп алушы алдындағы міндеттерін кез келген орындауы сот орындаушысын міндетті түрде хабардар ете отырып жүргізілуге тиіс.
Атқарушылық құжаттарды орындау мерзiмдерi Мерзімді өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актілермен орындаудың өзгеше мерзімдері белгiленгеннен басқа жағдайларда, атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының орындауы атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс.
Құрылыстарды бұзумен, технологиялық операцияларды жүргiзумен байланысты атқарушылық құжаттар бойынша, сондай-ақ мамандарды тарта отырып мүлiктi бағалауды, сараптама жүргiзудi, борышкердiң мүлкiн сатуды, iздестiрудi талап ететiн мүлiктiк өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша орындау төрт айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңда көзделмеген өзге де мерзімдер өндіріп алушы мен жеке сот орындаушысы арасында
жазбаша нысанда көрсетілуі мүмкін, бұл ретте олар алты айдан аспайды.
Атқарушылық құжаттарды орындау «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңда көзделген негіздер бойынша тоқтатыла тұрған, кейінге қалдырылған не мерзімі ұзартылған уақыт атқарушылық іс жүргізу мерзіміне кірмейді.
Атқарушылық iс жүргiзудiң аяқталуы Атқарушылық iс жүргiзу:
1) «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның 48-бабында аталған негiздер бойынша атқарушылық құжат қайтарылған;
2) «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның
47-бабында аталған негiздер бойынша атқарушылық iс жүргiзу тоқтатылған;
3) соттың немесе құжатты берген басқа органның талабы бойынша атқарушылық құжат орындалмай қайтарылған жағдайларда аяқталды деп есептеледi.
Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру немесе тоқтату, атқарушылық құжатты өндiрiп алушыға қайтару немесе оны банкроттықты басқарушыға, оңалтуды басқарушыға, борышкер-заңды тұлғаның тарату комиссиясына жiберу туралы мәселелердi қарау Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, тоқтату, атқарушылық құжатты қайтару немесе оны банкроттықты басқарушыға, оңалтуды басқарушыға, борышкер-заңды тұлғаның тарату комиссиясына жiберу туралы мәселелердi сот орындаушысы қарайды.
Сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, тоқтату, атқарушылық құжатты қайтару немесе оны банкроттықты басқарушыға, оңалтуды басқарушыға, борышкер-заңды тұлғаның тарату комиссиясына жiберу туралы қаулы шығарады, оны мемлекеттiк сот орындаушылары үшiн аумақтық бөлiмнiң басшысы-аға сот орындаушысы бекiтуге тиiс.
Сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, тоқтату, атқарушылық құжатты қайтару немесе оны банкроттықты басқарушыға, оңалтуды басқарушыға, борышкер-заңды тұлғаның тарату комиссиясына жiберу туралы қаулысына сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
Орындалуға жататын атқарушылық құжатты түсіндіру Атқарушылық құжат немесе оны орындау тәртібі түсініксіз болған жағдайда, оны орындау үшін алған сот орындаушысы, сондай-ақ өндіріп алушы немесе борышкер атқарушылық құжатты беруге негіз болған шешімді немесе өзге актіні түсіндіру үшін сотқа немесе атқарушылық құжатты берген органға жүгінуге құқылы.
Атқарушылық әрекеттер жасалатын жер Атқарушылық іс-әрекеттер ұсынылған жері бойынша жүзеге асырыла отырып, атқарушылық құжат борышкер жеке тұлғаның тіркелген жері бойынша не оның тұрақты тұратын жері бойынша не жұмыс орны бойынша, сондай-ақ оның мүлкінің тіркелген жері не орналасқан жері бойынша ұсынылады.
Егер борышкер заңды тұлға болып табылса, онда атқарушылық іс-әрекеттер ұсынылған жері бойынша жүзеге асырыла отырып, атқарушылық құжат тіркелген жері не оның органының (құрылтайшысының) нақты орналасқан жері, сондай-ақ оның
мүлкінің тіркелген не орналасқан жері бойынша ұсынылады.
Атқарушылық іс-әрекеттер жасалған жерде сот орындаушысы аудио-, фото-, бейнетіркеуді пайдалана алады, алынған материал кейіннен атқарушылық іс жүргізуге тігіле отырып, бұл туралы іс жүргізу құжатында белгі жасалады.
Борышкерді белгiлi бiр әрекеттер жасауға мiндеттейтiн атқарушылық құжаттарды орындауды осындай әрекеттер жасалатын жердегi сот орындаушысы жүргiзедi.
Жекелеген атқарушылық әрекеттерді жасау және (немесе) мемлекеттік сот орындаушысының өкілеттігі қолданылмайтын аумақта мәжбүрлеп орындатудың жекелеген шараларын қолдану қажет болған жағдайда, ол атқарушылық әрекеттерді жасау және (немесе) мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануды тиісті мемлекеттік сот орындаушысына тапсыруға құқылы. Тапсырма «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның 10-бабына сәйкес мемлекеттік сот орындаушысының қаулысымен ресімделеді және оны аумақтық бөлімнің басшысы – аға сот орындаушысы бекітеді.
Егер атқарушылық іс жүргізуді орындау процесінде борышкердің атқарушылық құжат ұсынылған мекенжай бойынша жоқ болғаны, басқа әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында екені анықталса:
1) мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық құжатты аумаққа жатқызылуына қарай басқа мемлекеттік сот орындаушысына борышкердің жаңа тұрғылықты жері немесе нақты тұратын жері бойынша, оның жаңа жұмыс орны, борышкер заңды тұлғаның жаңа орналасқан жері бойынша жіберу туралы қаулыны дереу шығарады, бұл жөнінде өндіріп алушыға хабарлайды.
Атқарушылық құжат және атқарушылық іс жүргізу материалдары атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жіберіледі, бұл ретте атқарушылық құжат және атқарушылық іс жүргізудің барлық материалдарының көшірмелері қаулы шығарылған кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей қағаз жеткізгіште жіберіледі.
Атқарушылық құжаттың көшірмесі атқарушылық іс жүргізуде қалады. Электрондық нысанда келіп түскен атқарушылық құжат және атқарушылық іс жүргізу материалдары атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы ғана жіберіледі;
2) жеке сот орындаушысы үш жұмыс күні ішінде атқарушылық құжатты аумағы бойынша жеке сот орындаушыларының тиісті өңірлік палатасына жіберу туралы қаулы шығарады, бұл туралы өндіріп алушыға хабарлайды не онымен келісу бойынша борышкердің тіркелген жері бойынша оның жылжымайтын мүлкін және (немесе) оның орналасқан жері бойынша өзге де мүлікті өткізу үшін өзінің атқарушылық округінен тысқары жерге барып атқарушылық әрекеттер жасауға, сондай-ақ тиісті атқарушы округтің жеке сот орындаушысымен келісу бойынша оған белгілі бір атқарушылық әрекеттер жасауды тапсыруға құқылы.
Тапсырма «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның 10-бабына сәйкес жеке сот орындаушысының қаулысымен ресімделеді.
Атқарушылық құжатты осы бапта айқындалған тәртіппен аумағы бойынша жеке сот орындаушыларының тиісті өңірлік палатасына жіберген жеке сот орындаушысы пайдаланылмаған аванстық жарнаны өндіріп алушыға қайтаруға міндетті.