127.Салтпен байланысты айтыстардың көне екендігі Салт айтысы көне айтыстың бір түрі. Салт айтысы екіге бөлінеді: қыз бен жігіт айтысы және ақындар айтысы. Қыз бен жігіт айтысы көбіне ойын-тойда айтылады. Ойын-тойдың бір бөлімі болуы оның салт өлеңі екендігін айқындайды. Қыз бен жігіттің айтысы ақынды талғамайды, ақындығы жоқ жігіттер де, қыздар да үйреншік, жаттамалы өлеңдермен айтыса береді. Кейде ақын жігіт пен ақын қыздың не әдейі кездесіп, не кездейсоқ ұшырасып айтысатыны да болады. Қыз бен жігіттің айтысы – салт айтысының жоғары сатысы деп есептелетін ақындар айтысының даярлығы, негізгі бастамасы болады. Қандай ірі ақын болмасын, ер жетіп, ел намысын қорғау тәрізді күрделі майданға түсу үшін, алдымен ауыл арасындағы тойларда айтысу тәжірибесінен өтеді. Сол айтыстарға түсіп ысылады. Сауық құрған жастар қыздарды мақтап, не жамандап немесе оның айттырып қойған жігіті жайында сөз етеді. Мұндай айтыстардың мазмұны тартымды, күлкіге негізделген, тілі де, тартысатын мәселесі де жеңіл, шағын келеді. Көбінесе ұтқырлыққа, сөз тапқырлыққа құрылады. Бірін-бірі сүйген екі жастың өздерінің көңіл күйін сөз етеді.
128.Сүре айтыс,түре айтыс,қайым айтыс – айтыс формаларының түрлері М.Әуезов «Айтыстың бірінші түрі - әдет-салт айтысы. Бұл көпшілік болып, топ-топқа бөлініп айтысу. Екіншісі - ақындар айтысы болады.
Халық ақындарының жіктеуі бойынша, ақындар айтысының барлық тобы, сыртқы көлеміне қарай, түр ерекшелігіне қарай, екі жікке бөлінеді. Бұның біріншісі - түре айтыс, екіншісі - сүре айтыс. Түре айтыс бір-бір ауыз өлеңмен қысқа, шапшаң жауаптасып отыратын, көбінше, ақындармен қатар, жалпы көпшілік қолданатын, жалпылық түр. Сүре айтыс - тек суырыпсалма, өлеңге әбден төселген, ысылған нағыз ақындардың әр кезекте ұзақ сөйлеп, көп жыр төгіп, көсіле жырлайтын түрі болады», - деп жазады.
Әдеп-ғұрыппен байланысты айтыстар. Бәдік, жұмбақ айтыстары.
Бәдік айтысы – айтыс жырларының көне түрі. Ол адамның табиғаттың жұмбақ сырына түсінбеген кезінде, шаманизм дін нанымына байланысты туған. Адам өзі танып-білмеген күштердің бәріне табынған, солардың бәрінің өз иесі бар деп білген, жақсылық, жамандық атаулының бәрінің өз тәңірісі бар деп ұққан.