Ислам діні де христиан діні сияқты ұлтшылдықты, нәсілшілдікті жақтамайды. Құдай алдында, адам алдында таза, адал, мейірімді адам ғана басқалардан жоғары тұрады. Өзінің түбірлес діні — христиандық сенім сияқты ислам да бейбітшілік, татулық, тыныштық діні. Ол кешірімділік пен хош көрушілікті уағыздайды.
Исламның этикалық тұрғыдан қарастырғандағы өзгешелігі — оның адамгершілік құлықты басқа әлеуметтік қатынастарды реттеуші, қоғамдық сананың түрлерінен (діни рәсімнен, әдет-ғұрыптан, құкықтан) бөліп-жармай, бірлікте қарастыруы. Адамгершілік құлық нормалары Құранда жүйеленбеген. Онда жасауға болмайтын, яғни "харам" болып саналатын нәрселер бар; жасалуға тиісті нәрселер жиынтығы — "халал" бар; адам өмірінің белгілі бір сфераларын (неке, мұрагерлік, т.б.) реттеуші нормалар, нақты ахлактық ұғымдар (әділдік, мейірімділік, ұят, жомарттық және т.б.) келтірілген.
Құранда адамды дел-сал етуші, миын улаушы апиындық. өсімдіктерді пайдалануға, арақ-шарапқа тыйым салынған. Ішімдік індетіне діни бұғау салудың бұқаралық, тыныштық үшін де, отбасы тыныштығы үшін де қажеттілігі айдан анық. Тағамдардың ішінде Құран қан, жемтік, шошқа етін және Алла тағаланың аты аталмай бауыздалған малды жеуге тыйым салады. Әрбір адамның жеке бас тазалығына исламда көп көңіл бөлінеді — бес уақыт намазда дәрет алудан бастап, тұрған үй-ішінің тазалығына, тіпті киетін киімнің матасына дейін нақтылап көрсетілген.
Киім киюде болсын, үйді безендіруде болсын шектен шығып, асқан байлығына масаттануды ислам хош көрмейді. Әйел баласының тәнін ашып, жалаңаштайтын жеңіл-желпі, жұқа матадан тігілген киімдер киюін де Құран қаламайды.Құдайдың өзін тұрмақ, оның құдіретімен жаратылған пендесін, мақұлығын болсын ешкімнің бейнелеуге құқығы жоқ. Сондықтан да мұсылман өзінің үйін қаншалықты гүлмен, ою-өрнекпен безендіруге ерікті болса, соншалықты адам бейнесіндегі мүсіндермен, жалаңаш денелі суреттермен безендіре алмайды.Ер мен әйел қатынастарында, жалпы адамның тәні мен нәпсі мәселесіне келгенде, Құран біржақты тақуалықты, өмірдің қызықтарынан безінуді жақтамайды. Соның куәсі ретінде исламда христиан дініндегі сияқты дін қызметіндегі адамдардың (монахтардың) тақуалыққа түсуіне, яғни әйел бала қызығын көрмеуіне жол берілмейді.Жалпы, ислам діні өзінің жолын қуушыларға асқан қиын талаптар қоймайды. Ислам дінінің өзі нақты өмірге икемделген дін. Ислам діні — бейбітшілік діні, әділет діні, тазалық діні болғандықтан, тек ізгі әдеттерді марапаттайды