Талап қоюшы Өзінің бұзылған немесе дау туғызған құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүделерін қорғап, сотқа жүгінген адам не оның мүддесіне орай прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қойған адам талап қоюшы деп танылады.
Талап қоюшының:
1) іс материалдарымен танысуға, олардан үзінді-көшірме жасауға және көшірмесін түсіріп алуға;
2) дәлелдемелер ұсынуға және оларды зерттеуге қатысуға;
3) әкімшілік процестің басқа да қатысушыларына, куәларға, сарапшыларға және мамандарға сұрақтар қоюға;
4) қойылған талап бойынша ауызша және жазбаша түсініктеме, айғақтар мен дәлелдер
беруге;
5) әкімшілік сот ісін жүргізу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге;
6) әкімшілік іс жүргізу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша ана тілінде немесе өзі меңгерген тілде өтінішхатты және бас тартуды мәлімдеуге, айғақтар, түсіндірмелер мен дәлелдер беруге;
7) аудармашының көмегін тегін пайдалануға, өкілінің болуына;
8) өзінің мүдделерін қозғайтын қабылданған шешімдер туралы білуге және мәлімделген талап қоюға қатысты процестік шешімдердің көшірмелерін алуға;
9) кез келген сот сатысында әкімшілік істі қарауға қатысуға;
10) басқа да әкімшілік процеске қатысушылардың өтінішхаттары мен дәлелдеріне қарсы болуға;
11) сот жарыссөздерінде сөз сөйлеуге, соттың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және сот актілеріне шағым келтіруге;
12) сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпелер беруге;
13) іс бойынша келтірілген шағымдар, прокурордың өтінішхаттары және
наразылықтар туралы білуге және оларға қарсылықтар беруге;
14) мәлімделген шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын және наразылықтарды сотта қарау кезінде қатысуға құқығы бар.
Талап қоюшы әкімшілік істің нақты мән-жайлары туралы сотқа толықтай және шынайы түрде мәлімдеуге, сөзін айтуға немесе әкімшілік сот ісін жүргізуге басқа да қатысушылар растаған фактілерді теріске шығаратын құжаттарды сотқа ұсынуға міндетті. Талап қоюшының процестік міндеттерді орындамауы заңда көзделген процестік салдарлардың туындауына әкеп соғады.
Талап қоюшы Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында көзделген басқа да құқықтарды пайдалана алады және басқа да міндеттерді мойнына алады.
Жауапкер Сотта өзіне талап қойылған әкімшілік орган немесе лауазымды адам жауапкер болып танылады. Өзіне талап қойылуына байланысты өз мүдделерін қорғау мақсатында жауапкердің:
1) әкімшілік талап қоюдың мәнін білуге;
2) талап қоюға қарсылық білдіруге;
3) іс материалдарымен танысуға, олардан үзінді-көшірме жасауға және көшірмесін түсіріп алуға;
4) дәлелдемелер ұсынуға және оларды зерттеуге қатысуға;
5) әкімшілік процестің басқа да қатысушыларына, куәларға, сарапшыларға және мамандарға сұрақтар қоюға;
6) әкімшілік сот ісін жүргізу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге;
7) берілген талап қоюдың мәні бойынша ана тілінде немесе өзі меңгерген тілде өтінішхатты және бас тартуды мәлімдеуге, айғақтар, түсіндірмелер мен дәлелдер беруге;
8) аудармашының көмегін тегін пайдалануға, өкілі болуына;
9) өзінің мүдделерін қозғайтын қабылданған шешімдер туралы білуге және мәлімделген талап қоюға қатысты процестік шешімдердің көшірмелерін алуға;
10) кез келген сот сатысында әкімшілік талап қоюды қарауға қатысуға;
11) басқа да әкімшілік процеске қатысушылардың өтінішхаттары мен дәлелдеріне қарсы болуға;
12) сот жарыс сөздерінде сөз сөйлеуге, соттың әрекетіне (әрекетсіздігіне) және сот актілеріне шағым келтіруге;
13) сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпелер беруге;
14) іс бойынша прокурор келтірген шағымдар, өтінішхаттар мен наразылық туралы білуге және оларға қарсылықтар беруге;
15) мәлімделген шағымдарды, наразылықтарды сотта қарауға қатысуға құқығы бар.
Жауапкер әкімшілік істің шын мәніндегі мән-жайлары туралы сотқа толықтай және шынайы түрде мәлімдеуге, сөзін айтуға немесе әкімшілік процеске басқа да қатысушылар растаған фактілерді теріске шығаратын жазбаша құжаттарды сотқа ұсынуға міндетті. Жауапкердің процестік міндеттерді орындамауы заңда көзделген процестік салдарлардың туындауына әкеп соғады.
Жауапкерді ауыстыруға әкімшілік істі мәні бойынша қарау басталғанға және шешілгенге дейін жол беріледі. Сот талап қою бойынша жауап беруге тиісті емес тұлғаға талап қойылып отырғанын анықтап, талап қоюшыны шақырады, тиісті емес жауапкерге талап қоюдың салдарларын түсіндіреді және оның келісімімен тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстырады. Тиісті емес жауапкер ауыстырылғаннан кейін сот отырысында істі алдын ала тыңдау және қарау басынан басталады. Істі қарау мерзімі сот отырысында істі талқылау тағайындалған күннен бастап есептеледі.
Егер талап қоюшы жауапкерді басқа тұлғамен ауыстыруға келіспесе, сот талап қоюшының келісімінсіз бұл тұлғаны екінші жауапкер ретінде тарта алады.
Жауапкер Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында көзделген басқа да құқықтарды пайдалана алады және басқа да міндеттерді мойнына алады.