132. Айтыстың айрықша дамыған түрі – ақындар айтысы. Ақындар айтысында "жаттама (трафарет) өлеңдер аз болады" (С.Мұқанов). Олар өлеңді табан астында шығарады, тосыннан айтысады. Айтыс үстінде талай күтпеген жайлар кездеседі. Айтысар тақырыбы белгісіз, тосын сұрауларға тап болады. Екі ақын да бірін-бірі тығырыққа қамау үшін, бірін-бірі сүріндіру үшін, өмір құбылыстарын жұмбақ етіп те тартады. Соның бәріне ақындар жөпелдемеде жауап беруге, дәлел айтуға әзір болуы керек. Мұның бәрі ақындардан сөзге жүйріктікті, білгірлікті, тапқырлықты, ұсталықты қажетсінумен қатар, ел-елдің шежіресін, тарихын, жер жайын, этнографиялық ерекшеліктерін білуді керек етеді. Олай болмаған күнде құр ділмарлықпен ештеңе өндіре алмайды, сайыста дәрменсіз болып қала береді. Жаттанды сөз өрнегін қолдану ақынға абырой әпермейді. Ақындар айтыстың бас кезінде асқақ әуенге басады, өздерінің мойны озық сөз жүйрігі екенін таныта, қарсылас ақынын тұқырта, кеміте, үркіте сөйлейді. Әсет пен Ырысжан айтысында Ырысжан:
Дау айтып күні бұрын көрсетпелік, Майданда озса жүйрікке есептелік. Орта жүз түгел білген Ырысжанмын Үш кессе қауқарым бар кесірткелік, –
деп, Әсетті ықтыра сөз тастайды, ал Әсет оған:
Айыр көмей, жез таңдай, қаусырма жақ, Алты арысқа білінген екен менмін, –
деп, асқақ жауап қатады.
Ақындардың бірден асқақ кетуі тек бірін-бірі ығыстырып үркіту, тұқырту ниетін көздемейді, олар сонымен қатар бір-бірінің аяқ алысына, сөз саптасына, өнерлілігіне барлау да жасау мақсатын көздеген. Сөз майданында тосын кездескен, бір-біріне танымал емес ақындардың мұндай барлау жасауы табиғи да.
Ақындар айтысының тағы бір ерекшелігі "ойында өрелік жоқ" дегендей, айтысқа үлкен де, кіші де, еркек те, әйел де қатынаса береді. Тек талант-дарыны болса, бәйгеге түсер шамасы болса болғаны. Майталман ақынның жарыста таныла бастаған балаң ақынмен, ұлғайған ақынның жас қыз, келіншекпен айтысуы, сөзбен сілкілесуі шам емес.
Сонымен қатар айтысып отырғанда, ақын өзінің жеңілгенін білу де айтыстың негізгі шартының бірі болып саналады. Сөзге сөз табу, орынды жерінде ұтымды сөз айту сияқты өзінің, жеңілгендігін білу де жоғары бағаланады. Жеңілгеніне қарамай, құр босқа төпей беруді көпшілік дарындылық, ақындық деп танымайды. Мұндай қылықты қазақ айтысқыштық, ұтымшылық деп санамайды. Оны қазақ "сиыршылау" деп атайды. Шынайы ақын өзінің ұтылғанын білсе, бірден жеңілгенін мойындап, әрі қарай сөз таластырмайды. Ауыз әдебиетінің басқа жанрларына қарағанда, айтыстың ерекшелігі – оған көптеген әйел ақындар қатынасқан. Қазақ ақындар айтысында талантымен танылып, бүкіл елге аты жайылған әйгілі ақындар аз емес. Сара мен Ырысжан, Ақбала мен Күнбала, Тоғжан мен Тәбия сияқты ақындар – топтан озған жүйріктер. Осындай аяулы өнер иелерін халық қатты ардақтаған.
Ақындар айтысының ендігі бір ерекшелігі – онда "Халық театрының анық, дәл ұрығы бар" (М.Әуезов), айтыс әсерлі болуы үшін ақындар домбыраның не сырнайдың, қобыздың сүйемелдеуімен, әнмен айтады. Театр актерлеріндей олар сан алуан құбылыс жасайды.
Тарихта аты мәлім қазақ ақындарының көпшілігі осы айтыс өлеңдерінде тәрбиеленіп өсті. Айтыс – ақындық тәрбие мектебі. Сөз сайысы үстінде оның ақындық өнері шыңдала береді. Ақындар шаршы топ алдында сарапқа, сынға түскендіктен, сөзінің мазмұны мен көркемдік жақтарына зер салады. Айтыс жырларындағы үздік образ, шешен сөздер осы айтыс үстінде туған.
Өлшеусіз талант әрі әнші екі саңлақтың шешен сөздері – өзінің көркемдік жағынан күні бүгінге дейін үлгі. Бұл айтыстың сөздері анықтық, тазалық, дәлдік жағынан болсын, көркемдік, сұлулық жағынан болсын қазақ поэзиясының төрінен орын алады. Үздік теңеу, эпитет, жалпы троп пен фигураның бұл айтыстан небір шұрайлылары табылады.
Ақиық, мұзбалақпын жерге түспес, Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес, –
деген жолдардағы эпитеттік метафоралар, "қырандай желді күнгі аспандаймын" деген жолдағы теңеу үздік образдар екені сөзсіз. Біржан өзін де, біреуді де дәріптегенде, өте шебер және көбірек қолданатын әдісі – метафора, әсіресе оның ұлғайған түрі. Сол көркем сөз айшықтарын екі ақын да өз арман-мұраттарын, мұң-шерін айтып беру үшін шебер пайдалана білген. Біржан сөздеріндегі алуан түрлі эпитет, метафоралар, Сара сөзіндегі үздік теңеулер соны да көркем. Біржан мен Сара айтыстарында ақындық көркем тілдің және бір түрі — ирония мен сарказмды шебер де ұтымды қолданған. Әсіресе айтыстың соңында Сараның Жиенқұлды шақыр деген жеріндегі сөз, сөйлем құрылысын алсақ, түгелдей ирония, сарказмға құрылады.